Қала мен Сала

«Үздіктің» мақсатын түсіндірді

Елордада азық-түлік жәрмеңкелері өткізілетін орындарда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ақпараттық буклеттер таратылуда. Жастарға көмек пен қолдау көрсетуге бағытталған «Үздік» жобасы аясында «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілері «Еуразия», «Сауран» және «Барыс Арена» маңында ұйымдастырылған осындай 18 базарда тиісті іс-шаралар өткізіп, 4,5 мыңға жуық ақпараттық буклет таратты.

[smartslider3 slider=3802]

«Тұрғындардың көбі бұл бағдарлама туралы білмейді, сондықтан біз адамдар көп болатын жерлерге барып, осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізуді дұрыс деп шештік. Біз жұмысы жоқ және еш жерде оқымайтын адамдарға қызығушылық танытамыз» деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аймақ Әлфараби.

Оның айтуынша, ақпараттық буклеттерді таратудың мақсаты – елорда тұрғындарын 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардар ету. Атап ­айтқанда, бұл тұрғын үй, жұмысқа орналасу мәселелері жөніндегі бағдарламалар, сондай-ақ бизнес идеяларға арналған гранттар.

«Бүгін жәрмеңкеде мен үйге қажетті барлық азық-түлік пен тауарларды сатып алдым, еріктілерді буклеттермен ­кездестірдім, олар жастарға арналған «Үздік» бағдарламасы туралы түсіндірді. Мен зейнеткермін, үй шаруашылығымен айналысамын. Бірақ менің балаларым бар, ұлдарымның бірі жұмысқа орналаса алмай жүр, ұйым ­қызметкерлері осы жоба туралы қосымша ақпаратты егжей-тегжейлі айтып берді. Біздің қаламызда тұрғын үй және жұмысқа орналасу мәселелерін шешу үшін жастарға көңіл бөлінетіні мені қуантты» деді елорда тұрғыны Күләш Смайылова.

Жандос Берікұлы болса, еріктілер таратқан буклетте көрсетілгендей, мемлекеттік бағдарламалар туралы ­таныстарына айтатынын жеткізді.

«Мен жәрмеңкеге қолжетімді бағамен көкөністер мен жемістер сатып алуға келдім, елордада сенбі, жексенбі күндері ­ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге бұған дейін де жиі келіп жүрмін және әр жолы өзіме керек заттарды арзан бағамен сатып аламын. Бүгін базар аумағында таратылған буклеттерге келетін болсақ, мен бұл бағдарламамен бұрыннан таныспын. Енді ол туралы таныстарыма да айтатын боламын. Себебі, бұл көптеген адам үшін өте пайдалы екендігі белгілі. Адамдар көп жиналатын жерлерге барып, осындай ақпараттармен бөлісіп жүрген еріктілерге айтар алғысым шексіз» деді Жандос Берікұлы.

«Астана Жастары» ЖРО-ның мамандары алдағы уақытта құрылыс нысандарын қамтуды жоспарлап отыр. Ондағы басты мақсат – елорда тұрғындарын елде жүзеге асырылып жатқан игілікті істерден үнемі хабардар етіп отыру.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button