Басты ақпарат

«Ақылды» қаланың аялдамалары

Келбеті көз тартатын қаламыздағы жан-жағы жабық аялдамалардың ­сыртқы сәніне ішкі жылуы да келісіп тұр. Басында бұған жұмсалған қаржының көлеміне тұрғындар кәдімгідей тіксініп қалып еді, бірақ көптің игілігіне арналған дүние түптің түбінде өз-өзін ақтап жатыр. Жобаның өткені мен бүгіні қандай? Шаһардың қанша бөлігі жылы аялдамамен қамтылды?

Биылғы меже – 55 аялдама

Қала тұрғындары үшін бастау алған жоба қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Бұл бастамаға қала тұрғындары мен қонақтары дән риза. Қалалық мәслихат отырысында Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун қазір ерекше аялдаманың 39-ы жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген еді. Дегенмен миллионнан аса халқы бар Астана үшін бұл аздық ететіні рас. 39 аялдама қаланың орталықтарында орналасқандықтан, әсіресе шет аумақтағы тұрғындар қиындық көріп отыр. Ал қалалық әкімдік осыған дейін елордада бас-аяғы 1265 аялдама барын, оның 897-сіне аялдама павильондары орнатылғанын хабарлаған. Бұған қоса жыл аяғына дейін қосымша 86 жылы орынның ашылатыны, оның 55-і бюджет қаражатына, ал қалған 31-і мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік аясында жүзеге асырылатыны белгілі болды.
Бірер күн бұрын өткен жиындардың бірінде Жолаушылар көлігі басқармасы жол жүру қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Руслан Әбду­әлиев жақында 55 аялдаманың ашылатынын мәлім еткен. Қазір қаланың бірнеше тұсында сырт келбеті бөлек аялдамалардың орнатылғанын байқауға болады. Алайда жұмысы толық аяқталмағандықтан әзірге қаңырап бос тұр. Қазір жаңа павильондарды белгілі бір мекеменің қарамағына беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Жобалық-сметалық жұмыстарына байланысты қазір бұл аялдамаларды электр желісіне қосу ісі жүргізіліп жатыр. Электр қуатына қосылып, қажет қондырғылары толығымен орнатылған соң халыққа қызмет көрсете бастайды, – дейді Руслан Әбдуәлиев.
Бұл – «Ақылды қала» жобасының жүзеге асырылып жатқан бағыттарының бірі. Оның іші арнайы бейнебақылау арқылы назарда тұр. Ал шағын мекеннің аумағын бүлдіріп, зиян тигізген азаматтарды ішкі істер бөлімінің мамандары жазалайды. Сол сияқты Wi-Fi интернет тарату желісі орнатылатыны да осыған дейін хабарланған. Алайда бұл Wi-Fi желісінің аты болмаса, аялдамалар ішінде ғаламторды пайдалану мүмкін емес. Сол сияқ­ты ауа баптағыш және жылыту жүйесімен, бағдарлардың кес­тесімен және телефон қуаттау жал­ғағышымен жабдықталады.

– Жаңа аялдамалардың ерекшеліктері көп. Мәселен, сырттағы ауа температурасы -10 градус болған жағдайда жылу жүйесі бірден іске қосылады. Ал температура -20-дан төмендеген жағдайда қосымша желдеткіштері жұмыс істейді. Бәрі «Ақылды қала» жүйесіне қосылған. Тағы бір артықшылықтары, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтағаннан кейін, яғни 01:00-ден соң автоматты түрде өшіріледі. Бұл тұрғылықты мекенжайы жоқ қаңғыбастардың түнейтін орнына айналмас үшін жасалып отыр, – дейді жоба жетекшісі Антон Быстримович.

Иә, бұл артықшылығы қала тұр­­ғындарына қолайлы болары анық. «Ақылды» аялдамалар алғаш ашылған уақытта жұрт арасында «сығандар» деген атауға ие болған қаңғыбастардың «баспанасына» айналғаны бар. Арқаның аязынан тоңып, аялдамаға кірген тұрғындардың ішінің ластығы мен қолаңса иістің мүңкіп тұрғанынан мұр­нын ұстап, тыжыранып сыртқа шыққанына куә болған едік. Енді бұл мәселенің де шешімі табылғандай болып отыр.
Сонымен қатар жоба жетекшісі өз сөзінде аялдаманың ұзаққа шыдауы үшін соққыға төзімді материалдармен әзірленгенін айтып өтті. Нақтырақ айтқанда, еден төсегіштері мұз айдындарының технологиясымен әзірленген.
Астанада қыс мезгілі оңтүстіктегідей желтоқсан айынан басталмайды. Қарашаны күтпей-ақ, қазан айының соңына таман жапалақтап қар жауып немесе борандатып кететіні рас. Ал бірнеше ай бұрын жоспарланған жобаның ұзаққа созылып кетуінің де өзіндік себебі болыпты. Жетекшілердің айтуынша, іске кірісуге арнайы өткізілген ашық конкурстың ұзақ өтуі кедергі келтірген. Соның салдарынан шағын ғимараттардың құрылысы тамыз айынан басталған екен. Қазіргі уақытта 45 аялдама орнатылған, ал 25 қарашаға дейін толығымен қолданысқа берілетіні хабарланды.
Жаңа орындар қаланың әр жеріне орнатылды. Құрылыс орындарын анықтарда аурухана, мектеп, вокзал секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар маңына айрықша мән берілген. Белгілі болғандай, 13 павильон қаланың сол жақ жағалауына, 22-сі Сарыарқа ауданына, 14-і Алматы ауданына, ал 6-уы жаңадан ашылған Байқоңыр ауданына орнатылды. Бұған қоса елордалық кәсіпкерлердің демеу­шілігімен қосымша 7 автобус стансасы ашылды. Олардың орны, негізінен, сауда орталықтарының маңына қарастырылды.
Айта кетерлік тағы бір жайт, ескі аялдамалар қоқысқа жіберілмейді. Қала көлігін басқару басқармасы Астананың шет тұстарындағы автобус аялдайтын орындарға орнатылатынын хабарлады.

Бір аялдаманың құны екі бөлмелі пәтермен тең

Бұл бастама алғаш рет қолға алынып, жүзеге аса бастаған шақта бір аялдаманың құны 10 миллион теңгені құрайтыны хабарланған. Бұл жұртшылық арасында біраз дау тудырғаны да белгілі. Ал жаңаның аты – бәрібір жаңа. Жаңасының құны ескісінен де асып түскені анықталды. Мәлім болғандай, биыл салынып жатқан аялдамалардың біреуінің шығыны 12 миллион теңге болмақ. Салыстырмалы түрде алар болсақ, хабарландыруларға көз жүгірткенімізде, Астанада аумағы 45 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер 11 млн теңгеге саудаланып жатқанын байқадық. Бұл мәлімет арқылы жылы аялдамалар салынбауы керектігін меңзеп отырған жоқпыз. Бірақ жұмсалған қаржы мен атқарылған шаруа бір-біріне қаншалықты сай келеді? Мұның да жауабын іздеп көрдік.
Жылы аялдама алғаш орнатылған жылы Астанаға іссапармен келген көршілес Ресей елінің Краснояр қаласы, Свердлов ауданы әкімінің орынбасары Алексей Исаев аялдамалардың бағасына таңғалғанын жасырмаған. Сол тұста біздегі 10 миллион тұратын аялдамаларды Краснояр қаласында небәрі 200 мың рубльге, яғни 3200 долларға орнатылғаны белгілі болған. Бағасы жағынан бізден бірнеше есе арзанға түскені болмаса, тұп-тура біздікіндей екені де айтылды. «Бір-екі дана жылы аялдама халыққа таныстыру мақсатында қойылған. Егер жаңа аялдамалар тұрғындарға жайлы болып, ұнап жатса, қаланың барлық аялдамасы біркелкі архитектурада жасалған дүңгіршекке ауыстырылады» деген болатын Свердлов ауданы әкімдігінің жетекшісі Игорь Титенков.
Ал өз кезегінде Astana LRT ұйы­мының транспорт бойынша директоры Рустам Халилев Крас­нояр мен Астананың аялдамаларын салыс­тыру еш қисынға келмейтінін айт­қан болатын. «Қарапайым ғана «ақылды» аялдамада не қарастырылуы керек?» деген сауалға жауап берейікші. Онда мүмкіндігі шектеу­лі жандарға ыңғайлы болуы үшін пандус болуы тиіс. Біз екі қаланың аялдамаларын салыстырып көрдік. Кейбірінде жылу, жарық жүйелері орнатылмаған, тіпті фундаменті төселмеген. Егер 3200 долларға дәл біздікіндей аялдама салып береміз дейтін мердігерлер болса, қуана-қуа­на келісеміз. Қызық үшін Краснояр жеріндегі аялдамаларға барып көрдім. Бірақ салыстыруға мүлдем келмейді. Бұл жобаның тым қомақты екені белгілі. Алайда бәрі ел тұрғындары мен қонақтарының игілігі үшін жасалып жатқанын айта кеткен жөн. Ал оның сапасы үшін жұмсалған қаржыда ешқандай ауытқушылық жоқ» деген болатын Рустам Халилев.
Қорыта айтар болсақ, «Ақылды қала» жобасы аясында жүргізіліп жатқан бастамаға 3 жылдан аса уақыт болды. Бүгінге дейін ондаған жабық орын ашылды. Ал қалалық әкімдік келер жылы инвесторлардың есебінен жаңа үлгідегі 200-ге тарта аялдама ашу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Қанатқақты жоба қазіргі уақытта еліміздің өзге де өңірлерінде іске асып жатыр. Мәселен, Өскемен қаласында 2016 жылы небәрі 3 жабық кешен салынса, енді оның 11-ін ашу жоспарланып отыр. Сол сияқты Қарағанды, Қостанай қалаларында да қолға алынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button