Басты ақпаратБілім

Алты жастан мектепке бару міндет пе?

Жаз ортасынан ауған шақта халық арасында мектеп мәселесіне қатысты алаңдаушылықтардың туа бастайтыны белгілі. Әсіресе, ұл-қызы алғаш рет оқушы атанғалы отырған ата-ананың уайымы көп. Оларды «Баланы алты жастан бастап мектепке беру міндетті ме?» деген сұрақ мазалайды.

Министр не деді?

ҚР Білім туралы заңының 31-бабындағы 1-тармаққа сәйкес, балалар 1-сыныпқа алты жастан бастап қабылданады. Аталған норма биылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Білім министрі Асхат Аймағамбетов аталған мәселеге қатысты берген түсінігінде:
– 2014 жылы еліміз бойынша бірінші сыныпқа 320 мың бүлдіршін барған, оның ішінде 60 пайызы алты жаста болған. Өткен жылы да алты жасынан мектеп табалдырығын аттаған бала санына талдау жүргіздік, олардың 80 пайызға жуығы алты жасында оқушы атанды. ЮНЕСКО мәліметі бойынша әлемнің 134 елінде бүлдіршіндер алты жастан мектепке барады. Әрине, балалардың дербес ерекшеліктері бар және осыны біз ескеруіміз керек, – деген болатын.
Министр сондай-ақ заңдағы тәртіпті орындамай, баланы алты жасында мектепке беруден бас тартқан ата-аналардың ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын да айтты. Алайда келер жылы бала жеті жасында мектепке барғанында, сыныбындағы алты жасар оқушылармен бірге өзін психологиялық тұрғыда қаншалықты жайлы сезінетінін де ойластырған жөн.

Алты жасар бүлдіршін жазу-сызуды білмесе ше?

Алты жасар балаларын мектепке бергісі келмейтін ата-аналар олардың жазу жазып, санай алмайтындарын, яғни оқуға әлі дайын емес екендіктерін алға тартады. Осы орайда әрбір мектеп ішінде «бөбектер мектебі» жұмыс істейтінін ұмытпаған абзал. Көпшілігі оны нөлінші сыныппен шатастырады. Шын мәнінде ол – тамыз айында әр мектеп ішінен ашылатын, 1-сыныпқа әзірлейтін қысқамерзімді курс. Онда балаларға қалам ұстаудан бастап, әріптерді, санауды үйретеді, сондай-ақ мектеп ережелеріне бейімдейді. Оқушысы көп кейбір мектептерде «бөбектер мектебі» маусым-шілде айларынан бастап ашық. Астанадағы барлық «бөбектер мектебінің» жұмыс кестесі туралы ақпаратпен қалалық Білім басқармасының сайтында танысуға болады. Ондағы есепте оқу жылы басталғанға дейін елордадағы 83 мектеп бойынша 10574 баланы «бөбектер мектебімен» қамту жоспарланған.

Алты жасқа дейін қайда оқытуға болады?

Айтпақшы, көп ата-ана ұл-қыздарын алты жаста мектепке беруге екіұдай ойда жүргендерінде, кейбіреулері баласын бес жасында-ақ 1-сыныптың партасына отырғызады екен. Егер бала күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толатын болса, ата-анасының қалауымен баланы оқуға қабылдауға заң рұқсат етеді. Ал басқа жағдайда ондай бүлдіршіндер келер оқу жылы басталғанға дейін отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің (лицейлердің, гимназиялардың) мектепалды даярлық сыныптарында тәрбиеленіп, оқытылады. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы Стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің жетекшісі Жазира Асанованың айтуынша, бүгінде шаһардағы 43 шағын орталықта балалардың күніне төрт-бес сағат мектепалды даярлықтан өту мүмкіндігі бар. Шағын орталыққа жолдама алу әкімдіктің ресми сайтында (e.astana.kz) жүзеге асырылады. Сонымен қоса, 2019-2020 оқу жылы бойынша 70 мектепте нөлінші сынып жұмыс істемек. Онда жалпы саны 160 сынып ашылып, 3923 бала оқытылады.

Мектепті таңдауға ата-ана құқылы ма?

Ата-ана мен бала үшін бір қуаныштысы, ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 10 мамырдағы №254 Жарлығының 8-тармағына сәйкес, олар өздері қалаған мектепті таңдауға толықтай құқылы. Алайда аталған құжатта «ең бірінші кезекте білім беру ұйымының қызмет көрсету аймағында тұратындар, қалғандары бос орын болған жағдайда қабылданатындары» көрсетілген. Бұл шара мектептердегі бала санының шектен тыс көбейіп кетуінің алдын алады, дегенмен Нұр-Сұлтан қаласында әлі күнге дейін бес мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді.
Елордалық Білім басқармасының ақпараты бойынша, мектепке қабылдауда ата-ананың немесе олардың заңды өкілдерінің тарапынан жазылған өтініш, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, денсаулық жағдайы туралы №063/у және №026/у-3 нысан, баланың 3х4 форматтағы фотосуретінің екі данасы қажет. Ерекше білім қажеттілігі бар балалар үшін педагогикалық-медициналық-психологиялық комиссияның қорытындысы қоса беріледі. Құжаттар қағаз жүзінде мектеп кеңсесінде немесе электронды түрде әкімдіктің e.astana.kz сайты арқылы қабылданады.
Қазіргі таңда 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау астанадағы жалпы білім беретін барлық мектептерде жүргізілуде, қабылдау комиссиялары жұмыс күндері 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді. Шара 30 тамызға дейін жалғасады.
Құжаттарды тек баланың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдерін тапсырады. Сондықтан мектептер өтінішті басқа кісілерден, мәселен баланың ата-әжесінен, апасынан, ағасынан, т.б. қабылдаудан бас тартуға құқылы. Ал мектеп қандай да бір негізсіз себептермен құжат қабылдаудан бас тартса, бұл туралы Бейбітшілік көшесі, 11 мекенжайы бойынша орналасқан Білім басқармасының 119-кеңсесіне келіп хабарлауға болады. Сондай-ақ басқарманың ресми сайтында (bilim.astana.kz) шағым қалдыратын функция бар. Бұдан бөлек аталған ведомствоның +77787887647, +77761255771 нөмірлері бойынша WhatsApp қызметі жұмыс істейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button