Басты ақпарат

Қазақстанда жер көп, бірақ ауылда жер жоқ…

Қазақстанның халқы аз, жері кең болғанмен, қазір мал бағатын, егін салатын жер ала алмай сандалып жүрген азаматтар аз емес

[smartslider3 slider=2188]

Елорданың іргесі жыл сайын кеңейіп, тұрғылықты халқы көбейіп келеді. Жан санының артуына ілесіп қаланың инфрақұрылымы мен азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне түсетін салмақ та артқаны белгілі. Әсіресе бас қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету елорда Есілдің жағасына ірге тепкен күннен бастап маңызды мәселеге айналған. Сол себепті «Елорданың азық-түлік белдеуі» құрылып, оған мемлекет тарапынан қыруар қаржы да бөлінген-тұғын. Алайда бұл жобаның атқарылуымен елорданың азық-түлік мәселесі түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Атап айтқанда, Арқа төсіне астана салғанымызға 25 жыл болғанмен, бас қаланың басты азық-түлігін әлі күнге дейін алыс аймақтардан, керек десеңіз, шетелден тасимыз. Өйткені астананың төңірегіндегі ауыл, аудандарда өндіріс әлі де тұсаулы аттай тыпырлап тұр.

Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, жастардың көбі ірі қалаларға қарай ағылады. Тіпті жұмыс іздеп шетел асып жатқандары да бар. Ауылдан жастар  кеткеннен  кейін  қарттар да иен  қалған  елді  мекендерде тұра алмай, шарасыздықтан қалаға қарай жылжиды. Сосын да  шығар қазір елордада ауылдан көшіп келіп үй жалдап отырып жұмыс істейтіндер өте көп. Бас қалада жұмыс істейтін баласына қара тартып, елордадан үй сатып алып жатқан зейнеткерлер де аз емес.

[smartslider3 slider=2190]

Бақытжан ДҮЙСЕНҰЛЫ, зейнеткер:

АУЫЛДАН ОЛАР НЕГЕ КЕТЕДІ?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кеңес өкіметі кезінде шаруашылығы шалқып, өндірісі дүркіреп тұрған талай ауылдың тірлігі тұралады. Инфрақұрылымдардың көбі қирап, әкімдік пен медпункттен басқа ештеңе қалған жоқ. Осыдан кейін ауыл тұрғындарының қалаға қарай ағылуы басталды. Мәселен, мен туып-­өскен Колутон стансасында 1990 жылдары мыңға жуық тұрғын бар еді, ал қазір олардың саны 400-­ге де жетпейді. Көбі көшіп кетті. Мен де, міне, жылы орнымды суытып, астанаға көшіп кеттім. Неге? Себебін айтайын.

Ауылдан қалаға көшу әлемдік үрдіс екені рас. Алайда біздің елдегі көштің жағдайы бұған ұқсамайды. Меніңше, ауыл тұрғындары ауылдан безгеннен емес, керісінше, шарасыздықтан көшіп жатыр. Ауылда жұмыс жоқ, жоғары білімі бар жастар ештеңесі жоқ, инфрақұрылымы күйреген ауылдарға барғысы келмегендіктен, оқу сапасы, емдеу шарт-­жағдайы да нашар. Кітапхана, мәдениет үйі, кинотеатр сынды рухани орталықтарды айтпай-­ақ қояйық, ауылда жөні түзу баспана да жоқ. Көбі – кеңес өкіметі кезінде салынған көне үйлер. Алды құлап жатыр. Былайша айтқанда, ауыл мен қаланың арасындағы парық жер мен көктей. Үкімет ауылды дамыту үшін қабылдаған бағдарламалар ауыл мәселесін түбегейлі шешеді деп айта алмаймын. Ауылдағылардың көбі қарттардың зейнетақысымен күн көріп отыр. Меніңше, ауылдарды сақтап қаламыз десек, ауылдарға қаладағымен бірдей жағдай жасау керек. Шетелден келген қаржыгерлерді, құрылыс компанияларын астана мен Алматыға ғана тартпай, ірі қалаларды азық­-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауылдарға да тарту керек. Астанада салынып жатқан ғимараттар ауылдарда да салынса, тұрғындардың ауылдан көшіп несі бар?! Балалары жұмыс іздеп қалаға кетіп қалған соң, ауылда қалған шал-­кемпір қақаған қыста от жағудан қиналады да, амалсыздан қалаға келіп үй сатып алады немесе пәтер жалдап отырады. Мен де осындай жағдаймен көшіп келдім. Ауылда мұндай жылы ғимарат болса, мен астанаға бір күн тұрмаймын. Амалсыздан жіпсіз байланып отырмын. Ауылдан кәрі кетсе, бәрі кетеді. Ал ауыл иен қалса, бәріміз қалаға жиналып алсақ, зат бағасы көтерілмей қайтеді?! Демек, ауылдарда да ірі құрылыс салынуы керек. Астанадан ақшасын төлеп үй алып жүргендер ауылдан да алады.

Жер демекші, қазір ауыл төңірегіндегі жерлердің игілігін ауыл тұрғындары емес, басқалар көріп отыр. Олар билік басындағылармен ымыраласып, бос жатқан жердің көбін алып алған. Ал одан сол ауылға, ауыл тұрғындарына түсіп жатқан бір тиын пайда жоқ. Сол жерлердің көбісі игерілмейді. Жұмыс жоқ, мал бағатын жері, жайлы үйі болмаса, ауылдан көшпегенде не істейді?! Үй салу керек, жерді дұрыс пайдалану керек деп отырған себебім осы.

Қазір елордада сүт, жұмыртқаны алыс аймақтардан тасып әкелсе, елорда маңындағы ауыл тұрғындары сол өнімдерін сата алмай отыр. Оны қалаға өзі әкеліп сатқанмен, жол шығынын көтермейді. Сондықтан әр ауылдан шағын болса да ауылшаруашылық өнімдерін жинайтын шағын орталықтар құрылуы керек.

Ауыл – алтын бесік. Ауылда ұрпақ тәрбиелеудің тиімділігі көп. Қалада өскен бала құмырада өсірген гүл сияқты. Оқуы озат болғанмен, шыдамды, қырағы, еңбекқор боп өскен ауыл баласына жетпейді. Қазір немерелерім түгел орысша сөйлейді, егер ауылда болса, тілі қазақша шығар еді. Қанша айтпасын, ауылда қазақы орта бар ғой. Біз содан да көз жазып қалдық.

Жер демекші, қазір ауыл төңірегіндегі жерлердің игілігін ауыл тұрғындары емес, басқалар көріп отыр. Олар билік басындағылармен ымыраласып, бос жатқан жердің көбін алып алған. Ал одан сол ауылға, ауыл тұрғындарына түсіп жатқан бір тиын пайда жоқ. Сол жерлердің көбісі игерілмейді. Жұмыс жоқ, мал бағатын жері, жайлы үйі болмаса, ауылдан көшпегенде не істейді?! Үй салу керек, жерді дұрыс пайдалану керек деп отырған себебім осы

Ауыт МҰҚИБЕК, Nur Otan партиясының мүшесі:

ҚАНДАСТАР ҮШІН ЖЕР ҚАЙҒЫ

– 2017 жылдың көктемінде Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне Бақыт Алпыс және Айтхан Бекмұрат атты екі жігіт келіп, ауылдан шаруашылық мақсатта жер телімін алғысы келетінін, аудан әкімінің қоян-бұлтаққа салып, жөнді жауап бермей жатқанын қынжыла отырып баяндады. Жөндерін сұрасам, екеуі де Қытайдан көшіп келіп, Ерейментау ауданының Олжабай ауылына қоныстанған, қолында «оралман» мәртебесі бар азаматтар болып шықты.

Оралмандарға жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 46, 37, 97 және 100­ бабында қарастырылған. Сондай-­ақ «Халықтың көші­-қон туралы» заңының 23 ­бабында да оралмандарға жер учаскелерiн беру оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының тізбесіне енгізілген. Тіпті Жер кодексінің 46 ­бабында «оралман» мәртебесі бар азаматтарға жер телімдерінің пайдалану құқығы ешбір конкурссыз, аукционсыз берілетіндігі ашық жазылған. Осы жеңілдіктерді таныстыра отырып, екеуіне аудан әкімінің атына жер телімін беру туралы өтініш жазып бердім. Көп кешікпей екі жігіт аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қолы қойылған жауапты алып, қайта оралды. Е.Нұғыманов «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығын сылтауратып, оларға жер телімі берілмейтінін кесіп айтыпты. Негізі, мораторийдің оралмандардың жер алуымен еш қатысы жоқ еді. Сосын Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысына қаратып екінші өтініш жаздық. Аз күннен кейін екі жігіт Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралинаның қолы қойылған жауабын әкелді. Бір әрпі өзгермеген. А.Қадыралина да алдыңғы Е.Нұғыманов жауабының аузынан түсе қалғандай жауап беріпті.

Жоғарыдағы жауаптарға сілтеме жасай отырып, БАҚ ­беттерінде «Ермек Нұғыманов Елбасының заңына қарсы ма?!», «Қадыралина заңға бағынбай әлі қасарысып отыр…», «Қадыралинаның Президент қол қойған заңды бұрмалауға хақысы бар ма, Мырзахметов мырза?!» деген тақырыппен 2­3 мақала жарияладық. Ашық ақпаратқа аты шыққан соң, Ермек Нұғымановтың дегбірі кете бастапты. Олжабай ауылына келіп, жұртпен жиналыс өткізіп, екі оралман азаматқа «Заңгерлерге тексертіп жатырмын, егер менің берген жауабым дұрыс болып шықса, екеуіңді сотқа беремін!» деп құқай көрсетеді.

Екі жігітті ертіп, партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне азаматтарды қабылдауға келген сол кездегі Ауыл шаруашылығы бірінші вице­-министрі Қайрат Айтуғановтың қабылдауына кірдім. Көп өтпей Қайрат Айтуғановтың пәрменімен Ауыл шаруашылығы министрлігінде тағы бір вице-­министр Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен бейнеконфереция өтті. Оған Ақмола облысы әкімдігінің, Nur Otan партиясының, ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-­қон комитетінің өкілдері қатысты. Вице-­министр Ерлан Нысанбаев облыс пен аудан басшыларына, қолданыстағы заңнамаларға сай, «оралман» мәртебесі бар азаматтарға жер телімдерінің пайдалану құқығы ешбір конкурссыз, аукционсыз берілетіндігін түсіндірді. Сонымен бірге республиканың барлық Жер қатынастары басқармаларына «…аталған заңнамаларға сәйкес, оралмандарға ауыл шаруашылығы мақсатында жер учаскелерін жалға беру мәселесі тоқтатылмағанын және оларға жер учаскелерін беру барысында Жер кодексінің 46, 37, 97 және 100 ­баптарын басшылыққа алу қажет екенін еске саламыз…» деген вице-­министр Е.Нысанбаевтың қолы қойылған хат жөнелтті. Соның арқасында өтініш иелері 671  гектар жайылымдық жерге зорға қол жеткізді.

Кесіп айтайын, біздің ауыл тұрғындарын тұралатып, адымын аштырмай отырған – шикі заңдар мен осындай жетесіз басшылар. Президент Қасым­-Жомарт Тоқаевтың «Жер шетелдіктерге берілмейді!» деген тарихи шешімінен кейін Жер кодексіне өзгертулер енгізілді. Жаңа кодексте 46­ баптың үш нормасы қалды да, қалған 37, 97 және 100­ баптар алынып тасталды. «Қандас» мәртебесінің бір жылға қысқаруына байланысты арғы беттен оралған ағайындар енді Қазақстан азаматтығын алған соң, аталған кодекске сай, жергілікті халықпен бірдей жер телімдерін ала алады. Бірақ ауыл халқына шаруашылық жүргізу мақсатында жер беруге келгенде жергілікті атқарушы биліктің ниеті де, Жер кодексінің жер беру шарты да бәлендей өзгеріп кеткен жоқ, сол ескі күйінде қалды.

Енді қолданыстағы жаңа Жер кодексіне келсек, аталған кодекстің 48 ­бабында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге, облыстық маңызы бар қалаларға қоныстанған қоныс аударушыларға жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сауда­-саттықсыз (аукционсыз) беру көзделген. Бұл өте дұрыс. Ал алыс-­жақын шетелден көшіп келген қандастарымыз үшін, өкінішке қарай, мұндай жеңілдік норма қарастырылмаған. Бұл дұрыс емес. Арғы беттен оралған қандастарымыз ондай жеңілдікпен жерге қол жеткізу үшін алдымен Үкімет айқындаған өңірлерден тыс облыстарға қоныстанып, тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығын алуы керек. Содан соң олар Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударып, «қоныс аударушы» атануына тура келеді. Бұл күнде өкімет айқындаған облыстардан, өзге өңірлерден жерді жерден шұқысаң да таппайсың, бәрі қолды болып кеткен. Оған апарып жергілікті атқарушы биліктің ниетін қоссаңыз, мына екі жігіттің күнін кешесіз.

Меніңше, ауылды жерде шаруашылықпен айналысқысы келетін әрбір азаматқа жер телімдерінің пайдалану құқығы белгілі мөлшерде белгілі бір мерзімге сауда­саттықсыз (аукционсыз) берілуі керек. Егер сол мерзім ішінде олар жерді игере алмаса, қайтарып алып, басқаға берген дұрыс. Сондай-­ақ ауыл тұрғындарының жер телімдерін алуына, олардың құрал-­сайман, машина­-тракторларының бар-жоғы шарт етілмеуі тиіс. Мұндай «шарттар» тойымсыздардың жерді көбірек басып қалуы үшін әдейі заңдастырылғаны көрініп тұр. Ең қиыны, шетте жүріп, өзін­-өзі жұмыспен қамтуға төселіп келген қандастарымыз үшін тағы да жер қайғы болып тұр. Бәріне ақылы жеткен Үкіметтің қандастарымызға келгенде сараңдық жасағанына таңғаламын…

P.S: Қазақстанның халқы аз, жері кең болғанмен, қазір мал бағатын, егін салатын жер ала алмай сандалып жүрген азаматтар аз емес. Жердің көбін шенділер мен олардың тамыр-танысы, қалталылар иемденіп алған. Ауылдың іргесіне дейін егін салып, ауыл тұрғындары сауып отырған жалғыз сиырының құйрығынан ұстап бағатын жағдайға жеткен. Ауыт мырза айтқандай, ауыл, аудан әкімдері жер жөніндегі саясатты дұрыс түсінбейді.

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button