Руханият

Әдебиетіміздің абызы еді

98 жасқа қараған шағында Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды. Кеше Алматыда жұртшылық әдебиетіміздің абызына айналған классик қаламгерді соңғы сапарға шығарып салды. 

[smartslider3 slider=2043]

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Жеделхатта Әбдіжәміл Кәрімұлының сұрапыл соғысты бастан кешкенін, елге оралған соң қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосқанын атап өтті.

– Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына әдеби мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген ­Президенттің жеделхатында.

1924 жылдың 22 қазанында ­Қызылорда облысы Арал ауданында туған майдангер-жазушы сұрапыл соғыста жүріп «Курляндия» романын жазды. Бұл роман 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарық көрді. Отанға оралған соң Қазақ Мемлекеттік университеті мен М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыды.

1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылықпен айналысты.

Жазушының абыройын асырған «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» романы дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Сонымен қатар ол ­Антон Чеховтың, Алексей Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін екі жарым жыл бұрын жазушыға Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.

Жазушымен қоштасу рәсіміне Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин қатысып, сөз сөйледі.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button