Экономика

ҰЛТТЫҚ КӨРКЕЮ ҮМІТІН ҮКІЛЕГЕН

_MG_3045

Өтпелі кезеңді артқа тастап, бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуға талпынған елімізде кейінгі жылдары пайда болған өзгерістер ұлт санасын жаңғыртты. Әсіресе, халықаралық деңгейдегі тосын оқиғалар, әлемдік қауымдастықтағы тың беталыстар еліміздің бұдан әрі өркендеп дамуында шешілуі кезек күттірмейтін нақты мәселелерге ұласып, ел билігінен айқын да, ашық жауаптар талап етті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа жыл сайынғы Жолдауында «Қазақстандық жол», «Жалпыға ортақ еңбек қоға­мы», «Мәңгілік ел» секілді түйінді тұжырымдар арқылы халқымыздың ерік-жігерін дамудың дара жолына бағыттайтын бірегей бағдарламалар ұсынғаны мәлім. Дегенмен, елдігі­міздің негізгі тірегі болған, Қазақстан халқының басым бөлігін ұстайтын мемлекет құрушы ұлт – Қазақ ұлтының түйткілді мәселелеріне  Ұлы­тау сұхбаты біршама анығырақ жауап берген секілді.

Дәл осы Ұлытау төрінде: «Біз өткен ғасырдағыдай, оның ар жа­ғын­дағыдай ру-руға бөлініп, жүз-жүзге бөлініп, әр ауыл өз батырын сайлаған пәледен құты­­луымыз керек. Елдің басы бірік­песе, быт-шыт болып кетеміз. Онда көлденең көк атты келеді де, басқара береді» деп, Елбасы бұл ретте бәрінен бұрын ұлттық ішкі бірлік пен орталыққа ұйысу күшін арттыруға, түрлі ірткі-шірткі мінез-құлықтарға қарсы рухани иммунитетті жоғалтып алмауға шақырды. Діни сенім мәселесінде түрлі залалды ағымдардан аулақ болып, қасиетті Құран кітабы уағыздайтын  мәңгі-бақи жақ­сы­лық жасау секілді үкімдерді бұл­жытпай орындауға ұмтылу ке­ректігін ескертті. Мемлекеттік тілдің құзіретін арттыруда әрі жай­басарлыққа салынбау керек әрі тым асығыстыққа беріліп, Украинадағы секілді қажетсіз қақтығыстар тудырып алмауға тиіспіз. Қазақ тілін тұрақты түрде үздіксіз дамытумен бірге ағылшын, неміс, жапон тілдері секілді әлемдік тілдерге хал­қымыздың сауатты болуы ұлттық білім сапасын жоғарлатуға пайдалы екені анық.

Алуан тағдыр жетегінде елімізге келіп, көп жылдар бойы сіңісіп кет­­кен басқа ұлт өкілдерінің де ерік-мүддесін ескеру, береке-бір­лік саясатын ұстану Қазақстан өр­кендеуінің басты кепілі болып табылады. Орыс тілі елімізді мекендеген сан алуан ұлттар арасындағы қарым-қатынас пен бірлікті қолдау құралы десек, ал ағылшын тілі – бүгінгі таңдағы әлем бойынша алдыңғы шептегі білім-ғылым көздеріне қол жеткізу тетіктерінің бірі. Ал, қазақ тілін қасиеттілерімізді қастерлеп, ұлтымыздың жасам­паз­дығын ғасырдан-ғасырға жет­кізетін «ұлттың ұлы құралы» деуге болады. Әсіресе, көрші ше­телдерге тарыдай шашылған қандастарымызды елге шақыру және елдің халық саны аз өңірлеріне жүйелі түрде қоныстандыру – ертең қазақ мем­лекеті болып қалу-қалмауымызға тікелей ықпал ететінін Елбасы анық атап көрсетті.

Кейінгі жылы еліміздің Кеден­дік одаққа енуі, Еуразиялық эконо­микалық одақтың бір мүшесі болуы ұзақ уақыт Ресей отары болған ел үшін тәуелсіздіктің бүлінуі бола ма деген күдік буып, бұқаралық ақпарат құралдарында көп талқыланғаны жасырын емес. Бұл туралы Елбасымыз «тәуелсіздігімізден айыры­лып қаламыз» деген үрейдің қи­сын­сыздығына көптеген дә­лел­дер келтіріп, егемендіктің бе­рік болашағына сендіре білді. Еуразиялық одақ ешқандай бір саяси, не басқадай одақ емес, ол тек экономикалық одақ болып қала беретінін, одаққа кіретін үш елдің пайдасы тең ескерілетінін, еліміз тауарларының «теңізге шы­ғуы» секілді егемен еліміз үшін басты күрделі мәселенің оңтайлы шешілетіндігін, осыған орай түрлі салық түрлерінің азаятындығын ұғындыра білді.

«Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз. Енді біз осылармен сауда-саттық жасамасақ, онда экономикамыз қалай өседі?» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Тәуелсіздік туын желбі­реткеннен бастап осы күнге дейін, Қазақстан секілді алып кеменің дұрыс бағытын таңдай білген Елбасының көреген саясаткер екендігіне күмәніміз жоқ. Жалпы, өзара алыс-берісіміз мол, көршіміз – Ресей елімен арадағы бітім-бір­ліктің ғасырлар бойы маңызы зор болатыны, егер олар аталған Одақтың келісім ережелеріне тұрақты түрде бойұсынса, онда тәуелсіздік, бейбіт­шілік және кешенді даму бірдей деңгейде іске асатыны анық.

Тәжірибе көрсеткендей, оқ­шау­ланған ел әлемнің жаңа даму серпініне төтеп бере алмайды. Шикізатқа, тұйық шаруашылыққа негізделген мәдени тұрмыстың да күні қараң. Ақпарат ғасырын­да ғылыми-техникалық жаңа технологияға негізделген өндіріс­тің ғана болашағы бар. Әлемдік бәсекелестікте жеңімпаз болу үшін қазіргі дамыған мемлекеттің неге сүйенгенін зерттеп көру керек. Осындай өзекті мәселені дөп басқан Елбасы табыстан түскен қаржының біразын өндірісті әртараптандыру саласына пайдала­нудың қажеттігін қадап айтты. Бұл біздің стратегиялық бағыт – шикізат экспортынан дайын өнім экспортына көшу деген сөз. Жаңа интеграциялық бірлестіктер отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Атап айтсақ, Қазақстан қазіргі кезде сыртқы нарыққа 700-ден астам тауар шығарып сатуда.

Айта кетерлігі, Елбасының бұл сұхбаты қазақстандық патриотизм­ге кемел анықтама беруімен ерек­шеленді. «Отан – үлкен ұғым.                               Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауыр­ларыңды, балаларыңды, немере­леріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Сондықтан, тарихыңды білген жөн болады. Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды» деген Елбасы:

 – «Менің арманым, ойым – Қазақ­станның мәңгілік болуы. Сондықтан, Мәңгілік ел деген идеяны ұсындым. Мәңгілік ел болу үшін бәрін жасап жатырмыз» деп тұжырымдады.

Қорыта айтқанда, Қазақ ханды­ғының ұлы тұлғалары ту тігіп, орда құрған қасиетті Ұлытаудағы Елбасымыздың дана пікірлері естіген құлаққа ой салып, жұрт көкейіндегі күдікті сейілтіп, еліміз­дің нұрлы ертеңіне одан сайын жұмылуға жігер бергені анық. Ұлытаудағы сұх­батының ішкі астары мол, мағынасы терең, ол туралы әлі талай жүйелі зерттеулер болатыны анық. Әлемдік қауым­дастықта тең терезелі ел құрып жатқан Қазақ мемлекетінің бүгінгі жеткенін таразыға салып, ендігі жетерін болжап көрсеткен бұл сұхбат ұлтымыздың өз-өзін жаңа деңгейде жаңа биіктен жаңаша өлшеммен қайта бағалауы десек, артық айтқандық емес.

Алфи ХАЙДАР,

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың аға оқытушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button