Басты ақпаратЖаңалықтар

ЖАҚСЫБЕКОВ МОЛ ЖИНАДЫ ДАУЫСТЫ

DSC_8512

Кеше М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сара­йында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына Астана қаласынан жаңа депутатты сайлау өтті. Оған елордалық мәслихаттың барлық депутаттары қатысты.

Бұған дейін хабарлағанындай, Парламент Сенатына депутаттар сайлау Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңының 69-бабы мен Конституцияның 44-бабының 2-тармақшасына сәйкес, 2014 жылдың 1 қазанына белгіленген болатын.

Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Әубәкіровтің айтуынша, бастапқыда Астана қаласынан Сенат депутаттығына кандидат ретінде төрт адам тіркелгенімен, сайлауалды науқаны кезінде Серік Қанафиннен өз кандидатурасын алып тастау жөнінде өтініш келіп түскен. Осылайша, Сенат депутаттарын сайлау жөніндегі арнаулы бюллетеньге Астана қаласынан үш кандидат – Серік Жақсыбеков, Александр Смородин, Бейсембек Қаратаев тіркелді.

– Сенат депутаттарын таңдау жанама сайлау құқы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады. Жанама сайлау құқы – Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беруге тек қана таңдаушылар, яғни, мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді. Елордадағы дауыс беру ісіне 25 таң­даушы қатысып, барлық дауысты есептегеннен кейін қалалық мәслихат депутаттарының басым бөлігі өз дауыстарын Серік Жақсыбековке бергені белгілі болды. Осылайша, С.Жақсыбеков жалпы дауыстардың 23-ін жинаса, А.Смородинге екі таңдаушы ғана дауыс берген. Ал, Б.Қаратаевқа дауыс бергендер жоқ,- деді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы.

Қалалық мәслихаттың депутаты Зейнолла Шибкенов сайлауға ал­ғашқылардың бірі болып келді.

– Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Меніңше, Парламенттің жоғарғы палатасында біздің қаланы өте жақсы білетін, осы жерде туып-өскен, осы қаланың өркендеуіне үлес қосқан азамат отыруы керек деп есептеймін. Сондықтан, өз дауысымды елорда тұрғындарына, тұтастай алғанда, қазақстандықтарға қолұшын бере алатын азаматқа бердім, – деді депутат.

Халықаралық бақылаушылар Сенат депутаттарын сайлауға жоғары баға берді. Бұл ретте Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясы төр­ағасының орынбасары Натик Мамедов: «Біз бүгін Астанадағы сайлау үдерісін байқап, ашық әрі демократиялық жолмен өткеніне куә болдық. Сенат депутаттығына сайлау Қазақстан халқы үшін үлкен маңызға ие. Себебі, бүгін сайланған депутаттар ел мүддесі үшін қызмет ететін болады» деді.

 Басқа бақылаушылар да сайлау өткізуде Қазақстаннан үлгі алатын тұстар барын атап өтті. Жалпы, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау барысында еш­қандай ескерту түспегенін және заң бұзу көріністерінің болмағанын жеткізді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button