Басты ақпаратБілім

30 жыл: табысты кадрлар даярлау

Астана қаласындағы «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжіне биыл 30 толып отыр. Бұл тарихын өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастайтын іргелі де беделді оқу ордасы үшін мерейлі меже, айтулы дата. «Тарих – өткен күннің куәсі, бүгінгінің үлгісі мен өнегесі, болашақтың асыл қазынасы» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Ордалы отыз жылдағы тірлігі түзу, бірлігі бекем ұжымымыздың бүгінгі таңдағы жоғары жетістіктері осы жылдарда жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, білімді, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда аянбай тер төккен ұлағатты ұстаздарымыз бен ісіне адал қызметкерлеріміздің ерен еңбегінің жемісі деп білеміз.

Көш басындағы колледж

1994 жылы төрт техникумның негізінде құрылған колледждің тарихы Целиноградтан бастау алады. Отыз жылда колледж тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлес қосып, бүгінгі күні әртүрлі салада қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген кәсіби кадрларды дайындап шығарған үлкен ұстаханаға айналды. Біздің білікті кадрларымыз Астанада ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де табысты еңбек етіп, оқу орнының абырой-беделін өсіріп жүр. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде брендке айналған, заман талабына сай мықты мамандар дайындайтын «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжі бас қаладағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында көшбасшылық деңгейін сақтап келеді. Брендке айналғанымыз­ды дәлелдейтін дерек келтірсек, қабылдау комиссиясының деректеріне сәйкес 2022 жылы талапкерлерден 1311 өтініш түсіп, 543-ін бюджеттік, 78-ін ақылы негізде студенттер қатарына қабылданды. Ал 2023 жылы талапкерлерден 2517 өтініш түсіп, соның 552-ін бюджеттік, 59 студент ақылы негізде оқуға түсті. Көріп отырғанымыздай, жылдан жылға колледжде дайындайтын мамандықтарға сұраныс артып келеді.

Колледж отыз жылдық тарихында талай қиын кезеңдердің, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Осы уақыт ішінде даму жолында көп ізгі қадам жасады, тәжірибе жинақтады, нақты жетістіктерге қол жеткізді. Біз үшін 30 жыл – жалындаған жастық, үкілеген үміт және үздіксіз өрлеудің кезеңі. Өйткені осы жылдарда біз білім берген түлектер әлемнің әр қиырына аттанды. Бір қуанатынымыз, біздің түлектеріміз колледжбен арадағы қарым-қатынасын үзбейді. Мәселен, көптеген түлектер alma mater-іне келіп, ұстаздарымен жүздеседі, өмірдегі қуаныштарымен және табыс­тарымен бөліседі. Қиындыққа тап болса, одан шығудың жолдарын ақылдасады. Яғни, түлектеріміз колледжге тек білімі мен дипломдағы жақсы баға үшін ғана емес, оқу орнының қабырғасында санасына сіңіріп, өмірлік ұстанымы еткен жаңа белес­терді бағындыруға деген сенімін қалыптастырғаны үшін алғыс айтады. Біз де осындай өзара сенімді, ізгі қарым-қатынасты ерекше бағалаймыз. Түлектеріміздің өмірі – біздің назарымыздан тыс қалмаған, олардың көпшілігі табысты мансап құрғанына өте қуантарлық жағдай. Біз өз түлектерімізді мақтан тұтамыз Олжас Құспеков – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ғани Дүйсенбеков – KG Chem Kazakhstan директоры, Бекзат Жайдаров – «Art Studio Bonnie and Clyde» интерьер дизайны студиясының және «Start Education» дизайн мектебінің негізін қалаушы және коммерциялық директоры, Сергей Баскаков – «Астанатрансстрой» СК ЖШС директоры, Нұрлан Дүйсенбаев – «Ару-Жол» ЖШС директоры; Нариман Нұралин – NAIRA Group компаниясының бас директоры, Алексей Анисимов – «KazCloud» ЖШС өнімді әзірлеу жөніндегі директоры.

Біздің стратегиямыз – заманауи сұранысқа ие маман

Қазіргі таңда колледж техникалық саласына ең қажетті 11 мамандық (техник-құрылысшы, техник-дизайнер, супервайзер, туризм менеджері, газ нысандары құрал-жабдықтарын пайдаланушы технигі, техник-механик, ақпараттық қауіпсіздік технигі, бағдарламалық қамтамасыз етуді құрастырушы, ақпараттық жүйелер технигі, техник-мехатроник, телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің технигі, бухгалтер) бойынша кадрлар дайындайды. Әлемде жаңа технологиялардың пайда болуы мен дамуына орай маман даярлауға қойылатын талаптар біртіндеп өзгеруде. Осыған сәйкес, колледж сапалы білім алуға барлық жағынан жағдай жасау нарықта сұранысқа ие мамандықтарға оқыту – түлектердің жұмысқа орналасу кепілдігін қамтамасыз ету деген стратегиясын айқындап алды.
Сапалы білім берудің негізін колледждің жаңартылған оқу-зертханалық кешені, сондай-ақ шығармашылық өзгеріс­тер мен жаңашыл идеялардан қорықпайтын ұжым құрайды. Оқу ордасының бүгінгі тренді –­ сұранысқа ие дағдылар мен кәсіби құзыреттіліктер бойынша кадр даярлау болып табылады. Еңбек нарығының өзгеруіне және цифрлық технологиялардың өмірімізге дендеп енуіне орай осындай трендті таңдалды.

Жұмыс бағдарламаларының мазмұны жаңарды, оқытушыларды жаңа технологияларға оқыта бастадық, колледждің жанынан заманауи зертхана ашып, ресурс­тық-оқу орталықтарын құру мақсатымен әлемдік брендтерді тарттық, оқу үдерісін жетекші технологиялармен үндестіріп, материалдық-техникалық базамызды нығайттық. Мұндай жаңашыл қадамдардан не ұттық? Біріншіден, түлектер дипломнан басқа заманауи жабдықтармен жұмыс істей алатынын растайтын арнайы сертификаттарға ие болады. Студенттер оқуын бітірген соң WS стандарты бойынша демонстрациялық емтихан тапсырып, «skills төлқұжатын» алады. Соның нәтижесінде белгілі бір дағдылары мен құзыреттіліктері бар түлектер тобы жасақталады, бұл топ білікті маман іздеген жұмыс берушілердің назарына бірден ілігеді.

Оқу үдерісіндегі озық инновациялар

Колледждегі оқу үдерісін тәжірибелі 90 педагог жүзеге асырады, соның ішінде 8-і – өндірістік оқыту шебері, 20-сы – магистр, 1-еуі – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Атап айтарлығы, біздің педагогтер оқу үдерісіне үнемі инновация­ларды енгізіп отырады. Енді осы инновация­ларға толығырақ тоқталайық. Мысалы, ­О.Пешкин, С.Лапенко, Т.Мухтарова өндірістік оқыту аясында техник-бағдарламашыларға «Arduino» базасында микроконтроллерді бағдарламалау» курсы енгізілген, студенттер Yii2 шеңберін пайдаланып, веб-қосымшалар әзірлейді. Е.Тусупов, Ж.Абрахманова, С.Мухаммедия арнайы пәндер сабағында Git нұсқаларын бақылау жүйесі, кейс технологиялар, оқытудың тренингтік нысандары, АКТ технологиялары, интеллект-карталар және т.б. қолданылады. Сондай-ақ Java бағдарламалау­дың бұлтты технологиялары, Amazon, Microsoft Azure, Cisco сертификациясы жүргізіледі. Түлектер Smart-технологиялар тұжырымдамасы бойынша «BMC IO FRAMEWORK» ArtaSoft платформаларында ақпараттық жүйелердің нақты дипломдық жобаларын орындайды. Мұнда ғылым мен өндірістің арасында тығыз интеграция жүреді.

А.Шошабай, Д.Жанмурзина, М.Габдулла, Ж.Нуркеев, О.Вишневская, Г.Наурызова техник-құрылысшыларды даярлау деңгейі 3D компасы, ArchiCAD, AutoCAD, CorelDraw, 3D-MAX, Мономах автоматтандырылған жобалау және модельдеу жүйесін үйретеді. 2018 жылдан бастап оқу үдерісіне педагог ­С.Жакиянов AutoDeskRevit, Renga Architecture бағдарламаларында жұмыс жасау­ды үйретеді. Құрылыс және ақпарат саласындағы 3D модельдеуді BuildingInformationModel ғимараттарды ақпараттық модельдеу технологиялық платформасы – BIM жүзеге асырады. Қазір жаңа мамандар – BIM-жобалаушылар даяр­ланады. SMART және BIM технологияларын меңгеру дағдылары бойынша әдеттегі жобалау технологиялары өзгеруде. «Smart Astana», «Ақылды үй» жобалары бойынша тұрақты серіктестермен ынтымақтастық қарым-қатынас кеңейіп келеді.

Құрылысшылар оқу тәжірибесінде жетекші өнім өндірушілердің әрлеу құрылыс материалдарында (Кнауф) дағдылар мен құзіреттіліктерді өндірістік оқыту шеберлері И.Воробьев, Н.Байбусинов оқытады, студенттер құрғақ құрылыс технологияларын меңгереді, икемді тақтайшалармен және оқшаулағыш материалдармен (ТехноНиколь) және ақылды сантехникамен (Grohe) жұмыс істеп үйренеді. Қорытынды аттес­таттау – дипломдық жұмыс дәстүрлі түрде де, өндірістік үй-жайларды, оқу дәрісханалары мен жатақханаларды қайта салу бойынша да нақты дипломдық жобалау түрінде де жүргізіледі. Колледждегі 60-тан аса дәрісхана қайта жаңартылды. Оқу тәжірибесі аясында нақты дизайн-жобалар мен қолданыстағы макеттер (community center, student hab, электрокар, ескерту және дабыл қағу жүйесі және т.б.) жасалады.

Тәжірибелік дәрістер –біліктілікке апаратын жол

Бүгінгі таңда колледж экологиялық және энергия үнемдейтін жабдықтар – электромобильдерге қызмет көрсететін мамандарды, сондай-ақ газ жабдықтарын монтаждау және оларға қызмет көрсететін мамандарды даяр­лайды. Бұл бағытта қазіргі заманғы EXTLAB электроника және электромобиль зертханалары, Bocsh Thermotchik оқу орталығы ашылды, бұл жерде «Болашақтың мамандықтары» бойынша кадр даярлауға мүмкіндік пайда болып отыр.
Сонымен қатар, Б.Алкенов, Е.Чингаева, Г.Абенова тәжірибелік сабақтарда автомобильдерді басқарудың электрондық жүйесінің (электромобиль, carmanscan, AutoBosh, B-touch) заманауи диагностикалық жабдықтары, COM3LAB оқыту жүйесі қолданалады. Бұл сабақтар бойынша оқу тәжірибесі Bosch, Sivik, Carmanscan кәсіби жабдықтарында өткізіледі. Сондай-ақ «Мерседес», «Ауди» қозғалтқыштарында, гибридтік қозғалтқыштарда автокөліктің доңғалағын монтаждау, теңгерімін қалпына келтіру, көліктің майын ауыстыру сияқты жұмыстарды Bosch-тың құрал-жабдықтарымен атқарып, шеберлікке үйренеді. Студенттер оқу-тәжірибе үйрену кезеңінде Астанадағы «№1 автобус паркі» АҚ, «Hyundai Premium Astana» ЖШС, «Allur Auto» ЖШС, «AutoLand автосервистер желісі» ЖШС, «АТБ Сервис Транс» ЖШС және т.б. серіктестермен бірлесіп, «техник-механик» орта буын маманының жұмыс біліктілігін (көлік жөндейтін шебер және электрик) меңгереді.
Өндіріске жақын телекоммуникация және байланыс жөніндегі зертханада болашақ электр монтаждаушы-баптаушы және телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің техниктерін өндірістік оқыту шеберлері ­В.Осинская, С.Жантаев, С.Әділбек телекоммуникация­лық желілер саласында АТС-тан абонентке дейінгі байланыс желісін монтаждаудың бүкіл технологиялық циклін барлық деңгейлерін үйретеді. Колледж басшылығы IT құзыреттілік орталығын, мехатроника бойынша өңірлік орталықты, автоматтандырылған өндірістік процестер бойынша ресурс­тық және оқу орталығын – «Кнауф», «ТехноНИКОЛЬ», «BoschThermotechnik», «ALINA» және «GROHE» сияқты әлеуметтік серіктестермен бірлесіп дамыту жолдарын белсенді жүргіземіз.
Жоғарыда аталған зертханалар мен оқу орталықтары WorldSkills халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес, кәсіби жолмен 21 құзыреттілікті даярлау, сондай-ақ инновациялық технологиялар саласындағы оқытушылар, өндірістік оқыту шеберлері үшін біліктілік арттыру курстарын өткізетін жаттықтыру алаңына айналды. Колледжде 4 Халықаралық WorldSkills жаттықтырушысы қызмет атқаруда: Е.Қасымов, С.Лапенко, С.Керимов, Д.Рахимжанова. Бұл зор жетістік деп білеміз.

Әлеуметтік серіктестік – жұмыспен қамтудың ең тиімді жолы

Қазіргі таңда колледждің әлеуметтік серіктестерінің саны 200-ден асады. Бұл санмен шектеліп қалмаймыз. Әр ай сайын түрлі кәсіпорындармен меморандум жасаймыз. Біз тығыз қарым-қатынас орнатқан кәсіпорындардың қатарында «Қазақтелеком» АҚ, «Freedom телеком», «KAZTELESISTEM», «BITELECOM», «IMBC» халық­аралық машина жасау орталығы, «Астана» ЕЭА, «Астана-Инвест», «AUTOLAND», «Hyundai Premium Astana», «ASTER AUTO», «ASTEK AVTO», «Армантур», «Центртур», «Алтынгазсервис», «Bazis Construction», «Bi Group», «Астана Инстальком», «Центр аудит», «Astana technoinvest» және т.б. бар. Колледждің кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы – түлектеріміздің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді тетігі. Бұл бағытта дуальды білім беру тәжірибесі енгізілген, соның ішінде кәсіпорындардың өтініші бойынша нысаналы мамандар дайындаймыз, оқытушыларымыз бен өндірістік оқыту шеберлері де тағылымдамадан өтеді. Бұл жердегі басты мәселе – түлектердің жұмысқа орналасуы оң шешіледі. Осы жұмыстардың нәтижесінде біздің мамандарға деген еңбек нарығындағы сұраныс ұлғаюда.

Жеңімпаздар ордасы

Біздің техникалық және кәсіби білім беру саласындағы көшбасшылық деңгейімізді жеңімпаз түлектеріміз үнемі дәлелдеп келеді. Мәселен, 2022 жылы WorldSkills елордалық кәсіби шеберлік чемпионатында 12 алтын, 4 күміс, 4 қола медальды иелендік. Сол жылы «World Skills» Еуразиялық чемпионатында «кәсіпкерлік» құзыреті бойынша қола жүлдені жеңіп алдық. «World Skills Kazakhstan-2022» VII республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында 3 алтын медаль мен 2 медальон алдық. Колледж серіктесі «1С-Қазақстан» оқу орталығының қолдауымен «Бизнеске арналған бағдарламалық шешімдер» құзыреті бойынша Санкт-Петербург қаласында өткен «Кәсіпқойлар» чемпионатында екінші орын Қапаров Дархан иеленді. 2023 жылы WorldSkills Astana қалалық кәсіби шеберлік байқауында 21 алтын, 9 күміс, 4 қола медальды олжаладық. «World Skills Kazakhstan-2023» VIII республикалық кәсіби шеберлік байқауында 1 алтын Колобаев Яромир, 1 күміс Лапенко Данил, 1 қола Ульданов Мансур және 3 медальонға Дехнич Елизавета, Василенко Никита, Сабыров Ильяс үздік нәтижелерімен жеңіске жетті. Бұл көрсеткіштер колледжде білім мен озық тәжірибе қатар жүретінін, маман даярлауда тез өзгеретін нарыққа бейімделе алатын үздік оқу ордасының алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратынын көрсетеді.

Болат РЫСҚАЛИЕВ,
«ASTANA POLYTECHNIC»
жоғары колледжінің
директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button