Денсаулық

«Денсаулық мектептерінің» маңызы неде?

Астана қаласындағы №11 қалалық емханада бірнеше «Денсаулық» мектептері» жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Артериалды гипертензия», «Қант диабеті», «Босануға дайындық», «Бронх демікпесі», «Егде жастағылардың денсаулығы», «Жүректің ишемиялық аурулары», «Сал ауруы» және басқа да дерттер бойынша мектептер бар. Жақында «Бронх демікпесі» мектебінде «Семіздік және оның бронх демікпесінің дамуына әсері» тақырыбында сабақ өтті.

Сабақ барысында бронх демікпесін бақылау және аурудың жағдайын бағалау дағдысын игеру, өкпе жұмысын жақсартуға бағытталған күнделікті тыныс алу жаттығуларын жасауға үйрету мәселелері сөз болды. Сонымен қатар оңтайлы салмақты сақтау және астманың өршу қау­пін азайту үшін дұрыс тамақтану бойынша ұсыныстар айтылды. Сабаққа қатысушылар аурудың және оны емдеудің маңызды аспектілері жөнінде кеңес алуға және сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.

Денсаулық мектепте­рінің міндеті – созылмалы аурумен алғаш тіркелген пациенттерге сол ауруы туралы терең түсіндіріп, әрі қарай дертінен айығу немесе дертінің жеңіл­деуі мақсатында пациенттің дәрігермен бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін түсіндіру. Мектеп бағдарламасына сай топтық сабақтармен қатар жеке кеңестер де жүргізіледі. Бұл мектептердің әрқайсысы айына бір рет, жалпы жылына 12 сабақ өтіп тұрады. Келесі аптадағы «денсаулық мектебінің» сабағы жүректің ишемия­лық ауруларына арналады. Науқастар диагнозын алғаш естігенде оны ауыр қабылдайды. Оларға ме­йіріммен қолдау көрсетіп, осындай сабақтарда барлығын түсіндіріп, алдағы уақытта тамақтануы өзгеретінін, жалпы салауатты өмір салтын ұстану керегін ақырындап түсіндіреміз.

Кейбір тақырыптар бойынша сабақтарды арнайы мамандандырылған дәрігерлермен бірге салауатты өмір салты дәрігері өткізеді. 60-90 минутқа созылатын сабаққа 10-12 науқастан қатысады. Науқастарға алдын ала сабақтың қай күні қай уақытта өтетіні туралы түрлі жолмен хабар беріледі. Созылмалы ауруға шалдыққан пациенттердің орташа жасы 50-70 жас және одан жоғары жастағылар кездеседі. Дегенмен кейбір арулар қазіргі таңда тым жас кезінен көптеп кездеседі. Мұның бәрі фаст-фуд тағамдарын көп тұтыну және аз қимылдаумен байланысты. Сонымен қатар күнделікті дәрігерге кезек күтіп отырған пациенттерге салауатты өмір салты дәрігері дабылдатқыш арқылы емхананың барлық қабатынан естіліп тұратындай етіп «Созылмалы аурулардың алды алу», «Дұрыс тамақтану», «Жарақаттардың алдын алу», «Иммунитетті көтеру жолдары», «Салауатты өмір салтының маңызы», ­«Зиянды әдеттерден арылу», т. с. с. тақырыптарда ақпарат оқып, науқастарды хабардар етіп отырады.

Гүлжанат ОРЫНБАСАР,
№11 қалалық емхананың салауатты өмір салты дәрігері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button