Ел тынысы

Бірлік мерекесі атап өтілді

Бүгін түстен бері Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай Бейбітшілік және келісім сарайы алаңындағы амфитеатрда мерекелік концерт өтіп жатыр. Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы әртістері, «Наз» Мемлекеттік би театрының өнерпаздары, «Манхэттен» тобы қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап жатыр.

1 мамыр баяғыда еңбеккерлердің мерекесі еді. Қазір бірлік мерекесіне айналды. Көп ұлтты елміз ғой, кеше бір статистиканы оқыдым. Қазағымыз елдегі бүкіл халықтың 76 пайызы болыпты, 15 пайыздай орыс, 4 пайыздай өзбек, кәріс, басқа да ұлттар бар екен. Күні кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөз сөйледі. Сонда мемлекетқұраушы ұлт қазақтардың айналасында басқа ұлттар топтасу керек деп айтты. Бұл – өте дұрыс. Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары елімізге күштеп көшірілген талай ұлттарға қазақ жақсылық жасады. Өз елдеріне көшіп кеткен, Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттар қазақтың қонақжайлығы жайлы айтып жатыр. Негізгі мәселе – халықтың бірлігі. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді. Соны бәрі түсінуі керек. Бастысы, елде ешкімді алалау жоқ. «Болашақпен» шетелге оқуға қазақ та, басқа да барып жатыр.

Мамыр келсе, мейрамдар басталады. Бүгін, міне Бірлік күніне орай қалалық Мәдениет басқармасы ұйымдастырған концертті тамашалап отырмыз. Бірліктен ешқашан ажырамайық, – деді Астана қаласы Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button