Басты ақпаратҰлт ұпайы

Бәрі балабақшадан басталады

Биыл елордадағы мектептерге 1-сыныпқа барған оқушылардың 40 пайызы орыс тілінде білім алатын болды. Осы мәселе қоғамда қызу талқыланып, кінәлілерді іздеуде. Әлеуметтік желідегі пікірлер екіге жарылып, әртүрлі ұсыныс-пікір айтып жатыр. Мұның арғы жағында отбасындағы тәрбие, балабақшадағы білім жатқан жоқ па деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Мәселенің түбі баланы ерте жастан мектепке дейінгі ұйымда қай тілде тәрбиелеуге апаратыны түсінікті.

Мемлекеттік балабақша қашан қазақшаланады?

Елімізде барлық мемлекеттік балабақшада оқу-тәрбие тек қазақ тілінде берілуі мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл маусым айында мәлімдеген болатын.

«Бүгінде елімізде 11 мыңнан астам балабақша бар. Оның жартысы – мемлекеттік мектепке дейінгі білім беретін мекемелер. Біз қазақ тілді балабақшаға сұраныстың артып жатқанын байқап отырмыз. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім департаменті барлық мемлекеттік балабақшаны қазақ тілінде тәрбие беруге көшіру жағын қарастырып жатыр. Бүгінде департамент қанша балабақша барын, оның қаншасы қазақ тілінде екенін нақтылап жатыр» деген болатын министр. Алайда осы сөздің іске айналып, мемлекеттік балабақшалар қашан 100 пайыз қазақ тілді болатыны әлі ешкімге белгісіз.

Ата-ана не дейді?

– Болашақ орыс тілінде ме? Астананың көп ата-анасы балаларын не үшін орыс сыныбына беруде? «Балам балабақшада орыс тілінде сөйлеген, қазақша түсінбей қалады» дегені жай сылтау ғана. Олар баласына өз тілін үйретуге немқұрайды қарап отыр. «Тіл үйретуге уақытымыз жоқ» дейді. Балаларын орыс сыныбына беруге балабақшада орысша тіл үйреніп, сөйлеп, тәрбие алғаны басты себеп боп жатқандай. Не істеу керек? Балабақшаларды түгел қазақ тіліне көшіру керек пе? Сіздің ойыңыз қандай?

Биыл орыс сыныбына барған балалар 11 жылдан кейін мектеп бітіреді. Орысша сөйлеп, ойлайтындардың қатары көбейе береді. Бұл қуанатын жағдай емес, – дейді қоғам белсендісі Фатима Жүнісова.

Журналист, қоғам белсендісі Халима Тәжіқұлдың айтуына қарағанда, қазақ сыныбына қабылдату жөнінде түрлі ұсыныс та айтылыпты. Біреуі де мәселені шешпейді дейді ол.

– Көзім жеткен бір нәрсені айтайын: билік қашан тек қазақша сөйлейді (бір ауыз орысша қоспай); бүкіл мемлекеттік іс-шара қашан тек қазақша өте бастайды; мемлекеттік қызметке қазақша білетіндерді ғана қабылдау қашан қолға алынады – сол кезде ғана қазақ сыныбына сұраныс артады. Себебі орыс сыныбын таңдаушы ата-аналар – қазақ тілінің болашағына сенбейтіндер. Сенбеуіне себеп көп. Билік бишігіне бұл тіл керек емес. Бірлі-жарым қазақы кадр ғана жанашыр, басқасы бас қатырмайды. Айтпақшы, қазақ балабақшасына барған баламның тобындағылардың 80 пайызы орыс сыныбын таңдады. Және олардың ата-анасының бәрі мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер. Әлгі 80 пайыз баланың кесірінен біздің балалар орысша сөйлеп кетті. Ортасы орыс тілді бала, қазақ балабақшаға барса да. Балабақшадан шығарып алып, қазақшаға бетін әрең бұрдық, – дейді Халима Тәжіқұл.

– Ұлымды мектепке даярлық курсына апардым. Тобында бір бала болды. Өте зерек. Оны ылғи атасы әкелетін. Наурыз мерекесіне орай шара өтті. Атасы соңында сөз сөйледі. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнапты. Мұғалім болған екен. Бірақ өкініштісі сол, немересі орысша сөйлейді. Сыртқа шыққан соң атасынан мән-жайды білдім. Атам кібіртіктеп қалды: «Ой, сол келін орысша қосып сөйлейді. Ауылдың қызы-ақ еді. Ұлым да Семей жақтағы ауылда өскен. Солар қалаға орысша білмей-ақ келді. Бұларға не көрінгенін. Оның үстіне, баланың қолынан телефон үзілмейді. Көргенінің бәрі орысша…». Жалпы біреуді сынағанда алдымызға жан салмаймыз ғой. Өзімізге шаң жуытпаймыз. Ал шындығында, өз қолымыз өз аузымызға жетпейді. Сөйлегенде сөздің майын тамызатын, ұлт мәселесінде қарап қалмайтын адамдар, қоғамға белгілі азаматтар бар. Бірақ олардың да балалары, немерелері орыс сыныбында оқиды. Қазақшадан жұрдай. Кімге, не деп ренжисіз? Бұған да Үкімет кінәлі ме? Басқаны қоя тұр. Алдымен өзіңнен баста. Тіл саған керек, – дейді ата-ана Ертай Нүсіпжанов.

Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбиеге әсер ететін нәрсе – өскен ортасы, ата-ана тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас жолдастың азғырып, не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі. Отбасының жылуын көрмеген, ата-ананың махаббатына бөленбеген бала жаны қатыгезденіп, қылмыстық жолға бейімделетінін мұғалімдерге түсіндіру артық болар» дейді. Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, біріншісі – ата-анасы, екіншісі – ұстазы, үшіншісі – құрдасы» деп айтып кеткен екен Абай атамыз. Жас шыбық иілгіш келеді, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бейім. Біздің үйдегі, түздегі іс-әрекетіміз балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы-жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

Мұғалімдер уәжі қандай?

– Министрлік тарапынан қазақ сыныптарын көбейтуге тапсырма берілген. Алайда біз 1-сыныпқа болсын, басқа сыныпқа болсын баласын алып келетін ата-ананың таңдауына араласып, оқушыны қазақ не орыс сыныбына бер дей алмаймыз. «Бізді мәжбүрлейді» деген пікір көп айтылып жатыр. Бірақ ол шындыққа жанаспайды. Өкінішке қарай, баласын ерікті түрде орыс сыныбына бергісі келетін ата-ана көп. Түсіндіру жұмысын жүргіземіз, орыс сыныбында орын жоқ десек ашуланатындар бар. Өйткені баласы орысша сөйлейтіндіктен, оған қазақ тілінде білім алу қиындық туғызады деп қорқады. Әрине, қазақ тілін білмейтін баламен жұмыс істеу өте қиын. Бірақ үйреніп кетеді, үйретеміз деп көндіруге тырысамыз. Алайда кез келген ата-ана мектепті жау көреді, мұғалімді кінәлі санайды. Ата-ана балаларын кішкентайынан қазақша сөйлетуге тырысуы керек. Сонда ғана бұл мәселенің жарасы жеңілдейді. Мәселен, қазақ тілін білмесе де, қазақ сыныбында оқып, тілді меңгеріп алған оқушылар бар. Мектеп болып, ата-ана болып екі жақтап көмектесу керек. Бірақ қазақша білмейтін ата-ана да бар. Баласы қазақ сыныбында оқығанмен, үйде орысша сөйлеседі. Мұндайда әсіресе бастауыш сынып оқушыларына қиын тиеді. Балаларының қиналғанын көріп, біраз ата-ана орыс сыныбына ауыссақ бола ма деп қайта келеді. Сол кезде жүрегің ауырады, – деді ұстаз Майра Мырзахметова.

Астанада 169 мектеп бар. Оның 101-і – мемлекеттік, 61-і – жекеменшік, 7-еуі – республикалық, оның ішінде 35 қазақ мектебі, 3 орыс мектебі, 63 аралас мектеп. Биыл жаңа оқу жылында 26650 бала 1-сыныпқа барады (былтыр 1-сыныпқа 26000 бала қабылданды), оның ішінде 15929 (60 пайыз) бала қазақ класын, 10571 (40 пайыз) бала орыс класын таңдаған.

– 2020 жылдары Астанада білім алатын оқушылар арасында қазақ тілді сыныптар 50 пайыздан аспайтын. Кейінгі екі жылда қазақ сыныптарының саны 60 пайызға жетті. Сондықтан қоғамда талқыланып жатқан дерекпен келіспеймін. Бұл жерде ата-ана таңдауына да назар аудару қажет. Әлеуметтік желіде жазба қалдырған азаматтар нақты қай мектепте «орыс мектебіне бер» дегенін айтсын. Мен сол мектептің директорымен сөйлесейін. Керісінше, қазақ тілді сыныптарды көптеп ашуға күш салып келеміз. BINOM мектептерінің 80 пайызға жуығын тек қазақ тілді мектеп етіп аштырдық. Ал мектепте қазақ сыныбында 35-40 бала, орыс сыныбында 20-25 бала ғана отырады деген – ақылға сыйымсыз әңгіме, – дейді Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Жалпы мектептерде білім берудегі бағалаудың жаңа жүйесі – жаңартылған білім мазмұны енгелі 7 жылдан асып барады. Әлі күнге дейін осынау жаңартылған білім мазмұнының мәнін түсінбейтін, балаға шамадан тыс жүктеме екенін айтатын ата-ана көп.

– Сырттан қарап, ата-ана ретінде бақылап отырсаң, баланың білімге құштарлығын ашудан бұрын сабақ оқуға деген құлшынысын су сепкендей басу. Бастауыштағы оқулықтарды бала түгіл, ересек адамдар да түсінбейді, шала аударма, күрделі мәтіндерді оқу балаға өте ауыр, сосын кейбір ата-ана балаларын орыс класына беруге мәжбүр, – дейді ата-ана Гауhар Шайхиниязова.

Оқулық неге түсініксіз?

«Неге бастауыш сыныптардағы оқулықтар баланың таным-түсінігіне сәйкес келмейді, түсініксіз, оқу бағдарламасы неге сүйеніп жасалған? Оқулықтар неге жыл сайын жаңара, өзгере береді, бұл пайда табу көзі ме? Бүгінде ата-аналардың балаларын орыс класына беру себебі де осы оқулықтардың түсініксіз, күрделі болғандықтан деп ойламайсыз ба?» деген сауалымызға  Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы былай деп жауап берді:

«Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлерінің оқу пәндерінен үлгілік оқу бағдарламалары білім саласы бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілері басшылыққа алынып, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және үлгілік оқу жоспарына сәйкес әзірленеді. Оқу бағдарламалары ғылыми-әдіснамалық оқыту тәсілдемелері мен ұстанымдары негізінде, білім алушылардың жас физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді». Бітті, жауап осы.

Google-мен аударылған бастауыштағы оқулықтар неге түсініксіз деген сауалымызды республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының поштасына жолдағанбыз, әзірге жауап келмеді. Шынында да, бастауышта баланың басын қатыратын мәселе көп. Мысалы, бұрын есепті бөлу, көбейту, күрделі есептер тек 8-9 кластарда берілетін, қазір халықаралық талаптарға сәйкес дей келе, 3-сынып оқушысына білу міндеттелген. Бұл олқылықтарды толтырудың қандай жолы бар? Қоғам қойған сауал көп, жауабы да табылар.

P.S: Ел астанасының Ақмолаға көшуінің де басты себебі солтүстік өңірлерді қазақыландыру болғаны белгілі. «Теріскейді толтырайық немесе қазақ көшін қайтсек солтүстікке бұрамыз?» деп жанталасып жүргенде орталық астананың солтүстік өңірге қарай ауысқаны өте дұрыс шешім екенін өмірдің өзі көрсетті. Ендеше стратегиялық маңызды солтүстікті қазақыландыру саясатын дұрыс жүргізбей, елорданы қазақыландырмай, қазақ тілді балабақша мен қазақ сыныбын көбейтпей, демографиялық һәм тілдік мәселелер шешілмейді. Құр сөзден, айтыс-керістен ешнәрсе өзгермейді. Осы бағытта жұмыс істесе, болашақта Астана атына заты сай, білімі, рухани ортасы, мәдениеті қазақыланып, ұлттық құндылығымен дамыған әлемнің ең сәулетті қаласына айналары хақ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button