Басты ақпаратТалайғы тарих

Ақмола өңіріндегі ашаршылық

Ашаршылықтың алғышарты және себептері

1921-1922 жылдары Қазақстанды жаппай ашаршылық шарпып өтті. Ол – Азамат соғысынан кейін шаруашылықтың күйреуі салдарынан болған жағдай. Жағдайды азық-түлік салығы мен табиғи апат, қолайсыз ауа райы салдарынан орын алған жұт одан са­йын ушықтырды. Ақмола өңірі Ресейдің жаңа астық өлкесі ретін­де қарастырылып, жергілікті ха­лықтың астығын Ресейге жөнел­тіп отыруы ашттыққа ұшы­рауының бір себебі болды.
Бұл жерде патша өкіметі құла­ға­нымен және ескі құрылыс жойыл­ғанымен, Ресейдің ішкі өлкелерінен Қазақстанға шаруаларды қоныс аударудың жалғасқанын да ескеру керек. Жердің жетіспеушілігі байқалды. Уезге жерсіз мыңдаған келімсектердің жиналуы азық-түлік жағдайын одан бетер қиындатты. Жағдай қоныс аударушы шаруа­лар үшін уездің жабылғаны туралы қаулының шығуын да түзей қоймады. Уезге көшіп келуге ты­йым салу туралы арнайы нұсқау да, қаруланған бөгеуші отрядтың болуы да жағдайды жақсарта алмады.
Тұқымдық дәннің аз болуы, жұ­мыс көлігінің болмауы және шыққан астықтарын бәрібір тартып алатынын білген көптеген шаруалар егістіктерін тастап кетіп отырды. Бұл егіс алқабының қысқаруына себепші болды. Мысалы, 1923 жылы Ақмола уезінде егістік жерлер 1917 жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін қысқарған.
Егер 1921 жылы уезде 74 мың адам ашаршылыққа ұшыраған болса, 1922 жылы Ақмола губерниясында олардың саны 472 мың адамға жеткен, басым бөлігі Ақмола уезінің еншісінде еді.

Күрес қалай жүрді?

Ашаршылықпен күрес жаңа үкіметке сын болды. 1921 жылы 21 шілдеде Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің аштықпен күрес жөніндегі комиссиясы құрылады, төрағасы болып М.Калинин та­ға­йын­далады, Қазақстанда мұн­дай комиссияны С.Меңдешев басқарады.
1921 жылы 1 қыркүйекте Ка­­за­ков­тың төрағалығымен ашаршылыққа ұшырағандарға көмек көрсету Ақмола уездік комиссиясы құры­лады. Арнайы қор құрылады. Бірақ қор дұрыс жинақталмады. Өйткені бұл уақытта өлкеде азық-түлік салығын салу науқаны белсенді түрде жүріп жатқан болатын. Ха­лықта азық-түлік қоры таусылуға жақын қал­ған болатын. Комиссия қалада 150 адамға арналған асхана ашты.
1922 жылы шілдеде бірқатар мүшелерін Ақмола облысының басқа уездеріне жібергендігінен комиссияның алғашқы құрамы өзгертіледі. Комиссия құрамына уезд басқармасының әртүрлі бөлімшелерінен Сухомлинов, Когутенко, Алеев, Демихов, Абубакиров, Телжанов, Болғанбаев секілді жауапты қызметкерлер кіреді. Осы құрамдағы комиссия тез арада Ақмолада – 8, Ақмола уезі бо­йынша 2 балалар үйін ашады.
Үй-жайсыз қалған ересек балаларды шаруалар үйіне, ауру келімсектерді қала ауруханаларына орналастырды. Бұл уақытта Ақмола уезіндегі ашаршылыққа ұшырағандар саны 121880 адамға жеткен. Аш адамдар уезден қалаға қарай шұбырып, қаладағы жағдайды одан әрі шиеленістірді.
Орталықтан, тіпті, шіркеудегі алтын және күміс заттарды алуға рұқсат етілген нұсқаулар келді. Олардан түскен қаржыға басқа аймақтардан нан сатып алынды.
Ресей мен Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан аш адамдардың ағылып келуіне байланысты уезд бен губернияда ашаршылыққа ұшырағандардың саны артты.
Сол уақыттағы үгіт-насихат үн­деухатының бірінде мынандай мәлімет бар: «Аштыққа ұшыраған халықтың саны күннен-күнге артып барады. Аштыққа ұшыраған босқын балалар, жетімдер мен жергілікті халықтың саны көбеюде. Аш адамдарды құтқару үшін мол қаржы, бүкіл халықтан жылу жинау қажет. Аштықпен күресті бір комиссияның мойнына арта салуға болмайды. Тек барлығымыз бірігіп, жаппай көмектескенде ғана аш адамдарды құтқара аламыз» деген.
Дәрмені кеткен жұрт аман қалу­дың жолын ойластырды. Ақмола уезінде малсыз қалған қазақ ауы­лындағы ашаршылық өте қорқынышты болатын. С.Мең­дешев: «далалардағы қыстақтарда қазақтар отбасылармен бірге үн-түнсіз көз жұмып жатыр» деп жазды. Ашаршылыққа ұшыраған адамдар қалаға топтап ағылып жатты. Ақмола аш балалар мен жетімдерге толып кетті. Халық жеміс ағаштарының тамырын, ағаш жапырақтарын, өңделген мал мен жабайы аң терілерін қайнатып жеп жатты. Жер-жерде мысықтар мен иттерді, адамдарды жеу оқиғалары да кездесті.
Аштықпен күрес мақсатында Ақмола губерниясының төтенше комиссиясы салықтардың бірнеше түрін енгізді. Біріншіден, ай сайын қызметкерлер мен жұмысшыларға нан өнімдерін өткізу міндеттелді (кімде-кім 60 қадақ ұн алса, оның 2 қадағын, ал 80 қадақ алса, 3 қада­ғын беріп отырды). Екіншіден, бар­лық кәсіпорындар ай сайын еңбекақының 5 пайыз мөлшерінде салық төлеп отырды. Үшіншіден, қаладағы барлық моншаларға салық салынды. Төртіншіден, «ты­йым салынған жерлерде темекі тарту және шекілдеуік шағу айы­бы 25000 сомға дейін көтерілді». Бесіншіден, «Бикс» және «Лото» ойындарын ойнау салығы 15000000 сомға дейін артты. Салықтан қашқандар мен оны уақытында өтемегендерге едәуір айыппұл салынды.
1922 жылы 15 сәуірде уезд бен қалада «адам етін жеуге дейін жеткен ашаршылық» орын алған соң, ашыққан халыққа көмек көрсету мақсатында үш апталық шаралар ұйымдастырылды. Ашаршылыққа ұшыраған аудандарды жағдайы анағұрлым оңды аудандарға бекіту ұсынылды.
Панасыз балалар үшін балалар үйі мен жетімдер үйі ашылды. Мысалы, 1922 жылы қазанда Ақмолада күніне 500 адамға түскі ас дайындайтын асхана ашылды. 1923 жылы ауқатты адам­дардың қаржысына 70 балаға арналған жетімдер үйі ашылды. Аш балаларға киім тігуге маталар бөлінді.

Ашаршылық зардаптары қандай?

1923 жылға қарай ашар­шы­лықтың зардаптарымен кү­рес басталды. Аш адамдардың теміржолдарда ақысыз жүруіне тыйым салынды. Ал өзінің тұрғы­лықты мекеніне кері қайту үшін уездік қордан ақша алуға рұқсат берілді. Өте қысқа мерзімде Ақмо­ладан Қазақстанның басқа уездеріне, облыстары мен аймақ­тарына 15000-ға жуық адам жіберілді.
Ашаршылыққа ұшыраған адам­дардың бір губерниядан екінші губернияға еркін түрде жүруіне тыйым салынды. Бұл шара «жұқпалы індеттің таралуының алдын алуға және теміржол бекеттерінде адамдардың топтасуына жол бермеуге» байланысты қабылданған еді.
Жағдайы жақсырақ губерния­ларға аш адамдарға бір реттік қана көмек көрсетіп қоймай, жүйелі түрде жағдай жасап тұру ұсынылды. Әрбір қала, село, ауыл Ақмола қаласы мен уезіндегі ашаршылыққа ұшыраған халықтың белгілі бір бөлігін қам­қорлығына алуы тиіс болды.
Біртіндеп аштық бәсеңси бастады. Жергілікті үкімет ашаршылықты тоқтата алды. Бірақ жекелеген аймақтарда аштықтың белгілері келесі жылдары да байқалып жатты. 1923 жылы ақпанда ко­миссияның қарауына балалар үйін­дегі 105 бала, шаруалар үйіне тұрақтаған 4-70 жас аралығындағы 125 адам қарады. Балалар үйі көпес Козулиннің үйіне, шаруалар үйі көпес Қосшығұловтың үйіне орналасты.
Ақмолаға босқындар топтарының жиналуы әртүрлі жұқпалы ауру­лардың таралуына әкеліп, жұмыс­сыздықты күшейтеді деп есептеді. Одан бөлек, Ақмолада мемлекеттік аппаратта және зауыт, фабрикалар жұмысшылары қатарында қысқартулар жүріп, жұмыссыздық деңгейі өсті. Жұмыссыздар сол кездің тілімен айтқанда, «өз еңбегін кәдеге жаратар мүмкіндіктері бол­маған соң шашырап, азғындап кетуде». Олардың көбінің баспанасы да, ішер тамағы да, тіпті паналайтын жылы жерлері де болмады.
Жергілікті үкімет жұмыс­сыз­дарды қоғамдық жұмысқа пайдалану арқылы бұл жағдайдан шығудың жолын тапты, бірақ ол жұмыстар маусым­дық, қысқа мерзімдік болатын.
1922-1923 жылдары қыста ашыл­ған уақытша түнейтін баспаналар қар­­жының жоқтығынан жабылып қалды.
Тыйым салынғанына қарамастан, қазақтардың жинақы мекендеген аудандарына Ресейден шаруа-келімсектердің келуі жалғаса берді. Сондықтан орын ауыстыруларға тыйым салынғандықтан, енді ешкімге қайта көшіп кетуге және жер телімін беруге көмек көрсе­тілмейтіндігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

1924 жылғы аштық

Аштықтың жаңа лебі 1924 жыл­дың басында қайта сезілді. Ақмола уездік атқару комитеті бұл жағдай туралы бірден Орынборды хабардар етті. Мысалы, 1924 жылы 1 сәуірде Ақмола, оған жақын аймақтар мен қазақтар көп тұратын Қарағанды, Нұра, Захаровск, Асан қайғы, Сарыарқа, Сарысу, Қорғалжын болыстарында ашаршылық орын алды. Ашар­шылыққа ұшыраған қазақтар саны 12 мың шамасында болды. Жүз шақты өлген адам тіркелді. Сол кездердегі мәліметтерде: «аштыққа ұшыраған келімсектер топ-тобымен Орталық атқару комитетіне келіп көмек сұрауда» делінген.
Қазақ ауылдарына аштықтың нақты деңгейін көзбен көріп келу үшін Алғазин, Омаров жә­не Болғанбаев жіберіледі. Олар жергілікті байлардан ашыққандарға қаражат жинай алатын беделді адамдар болуға тиіс болды. Мысалы, Бағаналы ауданында қазақтардың 50 пайызы аштыққа ұшырады. Ол жерге 2000 пұт тұқым жіберілді.
Алынған мәліметтер бойынша Ақмола уезіндегі аштыққа ұшыра­ғандар саны 1924 жылы 17 мамырда 30 мың адамды құрады. Губерниялық атқару комитеті өлкелік орталықтан бірқатар оңтүстік аудандарды аштыққа ұшыраған аймақтар деп тануды сұрады. Петропавловскіден артық қалған астық жіберілді. Оның 70 пайызы Ақмола қаласы мен Ақмола уезіне жіберілді. Ақмоладан аштыққа ұшыраған аудандардағы жағдайды анықтау үшін Филинов пен Жанғазин жіберілді. Ал губерниялық атқару комитетінің мүшесі Стародубцев Орынбор мен Мәскеуден қосымша көмек сұрау үшін аттанады. Ол 15000 сом қайтарымды, пайызсыз қарыз ақша мен Мәскеуден аш балаларға көмек ретінде берілген 6000 сом әкеле алды.
Қосымша тексеріс барысында анықталғандай, «ашаршылыққа ұшырағандардың негізгі көпшілігі қазақтар екен. Қазіргі уақытта олардың қолында ештеңе жоқ». Екі жүзге жуық қазақ балалары асырауға алынды. Осындай тәсілмен кеңес өкіметі 1921-1922 жылдары және кейінгі болған ашаршылықтың бетін тез арада қайтаруға тырысты. Осылайша, кеңес өкіметі 1921-1922 жылдары ашаршылық пен оның зардаптарымен күресті.
Айта кетер жайт, Қазақстанда да, Ақмола уезінде де тура 10 жылдан кейін жағдай қайталанды. Бірақ бұл жолы қанішер Голощекин мен оның орталықтан келген жақтастарының қолдан жасаған ашаршылық зұлматының бетін қайтару мүмкін болмады. 1931-1932 жылдардағы ашаршылықтан қазақ халқының 50 пайызы және 200 мыңға жуық өзге этнос өкілдері қырылды.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
тарих және этнология
институтының директоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button