Басты ақпаратДенсаулық

Елорда – медицина кластері

Ширек ғасыр тарихы бар елордада осы жылдар ішінде медицина қарыштап дамыды. 2000 жылдардың басында «Болашақ госпиталі» жоспары іске асып, соның арқасында сол жағалауда үлкен медицина клас­тері пайда болды. Әлемдік деңгейдегі медициналық емдеу талаптарына сай келетін республикалық орталықтар ашылып, ауыр дертіне емді шетел асып іздейтіндер азайды. Заманауи орталықтардың сапалы қызметінің арқасында тіпті шетелдіктер де Қазақстан астанасына арнайы келіп, елімізде медициналық туризм өркендеді.

Тәуелсіздіктің үл­кен жетістігі ретінде 2008 жылдың мамыр айында құрылған Ұлттық медициналық холдингті атауға болады. Ол 6 инновация­лық құрылымды біріктірді, атап айтқанда, олар – «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы, Рес­публикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық ­диагностикалық орталық, Рес­публикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы.

Онкология және трансплантология дамыды

Бұл орталықта науқастар халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары технологиялық әдістермен емделеді. Қазақстанда жыл сайын 35000-нан астам адам қатерлі ісікке шалдығады, оның басым бөлігінің дерті кеш анықталады. Осы ретте аталған орталықта ерте ­диагностикалау және жаңадан пайда болған қатерлі ісікті емдеу қолжетім­ділігін арттыру арқылы онкология ауруларынан болатын өлім санын төмендету басты міндет етіп қойылды. Ғылыми, клиникалық және білім беру тәжірибесін біріктіретін емдеу мекемесі Орталық Азия елдері бойынша осы саладағы жетекші ғылыми орталық саналады. Қазақстанда тұңғыш рет орталық базасында тірі донордан бүйректі лапароскопиялық алып тастау, гемофилиямен ауыратын науқастардың буындарын эндопротездеу, аллогенді және гаплоидты сүйек кемігін трансплантациялау, склерозбен ауыратын науқастарға жоғары дозалы химиотерапиямен біріктірілген гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау және басқа да күрделі оталар жасалды.

«Ана мен бала» жағдайы жасалды

2007 жылы ашылған «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы» АҚ жүктілігі қиын жағдайдағы әйелдер мен жүрегінде ақауы бар жүкті әйелдерге қызмет көрсетеді. Мұнда отандастарымызбен қатар Орталық Азия, Еуропа, Америка және Ресейден арнайы келген науқастар қаралады.

Орталықта арнайы нұсқау, госпитализация бюросы арқылы және квота бойынша келген әйел­дер үшін барлық қызмет тегін көрсетіледі. Мекеменің басты мақсаты – Орталық Азиядағы педиатрия, балалар хирургиясы, акушерия-гинекология, ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулығы бойынша жетекші ғылыми-танымдық және емдеу-­диагностикалық институты болып қалыптасу. «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы – ТМД кеңістіндегі халықаралық Joint Commission International аккредитациясына қол жеткізген алғашқы клиниканың бірі.

Нейрохирургия – мемлекет дамуының көрінісі

Ал 2008 жылы ашылған нейрохирургия орталығы ел медицинасындағы зор жетістік деп бағаланды. Соңғы заманауи технологиялармен жабдықталған орталықта бұрын-соңды Қазақстанда болмаған медицинаның жаңа салалары бойынша қызмет көрсетіледі.

«Медицинадағы ең күрделі саланың бірі – нейрохирургия. Себебі ол адамның орталық жүйке жүйесінің, жұлынның және перифериялық жүйке жү­йесінің, қан тамырлары патологияларын айқындаумен және емдеумен айналысады. Оған қоса, нейрохирургия үлкен қаражатты, жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды қажет етеді. Сондықтан нейрохирургияның дамуы мемлекет дамуының бір көрінісі десе де болады» дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, орталық директоры Серік Ақшолақов.

Бүгінде қалада мемлекеттік ден­саулық сақтау секторында 11 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде дәрігерлер – 3,4 мыңнан астам, орта медицина қызметкерлері – 6 мыңнан астам және кіші медицина қызметкерлері – 2 мыңнан астам адам

Кардиохирургиядағы қарышты қадамдар

Қызмет көрсету және сервистің сапасы мен деңгейі бо­йынша әлемдік стандарттарға сәйкес келетін Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы 2011 жылы ашылды. Орталықта ауыр дәрежедегі жүрек-қантамыр сырқаты бар науқастар хирургия­лық ота жасау арқылы емделеді. Орталықтың негізгі клиникалық бағыты – туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауы, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек қызметінің созылмалы жетіспеушілігі, жүрек ырғағының бұзылуын емдеу. Мекеме медициналық ғылыми-білім беру қызметінде отандық және халықаралық мәртебеге ие қуат­ты кадрлық әлеуетінің арқасында Орталық Азия өңіріндегі жетекші кардиохирургиялық орталыққа айналды. Кейінгі жылдары орталық денсаулық сақтаудың үздік халықаралық моделі мен ғылыми тәжірибесін үйлестіретін кардиохирургия­дағы ұлттық бренд ретінде дамып келеді.

Балаларды оңалтудағы озық әдістер

Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы 2007 жылы ашылған, 2016 жылдан бастап республикалық деген мәртебесі алынып тасталды. Елімізде алғаш рет осы орталық базасында психоневрологиялық және нейроортопедия­лық патологияға шалдыққан балаларды оңалту жүйесі құрылды. Қазақстанда бірінші рет динамикалық проприоцептивті коррекция, нейрогенді дисфагия коррекциясы әдісі және басқа жаңа тәсілдер осы орталықта енгізілді. Еңбек терапевтері, ойын терапевтері, музыка терапевтері, Монтессори-педагогтар деген мамандықтар тұңғыш рет осында ашылды. Орталықта жыл сайын 4200 бала оңалтудан өтеді. 15 жылдың ішінде мұнда 61647 бала денсаулығын нығайту бойынша ем алды.

Қалалық медицина қалай дамуда?

Мемлекеттік саясаттың басты басымдығының бірі – азаматтар денсаулығы. Осы орайда Астана қаласы әкімдігі тарапынан елорда халқын сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалуда. Елорданың денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған сын-қатердің бірі – халықтың жыл сайынғы белсенді өсу факторы, орта есеппен қала халқы жылына 40-50 мың адамға көбейеді. Бұған қоса, елорданың жаппай дамуы да емханаларға түсетін жүктемені көбейтті. Бұрынғы теміржолшылар, қазіргі №3 қалалық аурухана апатты жағдайда. Биыл осы аурухананы қайта құру бойынша жобалау жұмысын жүргізу жоспарлануда. Төсек-­орын тапшылығы мен халықтың өсуін ескере отырып, 2023-2026 жылдары 18 нысанды салу және реконструкциялау жоспарланып отырса, соның ішінде 4 нысанды республикалық бюджет есебінен салу көзделуде.

2020-2022 жылдар аралығында медициналық техниканың тозуы 22,5 пайыздан 14,6 пайыз­ға де­йін азайды, жарақтандыру 89,8 пайыздан 95,5 пайызға дейін ұлғайды. Олардың арасында ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томографтар, өкпені жасанды желдету аппараттары, жылжымалы флюорографиялық кешендер, цифрлық рентгенографиялық жүйелер және т. б. бар. Қосымша МСАК үшін 51 автокөлік, сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 55 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды. Биыл Қазақстанда алғаш рет ұрық пен ананы ­диагностикалауға арналған жаңа заманауи аппарат енгізілді. №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушерлік блогына жаңа жабдық – Ұлыбританияда шығарылған sonicaid team 3 ұрық ішілік мониторы сатып алынды.

Елорданың №4, №5 және №10 емханаларында жыл басында қанатқақты режимде жедел жәрдем бөлімшелері іске қосылды. Негізгі мақсат – стационарлардағы медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайту және халыққа шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Биыл №2 ауруханада госпитальдық фармацияның жаңа бөлімшесі ашылды.

Медициналық білім ордасы

Елордада жоғары медициналық білім беру саласында зор беделге ие Астана медицина университетінің негізі 1964 жылы медициналық институт ретінде қаланған. 1997 жылы институт академия болып қайта құрылып, 2009 жылдың қаңтарынан бастап университет мәртебесіне қол жеткізді. ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде университет Ұлттық медициналық холдингтің құрамына енді. 2010 жылдың шілде айынан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына берілді.

Бүгінде университеттің аты мен мәртебесі өзгеріп қана қойған жоқ, сонымен қатар, мамандықтар саны көбейіп, оқытудың кредит технология­лары мен үш сатылы білім беру жүйесі – бакалавриат, магистратура, докторантура енгізілді. Университеттің академиялық серіктестерінің қатарында АҚШ, Сингапур, Еуропа, Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары бар.

Ақ халаттылар жағдайы жасалады

Бүгінде қалада мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 11 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде дәрігерлер – 3,4 мыңнан астам, орта медицина қызметкерлері – 6 мыңнан астам және кіші медицина қызметкерлері – 2 мыңнан астам адам. Қазіргі таңда денсаулық сақтау мемлекеттік секторында медициналық кадрлардың тапшылығы 94,4 пайызға төмендеді. 2023-2026 жылдарға қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджеттен 176 грантқа өтінім берді. Медициналық білім және ғылым ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған жас мамандардың арасынан медициналық ұйымдардың қажеттілігіне сәйкес республикалық бюджет есебінен 300-ге жуық адам бөлу жоспарлануда.

Кадр тапшылығына әсер ететін фактордың бірі – қызметкерлерді баспанамен қамту мәселесі. Білікті кадрларды тарту мақсатында медицина қызметкерлері үшін толық әлеуметтік пакетті ұсыну, сондай-ақ, тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты Алматы ауданында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салу бойынша жұмыс жүргізілуде.

2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша дәрігерлердің орташа жалақысы барлық төлемдерді, яғни сыйлықақы, демалыс, сауықтыру жәрдем­ақыларын, қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін қосымша ақыларды, екінші қызметті қоса атқаруды, кесте бойынша кезекшілікті, жеке қосымша ақыларды, өтемақы төлемдерін және басқаларын қоса алғанда 544 мың теңгені және орта медициналық персоналдың жалақысы 337 мың теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға, орта медицина қызметкерінің жалақысын 20 пайызға арттыру жоспарлануда.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button