Басты ақпаратЖаңалықтар

ƏУЛИЕАТА МЕН КЕРЕКУ АСТАНАНЫ МЕРЕКЕ МЕН БЕРЕКЕГЕ БӨЛЕУДЕ

erm_1876

Астанада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» бағдарламасының аясында Жамбыл және Павлодар облыстарының күндері өтуде. Әулиета және Керекуден елордаға ат шалдырған қонақтар бірқатар әлеуметтік және мәдени іс-шараларды өткізуді бастап кетті.

Бүгін жамбылдық делегация жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен баһадүр Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуімен жұмыстарын бастады. Онда облыс əкімінің орынбасары Ерқанат Мəнжуов пен Парламент Мəжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев сөз сөйлеп, Əулиеата топырағынан түлеген алыптардың ерен еңбектері мен тұлғалық келбеттері жөнінде əңгімеледі. Оларға деген ұрпақ құрметінің ортаймайтынын айтты.

erm_1849

         Бұдан соң жамбылдықтар Ұлттық музейге жетпіске жуық тарихи жəдігер тарту етті. Мекеме директоры Дархан Мыңбай музей қорының құнды дүниелермен толыққанына ризашылығын білдіріп, əулиеаталық əріптестеріне алғысын жеткізді.

       Ал таңғы сағат 9.00-ден бастап Бейбітшілік көшесіндегі қалалық алаңда жамбылдық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі өтуде. Береке мен мерекеге толы шара ертең де жалғасатын болады. Сондай-ақ, осы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары «Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында өтетін Жамбыл облысы кәсіпорындары өнімдерінің көрмесін тамашалауға мүмкіндіктері бар.

erm_1840

    Дәл қазір «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алаңында өтіп жатқан жәрмеңкеге павлодарлық тауар өндірушілер 700 тоннадан астам өнім әкеліпті. Оның 90 тоннадан астамы ет пен ет өнімдері, 300 тоннасы картоп, 140 тоннасы көкөніс, 150 тоннасы басқа да азық-түліктер екен.Алаңға келіп, сөрелерді аралаған Астана әкімі Әсет Исекешев жәрмеңкенің өту барысымен танысты.

erm_1874

       Бұл жерде өтіп жатқан жәрмеңкеде халыққа азық-түлікпен қатар түрлі дайын тағамдар да сатылуда. И. Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртістері өнерін ортаға салып, шараның көрігін қыздыруда. Алаңда түрлі спорттық шаралар да өтуде.

erm_1822

«Тарихы терең Тараздан тағзым» акциясының шеңберінде жамбылдық өнер ұжымдары елордаға бірнеше қойылым алып келгенін айта кетейік. Жамбыл облыстық қазақ драма театры М.Әуезовтің повесінің желісі бойынша қойған Н. Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасын және М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын Жастар театрының сахнасынан тамашалай аласыздар. Ал  Жамбыл облыстық орыс драма театрының репертуарындағы С. Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегісін жəне Ш. Айтматовтың повесінің желісі бойынша «Пегий пёc, бегущий краем моря» қойылымын, Ф.Буляковтың «Выходили бабки замуж» комедиясын М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көру мүмкіндігіңіз бар.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button