Жаңалықтар

АСТАНА АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Бүгінде Астанада балаларға арналған алаңқайлар мен спорт алаңдарын кешенді абаттандыру, демалатын күркелер, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жыл соңына дейін Алматы ауданында – 10, Сарыарқа ауданында – 19, Есіл ауданында 6 аула абаттандырылады. 

Қазіргі кезде Алматы ауданында 581 аула бар. Биыл 16 көп қабатты үйді қамтитын 10 ауланы кешенді абаттандыру жоспарланған. Балаларға арналған 11 ойын және 3 спорт алаңы жасалады. Азаматтардың таза ауада жаттығуына да баса назар аударылады. Осы мақсатта 5 гимнастикалық алаңда 56 тренажер орнатылады. Абаттандыру жұмыстары барысында 80 қоқыс жәшігі, 72 орындық, 8 күрке мен 8 кір жаятын алаң жасалады. Сонымен қатар, ауданы 12801 шаршы метр болатын жердің асфальтбетон жабыны жөнделіп, 4465 шаршы метр жерге жаңадан асфальт төселеді.

Былтыр 27 аула жаңартылды. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін балаларға арналған 36 және 11 спорт алаңы жасалды, 419 қоқыс жәшігі, 389 орындық, 30 күрке, 38 кір жаятын алаң орнатылды. Сондай-ақ, жаңа тұрақ орындары пайда болды.

Есіл ауданында 6 аула абаттандырылады. Жаңа ойын және спорт алаңдары қойылып, бұзылған элементтер қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстары барысында сапалы, қауіпсіз шағын сәулеттік пішіндер, тренажерлар пайдаланылады.

Сарыарқа ауданында 707 аула орналасқан. Үстіміздегі жылы 19 аула жаңартылатын болады. Абаттандыру бағдарламасы Көктал және Өндіріс тұрғын алаптарын да қамтиды. Атап айтқанда, 8 гимнастикалық алаңға 80 тренажер орнатылады, жасанды жабын төселген 7 жаңа спорт алаңы, резеңке жабын төселген 7 балалар алаңы, құмда ойнауға арналған 8 алаң және түрлі шағын архитектуралық пішіндер тұрғындардың игілігіне беріледі.

2015 жылы Сарыарқа ауданында 14 аула абаттандырылып, 214 әткеншек, сырғанақ, орындық пен қоқыс жәшігі қойылған. Спортпен шұғылданып, белсенді демалуға арналған 3 гимнастикалық алаңға 33 тренажер орнатылды, заманауи экологиялық қауіпсіз материалдардан әзірленген жасанды жабын төселген 2 жаңа спорттық алаң жасалды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button