Басты ақпарат

«Ақылды қала»: Ауқымды деректер негізінде дамуды қалай жоспарлауға болады?

Ауқымды мәліметтердің негізінде «ақылды қаланың» тұрақты дамуын қалай дұрыс жоспарлауға болады? Ауқымды мәліметтердің қауіпсіздігіне қатысты қандай әлемдік жаңа трендтер қалыптасты? «Ақылды қаланың» үздік бастамаларын іске асыруда ғаламтор заттар (ҒЗТ) технологиясын дамыту мен ауқымды мәліметтерді кеңейтудің рөлі қандай? XII Астана экономикалық форумының шеңберіндегі «BIG DATA CONFERENCE» атты басқосуда осындай маңызды мәселелер ашық талқыланды.

«Ақылды» қалаға қандай деректер қажет?

Халықаралық сарапшылардың зерттеуі бойынша, әлемдегі 1,3 миллион (!) адам әр апта сайын ауылдық елді мекендерден қалаға көшеді екен. Болжам бойынша, 2040 жылға қарай Жер шары халқының 65 пайызы қалада тұрады. Қала халқы өсімінің 90 пайы­зы Азия мен Африкада көрініс табады. Шыны керек, сарапшылар электрондық велосипедтерден бастап көшедегі кептеліске ақы төлеуді енгізуге дейін, қалалардағы өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтылып, ондаған жылдарын сарп етті.
«Ақылды қала» дегеніміз – бұл қала өмірінің барлық саласындағы нәтижелерді жақсартуға бағытталған технологиялар және әрбір қала өз тұрғындарына ұсынатын қызмет түрлерінің сапасын арттыру. «Ақылды қалаға» айналу үшін, әрбір қалаға ұзақмерзімдік шешімдер қабылдауға көмектесетін сенімді деректер қажет. Осы орайда, «ақылды қаланың» өміршең бастамаларын жүзеге асыруда ауқымды деректерді кеңейту мен ғаламтор заттар технологиясын дамытудың аса маңызды рөл атқарғаны мәлім. Өйткені ауқымды деректер қала басшылығына әртүрлі дерек көздерінен жиналған көптеген мәліметтерден аса құнды ақпарат алуға мүмкіндік береді. ҒЗТ жоғары желілік қызметтерді қолдану арқылы датчиктерді, радиожиілікті және Bluetooth-ды шынайы ортаға интеграциялауға жол ашып береді.


Зерттеуге түрен салынбаған сала

Ақиқатын айтқанда, ҒЗТ технологиялары мен ауқымды мәліметтер – әлі зерттелмеген саланың бірі. Сол себептен, «BIG DATA CONFERENCE» атты жиында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, Дүние­жүзілік банк және «Қазақтелеком» АҚ сарапшы-мамандары «ақылды қалаларда» қолданылатын заманауи коммуникациялық технологиялар мен интеллектуалды қосымшаларды қарапайым тілмен жұртқа түсіндіруге тырысты. Кейбір сарапшылар ауқымды деректер әртүрлі деңгейдегі қала халқының өмір сүруін мүлдем өзгертіп жібереді деген ұстанымдарын жеткізді. Сонымен қатар «ақылды қалаларға» арналған келешектегі бизнес-модельдің үлгісі ұсынылды. Осы бағыттағы бизнес-зерттеулердің және технология­лық еңбектердің мақсат-міндеттері айқындалды. Себебі мұндай зерттеулер ауқымды деректерді негізге ала отырып, «ақылды» қалаларды дамытудағы басты бағдарлардың біріне айналуы мүмкін.
Мәселен, қалалық инфрақұры­лымға датчиктер орнату және әртүрлі көздерден жаңа деректер жинау арқылы «Smart City» басқарушылары ауқымды деректерді қала өміріне жаңа тәсілмен болжам жасап, бақылау жүргізуге пайдалана алады. Конференцияда деректер ғылымының барлық аспектілері, соның ішінде алгоритмдері, бағдарламалық жағынан қамтамасыз етілуі, жүйе­лері мен қосымшалары туралы ақпараттар айтылып, ойталқыға түсті. «Big Data and Smart Cities» деректер ғылымымен байланысты көптеген салалардағы зерттеушілер мен бағдарлама жасаушыларды қызықтырып отыр. Атап айтсақ, ол салаларға: деректерді интеллектуалдық жағынан талдау, компьютермен есептеуге оқыту, статистика, деректерді көрсету, адамның бейнесін және мәліметтерді оқу, деректерді сақтау және т.б. Басқосуда қалалардың өміріндегі ауқымды деректерді қолдану жайында тұсаукесерлер өткізілді. Әлемдегі жетекші компаниялар «ақылды қалаларды» басқаруда ең түйткілді мәселелерді шешу тәжірибесімен бөлісті.

Виталий Саттаров, Сколковоның сарапшысы, Ubic компаниясының негізін қалаушы:

– Біз әлемдегі көптеген компаниялармен, қалалармен жұмыс істейміз. Мысалы, Азия құрлығында бір әріптесіміз бар. Ол – толықтай цифрландырылған жүйеге көшкен қала. Бірқатар рейтингтердің көшінің басында тұр. Бір мысал айта­йын, осы қаланың тұрғындары әртүрлі мемлекеттік қыз­меттерге бір ғана желі арқылы өтініш жібереді. Олар кәдімгі e-mail-мен бір ғана мекенжайға электрондық хат жолдайды. Одан әрі ештеңеге басын ауыртпайды. Әлгі хат қандай да бір «ақылды» жүйенің көмегімен құзырлы мекемелерге тез жетеді. Көп ұзамай мәселе оң шешіледі. Мұндай мысалдар жетерлік. Бір ресейлік шағын қаланың жүз мыңнан аса тұрғындары бар. Шағын ықшам аудандары, көшелері былай қарағанда елеусіз екені рас. Алайда осынау шағын қаланың «ақылдылығы» соншалық, кейбір рейтингтерде Азиядағы үлкен астананы артта қалдырады. Демек, брендинг дегеніміз логотип те, қандай да бір жобаны насихаттай беру емес. Ең алдымен, бұл қала тұрғындарының толық сеніміне кіру. Ауқымды деректер осындай жағдайда өте пайдалы.

Вибке Шлемер, Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры:

– Әрине, қазір ғаламшардағы қалалар тез өсіп келеді. «Ақылды» технологиялардың көмегімен олар әрбір адамға жайлы, тұрмысқа қолайлы болуы қажет. Ал «ақылды қала» дегенді қалай түсінеміз? Біріншіден, ол – цифрлық технологияларды тиімді пайдалана білетін құрылым. Екіншіден, инновациялық жаңалықтарды дер кезінде енгізіп отыратын аумақ. Нағыз инновация­лық қалаға айналу үшін үш түрлі талапты орындауы шарт. Бірінші талап – ауқымды деректерді тез жинап, тиімді пайдалану. Екінші талап – интеграция, яғни, барлық деректерді бір жерге біріктіру. Үшінші талап – ауқымды деректерді қаланы дамытуға пайдалану. Ең алдымен, бұл деректер мемлекеттік органдарға дұрыс жоспар жасауға жәрдемдескені жөн. Ауқымды деректері дұрыс интеграцияланған қала тұрақты түрде дамиды. Бұған әлемдік тәжірибе дәлел болады.

Вадим Лю, Қазақстандағы «Kcell» компаниясының коммерциялық нарықты дамыту жөніндегі директоры:

– Ауқымды деректерді қолданудың келешегі зор. Алайда біз бұл істің пайдасы барына әуелі мемлекетті сендіре алуымыз керек. Мысалы, қаладағы көлік қозғалысын қалай реттеуге болады, көшедегі кептелісті болдырмау­дың алдын алуға бола ма, қылмыс­тық ахуалды жақсарту үшін қандай қадамдар жасаған жөн, электр қуатын үнемдеудің тиімді тәсілі бар ма деген алуан түрлі сауалдарға қала басшылығы үнемі жауап іздейді. Бұл жерде ауқымды деректерді қаланы дамытуға пайдаланатын үздік әлемдік тәжірибені неге қолданбаймыз? Әрине, ол – ұзаққа созылатын үдеріс. Үкіметті сендірген соң, оған қаражат бөлінеді. Ол қаражатты тиімді, үнемді пайдалану үшін істің жөнін білетін кәсіби мамандар керек. Осылайша, технологияны жүзеге асыру ұзаққа созылып кетеді. Дегенмен, қаланы дамытуды ойлаған билік бұған дұрыс көзқараспен қарайды.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button