Басты ақпарат

Айтыс пен ғылым – қос қанаты

Мен Аманжолды құлын күнінен білемін. Сүйікті анасы Шәмшия жеңгем сүт кенжесі болған соң, қаршадай Аманжолды ерекше өбектеп, жанынан тастамайтын. Тілі шыққаннан бастап, зерек әрі құйма құлақ сүйкімді баласын ауылдағы той-томалақтарда орындықтың үстіне тұрғызып қойып, тақпақ оқытып, өлең айтқызып қызықтайтын. Сондықтан, Аманжолдың ел алдында өзін еркін ұстап, ақындыққа бет бұруына анамыздың сіңірген еңбегі орасан дер едім. Ақын Мұхтар Шахановтың «Баласынан ұлылық күтетұғын, әдеті ғой ежелден бар ананың» деген өлең жолдары – осының айғағындай.

[smartslider3 slider=1502]

Жаңаарқа ауданы бойынша соғыстан кейінгі жылдары арнайы механизаторлық оқу бітіріп келген алғашқы тракторшы, еңбек ардагері, кейіннен Ақтүбек кеңшарында малшы болып «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанған Дүйсенбай Әлтайұлының шаңырағында 1971 жылдың 31 тамызында дүниеге келген Аманжол 14 баланың кенжесі болды.

Балаларына қатал қарайтын Дүйіс әкеміздің Аманжол дегенде мейірімі бөлек болатын. Әке мен бала арасындағы осы сыйластық дәстүр өмір бақи өзгерген емес. Ұлдарын ұясына, қыздарын қиясына қондырған бақытты ата-ана кенжесін үйлендіріп, Ақмаралдай келін түсіріп, Құдай берген немерелерінің қызығына тоймай, әуелі Шәмшия анамыз, араға он бес жыл салып Дүйіс әкеміз де бақилық болды. Екеуі де Аманжолға ақ баталарын беріп кетті.

Аманжолдың үлкен сахнаға шығуының өзі – бір қызық хикая. 1989 жылы Жаңаарқа ауданының 60 жылдық тойы болып, Қарауылтөбеде ат жарыс, күрес, концерт болып, кешінде Мәдениет үйінде ақындар айтысы болмақ. Ұйымдастыру шаруаларымен жүрген маған Аманжол келді. Көңіл-күйі пәс, жаратып қосқан аты сенімін ақтамапты. Соған намыстанып, неде болса айтысқа шығып, бақ сынаспақ ниетін білдірді. «Ағам деп келіп тұр ғой, меселі қайтпасын» деп атақты айтыскер Қойлыбай Асановпен жұптадық. Қойлыбай өте тәрбиелі педант ақын ғой, аға мен інінің керемет айтысын жасады. Аманжол екінші айналымға өтіп, қорытындысында жүлделі орынға ие болды. Осылайша болашақ талантты жас айтыскер ақын Аманжолдың томағасын сыпырып, киелі Жаңаарқа сахнасында ағалық ақ батасын берген Қойлыбай ағасы болатын. Ол кезде Аманжол бір жылдан кейін осы ұстазының шәкірті боларын білген жоқ еді.

Ақтүбек орта мектебін үздік бітірген Аманжол арманын арқалап, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне құжаттарын тапсырды. Үлкен қалаға бірінші шығуы екен, екеуміз қаланы армансыз аралап, балмұздаққа тойып, бірінші рет ресторанға отырдық. Қазір бәрі күні кешегідей…

Университет қабырғасында Аманжолдың шығармашылық екінші тынысы ашылды. Ұстаздары айтыскер ақындар Қойлыбай Асанов, Қуаныш Мақсұтовтардан көп өнеге алды, шыңдалды.

Оның айғағы университетаралық, облыстық, республикалық айтыстарда сан мәрте Қарағанды облысының мәртебесін үстем қылып, сан бәйгелер иеленді. Жаңаарқада Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына орай өткен республикалық ақындар айтысында бас жүлдеге ұтып алған алғашқы «УАЗ» автокөлігін әкесіне әкеліп сыйлады. «Бұл баланың жөн білгендігі» деп ел ақсақалдары Аманжолға ақ батасын берді.

Айтыстағы еңбегі жоғары бағаланып, 1998 жылы Қазақстан Республикасы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Ақын Аманжол Әлтай – халқымыздың айтыс өнерінің қайтадан дамып, жаңадан тың серпіліс алуына зор үлес қосқан тұлға.

Аманжолдың семейлік ақын Сара Тоқтамысовамен айтысы ХІХ ғасырдағы Біржан мен Сара айтысынан кейін болған «қыз бен жігіт айтысының» биік эталоны ретінде бағаланып, кезінде мыңдаған көрермендер мен мамандардан жоғары бағасын алды. Ол 1988 жылдан бері үнемі айтыс сахнасының төрінде өнер көрсетіп, көптеген республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы, жүлдегері болды. Қазіргі айтыс өнеріндегі Арқа өңірі ақындарының айтысу дәстүрін жаңа биікке көтеріп, өзінің жеке мектебін қалыптастырды.

Аманжолдың ғылыми ізденістеріне тоқталар болсам, Алматыдағы Абай атындағы КазПИ-де академик Серік Қирабаевтың жетекшілігімен қорғаған кандидаттық диссертациясында, Астанада Евразия ұлттық университетінде академик Рымғали Нұрғалиевтің жетекшілігімен қорғаған докторлық диссертацияларына қатысып, куәгер болдым. Алла пешенесіне жазған соң, алғыр ақыннан тамаша ғалым шығатынына көзім жетті.

19 желтоқсан күні сағат 15.00-де «Астана» концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Аманжол Әлтайдың «Тұлпар мінез қазақтың баласымын» атты шығармашылық кеші өтеді. Кеш қонақтары – Рамазан Стамғазиев, Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Қосанова, Досымжан Таңатаров, Тоқтар Серіков, Дәуренбек Әркенов, Сейіл Аяғанов, Медет Салықов, Клара Төленбаева.

Аманжолдың шығармашылығы мен өсу жолдарына үңілер болсақ, 1993 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. 1993-2000 жылдар аралығында осы оқу орнының аға оқытушысы болды.

2000 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбеков бастаған, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбек қостаған ел ағалары сол кездегі Евней Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің ректоры Жамбыл Ақылбаевтан ат-түйедей қалап, Аманжолды елордаға ауыстырып, Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына доценттік қызметке қабылдады. Сол ағаларының аманатын ақтап, қазірге дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасында профессор болып қызмет атқаруда.

А.Д.Әлтай – қазақ әдебиеттану ғылымына өзіндік үлесін қосып жүрген белгілі әдебиеттанушы-ғалым. «Ақжолтай Ағыбай батыр», «Ақын жыраулар поэзиясы», «Қазақ балалар әдебиеті», «Қазақтың айтыс өнері» ғылыми-зерттеу еңбектері, «Боздақтар», «Аралбай батыр», «Сәкен Сейфуллин», «Қайрат Байбосынов» сияқты тұлғатануға арналған бірнеше еңбектің авторы. Филология ғылымдарының докторы (2010), профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005), ЖОО-ның үздік оқытушысы (2012), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2014), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалінің (2001), «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалінің (2015), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалінің (2016), «ТURKSOY» Халықаралық ұйымының медалінің (2016) иегері. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми-зерттеуі үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (2018), «Құрмет» орденінің (2019), Қазақстан Республикасының түңғыш Президенті-Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының (2020) иегері.

Оқу процесіне арналған бірнеше монография мен оқулықтардың, көптеген шетелдік және отандық басылымдарда жарық көрген 100-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Филология ғылымы бағытындағы әдебиеттану мен фольклортану саласы бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жобасының жетекшісі әрі орындаушысы.

Әріптестерінің ортасында беделді әрі сыйлы Аманжол Дүйсенбайұлы ғылыми-педагогикалық және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Кәсіби біліктілігін көтеруде отандық және Жапония, Татарстан сияқты шетелдік конференциялар мен курстарға қатысып, бірнеше сертификат алған маман. Мәдени іс-шараларға белсене араласады, жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары.

Оған Жаңаарқа ауданында өткен Аралбай батыр Әлібекұлының 325 жылдық мерейтойын республикалық дәрежеде өткізіп, сол шараны ұйымдастыру комитетінің төрағасы ретінде батыр бабаға ескерткіш қойып, ас беру, мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастырудағы хас шеберлігі куә. Ал қайраткерлігіне келер болсақ, бірнеше жыл бұрын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бір топ зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, ақыл-кеңестерін ортаға салғанда, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны халыққа насихаттап «Неге «Домбыра күнін?» өткізбейміз деп бастама көтерген Аманжол болатын. Бұл ізгі бастаманы Елбасы бірден қолдап, шілде айының алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп бекітті.

Аманжол жұмыстан қолы қалт еткен сәттерде қоңыр домбырасын серік етіп, кабинетінде өлең өретін де өнері бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Оның айғағы – тұңғыштары Шахзада дүниеге келгенде жүрек тебірентіп шыққан «Әкелік жүгін арқалаттың-ау, арайлым» деп басталатын «Балама» әні, туған ауылы мен атамекеніне деген сағынышын білдіретін «Туған ел», «Сағыныш», «Ата толғауы» әндері, махаббат лирикасына құрылған «Ерке қыз», Желтоқсан құрбандарына арнаған «Желтоқсан ызғары» атты бірнеше әні. Бұл әндер – қазақ радиосы арқылы дүлдүл әншілер Мейірхан Адамбеков, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосановалардың орындауында халықтан жоғары бағасын алған туындылар. Аманжолдың өзі де – тамаша әнші.

Серік ОСПАН,

өнер зерттеуші,  тұлғатанушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button