Басты ақпарат

Ақиқат пен аңыз

Өткен жиырмасыншы ғасыр дүбірлі оқиғаларға толы болды. Соның ішінде елімізде елуінші жылдары басталған тың игеруді айтсақ болады. Биыл осы оқиғаға 65 жыл толып отыр. Қазір тың көтеруге байланысты түрлі пікірлер бар. Біреулері жақтайды, екіншілері оған қарсылық білдіреді. Қалай болғанда да, тың игерудің жақсылығы да болды, жағымсыз жақтары да кездесті. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымызға тигізген зардабы көбірек. Дегенмен, өткен тарихты ешкім өзгерте алмайды. Осы мақсатта сол бір кезеңнің ақиқаты мен аңызы туралы ой сабақтауды жөн көрдік.

Жалпы, отарлаушылар табиғаты көркем, құнарлы қазақ жерін игеруді ертеден көздеп жүрді. Бірақ оған түрлі жағдайлар кері әсер етіп отырды. Бірде қаржы тапшылығы қол байласа, екіншісінде Екінші дүниежүзілік соғыс кедергі болды. Мәселен, 1930 жылы КСРО Егіншілік халық комиссары Я.А.Яковлев компартияның XVI съезінде жасаған баяндамасында: «Біз­-дің есеп бойынша Қазақстанда егін егуге жарамды 50-55 млн гектар жер бар, соның 36 млн гектары солтүстік өңірде» деп айтқан екен.
Сталин өлгеннен кейін оның орнына қонжиған Хрущев тың және тыңайған жерлерді игеруді шұғыл қолға алды. Бұл науқан 1954 жылы басталып, жалпы одақтық ұранға айналды. Одақ хатшылары тың игеруді дабылдатып, насихаттады. Тыңгерлердің батырлығы жа­йында әндер, кітаптар жазылды, кинофильмдер көрсетілді. Қысқасы, бұл Кеңес Одағының ірі экономикалық жобаларының бірі болды.


1954 жылы ақпан айында­ғы Компартияның Орталық кеңесінің кезекті пленумында: «Елде астық өндіруді ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Қаулы бойынша тың игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Орал және Солтүстік Кавказ, Еділ өңірі белгіленіп, осы аймақтарда егіс көлемін өсіру көзделді. Қазақстанда тың иге­рілетін аймақтарға солтүстік облыстар кірді. 1954 жылы Кеңес одағы бойынша 13,4 млн гектар тың жер жыртылды, яғни бұл жыртылған жердің елу пайызын қамтыды. СОКП Орталық комитеті үндеу тастап, күллі кеңес халқын Қазақстандағы тыңды көтеруге шақырды.
Міне, осылайша жаппай тың көтеру реформасы басталды. Кеңес одағының әр түкпірінен Қазақстанға адамдар ағылып келе бастады. Бір деректерде 1954-62 жылдары елімізге тың игеруге 2 млн адам келгендігін айтады. 1954 жылдан 1961 жылға дейін Қазақстан аума­ғында 18 млн гектар егістік алқап игерілді. Тың өлкесі сол жылдары респуб­ликада өнді­рілетін астықтың, негізінен, жаздық бидайдың 80 пайызын берді. 1956 жылы бірінші рет Отан қамбасына 1 миллион пұт астық құюға қол жеткізді. Бірақ мұның бәрі алдамшы сәт секілді әсер қалдырады. Өйткені жыл санап өнім сапасы азайып, тыңды игеру көл-көсір шығын мен ысырапқа айналды.
Осы жылдары елімізде 500-ден астам жаңа кеңшарлар құ­рылды. Жаңа совхоздарға тұр­ғын үйлермен бірге жаңа мек­теп, балабақша, кітапхана, мә­дениет үйі және спорт алаңдары салынды. Бұл сол кездегі рес­пуб­­ликаның әлеуметтік және мә­дени дамуына оң әсер етті. Сондай-ақ тың игеру жылдары ауыл шаруашылығының техникалық базасын нығайту іске асырылды. Совхоздарға 169 мың трактор, 98 мың комбайн,
73 мың жүк машинасы мен басқа да ауыл шаруашылық тех­никалары алынды. КСРО Министрлер Кеңесі 1954 жылы қыркүйекте тың игерілген жерлерде темір жолдар мен автомобиль жолдарының құрылысын
дамыту туралы қаулы қабылдады. Қаулы бойынша Қазақстанда 2600 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланды.
Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік облыстарын тың өлкесіне біріктіру қолға алынып, 1960 жылы 26 желтоқсанда тың өлкесін құру туралы Жарлық қабылданды. Соған орай республиканың Қостанай, Көкшетау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары біріктірілді. Оның құрылуына байланысты бұрынғы Ақмола облысы таратылды. 1961 жылы 24 сәуірде ол Целиноград облысы болып қайта ашылып, өлке құрамына енді. Осы ірі әкімшілік басқару құрылымына 5 облыс пен 51 аудан қарады.
1954 жылдың бірінші жартысында Ақмола облысына 20 мыңнан астам адам тың көтеруге келді. Сонымен біре өнеркәсіп орындарының ұжымдары ауыл шаруашылығына, тың жерлерді игеруге 1300-ден аса маман мен механизаторларды жіберді. Облыс басшылығы келген тың игерушілерге елеулі жеңілдіктер жасалып, олар ауыл шаруашылығы салығынан екі-үш жылға босатылды. 1954-1959 жылдары еліміздің тың және тыңайған жерлерді игеруге 20 млрд-тай сом қаржы жұмсалды.
Ақиқатына келгенде, Кеңес одағының «көсемдері» Қазақ­станның теріскейдегі бес облысын Мәскеуге тікелей бағындыруды ойлады. Бірақ бұған қазақтың Жұмабай Тәшенов секілді арыстан жүректі азаматы қарсылық танытып, ақыры олардың «жымысқы идеясы» жүзеге аспады. СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің өзі тың өлкесіне екі рет келді.

* * *

Қазір тың игерудің кем­шіліктері туралы ашық жазыла бастады. Мысалы, тарихшы-ғалым Қадыржан Әбуов: «Қазақстандағы тың жерлерді игеру идеясы тек экономикалық қажеттіліктен туған жоқ. Ол патша үкіметінің колониалдық саясатын одан әрі жалғастыру шарасы болды. Сол тұстағы Совет елінің басшысы Никита Сергеевич Хрущев осындағы «тың эпопеясының» түпкі мақсаты жайлы: «Патша өзінің барлық әдістерін қолданып бұл аймақты ұзақ мерзім ішінде орыстарға толтыра алмаса, мен советтік тәсілмен бір демде толтырдым» дегенді келтіреді. Шын мәнінде, ғалымның бұл пікірінде жан бар.
Тың игеру саясатының халқымыздың рухани және демогра­фиялық дамуына тигізген зар­дабы мол болды. Қазақ өз же­рінде азшылыққа ұшырады. 1959 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша өңірді 2 млн 753 мың адам мекендеді. Бұлардың 46,2 пайызы – орыс­тар, 14 пайызы – украиндар, 12,1 пайызы немістер болса, қазақтардың үлес салмағы небәрі 29 пайызды көрсетті. Тың игерілген облыстарда 700-ден астам қазақ мектебі жабылып, сабақтардың дені орыс тілінде жүргізілді. Елді мекендердегі байырғы жер-су атаулары орысша аталды. Мұның бәрі ұлттық тамырымызға балта шапты.
Сондай-ақ тың көтеру жылдарында құрылған кеңшарларда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілген жоқ. Мал жайылымдары қысқарып, мал шаруа­шылығының дамуына кері әсері тиді. Әсіресе, жылқы мен түйе шаруашылығы құлдырады. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыруда түрлі бұрмалау­шылықтар орын алды. Мәселен, осы науқанды көрген Қасым Тәукенов қария естелігінде: «1960-шы жылдары Тың өлке­лік «Целинный край» газетінде
«Человек в ушанке» деп қазақ­тарды есекке теңеп фельетон жазылды. Тың игереміз деп келгендер күні-түні арақтан көз ашпай, мас күйінде көзіне қазақ түссе, тағы жануарды көргендей қуа жөнеліп, тепкінің астына алды. Ондай қорлыққа шыдай алмаған ағаларымыз жер-жерлерде қарсы шығып, бой көрсеткендерін, мәселен, Ақмола базарының ішінде үлкен ақсақалдарымыз шананың жетегін қару қылып сілтей жапырғандығын көзім көрді» деп айтады.
1960 жылдарға қарай елі­міздің тың өлкелерінде 9 млн-ға жуық жер жел эрозиясына ұшырады. Топырақтың сапалы қыртысы 15-20 пайыз, кей жерлерде 23 пайызға дейін бүлініп, құнарын жоғалтты. Тың игеру жылдары басшылық қызмет атқарған Федор Моргун өз мақаласында: «Тың игеру қарқын алған 1955 жылдың өзінде қатты эрозия басталды. Жердің ылғалды қабаты жойылғандықтан, күннің ыстығы 60 градусқа дейін жетті. Жер бедері тілім-тілім, торкөзденіп жарылды. Солтүстік аймақтарда бұрын болмаған шаң боран пайда болды. Тыңда таза пардың көмегінсіз шығымды егін өсіре алмайсыз. Егіншілік тәжірибесінде жылына 300-350 миллиметр кем ылғал түсетін ауданда парды қолданбай ас­тық алу мүмкін емес еді» деп жазған. Бұл пікірді еліміздің Ауыл шаруашылық министрі болған Жәнібек Кәрібжанов та қостайды. «Шындығында, тың игеру жылдары ақылсыз шаруалар жасалды. Құнарлы жерлердің бәрі жыртылды. Ақыры, көп жер эрозияға ұшырады. Қазір ол жерге кісі бойындай арам шөп өскен. Жаныңыз ауырады. Жер деген – тірі организм. Оны уақытымен баптап, жердің эрозиясына қарсы жұмыстар жүргізу қажет» дейді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button