Басты ақпаратҚоғам

Әйел неге жылайды?

Бір қабат жоғары тұратын көршіміздің үйіндегі айқай-шу, жанжал толастамайды. Еркектің балағат сөздері мен қабырға­ны дүңкілдеткен, бірдеңе лақтырған оқыс дыбыстардан, жылаған әйел мен баланың шырқыраған дауысынан өзімді қоярға жер таппаймын. «Әрі мазаны алып бітті, әрі байғұс әйелді өлтіретін болды, балаларының да жүрегі ұшқан шығар» деп учаскелік полиция шақырайын десем, қожайыным «қажет емес, көмек сұрап жатса бірсәрі, отбасылық мәселеге араласқандай боласың, жалғыз сен емес, басқалар да есітіп отыр ғой» деп рұқсат бермейді. Қаншама отбасының сүреңсіз күндері осылай өтіп жатыр десеңізші…

Аты дардай құрылыс компаниясының салған үйінің көршімен арадағы қабырға қалыңдығы бар болғаны 10 см. Ақылы барлар гипсокартоннан тағы бір қабат қалыңдатып жатады, бірақ кейде ол да сеп болмайды, төбеңдегіні естисің. Карантин кезінде үйден жұмыс істеп отыр едім, мас еркектің былапыт сөзі, шыр­қыраған бала мен еңіреген әйелдің дауысынан мазам қашып, жұмысым жүрмеді. Келесі күні күйеуі үйде жоқ-ау деген мезгілде көршінің қоңырауын бастым. Ұзақ күттіріп барып, күйеуінің таяғын жеп, әбден запы болғаны жүзінде жазылып тұрған, қажыған, шаршаған әйел есік ашты.
– Кешірерсіз, сіздің төмендегі көршіңіз едім… (Менің не үшін келгенімді бірден түсінгені оның көзінен көрініп тұрды).
– Сіздерге бәрі естіле ме? – деді ол жасқана тіл қатып.
– Балалар ылғи шырылдап жылап жатады, өз балаларыңыз ба?
– Иә, өзіміздікі.
– Ер адам әкелері ме, үнемі балағаттап, ұрып жататын сияқты көрінеді.
– Балалар сондай тынымсыз, әкелері келгенде мазасын алады, жылай береді.
– Баланы бала болғаны үшін сонша сабай ма, мұндайда кәмелетке толмағандардың құқын қорғайтын инспекторларды шақырар еді. Бірақ алдымен өзіңізге келіп ескертіп кетейін дедім.
– Өтінемін, ешкімді шақыр­май ақ қойыңызшы. Қажет емес… Күйеуім… Сосын маған ашуланады ғой…
– Сіздің өзіңізге ешқандай көмек керек емес пе?
– Жоқ, жоқ, о не дегені­ңіз… Көмек керек емес. Кешірерсіз мазаларыңызды алсақ… Осылай деген әйел тездетіп есікті жауып алды.

КИКІЛЖІҢ НЕДЕН ШЫҒАДЫ?

Беймаза көршілердің үйінде­гі ызы-қиқы өмір әлі де жалғасып жатыр. Соққыдан ыңырси жылаған әйелді неге туыстарына кетіп қалмайды, неге ажырасып кетпейді деп ойлай бастайсың. Түсінгенім әйел балаларымен үйде, 3-4 бала бар, ақша табатын күйеуі ғана, демек байғұс әйел сонша баламен ешқайда кете алмайды. Тіпті не істеріңді білмейді екенсің, учаскелік полиция шақыруға байғұс әйел тағы да таяқ жейді-ау дейсің. Газоблоктың ара-арасымен қуалап жеткен дыбыстардан қайда кетеріңді білмей, құрылыс компаниясына кіжініп жатып көз ілесің. Ақыры дәріханаға барып, құлақ тығынын (бируши) сатып алдым. Ештеңе естімейін деп…
Осы жылдың басында БҚО Тасқала ауданында ажырасам деген әйеліне ерегіскен ер адам әйелін, екі қызымен қоса өртеп жібергенін естіген жұрт бір дүрлікті. Сол әйел араша сұрап, өзінің төркініне барған кезде де күйеуі маза бермеген екен. Сонда ондай тирандар неге сүйенеді? Әлде әйелдердің өлсе құны сұраусыз деп ойлай ма? Оралдың Зачаганск кентінде күйеуі әйелін өлімші қылып сабаған. Үш баланың анасы ауруханада көз жұмды. Осы Нұр-Сұлтан қаласында ажырасам дегені үшін мұғалім әйелді күйеуі тапа-тал түсте мектептің қасында бір қолымен шашынан сүйреп жүріп, екінші қолымен үстіне бензин құйып өртеп жібергені де елдің есінде шығар. Қайсыбірін айтасың, мұндай оқиғалар көп. Осындай отбасыларда өсіп жатқан балалардың жанындағы жара, психологиялық күйзелісі туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Күні кеше ұлын аяусыз сабаған ер адамның видеосы әлеуметтік желіде таралып кетті. Екі күннің бірінде сәби қыздарды зорлаған оқиғаны еститін болдық. Әлдінің әлсізге әлімжеттік қылып, басынғаны, қорлағаны қашан тоқтайды?

СТАТИСТИКА ШОШЫТАДЫ

Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының мәліметінше, ана мен баланы қорғайды дейтін Еуропаның өзінде жылына 55 млн бала зорлық-зомбылық көріп, 700 бала ата-анасының қолынан өледі екен. Ал күн сайын зорлық-зомбылықтан жапа шегетін әйелдер саны әлемде миллиондап саналады. Маскүнем, нашақор күйеулерінен таяқ жеп өліп қалатын да, қарақшылар қолынан құрбан болатын да әйелдер. Тиран күйеуі әйелінің басын жарып, көзін шығарып жатса да, туыстары мен достары көбіне отбасылық жанжалдарға араласудан бас тартатыны да шындық. Бұл жайдан хабардар болса да, көбіне туыстар «сабаса өз байы, әйелдің өзі де тілін тартпаған шығар» деп отыратынын көріп жүрміз. Ауылда бір апай болды, өзі жетім өскен, тым жуас еді, өмірі маскүнем күйеуінің қорлығын көрумен, жоқшылықпен өтті. Бір ұлы әкесімен ренжісіп асылып өлді, қызы ауру болды, апай ерте қартайды, кейде әңгімесінің басы бар да аяғы жоқ.
ҚР Бас Прокуратурасы екі жыл ішінде республикада тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 1711 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгенін келтіреді. Жыл сайын елімізде шамамен 400 әйел қайтыс болады екен. Көршілес Ресейде де жағдай мәз емес. 146 миллионнан аса халқы бар, алкогольді көп тұтынатын елде жылына 16 миллион ресейлік зорлық құрбаны болады. Бұл жан шошитын дерек. Сонда заң қайда қалады? Бүгінгі таңда әлемдегі 120-дан аса елде, соның ішінде Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар бар. Тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңға алғаш рет Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия бастамашылық еткен еді. Соған қарамастан жағдай күрделі.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы Әсет Оспановтың айтуынша, тек биылдың өзінде тұрмыстық зорлық-­зомбылық жасаған 13 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. «Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты 43 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды, 5 мыңнан астам отбасы тирандарына соттың ерекше талабы қойыл­ды» деді Әсет Оспанов. Әсіресе, карантин кезінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 25 пайызға артқанын ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та айтқан болатын. Министрдің айтуынша, төтенше жағдай режимі кезінде Дағдарыс орталықтарының шұғыл желі нөміріне көмек сұрап, қоңырау шалғандардың саны көп болған, бірақ өкінішке қарай, зардап шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға жүгінеді.
Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зульфия Байсақованың айтуынша, зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Республиканың бүкіл аймағынан барлығы 14 342 әйел қатысқан, «Қазақстандағы әйелдерге қатыс­ты зорлық-зомбылық туралы үлгі зерттеудің» нәтижесі 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы сексуалдық зорлық көргенін, 21 пайызы психологиялық зорлық көргенін, ал 7 пайызы экономикалық зорлыққа ұшырағанын көрсеткен.

АРНАЙЫ МИНИСТРЛІК КЕРЕК ПЕ?

«Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыс­тық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатыс­ты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет. Бұл менің Үкіметке беретін тапсырмам» деген еді Президент Жолдауында. Бүгінде отбасы мәселесімен 18 орган айналысады екен, алайда олардың саны сапасына сәйкес келмейтіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде депутат Зағипа Бәлиеваның отбасындағы зорлық-зомбылықты жою үшін отбасы, балалар және жастар мәселесін жеке дара қарайтын министрлік құру туралы айтқан ойы дұрыс па дейсің. Ол «Отбасы, балалар және жастар министрлігін құратын уақыт жетті. Бүгінгі күні отбасындағы жанжал көбейіп, ажырасу 22 пайызға артып отыр. 38 мың жұптың ошағы ойран болды. Бұл салада мамандандырылған соттар мен құқық қорғау органында мамандар керек» деген еді.

ЖАҢА ЗАҢ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

2009 жылдан бері осы заңға қаншама түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Тек былтырғы жыл соңында қабылданған «Қылмыстық процестік және жеке тұлғаның құқын күшейту туралы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң негізінде енді балаларға сексуалдық сипатта зорлық көрсеткендер мен балалар парнографиясына тартқандарды 17-20 жыл аралығында, ал кішкене балалар зардап шеккен қылмысты жасаушылар­ды 20 жыл немесе өмірбақи бас бостандығынан айыру көзделді. Сол секілді әйелдерді зорлау ауырлатпайтын мән-жайлармен ауыр қылмысқа жатқызылды.
Жуырда ҚР Мәжілісінің отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалық бастамалардың талқыланғаны белгілі. Мәжілісмендер полиция қызметкерлеріне қорғау бұйрығын өз бетінше жазу құқығын беруді қолдап отыр. Мәжілісте қаралған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратын адамдарға жақындарымен кездесуге 30 күнге тыйым салуды ұсынды. Бір айға берілетін қорғау ұйғарымын шығару туралы шешімді учаскелік полицей өз бетінше қабылдайды. Ұйғарым бойынша құқықбұзушыға бір ай бойы ішімдік ішуге, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушілерге жақындауға және оларды аңдуға тыйым салынады. Бұл талапты бұзса, 5 тәулікке қамауға алынады. 2009 жылдан бері осы заңға қаншама түзетулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» қолданыстағы заңды талдап, отбасылық-тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін болмай тұрғанын айтты. «Тұрмыс­тық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» қолданыстағы заң нормалары көбіне болған оқиғалар мен солардың салдарын анықтау­ға бағытталғанын, сонымен бірге депутат бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің статистикалық есебі мен мониторингі жүйеге қойылмаған, отбасында зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі барлық жауапкершілік пен ауыртпалық заңда ішкі істер органдарына жүктелген болса, жаңа заң жобасында құқықтық көмек көрсету, ведомстволық статистикалық есеп жүргізу, салалық мамандардың біліктілігін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау, медициналық-әлеуметтік оңалту қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету қамтылғанын келтірді. Депутаттардың мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың 4,5 жарым айында Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 47 мың факт тіркелген. Оның тек сегіз мыңы сотқа жеткен.
Ана мен бала құқығын қорғау туралы айтпайды емеспіз, айтамыз. Көбіне бір шетін жағдай болғанда даурығамыз. Көбіне ол даурығыс нәтижесіз аяқталады, ал жәбір көріп, жапа шеккен әйел мен бала өз проблемасы­мен қала береді. Несін айтасыз, жүрегі ұшып қалған сол балаларға үрей мен қорқыныштан арылмаққа психологиялық көмек беруге де жете алмай жатырмыз. Оның үстіне менталитет те басқа, «күйеуінен таяқ жеген жалғыз әйел сен емессің ғой, балаларың үшін шыда» дейтін «жанашыр» ағайындардың сөзінен аса алмайтын әйелдер көп. Көбінің заң жүзінде өз құқығын қорғауға заңды білмеймін, ақшам да жоқ деп тартыншақтайтындары да аз емес. Қаншама отбасы осылай тірлік кешіп жатыр…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button