ӘлеуметБасты ақпарат

Әлеуметтік көмек және мәдениет мәселелері

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мен оның мөлшерін белгілеу, мәдени ошақтар көрсететін қызметтердің бағасын бекіту, елордаға туристерді тарту, әлеуметтік саладағы басқа да маңызды мәселелер қаралды.

4 ақпан – Обыр ауруына қарсы дүниежүзілік күрес күніне орай Астанада осы дертке шалдыққандарға бір реттік әлеуметтік көмек бұрыннан беріледі. Бұл санатқа енді жаман ауруға ұшыраған балалар да енгізілді. Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб баяндады.

Оның айтуынша, қалалық мәслихаттың тиісті шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұрын әлеуметтік көмекпен қамтылмағандар ескерілді. Бұдан былай асыраушысынан айырылғандарға қатты отын бөлу, газға қосу, қала әкімінің грантын беру, коммуналдық қызметтер бойынша әлеуметтік көмек көрсетіледі. Елордада мұндай отбасы саны – 8553. Оларға сәйкес көмекті беру үшін қала бюджетінде 6,6 млрд теңге қарастырылған.

Басқарма басшысы кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығарылуының 35 жылдығына орай қосымша әлеуметтік көмек белгіленгенін жеткізді.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінен осы датаға орай барлық өңір бірдей мөлшерде әлеуметтік көмек берсін деген ұсыныс хат келіп түсті. Бізде жыл сайын Ауғанстан ардагерлеріне берілетін бір реттік әлеу­меттік көмек 45 АЕК-ті құрайды. Ұсыныс хатта оны 50 АЕК-ке жеткізу ұсынылды, – деді Илья Скуб.

Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева елордада ерекше қажеттілігі бар балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша осы жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жыл сайын осындай қолдау­ды қажет ететін балалар саны артып келеді. Өткен жылы 16597 болса, биылғы жыл басының өзінде 19 мыңнан аса бала тіркелген.

Қалалық мәслихаттың тиісті шешіміне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізіліп, бұрын әлеуметтік көмекпен қамтылмағандар ескерілді. Бұдан былай асыраушысынан айырылғандарға қатты отын бөлу, газға қосу, қала әкімінің грантын беру, коммуналдық қызметтер бойынша әлеу­меттік көмек көрсетіледі. Елордада мұндай отбасы саны – 8553. Оларға сәйкес көмекті беру үшін қала бюджетінде 6,6 млрд теңге қарастырылған

– Елордада қазіргі уақытта 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы, 2 аутизм орталығы бар. Аталған ұйымдар орта есеппен алғанда жылына 1 мың баланы қамтиды. Қазіргі уақытта қызмет алу үшін кезекте 1 мыңнан астам бала тіркелді. Бәсекеге қабілетті орта құру үшін түзету көмегімен мұқтаж балаларды түгел қамту мақсатында жекеменшік орталықтарда арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жоспарланған. Онымен 1 мыңнан астам бала қамтылмақ. Жобаға 25 жекеменшік орталық қатысып отыр. Бұған қажетті қаржы – 915 млн теңге бюджеттің нақтылауына шығарылады, – деді баяндамашы.

Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов елордадағы мәдени ошақтар көрсететін қызметтерге талдау жүргізілгенін баяндай келе, «Астана Опера» және «Астана Балет» театрлары билеттерінің орташа бағасы 25 мың теңгені құрайтынын айтты.

– Түркістан драма театры­ның бір ғана «Бөрте» қойылымының билеттері 50 мың теңгеге дейін сатылған уақыттар болды. Ал қала әкімдігіне қарасты 6 театр билеттерінің бағасы 2500-3000 теңгеден аспайды, – деген Мәдениет басқармасының басшысы қала театрларының қойылымдары жоғарыда аталған республикалық театрлар мен Түркістан театрынан кем еместігін атап өтті. Дәлел ретінде Музыкалық жас көрермен театры былтыр «Гауһартас» қойылымымен ұлттық «Ұмай» сыйлығының «Үздік музыкалық қойылым» аталымында бас жүлде алғанын, ал М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Жаздың соңы» спектаклімен «Үздік қойы­лым» атанғанын келтірді.

Басқарма басшысы егер қала театрлары билеттерінің бағасы өсетін болса, олардың ішкі кірісі артып, қызметкерлерінің жалақысы мен сыйақысы көбейетінін, бұған қоса, бәсекелестік артатынын жеткізді.

– Аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға әртүрлі мәдениет мекемелері арнайы қойылымдарды ұсынып, ақысыз негізде көрсете береді, – деді Жаңабай Мейірманқұлов.

Қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Ғайыпов пен кеңес мүшелері Сапар Ахметов пен Марат Мұстафин қала театрлары билеттерінің бағасын көтеруді қолдайтынын айта келе, мұның артықшылығына тоқталды. Қоғамдық кеңес мүшесі Кәрімбек Құрманәлі қала ­театрларының танымалдығы, қойылымдарын насихаттау мәселесін көтерді. Сапар Ахметов ұрпақ тәрбиесіндегі кітапханалардың маңызын айтып өтті.

– Қазір театрда, өнер саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбекақысы лайықты болуы керек. Сондықтан ұсынысты қолдаймын. Бүгінде Астана қаласы үлкен мегаполиске айналды. Бірақ елордада кітапханалардың саны бұрынғы Целиноград, Ақмола кезінен аспай, сол қалпында қалып қойды. Егер мәдениетті, білімді ұрпақ тәрбиелейміз десек, бұған көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Өйткені кітап оқыған адам – білімді адам ғана жетістікке жетеді. Қазір бала тәрбиесін әлеуметтік желілер мен планшеттерге беріп қойдық. Бұл дұрыс емес. Бүгінде көз аурулары емханаларына барсақ, көптеген баланы көреміз. Ата-аналар балаларына кітап оқытудың орнына қолына гаджет ұстатып қояды. Сонда 5-6 жасқа келген кезде балалар көз ауруына ұшырайды. Ал дамыған елдерде кітап­ханалар толып отырады. Кітапхана – үлкен тәрбие ошағы. Сондықтан осы бағытта бір бағдарлама дайындау керек. Астанамыз өңірлерге үлгі көрсететіндей болса екен деймін, – деді Сапар Ахметов.

Оған жауап берген Мәдениет басқармасының басшысы былтыр елордада 18 кітапхана болғанын, қала әкімімен келісе отырып, Нұра, Есіл, Сарыарқа, Алматы аудандарында қосымша ғимараттар алынғанын, сонымен кітапхана саны 22-ге жететінін айтып өтті. Бұл ғимараттарға 300 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Конкурс жарияланып, оның қорытындысы осы ақпан айының соңына дейін белгілі болады. Содан соң жаңа 4 ғимарат пен бұрынғы 4 кітапхананың ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, биылғы шілде-тамыз айларына дейін барлығы 8 кітапхана жөнделіп, жаңғыртылады.

– Өткен жылдың қараша айында кітапханашыларды Түркияға тәжірибе алмасуға жібердік. Қазір бауырлас елдің үлгілерімен қала кітапханаларының жаңа дизайнын сызып жатырмыз, – деді Жаңабай Мейірманқұлов.

Сапар Ахметов қала кітапханаларын жобала­ғанда Ұлттық академиялық кітапхана үлгісінен аулақ болуды ұсынды.

– Соңғы жылдары Ұлттық академиялық кітапхана бөлме-бөлмеге бөлініп, әр адамның жеке кітапханасына айналып кетті. Онда келген адамдардың отырып, кітап оқитын жері болмай қалды. Сондықтан қала кітапханаларын жобалағанда идеологиясына, концепциясына мұқият болыңыздар. Адам кітапханаға кіргенде отырып, рахаттанып кітап оқитын орын болуы керек. Әрине, Ұлттық академиялық кітапханада еліміздің үлкен тұлғаларының кітапханалары орын тепкен. Бірақ әр тұлғаның үйінде тұрған кітаптарын әкеліп, бөлмені жауып тастаудан не пайда? – деген Сапар Ахметов Сәкен Сейфуллин көшесіндегі бұрын кітапхана болған, кейін «7 арна» телеарнасына берілген ғимаратты қайтадан кітапханаға қайтару мәселесін қарастыруды ұсынды. Жиында жаңа кітапханаларды ашқанда оларды қаланың шетіне апармай, халық көп баратын сауда орталықтарынан ашу мүмкіндігін қарастыру да ұсынылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button