Басты ақпарат

АРЫС, БІЗ БІРГЕМІЗ!

– Арыстың Нұр-Сұлтан қаласына бекітілген тоғызыншы секторында бүгінгі таңда қандай жұмыс жүргізілуде?
– Мұнда бір апта бұрын жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы, біздің секторда үш көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Сонымен қатар техникалық тексеріске сәйкес қалпына келтіруге жарамсыз деп табылған және жаңа құрылыстың қажеттілігі туралы шешім қабылданған үйлердің орнына 150-ге жуық жаңа жеке тұрғын үйлер салып жатырмыз.
Тоғызыншы секторда ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл аумақта халық өте тығыз орналасқан. Мұнда 1467 тұрғын-жай қалпына келтірілуі керек болған. Қалада жалпы 98 көппәтерлі үй болса, соның 57-ін, яғни 60 пайызын қалпына келтіру Нұр-Сұлтан қаласына тапсырылған. Сонымен қатар 717 жеке үйдің пәтер­лерін жөндеуден өткізіп жатырмыз. Үш көппәтерлі тұрғын үй, 150-жеке үй қалпына келтірілмейтін болғандықтан олар қазір бұзылды. Тұрғындары уа­қытша басқа жерге қоныс­танды. Қалған күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Тиісті ақаулық актілері дайындалып, сауалнамалар жүргі­зіліп, мамандандырылған ұйымдардың қорытындылары жасалды. Жұмыстар жалғасуда.
– Белгіленген тапсырмамен, жұмыс ауқымын орындай аласыз ба?
– Жалпы алғанда, әрине, үлкен жұмыс атқарылуда. Біздің секторда шамамен 10 мың адам тұрады. Бұл Арыс қаласының жалпы халқының 5 бөлігі. Егер тұрғын үй қоры туралы айтатын болсақ, Нұр-Сұлтан қаласына бекітілген 9-сектор қаладағы жалпы тұрғын үй қорының 18 па­йызын құрайды. Астанамыз­да айтарлықтай ыр­ғақты жұмыс нәтижесін көрсетіп, ауқымды жұмыс атқаруы керек екендігі­мен келісемін: біз қазіргі уақытта осыған тырысып жа­тыр­мыз. Әрине, жаңа тұрғын үй салу үшін біраз уақыт қажет, технология­ға байланысты мәселелер бар. Біз жұмыс­ты барлық нормаларға, ережелерге және құрылыс технологиясына сәйкес жүргізетінімізді атап өткім келеді. Бөлінген қаражат игерілуде. Үкімет күрделі жөндеуден өткізуге және жаңа құрылысқа қаржы бөлді. Сондай-ақ, қаражаттың белгілі бір мөлшері Нұр-Сұлтан қала­сының жергілікті бюдже­тінен қарас­тырылған. Со­нымен қатар «Нұрлы Астана» бюджеттен тыс қоры жеке тұлғалар мен кәсіпорындардың, басқа департаменттер мен мекемелердің демеушілік көмегі арқылы толықтырылады. Яғни, біз осы үш қаражат көзін Арыс қаласындағы үйлердің құрылысына, күрделі жөндеуден өткізуге және ағымдағы жөндеуге пайдаланамыз.
– Жұмысқа қанша адам тартылады? Техника жағы қалай?
– Қазіргі таңда мұнда 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Біз бұл әрлеу жұмыс­тары басталған сайын адам санын арттырып жатырмыз. Әртүрлі жұмыс нысандарында 30-дан астам мердігерлік ұйым жұмыс істейді. Барлық қажетті материалдар сатып алынады. Жұмыс кестесі дайындалды. Барлық қажетті жабдықтар жұмыс істейді. Бізде ешқандай қиындық жоқ, екі ауысымда жұмыс жасаймыз. Ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, жұмысты таңғы сағат 05.00-06.00-де бастауымыз керек. Түстен кейін түскі үзіліс жасаймыз. Жұмысшылар бірнеше сағат демалады, содан кейін жұ­­мыс күн батқанға дейін жал­ғасады.
Шілде айының басында шатырлы лагерь жасақ­тадық, онда 65 адамды құ­райтын штаб қызметкерлері тұрады. Сонымен бірге ас­­таналық жедел жәрдем қыз­меткерлері де жұмыс іс­тейді. Адамдар қажетті­нің бәрі­мен қамтамасыз етілген.
Ешкімге тәуелді болмас үшін техниканы өзімізбен бірге алып келдік. Өзіміз тұрған жердің санитарлық жағдайын сақтаймыз, жүк тиеушілер үнемі қоқыс шы­ғарады. Бұл жағынан бізде ешқандай қиындық жоқ.
– Сіздің секторда жұмыс барысында қандай да бір күрделі жағдайлармен бетпе-бет келетін жағдайлар бола ма?
– Жергілікті билік органдарымен және коммуналдық қызметтермен тығыз жұмыс істейтінімізді атап өткім келеді. Өйткені, біз жаңа үйлердің инженер­лік инфрақұрылымға қосу мәселесін шешуіміз керек. Осыған байланысты жергілікті ат­қарушы органдарға ризашылығымызды білдіреміз, өйткені олар біздің мәселелерімізді тек техникалық сипатта ғана емес, сонымен бірге құжаттардың уақтылы орын­далуына байланысты құқықтық мәселелерді де жедел шешеді. Сүрілген үйлердің барлық құжаттары сәйкесінше рәсімделмегеніне байланысты қиындықтар болды. Кейін адамдарға ешқандай қиындық тумас үшін, бұл мәселелерді қазір шешуге тырысып жатырмыз.
Жергілікті тұрғындар келіп, құрылыс-монтаж жұ­мыстарының барысына қызығушылық танытып, кей жұмысқа өз бағасын беріп жататынын айта кету керек. Оларға үйге қажетті құжаттарды қалпына келтіруге қатысты кеңес беріледі. Біз бұл жерде де ынтымақтаса жұмыс істеуге тырысамыз. Штаб ХҚКО базасында ұйым­дастырылған.
Біз 9-шы секторымызды шағын учаскелерге бөлдік. Әр шағын учаскеде туындайтын мәселелерді шешуге жауапты адам бекітілді. Әрине, адамдар жұмыс сапасына көңілтолмаушылық білдіретін кездер болады немесе оларды алаңдататын мәселелер туындайды. Біз бұл мәселелерді тез арада шешуге тырысамыз. Кез келген адам біздің орталыққа хабарласып, өтініш қалдыра алады. Біз оны мердігерге береміз және бұл ескертулерді міндетті түрде қалпына келтіреміз.
– Құрылыс жұмыстарын қашан аяқталады? Адамдар қашан үйлеріне қайтады?
– Егер мерзім туралы айтатын болсақ, жеке тұрғын үйлердің, сондай-ақ 54 көп пәтерлі тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің ағымдағы және күрделі жөндеуін 25 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жаңа оқу жылы басталар алдында балалардың қолайсыздық сезінбей мектепке барулары керек. Жаңа құрылысқа келетін болсақ, біз бұл жұмыс­тарды қыркүйекте аяқтау­ды жоспарлап отырмыз. Ауа райы мүмкіндік береді. Монтаждау жұмыстарын уақтылы аяқтауға байланыс­ты қиындықтар болмайды деп ойлаймын.

Әңгімелескен Жарқын ЖҰМАДІЛОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button