SportБасты ақпаратЖаңалықтар

АЛТЫНСЫЗ ОЛИМПИАДА

Төрткүл дүниенің назарын аударған Токио Олимпиада­сы да аяқталды. Әдетте, мұндай додалардан соң арқа-жарқа болатын қазақ жанкүйерлерінің бұл күнде көңілі пәс. Бұйырған 8 қоланың ар жағында ерен еңбек, жаттығу залында шүмектеп төгілген маңдай тер жатқанын сезсе де, алтынсыз Олимпиаданың нәтижесі күллі Алаш жұртының жанына батты.

Тәуелсіздік алғалы алғаш рет төртжылдықтың басты додасынан, алтынды былай қойғанда, күміске қол жеткізе алмай оралған қазақ спортшыларының әрекеті ақтап алуға келмейді.
Сонымен, 2 аптадан аса 206 мемлекеттің 11 мың спортшысының арасынан ең жүйрік, ең мықтыны анықтаған Токио Олимпиадасының қорытындысы бойынша бұйырған 8 қола медальмен жалпыкомандалық есепте тұрақтағанымыз 82-орын болды. Олимпиаданың нәтижесін былай қойғанда, биыл жолдама саны бойынша бұрын-соңды болмаған төмен көрсеткіш тіркелген. Дегенмен қазақ жанкүйерлері Токиода ел намысын қорғауға аттанған спортшыларға үлкен сенім артқан. Әсіресе боксшылар мен балуандарымыз алтынмен аптап, күміспен күптейді деп күткенбіз. Жүзу спортынан Дмитрий Баландин, жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова кезекті рет Олимп шыңынан көрінер деген де үміт болған. Алайда Токиодағы тартыста бәрі басқаша болды.

Олимпиаданың алғашқы күнінде татамиге Елдос шыққанда-ақ қазақ жанкүйерлері тақым қысып, теледидарға үңілген. Обалы не керек, Риода кеткен есесін Токиода қайтаруға белді бекем буған Елдостың тас-түйін дайындығы көрініп-ақ тұрды. Дегенмен жамбылдық дзюдошының жолын жапондық Наохиса Такато байлады. Осылай Токио Олимпиадасының алғашқы күнінде Елдос Сметов қола алып қуантқанын жақсы ырымға балағанбыз… Бірер күннен соң Күншығыс елінен ауыр атлетшілер Игорь Сон мен Зульфия Чиншонлоның қола алғаны туралы хабар жетті. Онда да қоланың күміске, күмістің алтынға айналар күні жақын қалды деп болжағанбыз… Алайда Олимпиада чемпионы атанудан үмітті қос боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов ақтық сын алдындағы жекпе-жекте қарсыластарына есе жіберіп, қоланы қанағат тұтты. Шынын айту керек, британдық боксшы Джалал Яфаимен болған жекпе-жекте Сәкен барын салды. Ел назары өзінде екенін сезген боксшы аянып қалмады. Дегенмен төрешілердің шешімі басқаша болды. Шаршы алаңда шарасыз күйде көзіне жас алған Бибосынов­пен бірге күллі қазақ жанкүйері жабырқады. Әрине, өкініштен… Атлантадан бері қазақ спортшылары алтынға қол созатын бірден-бір спорт түрі болған бокстан бұл жолы бағымыз жанбады. Әлде бабымыз келіспеді. Мүмкін басқа себебі бар. Қалай десек те бокстан әлемдік державаға айналу жолында Кубаның өзіне қыр көрсететін қазақ боксы көштің соңында қалуға лайық емес еді.


Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған боксшылар өз алдына. Баласын ерте жастан күш сынастырып, күрестіріп өсетін қазақтың бүгінгі ұрпағының күрестен есесі кетер деп кім ойлаған? Грек-рим мен еркін күресті қоса алғанда, бас-аяғы 11 балуан бақ сынаған бәстен бұйырғаны – жалғыз қола. Оны еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Нұрислам Санаев жеңіп алды.
Абырой болғанда, Олимпиада ойындарының тізіміне алғаш рет енген каратэ спортынан қос қола Дархан Есаділов пен Софья Берульцеваға бұйырды. Каратэнің отанына аттанған 5 каратэшінің екеуінің жүлдеге ілінуі жаман көрсеткіш емес.
Сонымен, көпшіліктің көкейінде алтынсыз алғашқы Олимпиададан қазақ спортшылары неден сүрінді деген сауал қалып қойды. Расында, Токиода жеңістің биік тұғырынан көріне алмауымыздың себебі көп.

Олардың ең алғашқысы ретінде спортшыларымыздың сылбырлығын айтуға болады. Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін небір халықаралық додалардан қара үзіп шыққандар күш-жігерін, қажыр-қайратын көрсетер сәтінде білгенінен жаңылды. Бір ғана мысал, норвегиялық желаяқ Карстен Вархольм 400 метрді кедергілер арқылы 45,94 секундта жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд орнатса, біз үміт артқан Михаил Литвин 400 метрді ешқандай «кедергісіз» 47,15 секундта «бағындырды». Боксшылар мен балуандардың кейбірі жолдастық кездесу өткізіп жатқандай әсерде жүрді. Кейбірі тіпті асқан сақтық танытамын деп шабуылды естен шығарып алды. Шаршы алаңда боксшыларға баға берудің жаңа жүйесінде қарсыласын бас-көзге қарамай төпелей бергендердің есесі кетпейтініне көз жеткіздік. Айқын басымдық болмаған жерде төрешілердің бармақ басты, көз қыстыға көп баратыны да осы Олимпиаданың ащы сабағына айналды.

Тағы бір қызығы, спортшылардың кейбірі өзінің жастығын, тәжірибесінің жеткіліксіз болғанын айтып ақталып жатты. Осындайда 20 жасында өз салмағында атағы жер жарған қарсыластарының тізесін бүктіріп, жасындай жарқыраған Бекзат Саттархановтың ізін жалғаған оғландардың бұл қылығын қалай түсінеріңді білмей дал боласың.

Олимпиададағы тағы бір есеміз кетіп жүрген дүние көп жүлделі спорт түрлеріне баса мән бер­меуімізде сияқты. Мәселен, Олимпиада тарихында ең көп жүлде алған Майкл Фелпс Риода жүзуден 5 алтын, 1 күміс жеңіп алды. Майкл өзі қатысқан 3 Олимпиадада жалпы саны 28 медальға ие болған. Оның 23-і – алтын. Сол секілді 2016 жылғы Рио Олимпиадасында спорттық гимнастикадан америкалық Симона Байлздің 4 алтын, 1 қола медаль еншілегенін спорт жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ. Бұл орайда спорттық гимнастикадан Қазақстан спорты тарихында 17 жылдан кейін алғаш рет ақтық сында бақ сынаған Милад Каримидің болашағы зор үміт күттіреді. Небәрі 22 жастағы спортшыға 3 жылдан кейінгі Париж Олимпиадасынан жүлде күтуге болады.


Токио қазақ спорты үшін алтын түгіл, күміс жеңіп алудың ләззатын сезіндірмеген Олимпиада ретінде тарих қойнауына енді. Әрі Токио отандық спорттағы көп мәселені көрсетіп берді. Оны кәсіби спорт сарапшылары, менеджерлерін былай қойғанда, кәнігі жанкүйерлер де көзбен көріп, жүрекпен сезіп отырды. Міне, осы мәселелерді шешіп, Париж Олимпиадасында да алтын арман болып қалмауы үшін салалық ведомствоға кешенді шаралар легін бүгіннен қолға алу қажет болады.

—————————————————-

Тұрсынғали ЕДІЛОВ,
бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының
1997 және 2002 жылдары бас бапкері:

– Бокс державасы болу жолында қаншама жұмыс істелді. Бірақ Токио Олимпиадасында алтын тұрмақ, күміске зар боп қалдық. Сондықтан да бокс саласындағы олқылықтарды түзеп, көп нәрсені өзгерту керек. Мырзағали Айтжанов бас бапкерлігін пайдаланып, Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерғалиевті сүйремеуі керек еді.
Бас бапкер өзінің шәкірттеріне қарай ма, жоқ әлде бүкіл құрамаға мән бере ме? Кезінде Олимпиадаға өз шәкіртім болған Марат Мәзімбаевты емес, Бекзат Саттархановты апардым. Негізі, елдегі жекпе-жекте Марат Бекзатты ұтты. Бірақ біз Саттархановтың көзіндегі отты көріп құрамаға алғанбыз.

—————————————————-

Қыдырбек Рысбек,
спорт тарихшысы:

– Тәуелсіздік алған 30 жылда елде спорт ғылымы қалыптаспады. Мәселен, спортшының қазақ дәстүріне сай тамақтану жүйесі жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан ғылыми зерттеу институты құрылу керек еді.
Ұзын сөздің қысқасы, қазақ спорты ғылыммен қаруланбаған. Ал қазір дүние жүзінің спорты сараптама, биохимия, физиология, биология сынды ғылымға айрықша назар аударып жатыр. Токио Олимпиадасында жапондар дзюдодан қырып алтын алды. Себебі оларда дзюдодан ғылыми зерттеу институттары мен академиялар жұмыс істейді. Біз бұған дейін «Қазақтың спорт ғылымын дамыту керек» деп талай рет жаздық. Өкінішке қарай, біздің ұсынысымызға құлақ асқан жан болмады. Біз спортшыларымыздың нашарлығынан емес, қазақта спорт ғылымы болмағандықтан ұтылып жатырмыз. Грек-рим мен дзюдоға жігіттер салбырап шығады. Егер олар ғылыми негізде дайындалып шықса, жұлқынып тұрған болар еді.

 

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button