Басты ақпаратҚұқық

Құныққандар құрдымға кетті

Судья Виктория Семенова төрағалық еткен Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық соты сеніп тапсырылған мүлікті өздерінің баюы мақсатында талан-таражға салған, сөйтіп жазықсыз жандарға көпе-көрінеу жапа шектірген ағайынды екі жігітті  әр қайысысын сегіз жылға бас босандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Оралдағы опасыздық

         Бір қарағанда ердің жасы елуді еңсеріп қалған Ғани Жұбатқанов өмірден көрген-түйгені мол естияр адам көрінеді. Бір басында екі жоғары оқу орнын бітіргенін растайтын күректей дипомы бар жігіт ағасын сөзінің байламы жоқ су жұқпас өтірікші дегенге сенбес едіңіз. Алайда, адам аласы ішінде дегендей, көптеген жан оның жылы-жылы сөйлеп, уәдені үйіп-төгетін жылпостығын байқамай,  қармағына түсіп қалып опық жеп келген.

           Шынында, өмірбаянына сәл өңілген пенде болса, Мұхамбедидің үлкен ұлының о бастан-ақ, ақшаға жақын, алаяқтық пен алдаудың ауылынан ат жалын тартып мінген жігіт шағынан-ақ алыс қонбағандығын байқар еді.

         Алғаш рет 1994 жылы елді дағдарыс жайлап, жұрттың көбі киер киім мен ішер асқа зар болып, ала дорба арқалап жүргенде Ғани мырза Орал қаласындағы бір банктен жалған құжаттар арқылы миллиондап  кредит алып, шекесін шылқытып отырған.  Осылай айды аспанға шығарып, дүниені қонышынан басып, алты жыл тайраңдаған оның қылмысы ашылып қалғанда да жолы болып кететіндігі ғажап. Біреудің атын иемденіп, уыс-уыс ақшаны қалтасына басқандығы анықталып, төрт жыл темір тордың дәмін тата ма деген ол аяқ астынан рақымшылыққа ілігіп, сот залына бостандыққа шыға келген.

         Енді оны жолдас-жоралары жолы болғыш Ғани атай бастайды. Айтса айтқандай, содан тура үш жыл бұрын отырыстың мәнін кетіріп, тойда төбелес шығарып біреудің басын жарғанда да айласын асырып, айыппұлмен құтылып кеткені бар еді.

         Ол ол ма, Ғани мырзаның жақын-жуықтарын жарылқауға келгенде емешегі үзіліп кетердей бауырмалдығы өз алдына әңгіме. Алайда, сол мырзалық оған қайдан келген десеңізші? Әрине, алаяқтықпен. Кейін белгілі болғанындай ол талай адамнан қарыз алып, қайтармай қойыпты. Бірақ, оның көбі ауыл адамдарының қазақылығынан дәлелденбей, сабазың «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келді.

Ал інісі Қазбек Мұхамбедиұлы туралы сөз сәл басқа. Негізі ол о баста дұрыс жолға түсіп, өз күнін қоңыр тірлігімен  көріп келген адамға ұқсайды. Не істейсіз, туған ағасының «ақылы» мен ықпалы қоя ма? Оның үстіне қалтаға күреп түсетін мол ақшаны көргенде ерік-жігерін тізгіндей алмаған тәрізді. Сөйтіп, бір кездегі томаға тұйық, көп сөзге жоқ жігіт адамдарды алдауға келгенде алдына жан салмайтын шешен де, көсем де болып шыға келген.

Астанадағы аласапыран

         Ақтөбеден Астанаға келген ағайынды екі жігіт 2009 жылдың күзінде, дәлірек айтқанда, 5 қарашада біріне құда, біріне қайынаға болып келетін А.Меңешев деген кісінің құрылтайшылығымен «Инженерлік сервистік компаниясы» ЖШС-ын  әділет басқармасында  қайтадан Қазбек Жұбатқановтың атына тіркетеді. Сөйтіп, ол Астана қаласындағы Оңтүстік Шығыс шағын ауданы Іле көшесі бойынан бастапқы құны 168467915 теңге тұратын тоқтап қалған құрылысты 2010 жылдың 1 наурызына дейін аяқтауға қаланың құрылыс басқармасымен келісім шарт жасасады. Әрі сол жылы сол құрылыс нысанының мансард және цоколь қабаттарын бітіріп беруге де уәде беріп, қосымша құжат рәсімдейді.

         Сол сол-ақ екен ағайынды екі жігіттің ашкөздігі оянып, адамдарды алдау жолымен ақшаны қалай молырақ қарпып қалудың нақты қылмыстық жоспарын жасайды.

         Директор Қазбек өзінің бірінші бұйрығымен ағасы Ғаниды компанияға директордың орынбасары-заңгер етіп жұмысқа алады. Өзі іссапармен кеткен уақыттарда оған ақша құжатына қол қоя алатын құзіретті де қоса береді. Ойлаған арман-мақсаттарын тезірек жүзеге асыру үшін Әлия Молдағұлова көшесінің бойынан офистік мекен-жай да сатып алады.

         Сонымен хабарландыру бойынша келіп, олардың құрығына алғаш ілікендердің бірі А.Норин болды. Ол 2009 жылдың қарашасында Оңтүстік Шығыс шағын ауданы Іле көшесінің бойындағы құрылыстың мансард қабатынан 42 шаршы метр пәтер алуға келісім шарт жасасып, Қазыбектің қолына 4095000 теңгені шытырлатып, санап берген. Келесі күні келген М.Әлиакпаров та 58,1 шаршы метр үшін 5229000 теңгені оның кассасына бірден құйып опық жегенін айтады. Сөйтіп, ол әлі құрылысы толық бітпеген, бітпек түгілі кей жерлерін бұзылып, қайта салынуы тиіс көп қабатты үйдің он жеті пәтерін бір жұманың ішінде сатып, 83 миллион теңгені қалтасына басқан.

         Нарық бағасынан арзандау үй болғасын болашағын ойлаған бәз біреулер екі-үш пәтерге бірден қаржы құйған сәттері де болған. Мына қызықты қараңыз, адамдар алатын болып келіскен пәтерлерін келіп қарағанда  оның ішінде жұмыс істеген сыңай танытып Ғани мен Қазбектің туған қарындасы иелік ететін «Техсервис НС» ЖШС жұмысшылары жүретін болған. Ал шындығында, ол көз алдау үшін жасалатын  құйтырқы әрекеттердің бірі екендігі кейін белгілі болды.

    Ашкөздіктің асқынуы

      «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, ағайындылар мансард пен цоколь қабаттарын сатуға рұқсат алғаннан кейін арандары бұрынғыдан да ашыла түскені байқалады.  Інісі Қазбек келісім шарт жасасып, ақшасын алып алған цоколь қабатындағы жеті орынжайды  Ғани екінші біреулерге қайтадан сатқан. Тіпті, қызды-қыздымен нысанның электр жабдықтары орналасатын орны мен дәлізге арналған  шаршы метр алаңдарын да саудаға салып жіберген.

        «2014 жылы  ақпан айында Әлия Молдағұлова көшесіндегі 29 үйге хабарландырумен барып, Қазбек Жұбатқановтан жалпы көлемі 57 шаршы метр болатын төменгі қабаттан (цоколь) орынжай сатып алдым. Мені құрылысқа Қазбектің өзі апарып көрсетіп, құрылыстың 2014 жылдың 31 мамырына  дейін аяқталатынына мені сендіріп еді» дейді  үлескер Асқар Өтепов.

       Ал екінші бір үй аламын деп алты жыл алдамшы үмітпен жүрген Елемес Әлімжан есімді үлескер Ғани Жұбатқанов туралы: «Мен жасым алпысқа келгенше мұндай суайт, жылпос адамды көргенім жоқ. 2012 жылы «Инженерлік сервистік компаниядан»  81 шаршы метр баспана алатын болып, ақшасын толық төлегенмін. Сол кезде Ғани «аға, тек ішкі әрлеу жұмыстары  ғана қалды үйіңнің кілтін үш-төрт айда қолыңа аласың» деп еді содан бері қанша уақыт өтті Ғанидың айтатыны тек сылтау. Ылғи телефонын алмай, қашқақтап жүреді. Бірде құрылыс басында бақандай үш сағат сарсылып күтіп тұрып, кездескенімде: «жүріңіз мен сізге келесі құрылысы аяқталған үйден тап сондай пәтер берейін, келіп қоныстана беріңіз» деп бір үйді көрсетті. Мен қуанып келісіп едім, артынан көп кешікпей «ол қамауға алынды» деген сөзді естіп, салым суға кетті» деді.

    Міне, сөйтіп 2009-2015 жылдар аралығында ағайынды екі жігіт Г.Құлмағанбетова, И.Подшибякина, А,Қаниев, Ж.Кенжебек, К.Сәрсенбаева, А,Айтуев, А.Сейітқасымов, А.Вист, Қ.Қырғызбай, А.Мықтыбаева сияқты барлығы тоқсан бір адамға мемлекеттік бағдарламамен  уақытында аяқталуы тиіс құрылыстың пәтері мен мансард және цоколь қабаттарын сатып, 780 миллион теңгені өздерінің жеке мүдделеріне жұмсаған.

      Әрине, олар сотта мұндай қомақты ақшаны алғандарын мойындамауға тырысты. Алайда, өзіне сенген адамдарды алдап, аласапыранға салғанын, сөйтіп олардың жүйкелерін жұқартып, алтын уақыттарын ысырап еткендерін жоққа шығара алмады.

    Сот әділ үкім шығарды. Жылдар бойы адамдардың сеніміне кіріп, алдап келген Ғани Жұбатқановтың Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы 20 сотық жекеменшік үйі мен Ақсай қаласындағы екі бөлмелі пәтерін, Орал қаласындағы үш бөлмелі, Ақтөбе қаласындығы үш бөлмелі пәтерін, Астана қаласындағы Рақымжан Қошқарбаев даңғылы мен Лепсі көшесі бойындығы бірнеше пәтері мен Міржақып Дулатов  көшесі бойындығы коттеджін, Ақмола облысы Целиноград ауданы Қосшы ауылындағы жер телімін, КРАЗ-258, Газ -3199,  «Mitsubishi Pajero», «Land Cruiser Prado» маркалы  көліктерін тәркілесе, Қазбек Жұбатқанов пен оның қарындасы  Шынар және күйеу баласы Дмитрий Темірболатовтың, қайынағасы А.Меңешевтің бірнеше пәтері мен жер телімдеріне, автокөліктеріне пайдалануға тыйым салынды.

     Сөйтіп, бар тапқан-таянғандарын салып, баспаналы болуға үміттенгендерді әуре-сарсаңға салғандар сазайларын тартты.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button