Денсаулық

Шұғыл көмек бөлімшесі – қызметке қолжетімділік

Медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру мақсатында бүгінде барлық емханада шұғыл көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді. Израиль елінің тәжірибесі негізінде сондай бөлімше Астанадағы №5 қалалық емханада да былтыр 10 қаңтарда ашылған болатын.

Қимыл-қозғалысы қиын науқастарды ескере отырып, емхананың бірінші қабатында ашылған бұл бөлімше 2 қабылдау кабинеті, ЭКГ жүргізу кабинеті, мамандар консультациясы және call-орталықтан тұрады. Оны ашуда бірнеше міндет көзделді: біріншіден, стационарлардың қабылдау бөлмесіне түсетін жүктемені азайту, екіншіден, 4-санатты жедел жәрдем бойынша түсетін қоңыраулар мен үйге шақыртулар санын төмендету, үшіншіден, медициналық қызметке қолжетімділікті арттыра отырып, науқастардың емхана жұмысына қанағаттану деңгейін жақсарту.
– Науқастар ауруханаға жатқызу қажеттілігі жоқ шұғыл көмек көрсету керек болған жағдайда, соның ішінде көрсетілімі мен салалық дәрігерлердің консультациясы мен диаг­ностикалық қағазы болса, сол күні «қазір және осы жерде» қағидаты бойынша медициналық көмек ала алады. Емхананың бұл бөлімшесіндегі медициналық көмек, олар осында тіркелмеген болса да, көрсетіле беретінін айта кету керек. Сонымен қатар олардың сақтандыру жүйесінде болу-болмауы да маңызды емес және алдын ала жазылмай-ақ, аптаның барлық күні таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін келіп қаралады, – дейді емхана директоры Алтыншаш Табулдина.
Бұл мәселелерді шешуде емханадағы call-орталықпен бірлескен жұмыстың сеп­тігі тиюде. Атап айтқанда, науқас хабарласқан кезде бөлімше дәрігері онлайн-консультация жүргізіп, call-орталық операторы науқастан сауалнама алып, шағымын тыңдағаннан кейін, оны бөлімшеге шақырады.
– Дәрігерді үйге шақырту бойынша бізге күніне 40-60 қоңырау түссе, соның тек 20 пайызы ғана бөлімшеге шақыртылады, бұл – шамамен 8-12 науқас. Демек, бұл науқастар сол хабарласқан күні-ақ ауру бойынша көрсетілімі болған жағдайда, диагностикалық қызметтер кешені мен мамандар консультациясын алуда. Бөлімше құрамындағы дәрігерлер, фельдшерлер, мобильді бригада фельдшерлері нау­қастардың үйіне барып та немесе өз бетінше келе алмайтынын емханаға әкеліп те тексеру жүргізіп, салалық мамандардың тексерісіне береді. Бүгінгі таңда шұғыл көмек көрсету бөлімшесінде орташа есеппен күніне 40 адамға дейін қаралады, соның ішінде хирургиялық ем көрсету бойынша 12 пайыз, жарақат алумен 16 пайыз, созылмалы ауруларының асқынуы жағынан 57 пайыз, өткір аллергия­лық жағдаймен 4 пайыз, ауырсыну синдромымен 11 пайыз науқас келеді. Орташа есеппен аптасына 3 адам ауруханаға жатады, көбіне олар – өткір хирургиялық патологиясы бар, жарақат алған, ми қан айналымы қатты бұзылған, өткір қан тамыры аурулары бар нау­қастар, – дейді емхана басшысы.
Жаңа бөлімшенің басты көздегені – науқастарға дер кезінде көмек беру, медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру. Бүгінгі таңда осы бөлімше жұмысы нәтижесін беріп те үлгерген. Мәселен, дәрігерді үйге шақырту 30 пайыз, жедел жәрдем қызметіне төртінші санаттағы шақырту 15-20 пайыз, жарақаттану пунктіне келушілер азай­ды. Жұмысы тиімділігін көрсеткендіктен, мұндай бөлімшелер барлық емханада ашылуда.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button