Басты ақпарат

25 ЖЫЛДЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ КҮНІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығындағы кезеңде жеке жоспар бойынша Тәуелсіздіктің мызғымас негіздерін білдіретін 25 жұлдызды күн өткізіледі. Осы күндері еліміздің әр аймағында мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларында қоғамның топтасуы мен бірігуіне бағытталған атаулы оқиғалар өтеді.
«Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» ұранымен өтетін бұл шаралар кеше Астанадан бастау алды. Алғашқы күн Қазақстан Республикасы Конституциясына, яғни, Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің тірегі ретінде Ата заңның тарихи маңызын кеңінен паш етуге арналды.

astana

АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ

Осыған орай Тәуелсіздік сара­йында Елбасының қатысуымен Қа­зақстан судьяларының VII съезі өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында елімізде заман талаптарына жауап беретін сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтіп, осы саладағы жетістіктерге тоқталды. Соның ішінде құрылып отырған «Астана» халықаралық қаржы орта­лығында әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының стандарттары мен ағылшын құқығы қолданылатынын айтып өтті.
Әрине, бұл орталық атауына сәйкес Астана қаласының шегінде жұмыстарын жүргізбек. Сол кезде елордада инвестициялық тартымды орта қалыптасып, орталықтың қаланың ғана емес, біртұтас Қазақ­стан экономикасының өрлеуіне жәрдемі тиеді. Елбасы айтқандай, егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаттығымыздың айнасы – Астананың осындай жасампаздық қасиеті бар.

ТӘУЕЛСІЗДІК НЕГІЗІ ЕҢСЕЛІ ЕЛОРДА

Тәуелсіздігіміздің 25 негізінің бірі де еңселі елорда екені анық. Соған сәйкес 14 желтоқсанда Астананың жұлдызды күні аталып өтілмек. Барша қазақстандықтарды алға жетелеп, табысты болашаққа деген үміті мен сенімін арттыратын еліміздің бас қаласының бар сән-салтанаты солай тәуелсіздік тойының қарсаңында жарқырап көрінбек. Ал нақты мереке күні елорда, отауға жаңа түскен жас келіндей, тіптен, құлпырып кетеді.
1999 жылы ЮНЕСКО Астананы әлем қаласы деп жариялады. Ал өткен аптада ғана Ресейде шығатын «National Geographic Traveler» журналы Мәскеуде еліміздің елордасын «Болашақ қаласы» атты арнайы сыйлығымен марапаттады. Бұл марапат бас қаламызға тектен-тек берілген жоқ. Сыйлықты тағайындаған тарап Астананың даму қарқынын және туристерді қабылдаудағы жоғары әлеуетін есепке алды.
Иә, келесі жылы ерке Есілді жағалай қонған шаһарда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткенде талайлар Астанаға келіп, тамсанып кетер. Осы жерден жақсы үлгіні де көрер. Келер жылды айтып отырмыз-ау, қазірден бастап елімізден үлгі алып жатқан мемлекеттер бар. Солардың бірі – мәдениеті жан-жақты дамыған, әлемде бірқатар көрсеткіштер мемлекеті бойынша озық саналатын Франция.
Көрнекті жазушы Асқар Сүлей­меновтің артында «Француздар – Еуропадағы қазақтар» деген сөз қалған. Сұңғыла қаламгер, әрине, бұл сөзді жайдан-жай емес, бірдеңеге сүйініп айтты. Жазушының осы сөзі­нің шындықтан алыс емес екен­дігіне жуырда бір көз жеткіздік.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 1998 жылы Астанада ашылған Қазақ ұлттық музыка академиясы кейіннен ұлттық университет болып қайта құрылды. Тәуелсіздікпен, Астанамен бірге түлеген оқу орны осы жылдары аралығында қаншама өнерпаздың қанатын қатай­тып, өнер көгіне самғатты. ҚР Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Еңбек Ері Айман Мұсақожаева бастаған ұжымда білікті, дарынды ұстаздар қауымы да қалыптасты.
Ал шәкірттері көптеген халықаралық және республикалық байқауларда үздіктердің қатарынан көрінді. Мысалы үшін осы оқу орнында білім алып жатқан дарынды жас әнші Димаш Құдайбергенді алуға болады.

ҚАЗАҚ ЖЫРАУЛАРЫ ФРАНЦУЗ ТРУБАДУРЛАРЫНЫҢ РУХЫН ЖАҢҒЫРТАДЫ

Жуырда осы оқу орнының «Дәстүрлі ән» кафедрасының ұстаздары ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына арнап «Ға­сырлар сарыны» атты концерт берді. Сол кезде осы кафедраның ашылуымен есімі тығыз байланысты Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосыновтан бастап біраз ұстаздар ән салып, жыр-термелерді төкті. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жүйрік жыршы, профессор Алмас Алматов та болды.
Алмас ағаның жырдан бұрын сонда айтқан сөзі кеудемізде мақтаныш сезімін тудырды.
«Қазақ даласындағы әншілік, жыр­шылық, күйшілік, жыраулық өнердің түп-тамыры ұлттық өнеріміздің, мың­жылдық мәдениет, жүзжылдық тарихы­мыздың алтын тін, жік, арқауы болып, халқымызбен, ұлтымызбен бірге жасасып, науша қыз-жігіттеріміздің бойын­дағы үлкен өнер болып бізге жетіп отыр. Демек, өнер мұрагерлік ұрпақ арқылы дәстүрлік сипатқа ие болады.
Ал жыраулық өнер – синкретті, кәсіби, дара, тұлғалық өнер шоғыры. Кеше ғана оқу орнымызға Францияның радиосы келіп, жырымызды жазып алып, сол елден күйтабақ шығаратын болды. Француздарға: «Қазақ даласындағы жыр сізді несімен қызықтырды?» деген сұрақты қойдық. Сонда олар: «Фран­цияның соңғы трубадуры 150 жыл бұрын қайтыс болды. Ал біз қазақтың жыраулары арқылы Францияның труба­дурларының рухы қайтадан жаңғырады деп ойлаймыз» деп жауап берді. Демек, Еуропа мәдениетінің ғылыми-техни­калық прогрестің астында дара, тұлғалық өнері өліп кетті. Ал, қазақ даласындағы әншісі де, күйшісі, де жырауы да дара қалпында қалды» дейді жырау.
Астана төрінде биыл жұмысын бастаған «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы әртістері мен шығар­машылық ұжымдарының таяуда өткен гастрольдік сапарлары Алмас Алматовтың сөзін дәлелдей түседі. Астаналықтар сол сапарларында Миландағы Piccolo Teatro Studio және Римдегі Academia di Santa Cecilia залдарында ән салып, еуропалықтарды тамсандырды.
Елбасының «Астана келбеті – ұлт келбеті» деген сөзі бар. Сол келбетті еңселі елордамыздың әсем ғимарат­тарынан да, азат рухты адамдарының нұрлы жүздерінен де көріп отырмыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button