Әлеумет

Қарттарға қамқорлық көрсетіле береді

Бүгінгі таңда Астанада 120 мыңнан астам қарт адам тұрады. Оның ішінде 106 807  адам жасы бойынша зейнетке шықса, 13 074 адам – әскери құрылымдардағы еңбек өтілі бойынша зейнеткер атанғандар. Сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыстың 8 ардагері және 1473 тыл еңбеккері бар. Мемлекет оларға қандай әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетіп отырғаны туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысын қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік мәлімдеді.

– Астанада жасы бойынша зейнеткерлерге жылына бір рет Катаркөл көлінің жағасындағы Щучье-Бурабай курорттық аймағында «Қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қызмет көрсетіледі. Жасы бойынша зейнеткерлерге санаторлық-курорттық емделуге жолдама құнының 25% (56 700 теңге), зейнетақының ең төменгі мөлшерін алушылар қатарындағы зейнеткерлерге 18% немесе 40 824 теңге төленеді. Соғыс ардагерлеріне, соғыс ардагерлеріне теңестірілген адамдарға тегін. Жыл сайын 3 500-ден астам зейнеткер санаторлық-курорттық емделуге тегін жіберіледі. Жыл басынан бері 3 357 адам жолдама алды. Жалпы, 2023 жылға 4 298 адамды курорттық емдеумен қамтамасыз ету жоспарланған. Биыл санаторлық-курорттық емделуге жазылу Оңалту орталығымен жүргізіледі, – деді Еркебұлан Мәлік.

Сондай-ақ 1 қазанда атап өтілетін Қарттар күніне орай зейнеткерлерге жасы бойынша 2,5 АЕК – 8 625 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемдер төленеді. Сонымен қатар, оларға екі жылда бір рет тіс протездеу, емдеу қызметтері көрсетіледі. 2023 жылы 3 мың адамға осындай қызмет көрсету жоспарланған. Рәсімдерге жазылу есепті жылдың екінші тоқсаны ішінде жүргізіледі.

Бүгінгі таңда тіс протездеу және тіс емдеумен 1 529 адам қамтылған. Аталған қызметтерге тіркелу есепті жылдың екінші тоқсанында жүргізілетінін айта келе, басқарма басшысының орынбасары жер үйде тұратын зейнеткерлерге көмір алу кезінде жеңілдік ұсынылатынын жеткізді. Ол үшін зейнеткер тұратын үйдің отбасылық табысы жан басына шаққан кезде ең төмен күнкөріс деңгейінің 4 есесінен (213 240 теңге) аспау керек.

– Өтемақы жылыту маусымына 16 айлық есептiк көрсеткiш, яғни 55 360 теңге көлемінде жүргiзiледi. Биыл 99 отбасыға осы көмек беру үшін 5,4 млн теңге жұмсалған. Тұрғын үйді газдандыруға қарастырылған әлеуметтік көмектің мөлшері 130 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, 448 500 теңге болуы керек. Үй иелеріне тұрғын үй көмегі аталған көмек коммуналдық қызметтің айлық ақысы отбасының айлық жиынтық табысының 5 пайызынан асатын болса ғана қарастырылады. Төлемнің орташа мөлшері айына 25 мың теңгеге дейін. Зейнеткерлерге қалалық жолаушылар көлігі бағыттарында тегін жүру жеңілдіктері қарастырылған, – деді Еркебұлан Мәлік.

2022 жылдың қаңтар айынан бастап елордада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықта 27 түрлі бағытта үйірмелер, секциялар ұйымдастырылып, спорт залы, компьютерлік сынып, вокал, шығармашылық шеберлік сыныбымен жабдықталған, мәдени іс-шаралар, атап айтсақ, поэзия кештері, кітаптың тұсаукесері және т.б. тұрақты өткізіліп тұрады.

– Бүгінгі таңда Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында 7500-ден астам зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Қаланың барлық аудандарында осы орталықтың филиалдары бар. Олардың негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі мәдени-демалыс шаралары үшін инфрақұрылым құру. Сондай-ақ Астанада «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға сапалы қызмет көрсетудің толық кешенін ұсынады. Әлеуметтік қызмет мүгедектігі бар адамдарға және зейнеткерлік жасқа толған, өзін-өзі күтуге қабілетсіз және денсаулығына байланысты стационарлық және үй жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін қарт адамдарға көрсетіледі. Ағымдағы жылы арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен 1027 адам қамтылған, – деді Еркебұлан Мәлік.

Сонымен қатар, қаладағы мүгедектігі бар адамдарға және зейнеткерлік жасқа толған, өз бетінше қызмет көрсетуге қабілетсіз және денсаулық жағдайы бойынша стационар және үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мұқтаж қарт адамдарға әлеуметтік қызметтер көрсетіліп келеді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button