Басты ақпаратЕл тынысы

Қаныштың қазынасы

Академик Қаныш Сәтбаевтың нақыл сөздері барша саналы ғұмырын ғылымға арнаған ой алыбының қажыр-қайратқа толы әмбебап ізденістеріне, туған елін өркендету жолындағы жанкешті еңбегіне, ұлтын сүйген тау тұлғасына бойлатады.

Қаныш феноменін тудырған Баян­ауылдағы Мұса Шорманұлы маздатқан білім шамшырағы, ғылым биігіне ұштаған Семей мұғалімдер семинариясы мен Томск технология институтындағы ұстаздар ұлағаты, Қарсақпай мен Жезқазған кезеңінде азаматтығын шыңдаған рухани және ғылыми орта саф қасиеттерге тұнып тұр.

Алаш алыптарының ізін басқан қыр перзентіне Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастыру, отандық металлогения және геология ғылыми мектебін негіздеу сынды дәуір талабы жүктеген тарихи міндеттер артылды. Тоталитаризм қысымын өткеріп жүріп, аға буын аманатына адалдық танытқан Қанышқа дауылды жылдар қайғы-қасіреті оңай тиген жоқ. Туған ағасы Ғабдулғазиз Имантайұлы, немере ағалары Әбікей Зейінұлы, Әбдікәрім Жәмінұлы, Семейдегі оқу семинариясында бірге оқыған мұраттасы Жүсіпбек Аймауытұлы, Қарсақпайдағы бастапқы еңбек жолындағы үзеңгілесі Өкітай (Сергей) Әлиханұлы қызыл террор құрбаны болды. Томск технология институтында қамқорлық танытқан Әлімхан Ермекұлы ГУЛАГ-қа қамалды.

Қаныш өзінің қандай да болмасын зерттеулерінде өркенді ұлттың ілім-білім жолымен дамуындағы ұстанымы, оянған өлке өрендерінің алар асулары қандай болу керек деген өрелі ғылыми мәселелерді талқыға салады. Ғасырлар бойы бұйығы жатқан Қазақстанда өндіріс орындарын ашып, кәсіпорын ошақтарын жандандыру, өнеркәсіпті дамытудың теориялық және практикалық бағыттарында қордаланған түйткілдерді шешудің жолын саралайды. Ғылымның өндіріспен байланысы, ғылымның халық шаруашылығын дамытудағы қызметі, инфрақұрылым жүйесі, инженерлік іс, тау-­кен қазба байлықтарын тиімді меңгеру, инженерлі геология, металлургия, су шаруашылығы, қазба байлықтарын барлау, кен қазу технологиясы, формациялық металлогениялық талдаулар мен қазба кен орындарының болжамын жасау, геологиялық кен барлау жұмыстарында тың әдістерді қолданудағы шеберлік, политехникалық білім беру, индустриялық қарыштау, ғалым мен ғылым миссиясы хақындағы жаңашыл пікірлері, даналық ойлары қазіргі кезеңде өміршең де өзекті.
Қазақстанның металлогениялық болжам карталарын жасаған табиғат тамыршысы ел тарихын жер шежіресімен сабақтастырып, ұлт өмірінің өткенін «Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған.

Қазақтың Алаш (Ақназар), Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылыс жағынан өте әдемі жаңа Қазақстанның географиялық орталығында болуы себеп болған», «Алты алашқа мәлім «ескі жолды» Есімхан, «қасқа жолды» Қасым хан, «тура жолды» Тәуекел хан, «жеті жарғылы» Әз Тәуке, ер Абылай – бәрі де осындай хандық пен билікке қатар ие болған қасиетті адамдар» деп сипаттайды. «Ел меңгерерлік тілі жоқ, еңсерерлік күші жоқ, білім мен ойға, «билікке» ие болмаған, не ел ішіндегі рулардың көсемі билерді ішіне тартып қыбын таба алмаған алаңғасар, әңгүдік хандар хан болып та тұра алмайды. Ондайлардың тағы жарлының лашығы сияқты, наразы көпшіліктің бірінші құйыны түбіне жетеді» сипатындағы нәрлі сөздерімен тарихи тұлғалар тағылымын халық жадында жаңғыртады.
Академик аймақтану, отантану, өнертаным қайнары іспеттес ғылыми еңбектерінің желісінде өркениет ордасы – Ұлы даланың иесі де, киесі де қазақ екенін ұрпақ санасына «Қазақстанның Тараз және басқа да ескілікті қалаларының орнын қазғанда, бұл қалаларда жоғары дәрежелі мәдениет, су құбырлары, жақсы моншалар, әртүрлі сәулетті үйлер болғаны анықталды. Бір кезде мәдениетті егін шаруашылығы болғанын сипаттайтын су құрылыс орындары Қазақстанның көп жерінде кездесе береді» деген толғамымен сіңіреді.

«Ақмола, Семей губернелеріндегі жер қазынасы қандай?», «Ұлы Жезқазған – Отанымыздың негізгі мыс кені», «Ұлытау аймағы», «Үлкен Жезқазғанның болашағы», «Қарсақпай ауданының күйі», т. б. ғылыми мақалаларымен геология ғылымына терең бойлаған дарынның қадамы кешенді зерттеулеріне ұласты. «Отаныма борыштымын», «Қазақстан ғылымының дамуы», «Ғылымның өркендеуі», «Қазақстанда ғылымның жайы мен негізгі мәселелері», «Ғылым – халықтың игілігі», «Политехникалық оқудың жүзеге асырылуын тілеймін», «Ғылым – практикамен күшті», «Ғылым алдыңғы шепте болсын», «Ғылымның өндіріспен байланысы нығайтылсын», «Ғылымның кең өрісі», т. б. мақалаларындағы «Экономиканың, ғылым мен мәдениеттің барлық салаларында табысқа жетудің жеңімпаз құралы мен кілті өз қолымыз­да», «Ғылымның зерттеу ісін жүргізетін, оның тәжірибесін қорытып, жинақтайтын, өндіріске ұсынып, халық шаруашылығында, идеология майданында іске асыруды, халық ісінің игілігі етудегі басты фактор – кадр», «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғалым ғана өз дәрежесінде, заман талабының өресінде болады» деген нақылдарынан алар тағылым мол.
Алаш оқулықтырының үрдісінде «Алгебра» (1924) еңбегін жазған әдіскер математиктің алгебра мәні, әріптік символика туралы талдаулары әмбебап ғылыми-шығармашылық өрісін даралайды. Қаныштың әдебиет пен мәдениет саласындағы «Ер Едіге» (1927) эпикалық жырын алғысөзімен шығаруы, А.Затаевичтің «500 казахских песен и кюев» (1931) кітабына ән-күй мұрамызды жаздыруы, ұлт театрына қатысты көркемдік-эстетикалық талдаулары, Мұрын жырау жырлауындағы «Қырымның қырық батырын» хаттаудағы көрегені, М.Әуезовтің «Абай» романын бағалаудағы әдеби тереңдігі тәнті етеді.

«Том қаласында ұлттар кеші», «Қазақстанның ұлт театры туралы», «Көркейген қазақ халқының ғылымы мен мәдениеті», «Доисторические памятники в Джезказганском районе», «Үлкен талант иесі», «Интеллигенцияның игілікті борышы», т. б. мақалаларындағы ой-толғам, нақылдары энциклопедист тұлғаның ерекше болмысына бойлатады. Оған «Театр – ұлт өмірінің түзу айнасы. Театр – ел міндерінің құрулы тезі, төреші ұстазы. Театр – қазақтың салт-сана, күйі, сарындары сияқты мәдениет, өнер кендерінің терең ошағы, ұйытқысы», «Қанапия», «Жанбота», «Сырымбет», «Алтыбасар», «Топайкөк», «Шама» сияқты ескі әндер – қазақ елінің саф әуе, сайын дала, сары қымызға емін-еркін өрістеп жүрген дәуіріндегі шығарған сарындары. Сондықтан олардың нақысында еркіншілік, еркелік, өжеттік сезімдер күшті», «Қазақ халқының неше алуан және өте бай халық музыкасы бар. Қазақ халқы адамның ма­хаббатын, ерлігін, неше түрлі жан сезімін бейнелейтін көп күйлер, әндер шығарған. Қазақ ауыз әдебиетінің байлығын да жұрт таныған. Өзінің ауыз әдебиетін, батырлар жырларын нешеме ғасыр бойына түгел сақтап келген қазақ халқының бұл жөнінде теңдесі жоқ деуге болады», «Қажымай, талмай еңбек етуінің арқасында ХІХ ғасыр­дың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі мен салтын жан-жақты қамтыған түбегейлі энциклопедиясы болып есептелетін аса көркем роман – «Абай» жарыққа шықты», өзге де қазыналы ойлары дәлел бола алады.

Ғұлама ғалымның қазақ елінің ертеңі, ғылымдағы адалдық, жаңа өскінге қамқорлық, жас мамандарға қолдау көрсету туралы толғаныстарындағы нақылдары да тә­уелсіздік рухымен үндес. Оған «Қазақстанның ұлан-байтақ кең жері мал шаруашылығын өркендетуге, дәнді және техникалық егістер көлемін ұлғайтуға өте қолайлы», «Ғылыми қызметкерлердің қатарын кездейсоқ адамдармен емес, творчестволық өрісі кең жастармен толықтырып отыру – бүгінгі күннің ең маңызды талабы», «Қазақ ССР Ғылым академиясы рес­публикамызда ғылымның күрделі ордабасы болуға тиіс», «Ғалымға азық берер қайнар көз кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады», т. б. нақылдары дәлел.

«Бүгінгі табыстан келер таңдағы міндеттер үлкен» дейді қазақ ғылымының атасы. «180 жылдан астам уақыт қазақ халқы патшашылдықтың тепкісінде езіліп келгенін», «Әлемнің отыз алтыдан бір бөлігіне бостандық сүйгіш қазақ халқы ие. «Қазақ» деген сөздің өзінде еркіндік рухы атойлап тұр. Сол үшін де біздің халық талай ғасырды үздіксіз күреспен өткізді. Оның санасында бұл сөз аса киелі де ұлы ұғым болып қалыптасқанын» айтқан кемеңгер халқының азат, ұлтының жасампаз, елдігінің асқары болуын көкседі. «Отаныма борыштымын» деп білген қыр перзенті түптің түбінде қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізіп, экономикасы, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, ғылымы, мәдениетінің дамитынына сенімді болды. Жер қойнауына бойлаған ғұлама келер кезеңге көз салып, алдағы уақытта атқарылатын келелі міндеттерді болжады, ұрпақ парызын безбендеді. Міне, осынау кемелділікті нар тұлғаның «Қазақстанның ұлан-байтақ кең жері мал шаруашылығын өркендетуге, дәнді және техникалық егістер көлемін ұлғайтуға өте қолайлы», «Халық шаруашылығының бүкіл саласында ғылым мен техниканың неғұрлым жаңа, соны табыстарын кеңінен қолдану арқылы ғана өндіргіш күштерді дамыту ісінде бұрынғыдан да биік белеске шыға аламыз», «Экономиканың, ғылым мен мәдениеттің барлық салаларында табысқа жетудің жеңімпаз құралы мен кілті өз қолымызда», «Біздің елімізде ғылымның өркендеуі халық шаруашылығын жалпы өркендетумен, еліміздің бүкіл мемлекеттік тіршілігінің өрлеуімен тығыз байланысты», «Қазақ жерінің қойны толған қазына. Мұнда шықпайтын кен жоқ. Оның болашағы өте жарқын, сәулетті», «Ғылыми қызметкерлердің қатарын кездейсоқ адамдармен емес, творчестволық өрісі кең жастармен толықтырып отыру – бүгінгі күннің ең маңызды талабы» деген нақылдарынан аңғарамыз.

Ғұлама Қаныштың: «Адам қандай ғылым, қандай өнердің болса да қайраткері болуы үшін оған жастайынан бой ұрып, машықтануы тиіс», «Ғалым болу үшін ең алдымен адам болу керек, өйткені ғалым барлық өмірін, еңбегін өзі үшін емес, халық үшін, адамзат үшін сарп етеді», «Жас адам өмір сүргенде сол өмірді бос өткізуге тиісті емес. Ол, біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыруы керек. Ол үшін жас күніңізден-ақ өзіңізді адамгершілікке баулыңыз», «Ісіңізге, еңбегіңізге нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер», «Жаңа жылда Қазақстанның барлық мектептерінде шын мәніндегі политехникалық оқудың жүзеге асырылуын тілеймін. Мұның мақсаты – оқушыларды еңбек дағдысына, басқаша айтқанда, әрбір азамат үшін және біздің бүкіл еліміз үшін ілгері басу мен бақыттың айбынды негізі болып табылатын күшке баулу», «Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішінен аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет», «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр. Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» деген даналық ойлары, нақыл сөздері ХХІ ғасырдағы азат елдің саналы ұрпағын технологиялық ғылымның шыңына, адамгершілік биігіне, кәсіби шеберлік өріне, мемлекетшілдік асқарына жетелейтін сарқылмас қуатымен жасай бермек.

Алтынбек НУХҰЛЫ,
ҚР Парламенті
Сенатының депутаты,
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ, Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің
профессоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button