#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Әскердің бір күні

Астана іргесіндегі №68665 әскери бөлім – елорданың қоғамдық ­қауіпсіздігіне қатер төнер болса, оны қорғауға бірінші кезекте ­жұмылдырылатын мекеме. Биыл күзде құрылғанына 20 жыл ­толатын Құрлық әскерлерінің құрамындағы бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысуға Теміржолшылар тұрғын алабына бардық. Кент шетінде орналасқан нысанда бізді бақылау бекетінен бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Құлманов қарсы алды.

Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 36-бабында көр­­сетілгендей, әс­керге барып, Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Сол мақсатта аталған бөлімде еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас сарбаздар әскери борышын өтеп жатса, одан бөлек, әскери қызметкерлер де еңбек етуде. Құрлық әскери күштерінің құрамына кіретін бөлім 2003 жылы №36 жеке десанттық шабуылдаушы батальоны болып құрылып, кейін бригада болып өзгерді. Әскери бөлім аумағында бөлім штабы, оқу корпусы, 3 сарбаздар казармасы, асхана, монша және әскери техникалар паркі бар.

Елді сырттан келіп ешкім қорғамайды

Талғат Құлмановтың айтуынша, бөлімде қазіргі таңда әскерде жүрген сарбаздар – Түркістан, Павлодар, Қара­ғанды облыс­тары мен Астана қаласының жастары. Олар бірден бірнеше әскери бөлімшеге, яғни арнайы мақсаттағы «Қалқан», «Арнасай», «Алдаспан» деген десанттық шабуылдаушы батальондарға бөлінеді. Сарбаздардың ішінде бойы 1.80 м-ден жоғары, ең мықтылары Құрмет қарауыл ротасына іріктеліп алынады.

Бөлімге түскен соң сарбаздар әскери өмірдің қатаң тәртібіне бағынады. Тәртіптің арқасында білім мен тәжірибеден өткен олар бір жылдан соң әскери билетпен қоса әскери мамандық алып шығады. Болашақта сол мамандығымен әскери қызметкер ретінде Қазақстанның кез келген әскери бөлімінде қызметке орналаса алады. Болмаса әскерге барған өзге азаматтар секілді мобилизациялық ресурс болып тіркеуде тұрады. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, ел қорғауға осы ресурс­тағы бұрынғы барлық сарбаз шығарылады.

– Сырттан келіп біздің елі­мізді ешкім де қорғап бермейді. Сондықтан жасы жетіп тұрған, шақырту алған жастар әскери борышын өтеуден қашпауы керек. Жалпы заң бойынша жоғары оқу орнында оқымайтын 27 жасқа дейінгі азаматтар әскерге шақыртылады. Соңғы реформаларға сәйкес, қазірде әскерге алдыңғы лекпен келген сарбаздар тобы келесі жартыжылдықта келетін топпен бірге тұрмайды, екі бөлек бөлімшеге бөлінеді. Сондықтан бұрынырақ келгендердің кейінгі келген сарбаздарға әлімжеттік көрсетуі – мүмкін емес жағдай. Ал ер жігіт болған соң өзара түсініспеушілік болып, шекісіп қалуы мүмкін. Әр батальонда тәрбие жөніндегі офицер мен психолог бар. Олар күнделікті тәрбиелік нарядқа түскенге дейін сарбаздарға психология­лық тест жүргізеді. Психология­лық күйін анықтау барысында ауытқу болса, нарядқа түсуге сарбаздар да, қызметкерлер де жіберілмейді. Әскердегі өмір ер жігітті шыңдап, шынықтырады. Тәртіпке бағынуға, ұқыптылыққа үйретеді. Сондықтан жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамыз, – дейді Т.Құлманов.

Сарбазға оқуға жеңілдік бар

Биылдан бастап ҚР Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындары арасындағы меморандум шеңберінде мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі берілді. Министрлік 43 оқу орнымен келісім орнатқан. Сонымен қатар жауынгерлік даярлықта жоғары көрсеткішке қол жеткізген сарбаздар әскерден соң жоғары оқу орнына грантқа түсуге болады. Сарбаздар аптасына екі рет үйімен байланыса алады. Сенбіде түстен кейін сағат 18:00-18:50 аралығында, жексенбі сағат 15:00-16:00 аралығында бейнебайланыс арқылы ата-анасымен сөйлесу мүмкіндігі беріледі. Сол сағаттарда бөлім аумағына ата-аналар келіп жатса, келушілер бөлмесінде кездесуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ мектептегі сияқты әр батальондағы сарбаздардың ата-анасының әскери бөлім басшыларымен бірге ашып қойған WhatsApp-чаты бар. Сол жерде де әрбір ата-ана өз баласының жағдайынан хабар алып отырады. Сарбаздар жеке қажетіне жарату үшін ай сайын 3400 теңге айлық алады.

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Әскердегі қызмет кезеңі жазғы және қысқы деп екіге бө­лінеді. Бірінші жарты жыл өткен соң сарбаздар сәуір айын­да аралық қорытынды тап­сырады. Бір ай дайындықтан кейін маусымнан қазан айына дейін жазғы оқу кезеңі болады. Соңында жыл қорытындысы шығарылады. Жоғары штабтан комиссия құрылып, олар мемлекеттік құқықтық дайындық, саптық дайындық, атыс дайындығы, дене дайындығы, әскери техникаларды жүргізу, тактикалық дайындық, радиа­циялық қорғау дайындығын тексеріп, сынақтан өткізеді. Соның нәтижесінде әскери бөлімге баға беріледі.

– Сарбаздар күн сайын таңғы сағат 6:30-да ұйқыдан тұрады. Таңғы жаттығу жасап, ас ішіп болғаннан кейін, сағат 9:00-ден бастап 13:00-ге дейін кесте бойынша мамандығына қарай сабақ оқиды. Әскери қыз­меткерлердің негізгі жұмысы – сарбаздарды оқыту. Олар бір жылда сарбаздарды десанттық шабуылдаушы, гранатометші, снайпер, атқыш мамандығы бойынша дайындайды. Түскі асын ішіп болғаннан кейін, сағат 14:00-ден бастап сарбаз­дардың өз бетінше жеке дайындығы басталады. Алған теориялық білімін казармада оқу класында тәжірибемен ұштастыра да­йындалады. Кешкі астан кейін сағат 22:30-ға де­йін әр сарбаздың жеке уақыты болады. Ол кезде теледидар қарайды, киім үтіктейді. Бес күнді осылай өткізген соң, сенбіде парктік шаруашылық күніне, яғни бөлім аумағын тазалау, техникаларды реттеу жұмысына шығады. Сол күні моншаға түседі. Ал жексенбіде батальон болып Астана қаласындағы музейлер мен көрмелерге, басқа да көрнекі орындарға экскурсияға барады. Сабақ пен практикада және тәртібі бойынша жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға жексенбіде сағат 9:00 мен 18:00 аралығында сейілдеуге рұқсат беріледі. Тәртіпті сарбаз қалаға шығып, уақытын өз еркімен өткізіп келеді, – дейді бөлім командирінің орынбасары.

Осылайша айына 3 апта теория, бір апта практика сабағын оқиды. Бір апталық практика сабағы 2 полигонда өткізіледі. Оқу-жаттығуын өткізу үшін сарбаздар мен әскери қызметкерлерден құралған батальондар Щучинск қаласындағы Амандық полигонына, Қарағандыдағы Спасск полигонына барады. Жоғары басшылықтың қатысуымен жылына бір рет екі сатылы командалық-штабтық оқу-жаттығу ұйымдастырылады.

Тәжірибеде талмаған шыңдалады

Десанттық шабуылдаушы батальондар соғыс жағдайында қалай іс-қимыл жасау керегін үйрену үшін қоян-қолтық ұрыс­тар бойынша тактикалық дайын­дықтан өтеді. Күнделікті атыс дайындығы атыс тирінің ішінде өтеді. Мемлекеттік құқықтық даярлық сабақтарында мемлекеттегі идеология, мемлекеттік бағдарламалар, бөлім мен Қарулы күштер тарихы туралы айтылады. Жыл бойына шет мемлекеттерден делегациялар өкілдері де, жергілікті тұрғындар мен оқушылар да келіп, әскери бөлім өмірімен таныса алады. Ай сайын ашық есік күні өткізіліп, соның барысында әскерилердің отбасы мүшелері келіп, бөлім қызметін көруіне болады. Елорда мектептерімен арадағы меморандум аясында оқу орындарындағы кадет сыныптарының оқушылары бір күнге келіп, атыс дайындығын, қаруларды шашып-жинау процесін көреді. Жалпы білім беретін оқу орындарына барып әскери қызметкерлер «ерлік сабағын» өткізеді. Бөлім аумағында істен шығып қалған ұшақ, пушка, танк, басқа да әскери жабдықтар қойылған далалық музей де осында келетіндерді қызықтыратын көрнекі орын.

– Біздің әскери бөлімнің ерекшелігі – Астана қаласының қоғамдық қауіпсіздігін сақтауға жауаптылығы. Карантин кезінде ІІМ қызметкерлерімен бірге блокбекеттер қойдық. Қаңтар оқиғасы кезінде де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдық. Биыл қыркүйек айында 20 жылдықты атап өтеміз. Астананың құрылуына байланысты ашылған бөлімді бұған дейін 7 командир басқарды. Сегізіншісі, қазіргі басшымыз – Абай Әлібеков. Бөлімнің басшылық құрамының барлығы жоғары әскери оқу орындарын тәмамдаған. Осы аралықта әскери бөлімде 3 генерал қызмет етті. Мерейтой аясында 20 жылда жеткен басқа да жетістіктеріміз сарапталады, – дейді подполковник.

Бөлімде қызмет ететін әскери қызметкердің көбі рес­публи­каның әр өңірінен келген. Сондықтан баспана мәселесінде оларға пәтер жалдауға қаржы бөлінеді. Қызметкердің отбасындағы адам санына қарай әрқайсысына 83 мың теңгеден беріледі. Сол ақшаға әскери қызметкер пәтер жалдап тұрса да немесе болашақта «Әскери баспана» бағдарламасы арқылы үй алу үшін «Отбасы банкіне» жинаса да болады.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button