Басты ақпарат

Астана дамудың жаңа кезеңіне қадам басты

Елордамызды тұрғындар үшін қалай мұнан да ыңғайлы, қолайлы жасауға болады? Қаланы дамытудың 5 жылдық кешенді жоспарының негізіне қандай стартегиялық және тактикалық міндеттер енді? Қаладағы мәселелердің қайсысы ең өзекті, күрделі? Астана қаласы әкімдігі тұрғындарға ашық болуы үшін қандай шаралар қабылдауда? Осы және өзге де сұрақтарға Астана қаласының әкімінен жауап алуды көптен бері ойластырып жүр едік. Соның сәті енді түсіп, газеттің кезекті нөміріне осы сұхбат дайындалып жатқанда, Әсет ИСЕКЕШЕВ Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

– Осы жылдың сәуір айында Елбасы Астананың жүйелі дамуы бойынша арнайы жиын өткізген болатын. Бірнеше міндеттер мен тапсырмалар берілді. Осы тұрғыда қала тұрғындарын Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы қызықтырады.

– Елорда – еліміздің мақтанышы, Елбасымыздың төл туындысы. Сондықтан қаланың даму барысы әрдайым ел басшылығының ерекше назарында болары сөзсіз. Жалпы, Астана қаласында да басқа қалалар сияқты күнделікті мәселелер мен жүйелі түрде шешілетін мәселелер бар. Елбасы берген тапсырмалар аясында біз басым бағыттар мен бағдарламаларды, қаланы басқару жүйесін қайта қарастырып шықтық.

– Әрине, ауқымды жұмыстарды бір ауызбен айтып шығу мүмкін емес. Бірақ қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысына қалай сипаттама беруге болады?

– Осы жылы экономиканың базалық салаларында өсудің оң динамикасы байқалады. Өнеркәсіптің өсу қарқыны – 2,6 пайыз (381,4 млрд теңге). Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайызға (317 млрд теңге) өсті.

Жыл соңына дейін машина жасау, металлургия мен сусын шығару көлемін арттыру есебінен өсімді 11 пайызға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Қалаға 580 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,9 пайыз жоғары. Бұл ретте тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 158,4 млрд теңгені құрады. Мұны өткен жылмен салыстырғанда үш есе өсті деуге болады (2017 жылдың 8 айы – 51,7 млрд теңге). Биыл өткен екі жылдағыдай елордада салық түсімдері бір триллион теңгені құрайтынын айта кеткен жөн.

Астана қаласының жалпы республикалық құрылыс көлеміне қосып отырған қарқынын ерекше атауға болады. Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3 млн 170 мың шаршы метр көп қабатты тұрғын үй салынған болса, оның 42 пайызы Астана қаласында пайдалануға берілді. Бұл – біздің құрылысшыларымыздың үлкен еңбегі. Жалпы, соңғы 3 жылда (2016-2018 жж.) елордамызда 7 млн шаршы метр баспана, яғни 100 мың пәтер салынды. Бұл – бір орташа облыс орталығымен бірдей көрсеткіш.

Сонымен қатар Астанада өндіріс қуаты жылына 320 мың шаршы метр болатын екі жаңа индустриалды үй салу комбинаты жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде нысандарды салу жылдамдығы артып, құрылыс сапасы жоғарылайды. Бұл өз кезегінде баспана бағасын төмендетеді. Жеделдігі тәулігіне жеке үйлердің бір қабатын салуға жетеді. Біздің қатаң климатымызды және қысқа құрылыс маусымын ескере отырып, жылдамдық тұрғын үй құрылысының басты факторларының бірі дер едім. Енді көп пәтерлі үйлерді бір маусымда тұрғызуға болады.

Астана – кәсіпкерлер қаласы

– Шағын және орта бизнес қалай дамып жатыр?

– Жақында 2017 жылдың қорытынды деректері шықты. Қала экономикасындағы ШОБ үлесі 54,4 пайызды құрады. Әр ай сайын 1400 жаңа кәсіпорын ашылуда. Ал жыл басынан бастап Астанада 12 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,5 пайызға көп. Оның 10,9 мың орны – шағын және орта бизнес саласында.

Қазірдің өзінде біз елорда экономикасында елеулі өзгерістерді көріп отырмыз. Туризм, өңдеу өнеркәсібі, АКТ, көлік сияқты салалар айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр, ал мемлекеттік басқару секторы бойынша ЖӨӨ үлесі төмендеуде. Бұл Астана қаласының мемлекеттік қызметкерлер қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналғанын тағы да дәлелдейді.

Тағы бір дерек, бүгінде қаланың басты инвесторы кім деп ойлайсыз? Бұл – шағын кәсіпкер. Қаланың барлық инвестицияларының шамамен 70 пайызы – шағын бизнестен, тіпті орташадан да емес.

«Қызмет көрсету экспорттаушысы болу»

– Өзін-өзі асырайтын қала деп айтқанда нені меңзеп отырсыз?

– «Сауда жасайтын сектор» деген экономикалық термин бар. Яғни бұл – үлкен экспорттық түсімді қамтамасыз ететін секторлар. Кейбір аймақтар үшін бұл – металдар, мұнай. Бірақ мегаполис қандай экспортты тауар ұсына алады? Біздің есебімізше, 2025 жылы елордада 1 миллион 700 мың халық тұрады. Бұл уақытта 300 мың жұмыс орнын құруымыз керек. Бұл жұмыс орындарын қайдан құрамыз деген мәселе туады. Қаржының қандай тұрақты ағымы болуы керек? Ішкі нарық деген тамаша. Бірақ тұрақтылық үшін қала экономикасының айтарлықтай бөлігі валюта әкелетін экспорттық бағытта болуы керек. Өнеркәсіп? Бізде ресурстер – су мен энергия жетпей қалады. Технология дамуының қазіргі заманғы жағдайында осыншама адамды жұмысқа тұрғызу үшін 3000 зауыт пен фабрика салынуы тиіс. Сондықтан Дубай, Лондон, Сингапур, Мәскеу қалаларының экономикалық үлгілерін есепке алдық. Ақыры қызмет көрсету саласына тоқтадық. Бірақ қызмет көрсетулер, негізінен, сыртқы нарыққа бағдар алуы тиіс. Яғни көптеген адамдардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін үлкен мөлшерде валюта келуі керек. Бұл жағдайда Астана өте тиімді экономикалық жоба болып табылады. Экспортқа бағытталған қызмет көрсетулерді дамытып, Дубай, Сингапур сияқты сервистік қала болу қажет. Бұл қалаларға жыл сайын 15 миллион шамасында турист келеді.

– Бұған қалай қол жеткізуге болады? Астана туризмнің қандай бағытына басымдық бермек?

– Бізге бірқатар бағыттар бойынша өңірлік хабқа айналу керек. Біріншіден, Астанада потенциал бар. Конгресс-көрме бірінші кезекте іскерлік туризмді дамыта алатын орталығымыз бар. Барлық өңірлік көрмелерді осы жерде өткізуге болады. 130 локациядан тұратын қаланың инфрақұрылымы ең жоғарғы деңгейде ірі көлемдегі шараларды өткізуге дайын. Мәселен, Сирия мәселесі бойынша келіссөздерді, Астана экономикалық форумы мен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткіздік.

2018 жылдың басынан әртүрлі көлемдегі және күрделілік деңгейіндегі 20-ға жуық іскерлік шара өтті. Атап айтсақ, «Zhaina» халықаралық әйелдер форумы, «Enactus Kazakhstan 2018» студенттік-кәсіпкерлік, стартаптар мен инновациялар кубогы, Kadex-2018 халықаралық қару-жарақ көрмесі, Бүкіләлемдік мерейтойлық 25 тау-кен конгрессі, Жібек жолы мемлекеттері қалалары мэрлерінің форумы.

Екіншіден, Астана мәдениет және спорт орталығы болуы керек. Орталық Азия, ТМД, Батыс Қытай елдерінен тұрақты түрде туристер ағылу үшін ірі шаралар өткізілуі тиіс. Болашақ – киберспортта. Мұндай да алаңдар қажет. Қазіргі заманғы өнер орталығы бар. Барыс Арена базасында мәдени жобаларға арналған алаң құрылды. Онда әртүрлі шоулар өтіп, белгілі әртістер өнер көрсетеді.

Үшіншіден, бұл – біз дамытып жатқан қаржы орталығы.

Төртіншіден, бұл – авиахаб. Яғни авиациялық логистика мен транзиттік туристер.

Бесіншіден, бұл – білім мен денсаулық сақтау орталығы және сөзсіз қала туризмі орталығы. Қазір Астанада туризм жағынан тартымды жерлер мен нысандар көп – музейлер, Ботаникалық бақ, Хан Шатыр, Пирамида және т.б. Әрине, сондай нысандарды салу шығын кетеді, бірақ олар өзін-өзі ақтайды.

Бұл шараның барлығы 2025 жылға қарай үш миллионға жуық туристің келуін қамтамасыз етеді. Бұл – өте қомақты валюталық түсім. Қазіргі экономикалық жағдайда бұл бағдарламаны жүзеге асыру оңай емес. Бірақ біз Астана мұнай мен газды экспорттаушы ретінде емес, сұранысқа ие заманауи қызмет көрсетулерді тарататынына сенімдіміз.

– ЭКСПО астананың туристік кластері дамуының қозғаушы күші болғаны даусыз. Бұл жұмыс жалғасып жатыр ма?

– ЭКСПО мемлекеттің туризм саласындағы жаһандық және жүйелі өзгерістерге баспалдақ болды. Өткен жылы Астанаға 5 миллион 400 мың адам келді. Олардың екі жарым миллионға жуығы халықаралық көрмеге барды. Нәтижесінде астананың туристік секторы қарқынды өсімді көрсетті.

Сондықтан біз 2018 жылы 2017 жылға дейінгі көрсеткіштің 95 пайызына қол жеткізу міндетін қойдық. Ол үшін стратегия жасалды. Жыл сайын кем дегенде 50 ірі халықаралық іс-шараны өткізу – басты міндет.

Қала туристерге ыңғайлы болуына көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, ақпараттық дүңгіршектердің жұмысы және келген орындарында үзіліссіз интернет болуы, экскурсиялық автобустар, жаяу экскурсиялар, экскурсияларды жоспарлау бойынша онлайн көмекші және т.б.

Жалпы алғанда, бастапқы кезеңде Астанадағы туризмді дамытудың үш басым бағыттары анықталды: MICE (бизнес туризм), медициналық және қалалық рекреациялық туризм.

Жаһандық «ақылды» қала болу

– Қала үшін қандай мәселелерді маңызды деп санайсыз және неліктен?

– Қазіргі күні біздің алдымызда бірнеше міндеттер тұр. Біріншіден, стратегиялық, ол – Астананы Еуразия кеңістігінде маңызды әрі «ақылды» қалаға айналдыру. Бұл жерде көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр.

Алайда одан да басты әрі біз басымдық беріп отырған міндет – Астананы тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қала ету. Біз әлемнің дамыған шаһарларының тәжірибесін зерттедік. 20 бағыттың әрқайсысы бойынша: әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, экология, адамдарды толғандыратын мәселелер бойынша мақсат анықталып, дамыған қалалардың деңгейіне қалай жету керектігі белгіленді. Арнайы бағдарламалар қабылданып, нақты жобалар әзірленді. Олар жүзеге асырылып жатыр, нәтиже де бар.

Астана өзгерістердің локомотиві болуы тиіс, қазіргі заманға сай экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге бейімделуі мен трансформациясына дайын болуы тиіс. Ол үшін қаланы дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленді.

Қаланы одан әрі дамытудың 5 жылдық перспективалық аймағын қоса алғанда 2023 жылға қарай жолдардың қашықтығын 121 километрге, жылу қуатын 1038 Гкал-ға және электр қуатын 120 МВт-ға көбейту, 231 километр сумен қамту және су ағызу желісін салу көзделген. 25 балабақша мен (6 мың орындық) 37 мектеп және 10 қосымша нысан (барлығы 63 мың орындық), 10-нан аса денсаулық сақтау нысаны салынады.

Алдағы бес жылда 9,5 млн шаршы метр баспана салу, сондай-ақ инженерлік-көліктік инфрақұрылымның жүктемесі мен ұзақтығы ұлғайту жоспарланып отыр. Бағаға сәйкес, жолаушы айналымының өсім қарқыны орта есеппен – 7 пайызды, жүк айналымы 5 пайызды құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланың шекарасын игеру 25,7 гектардан 15,4 мың гектарға дейін оңтайландырылды және болашақтағы аймақтар құрылысы анықталды.

– Ол қандай аймақтар?

– Бес аймақ. Атап айтқанда, Мыңжылдықтар аллеясы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалының ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, Тұран даңғылының батыс бөлігі, Тельман тұрғын алабының оңтүстік бөлігі. Бұған қоса, жеке сектордың үйлерін күреу есебінен Асан қайғы көшесін реновациялау көзделіп отыр. Есесіне ол жерге жарты миллион шаршы метр үй салынады.

– Әкімдік тұрғын үй нарығына оптимизммен қарайды…

– Бұл деректер аспаннан алынған жоқ, біз перспективаларды анықтадық. Қазір Астана заманауи дамып жатқан мегаполис ретінде елімізде ғана емес, тұтас Орта Азия аймағында өмір сүруге және бизнес үшін тартымды қаланың бірі болып отыр. Халықтың көші-қон және туу көрсеткішінің өсуі есебінен біз жыл сайын халық саны кем дегенде 50-100 мың адамға өседі деп күтіп отырмыз.

– Халық санының өсуімен бірге инфрақұрылым, білім беру, емхана проблемалары туындайтыны сөзсіз. Осы мәселелерді қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?

– Мен бұған дейін урбанизация процесі интенсивті қарқынмен жүріп жатқанын айтқан болатымын. Өзіңіз ойлап көріңіз, үш жылда біз 7 миллион шаршы метр баспана салдық. Ол – 100 мың пәтер. Егер әр отбасыда үш адамнан тұрады деп алсақ, шын мәнінде одан да көп, біз 300 мың адамға баспана салдық. Яғни үш жылдың ішінде біз бір облыс орталығын тұрғыздық деген сөз. Бұған қоса, қауіпсіздікпен қатар, қалалық инфрақұрылымдардың жұмысын қамтамасыз ету мәселесі де бар. Әрине, бұл жерде бар ауыртпалықты тәулік бойы жұмыс істейтін қалалық құрылымдар сезініп отыр.

Міне, Астананы дамытудың бес жылдық жоспары осы үшін қабылданды. Ол нақты жоспарлау үшін жасалды. Дамыған елдерде, мысалы Сингапурде бизнесмен жерді сатып алу кезінде оның теліміне инфрақұрылым тартып беретінін нақты біледі. Аталған міндеттемелер орындалмаған жағдайда, ол мемлекетті сотқа бере алады. Осылайша бес жылдық жоспар керек, оның ішінде адамдар белгілі бір ауданда тиісті инфрақұрылым: жылу, жарық, су болатынын білуі тиіс. Біз инфрақұрылымды алдын ала жоспарлап жасауымыз керек. Алдағы бес жылда елорданың дамуына шамамен 5 трлн теңге жеке инвестиция салынып, бюджетке 7 трлн теңге түсім түседі.

Мемлекет басшысының идеялары мен жеке қолдауының арқасында Астана заманауи мәртебеге ие әрі қарқынды дамып жатқан мегаполис атына лайық болып отыр.

– Әсет Өрентайұлы, Астананы одан әрі салу процесіне қандай жаңашылдықтар енгізу көзделіп отыр?

– Біріншіден, полиорталықтандыру. Қала дамыған урбанистикалық шешімдері мен жайлы әлеуметтік инфрақұрылымы бар полиорталықтанған болуы керек. Бұл – елорданың қала құрылысындағы дұрыс шешім. Яғни бір ғана орталық емес, бірнеше жеткілікті орталықтар пайда болды. Барлық қажетті инфрақұрылымдары бар. Қазіргі күні адамға жайлы өмір сүруі үшін тек баспана ғана емес, оның айналасындағы қоғамдық кеңістік те маңызды. Мәселе аулалар, саябақтар мен гүлзарлар туралы болып отыр. Екіншіден, урбанистикалық тәсіл. Заманауи адам өзіне қажетті әлеуметтік-мәдени нысандар оның тұрғылықты жеріне жақын жерде орналасқанын қалайды. Негізінде, әр нысанға 35 әлеуметтік көрсеткіш бойынша жаяу жететіндей жақын жерде, яғни қолжетімді болуы керек. Бұл көрсеткішке қол жеткізу оңай шаруа емес. Біз үшінші жыл қатарынан осы жоспарды орындау үшін жұмыс істеп келеміз. Жалпы, біз Астана қазіргі күні дамудың үшінші сатысына қадам басты деп ойлаймыз.

– Дамудың үшінші сатысы дегенде сіз нені меңзеп тұрсыз? Алдыңғы екеуі қандай болып еді?

– Бірінші сатысы – елорданы көшіру мен жапон сәулетшісі Курокава жасаған, Мемлекет басшысы бекіткен бас жоспарға сәйкес қаланың сол жағалауын салу. Екінші сатысы 2011 жылдан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық шеңберінде басталған қарқынды құрылыспен байланысты. Осы уақытта әуежай терминалы, жаңа вокзал, ЭКСПО нысандары салынды. Соңында, үшінші сатысы – Астана еуразиялық кеңістіктің негізгі орталықтарының біріне айналу үшін өңірлік хаб болуға бағытталған жұмыс. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия үшін Сингапур және Таяу Шығыс үшін Дубай деген сияқты. Сондықтан біз қазір инфрақұрылымды дұрыс құру, урбанистика мен жайлы ортаның заманауи трендтерін ескеру үшін ағылшын және канадалық сарапшылармен бірлесе отырып мастер-жоспар әзірлеп жатырмыз. Қоғамдық көлік, тұрғын үй, мектеп, жол, денсаулық сақтау нысандарын салу, сауда орындары мен базарларды, саябақтар мен гүлзарларды дамыту мәселелерін назарға аламыз. Бұл шаралар кешенді түрде бізге тез өсіп келе жатқан қалаға тән сәулеттегі ауытқуларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Мәселелер – бақылауда

– Қаладағы мәселелердің ең күрделісі қайсы деп санайсыз?

Үлкен шаруашылықта әрдайым көптеген мәселелер бар. Мектептердің дайындығы, жылыту маусымы, көмір, базарлардың жұмысы, құрылыс алаңдары – ұзын-сонар тізім. Күн тәртібінен қауіпсіздік, қоғамдық көлік, қала аумағын тазалау және абаттандыру, электр энергиясымен қамтамасыз ету, ауруханалар мен басқа да тіршілік нысандарының тұрақты жұмыс істеу мәселелері түспейді.

– Кез келген мегаполис үшін ең қиын мәселелердің бірі – жолдар, олардың жүктелуі мен сапасы. Көлік инфрақұрылымы қалай дамиды?

– Қазір екі ірі жол жобасы іске асырылуда. Бұл – қала көшелерін айтарлықтай жеңілдетуге арналған үлкен және кіші айналма жолдар. Егер осы жобалар туралы егжей-тегжейлі айтатын болсақ, қазіргі уақытта Астана қаласының айналасындағы Тілендиев даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейін ұзындығы 34,4 км үлкен айналма жолдың оңтүстік-батыс бөлігі салынуда. Оны 2020 жылы аяқтау жоспарлануда. Ол жекелеген бағыттарда және басым жүк қозғалысы учаскелерінде қала аудандары арасындағы көлік байланысын, сыртқы автомобиль жолдарына шығуды, сондай-ақ Астананың көлік жүйесіне жүктемені төмендетуді, қаланың көлік ағынының құрамында транзиттік автокөлік санын азайтуды, экологиялық жағдайды жақсартуды, автокөлік құралдарының пайдалану жылдамдығын ұлғайтуды, көлік байланыстарын кеңейтуді, ілеспе жол инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді.

– Кіші айналма жолдың шекаралары қандай?

– Ол Қошқарбаев, Ұлы Дала даңғылдары және Ақжол, Бейсекова көшелерімен өтеді, жалпы ұзындығы – 46 км. 2007-2017 жылдар аралығында 22,8 км жол, 9 көлік айрығы, көпірлер мен жол өтпелері салынды.

Бүгінгі таңда Сарайшық көшесінің Тұран даңғылынан Бейсекова көшесіне дейінгі бөлігінде жол ашылды. Бейсекова көшесінің Сығанақ көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі, Ұлы Дала даңғылының Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейінгі, Ұлы Дала даңғылының №9 көшеден Қалдаяқов көшесіне дейінгі бөлігі жалпы ұзындығы 15,2 км Есіл өзені мен Нұра-Есіл арнасы арқылы өтетін 2 көпірдің құрылысы жалғасуда. Осы учаскелердің құрылысын аяқтау мерзімі 2019 жылға жоспарланған.

Ш.Бейсекова көшесінің Н.Тілендиев даңғылынан Ақжол көшесіне дейінгі, Ақжол көшесінің Ш.Бейсекова көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі, Ұлы Дала даңғылының Ш.Қалдаяқов көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігін салу, оның ішінде 4 көлік қиылысы мен жалпы қашықтығы 8 шақырым бір жол өтпесі бар құрылыс жұмыстары бар.

Жалпы, кіші айналма жол құрылысы тәулігіне 90 мыңнан астам транзиттік көлікке Астана қаласының әкімшілік орталығын айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл Тұран, Қабанбай батыр және Мәңгілік Ел даңғылдары бойынша қозғалыс қарқындылығын айтарлықтай қысқартады. Сонымен қатар Қабанбай батыр даңғылындағы жолдың жүру бөлігін 6 жолаққа дейін ұлғайта отырып, қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қорғалжын тасжолы мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында көлік айрығын салу жоспарлануда.

– Ал оң жағалаудағы жол мәселесі қалай шешіледі?

– Қаланың ескі қалыптасқан бөлігінде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қала құрылысының кешенді жоспарына сәйкес Асан қайғы көшесі Бөгенбай батыр даңғылынан Тәшенов көшесіне дейін, Кенесары көшесі Күмісбеков көшесінен Бейсекова көшесіне дейін, Күмісбеков көшесі Кенесары көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін, Сарыарқа даңғылы Бөгенбай батыр даңғылынан Бейсекова көшесіне дейін, Сейфуллин көшесі Уәлиханов көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі құрылысы қарастырылған. Бұл жобалар жолдардың өткізу қабілетін 40 пайызға арттыруға, көлік ағынының орташа жылдамдығын арттыруға және жолда орташа күту уақытын кем дегенде 20 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

Қала үшін тағы бір маңызды жоба – ЛРТ. Оның құрылысын келесі жылдың соңына қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, мұндай жаңа көлік каркасы таяудағы екі жылда құрылуы тиіс.

– Бір жыл бойы нөсер кәрізі наразылық тудыруда. Жақында жаңбырдан кейін бірнеше учаскелерді су басты.

– Нөсерлік кәріз желілерін дамыту бойынша жұмыстар жалғасады: 12 тазарту ғимараты, 23,5 км коллектор, 13 сорғы стансасы пайда болады. Иә, қалада ағын су құйылатын бірнеше орын бар. Бұл учаскелерде көрші үлкен көшелерден су ағады. Сондықтан күрделі техникалық шешімдер қажет болды және біз оларды таптық. Жоба келесі жылы аяқталады.

Шет аймақсыз қала

– «Астана – шет аймақсыз қала» бағдарламасы қалай жүруде? Неліктен Астананың шеткі аймақтарында ескі және жартылай бұзылған көп пәтерлі үйлер әлі тұр, балабақшалар мен ауруханалар жоқ?

– Шет аймақтарға, оларды абаттандыруға ерекше көңіл бөлеміз. Ағымдағы жылы сүрілген апатты-ескі үйлердің орындарында 4 шағын бақтың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 5 шағын бақ салынады. Жақын жылдары шет аймақтарда 10 шақырым жол, Мичурин тұрғын алабында 600 орынға шақталған мектеп, мектептерге шамамен алғанда 2000 орынға арналған 5 жапсарлас ғимарат, Көктал, Күйгенжар, Тельман тұрғын алаптарында 3 балабақша, Көктал-1 және Көктал-2, Интернациональный, Өндіріс пен Промышленный тұрғын алаптарында әрқайсысы 150 келушіге шақталған 5 алғашқы медициналық санитарлық көмек орталығын салу қарастырылды. Ильинка кентінің шығысындағы жеке тұрғын үйлерге үшінші кезектегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталады. Өндіріс, Көктал, Оңтүстік-шығыс, және Агроқалашық кентінде 42 көшенің құрылысы аяқталып, 11 көшені салу жалғасуда.

– Астана жасыл қалаға айналып келе жатқанын айтпай кетпесе болмас. Реновация бағдарламасы бойынша да тозған ескі үйлердің орнында жаңа шағын бақтар бой көтерді. Астанада тағы қандай жасыл алқаптар пайда болады?

– Иә, көгалдандыру мәселелеріне үлкен көңіл бөлінуде. Тозған ескі үйлердің аумақтарын коммерциялық нысандар үшін бермей, тұрғындардың өтінішімен оларға балалар және спорт алаңдары енген шағын бақтар, желекжолдар салынды. Биыл оң жағалауда 13 шағын бақ, келесі жылы 5 тағы осындай бақ пайда болады. Ботаникалық бақтың, Ұзын бақтың құрылысы, «Арай» саябағын қайта салу аяқталып келеді. Жалпы алғанда, осы 18 нысанда 85 балалар ойын аттракционы, 115 спорт тренажері, 18 футбол және баскетбол алаңы мен теннис корттары, 17 шақырым веложол, 30 субұрқақ кешені, 12 шақырым жүгіру жолы, екі скейт алаңы орнатылады.

Астанада үлкен жобалардың бірі – 22,7 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары бар жасыл Желекжол айналма жолы салынады. Оған Ботаникалық бақ, Ұзын бақ, сулы-нулы желекжол, Ұлытау көшесі бойындағы саябақ, Ә.Мәмбетов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы, қаланың ескі орталығында орналасқан Арбат кіреді.

– Тұрғындардың аулаларды абаттандыруға қатысты мәселелері де аз емес. Бұл бағытта әкімдік не атқарып жатыр?

– Біз Астанада аулалар тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік болуы керек деп санаймыз. Біз сол үшін 2016-2017 жылдары – 500, биыл 300 аула дайындадық, тағы 300 аула жоспарда тұр.

Өмір сапасы – жайлылық пен қауіпсіздік

– Кез келген қалада өмір сүру сапасы көптеген көрсеткіштерді қамтиды: материалдық өркендеу, дамыған инфрақұрылым, қауіпсіздік. Астанада осы бағытта не істеліп жатыр? Өзінің табысын көрсеткен қандай жобалар елдегі басқа қалаларға таралуы мүмкін еді?

– Біздің бағдарламамыз қауіпсіздік пен жайлылыққа бағытталған. Біз әлемдегі ең үздік қалалардың стандарттарын анықтадық. Адамдарды алаңдататын не? Ең алдымен, табыс пен өмір сапасы. Өмірдің сапасы қауіпсіздік, қарапайым мектептер, емханалар, ауруханалар, қоғамдық көлік, азық-түлік және т.б. сияқты қарапайым нәрселермен қамтамасыз етіледі. Осы бағыттардың әрқайсысында біз жүйелі жұмыс жасаймыз, сондықтан Астанадағы жағдай тұрақты және жақсы. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта қала әкімдігі қаланың жеке серіктесі мен әлеует құрылымдарымен бірге «Сергек» қалалық бейнебақылаудың МЖӘ жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл – қауіпсіздік және ақпараттық технологиялар саласы бойынша елдегі МЖӘ туралы бірінші келісім.

«Сергек» қауіпсіз қала жобасы аясында елордада 13 мың камера орнатылды. Оның ішінде 4 мың камера жаппай жұрт жиналатын орындарда, 6 мың камера жолдарда, 3 мың камера бірыңғай желіге біріктірілген. Сондай-ақ вокзал мен әуежайда тану жүйесі орнатылған. Бұл жоба қоғамдық орындардағы қылмысты 34 пайызға, жол-көлік оқиғаларын 20 пайызға, жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын өлім санын екі есе азайтуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, іске асырылған жобалар өздерінің экономикалық тиімділігін көрсетті. Мәселен, «Астана такси» мен бейнебақылау жобалары бюджет қаражатын 15 млрд теңге көлемінде үнемдеуге мүмкіндік берді.

Мысалы, көлік нөмірін тану үшін жасанды интеллект технологиясы қолданылады. Жүйе ақпараттың үлкен ауқымын жинақтауға мүмкіндік береді (Big data).

Бұдан басқа, «Сергек» жүйесінің көмегімен қалада қанша көлік бар екенін білуге болады (жоба басталғаннан бері шамамен 492 мың автокөлік тіркелген), бұл талдау жүргізуге және трафикті жетілдіруге, оң жақтан шығуға, «Bus lane» автобус жолағын орнатуға мүмкіндік береді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында қол жеткізген нәтижені атап өткен жөн: 523 қылмыс ашылды (3 – адам өлтіру, 2 – қарақшылық, 29 – тонау, 236 – ұрлық, 19 – көлік ұрлығы және басқа да қылмыстар – 234). Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың төмендеуі байқалады. Жол-көлік оқиғаларының саны 21 пайызға төмендеді, ал қаланың жолдарында қайтыс болғандардың саны екі есеге азайды.

Біз қалалық қауіпсіздікті цифрландыру бойынша бірнеше жобаны енгізуді жоспарлап отырмыз, мысалы, болжалды қылмысты талдау және тұлғаны тану.

– Нақты дәлел, дәйектермен дауласу мүмкін емес. Бұл деректер елордада өмір сүрудің әлдеқайда жайлы болғандығын дәлелдейді.

– Иә, тек қауіпсіз ғана емес, сонымен қатар жайлы әрі ыңғайлы да. Бірақ бұл жұмыстың көптеген қырлары бар. Мысалы, Астанада «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы бар. Оның мақсаты – көшелердегі сауда-саттықты заманауи форматта дамыту, сондай-ақ елордадағы сыртқы көріністің сәулеттік келбетін қалыптастыру. Жеке инвестициялардың көлемі – 1,1 млрд. Осы инновацияның арқасында 1500-ден астам жұмыс орны ашылды. Біздің барлық инновацияларымыз капиталдың жақсаруына және онда өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталғанын атап өткім келеді.

– Қазіргі заманғы технологиялар қала басшылығына көмектеседі ме?

– Өте көп көмектесті. Міне, аз ғана мысал: біз «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы бойынша жер учаскелерін бөлу сияқты күрделі мәселе бойынша тәртіп орнаттық. Енді аукцион блокчейн технологиясын қолдану арқылы өткізіледі. Мұндай жүйе елімізде бірінші рет жүзеге аспақ. Қазір жүйе сынақтан өткізіліп, жер учаскелерін бөлудің бірінші конкурсын жақын арада өткізу жоспарланып отыр.

«Смарт Астана» жүйесін енгізу табысты іске асырылуда. Білім беру арқылы балаларды балабақшалар желісіне қосу үрдісі автоматтандырылды, мектептерде бірыңғай есепке алу енгізілді және бухгалтерлік есептің сапасы мен ашықтығын арттыратын мектептер сәтті мақұлданды.

Денсаулық сақтау бойынша барлық медициналық ұйымдарда МАЖ енгізілді. Сондай-ақ, біз дәрігерге қабылдау қызметін автоматтандырдық.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру туралы ПИК қызметтерін автоматтандыруға және олардың сапасын жақсартуға бағытталған e-КСК жобасы іске асырылды.

Сонымен қатар 22 маусымда ақылды көшелерді жарықтандыру жөнінде МЖӘ жобасы бойынша конкурс жарияланды. Жоба «Интернет заттар» технологиясын пайдаланып, 45 мың шамды ауыстыруды көздейді.

2019 жылы ЕГИС (Астананың бірыңғай сандық картасы) іске асыру, BIM-модельдеу және ақылды құрылыс, интеллектуалды көлік жүйесінің екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланған. Осылайша 2019 жылы Астанадағы «ақылды» қаланың қаңқасы құрылады.

Қаланың «Seedstars» инновациялық базасы бүгінгі күні «Seedstars» халықаралық бизнес-инкубаторымен бірлесіп, Астананың бастаушы қоғамдастығын біріктіретін және қалалық проблемаларды шешу үшін инновациялық идеяларды әзірлейтін «Қалалық инновациялық платформа» құру жұмыстары жүргізілуде.

Аталмыш алаңның артықшылығы – бұл ТМД-дағы Seedstars компаниясы басқаратын алғашқы коворкинг орталығы, оның құрамына 70 мыңнан астам стартаптар, кәсіпкерлер мен инвесторлар кіреді.

Таза ауа, таза су, таза топырақ

– Барлық мегаполистер экологиялық түйткілдерге тап болады. Астанамыз үшін бұл мәселе қаншалықты өзекті?

– Әрине, Астана үшін, кез келген өзге қалалар сияқты, экологиялық қауіпсіздік мәселелері маңызды. Бізде үш жылға арналған кешенді жоспар бар. Онда қала экологиясын қорғау және жақсарту бойынша жүйелі шаралар қарастырылған. Бұған газдандыру, зиянды қалдықтарды азайту, заңсыз қоқыспен күрес шаралары кіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл шаралар астанада ауа, су, топырақ таза болу үшін жасалады.

Газдандыру бойынша шаралар. Биыл бұл жобаны аяқтаймыз. Жылдың аяғына дейін ЖЭО мен Көктал, Оңтүстік-шығыс тұрғын алаптарын газға көшіруді жоспарлап отырмыз. Келесі жылдары газдандыру бойынша осындай жұмыс қаланың басқа аудандарында жалғасады. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, қаржыландыру көздері анықталды. 2021 жылға қарай біздің ЖЭО-лар мен түтінді көп бөлетін кіші жеке қазандықтары мен тұрғын алаптарын газға көшіру жоспарланды. Аталмыш шаралар зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 2019 жылдың аяғына дейін электрмен, жылумен қамтамасыз ету секілді маңызды саланы газға көшіруді жоспарлап қойдық. Көлік құралдары, бірінші кезекте қоғамдық көліктер газбаллонды жүйеге көшірілмек.

Астана бірінші болып қоқысты бөлек жинау мен оны өңдеуге көшті, қазір пластиктің 15 пайызын өңдейміз. Қазіргі заманғы импортты технологиялар бойынша зауыт құрылысын бастап жатырмыз. Бұл зауыт сұрыптаудан өңдеуге дейін істерді атқарады. Келесі жылы құрылыс аяқталады.

Қала аумағында «құрғақ» фракцияны (пластик, қағаз, шыны, металл) жинауға арналған 6276 сары контейнер орнатылып жатыр. Тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау өңдеу тереңдігін 25-30 пайызға дейін ұлғайтады деп күтіп отырмыз.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қалалық орта жайлы болу үшін жасалып жатқан істер аз емес. Дегенмен көптеген ғимараттар, әсіресе қаланың ескі бөлігінде оларға қолжетімсіз болып тұр. Бұл бағытта не жасалады?

– Бұл – маңызды мәселе. Осы істе әлі де көп жұмыс атқару керектігімізді жасырмаймын. Әкімдік пандустардың жағдайына мониторинг жүргізіп, соның арқасында проблемалық нысандар анықталды. Қазір мемлекеттік мекемелердің, шағын және орта бизнестің 552 нысаны мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді болды. Тағы 222 нысанда халықтың шағын топтары кедергісіз жету үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ шағын және орта бизнес нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмысы, өкінішке қарай, тиісті деңгейде еместігін мойындауға тиістіміз.

– Бірақ жоғарғы қажеттілігі бар адамдардың мұқтаждықтары жайлы сөз қозғағанда, пандустар туралы ғана емес, халыққа керек қызметтер жайында да айту керекпіз. Бұл бағытта жақсы жағына қарай өзгерістер бар ма?

– Жетістіктер жайлы айтсақ, елордада тәулік бойы және күндіз жұмыс істейтін арнайы әлеуметтік қызмет ұйымдары құрылды. Бүгіндері төрт әлеуметтік қызмет орталығы жұмыс істейді: «Шарапат», «Нұрлы жүрек», «Қамқор», Астана әкімдігінің әлеуметтік қызмет орталығы. Олардың бәрі қазіргі заман медицинасы талаптарына сай келетін жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мұқтаждарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, педагогикалық, мәдени және құқықтық қызметтерді көрсетеді.

Мәселен, 2016 жылы Астана әкімдігінің әлеуметтік қызмет орталығы ашылғанда, мұнда 540 адам қызмет алатын, қазір – 1138. Орталықтың 1,5 жылдық қызметі кезінде сал ауруына шалдыққан 17 бала алғашқы қадамдарын жасады. Бұл факт ерекше мақтаныш тудырады.

«Астана сіздерге қызмет көрсетеді!»

– Әсет Өрентайұлы, әкімдік құрылымын өзгерту аяқталды ма? Не жасалғанын айтып беріңізші.

– Біздің стратегиялық мақсатымыз – Астананы тұрғындар үшін қауіпсіз, жайлы қалаға айналдырып, сонымен бірге еуразиялық кеңістіктің іскерлік, туристік, қаржылық басты орталығына жеткізу. Жаңа міндеттер дайындықты, басқару стилін өзгертуді қажет ететінін түсінеміз. Сондықтан қаланы басқару жүйесін өзгертуді бастадық. Негізгі принциптер – нәтижелік, әділеттілік, ашықтық пен клиенттерге бағдар жасау.

Біз үдерістерді төрт деңгейге бөліп, басқарудың функционалдық стилінен процестік стиліне ауыстық: стратегиялық жоспарлау, жүзеге асыру деңгейі (немесе жобалық басқару), операциялық басқару, бақылау-қадағалау деңгейі.

Әр деңгей үшін цифрландыру элементтерін енгізіп жатырмыз. Бұл қазіргі штаттың аясынан шықпай, әкімдік қызметкерлерінің құзыреттілігін өсіруге, қаланы ұтқыр және нәтижелі басқаруға жәрдемдесуде.

Стратегиялық басқаруда біз қалалық және бюджеттік жоспарлау үдерістерін біріктірдік. Қоғамдық көлікті, жол құрылысын, әлеуметтік саланы, білімді, денсаулық сақтауды және әлеуметтік қолдауды дамытудың анық жоспарлары бар. Стратегиялық жоспарлауда коммуналдық шаруашылықты, көлікті, т.б. салалар дамуының сапалы болжамдарын жасау үшін BIG DATA (үлкен мәліметтер) технологиясын қолданудамыз. Стратегиялық жоспарлаудың барлық салалары KPIs нәтижелік көрсеткішке ие. KPIs қалалық моделі бізде цифрланып, Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы оған мониторинг жасайды.

Стратегиялық жоспарлау қорытындылары бойынша біз астананы дамыту жобаларының портфелін қалыптастырып, жобалық басқармаға немесе жүзеге асыру деңгейіне тапсырдық.

Бақылау-қадағалау деңгейі – бұл біздің сапаның ішкі аудиті. Барлық бақылау функцияларын бір басқармаға біріктіру жауапкершіліктің бұлыңғырлығын төмендетуге, штатты өсірмей команданы нығайтуға, қалада бақылаудың ашық үдерістерін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

– Мұндай өзгерістерден экономикалық нәтиже бар ма?

– Әрине бар. Бізге әкімдік ішінде резервтерді іздеу керек, үнемдеу қажет. Қорытындысында біз тек қана тікелей сатып алудан 19 млрд үнемдедік. Көлік қызметін аутсорсингке көшіру 5 жыл ішінде 1 миллиардтан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл қаржыны әлеуметтік қолдауға – мектептегі тамақтандыруға, ардагерлерді қолдауға, басқа көптеген істерге бағыттай аламыз. Жалпы бүгінгі күнге біз 35 миллиард теңгені үнемдедік.

– Мәселе тек үнемде ме?

– Тек үнемде ғана емес. Біз басқару жүйесін жаңарттық. 2016 жылдың желтоқсанында Жобалау офисін құрдық, жобалау менеджментінің негізіне әкімдіктің 500-ден аса қызметкерін оқыттық. Бүгінгі күні жобалар портфелінде 400-ден аса пәрменді жоба бар. Солардың 200-ден астамы 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталып, мұрағатқа берілгенін атап өткен жөн. Жобалық басқарудың арқасында біз жобалардың барлық базасын жинап алдық. Осыған орай бюджетті жоспарлауды және оның мерзімін, әр жобаның KPIs-ын мониторлаймыз. Бізде жобалау офисі сандық жүйеге көшірілген. Барлық басқармалар мен аудандық әкімдіктердің жобалары мен бюджеттері осындай бірыңғай басқару жүйесіне негізделген. 6 маусым күні инфрақұрылымдық даму жобаларының барлығын Астана қаласы әкімдігі сайтының онлайн режимінде жарияладық.

Жобалау тәсіліне дейін құрылыс, жөндеу мәселелерін мерзімінде аяқтай алмай, уақытты созып жіберіп жүрдік. Тіпті әлеуметтік салада да бізде игерілмеген бюджет қаржысының кейінге қалдырылған кездері болды. Осының барлығы дұрыс жобалау мен жүйелі бақылаудың жоқтығынан болып жатты. Қазір Жобалау офисі қаланың стратегиялық даму жоспары негізінде жобалау портфелдерін қалыптастырып, мектеп, балабақша, жол салу, жол жөндеу жұмыстарынан бастап, жаңа әлеуметтік және экономикалық бастамаларды енгізуге дейін қаланы дамытудың бүкіл жобаларын бақылауға алады. Әрі бұл жобалау офисі түйінді мәселелер мен кемшіліктерді нақтылап, шешілу жолдарын әкімдіктің отырысына шығарып отырады. Кейбір резервтердің де бар екенін мойындау керек. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда, біз жобалардың мерзімін өткізіп алу 20%-ға қысқарғанын да көріп отырмыз. Жобалау тәсілінің көмегімен біз «ЭКСПО» іс-шарасын дайындап, өткіздік. Астана күні жобасын сәтті аяқтадық. Біз Жобалау тәсілі көмегімен қаланы жүйелі дамыту жұмыстарын одан әрі жалғастырудамыз.

– Сіз әкімдік құрылымды өзгерту жұмыстары аясында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы екі есеге өсті дедіңіз. Олар үшін ең маңызды мәселе оны қалай шешу болғаны шығар?

– Біз бағдарламаны Астана қаласындағы қалалық қызметте (мұғалімдер, дәрігерлер, полиция, өрт сөндіру қызметкерлері және басқалар) жоғары санатты мамандар дайындауға көмектесу үшін әзірледік. Міндет – тұрғын үй сертификаты есебінен бір миллион теңгеге Тұрғын үй құрылыс банкі арқылы адамдардың үй алуына көмектесу. Осыған орай аз пайызбен 15 жылға кредит беріліп, бірінші кезеңде 10 мың пәтер беру көзделді. Қалалық құрылымдарда 5-7 жыл жұмыс істеген жағдайда , болашақта ол 20 мыңға дейін өсуі мүмкін. Бізде 9 мың мұғалім болса, олардың 5 мыңы үйсіз жүр. Біз мектептер салып жатырмыз, таяудағы 5 жылда бізге 5 мың жоғары санатты маман педагог қажет болады. Осындай жағдай полиция мен дәрігерлерде де бар. Біз қала мекемелерін маман кадрлармен жабдықтауымыз керек.

– Қалалық әкімдікке қала тұрғындарының жанайқайы жете ме?

– Өте жеңіл. Өткен жылдың соңында бірнеше бағыныстағы құрылымдарды біріктіріп, iKomek қалалық мониторинг және шұғыл әркет ету орталығын құрдық. Бизнес терминологиясында iKomek бұл қаладағы – офис-майданы. Бұл қала тұрғындарының коммуналдық қызметтер және қалалық басқармалармен интерактивті байланысын ыңғайлы етуге құрылған. Біз бұл жобаның атауын «iKomek – Астана сізге қызмет көрсетеді» деп атадық. Жоба 4 бағытта жүргізіледі.

Бірінші бағыт – қала әкімдігінің бірыңғай контракт-орталығы.

Біз барлық қалалық коммуналдық қызметтер мен басқармалардың колл-орталықтарын 1-0-9 қысқа санына біріктірдік. Сол арқылы біз «коммуналдық қызметтегі телефон қоңырауы жетпейтін» түйінді мәселелерді шештік. 1-0-9 телефонына қалалық телефоннан да, ұялы телефоннан да 24/7 арқылы тегін қоңырау шалуға болады. Барынша ыңғайлы болу үшін Facebook, Instagram, Telegram-бот әлеуметтік желілерінде немесе Астана қаласы әкімдігінің сайты арқылы да хабарласуға болады.

8 айлық жұмысында қалалық әкімдіктің Бірыңғай контаркт-орталығы 500 мыңнан аса хат-хабар қабылдапты. Солардың 77%-ы «бірінші қоңыраудан-ақ» шешімін тауыпты. iKomek-тің кәсіби операторлары қала тіршілігінің барлық мәселелеріне орай ыңғайланып, қойылған сауалдарға кідіріссіз жауап беру үшін коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысымен түгел танысып үлгірді.

Қалалық iKomek орталығы қызметінің – екінші бағыты. Маңызды қызмет түрлеріне қала тұрғындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бүгінгі күні қалада әр жерде орналасқан тұтынушыларға қызмет көрсететін 17 басқарма мен 10-нан аса орталық бар. Бұл қызмет көрсетуге көптеген қиындықтар келтіруде. Сондықтан біз «Қалалық қызмет орталығын» құруды жоспарладық. Бұл дегеніңіз, коммуналдық қызмет, мемлекеттік квазимемлекеттік ұйымдар мен даму институттары өкілдіктері орналасатын алаң болмақ. Қала тұрғындарына барынша қолжетімді болу үшін ол қалада бірнешеу болуы керек.

Бұл жерде коммуналдық қызметті жүзеге асыру, көлік карталарын беру, ауыстыру, сәулет, жер қатынастары, кәсіпкерлік, басқа да мәселелерге байланысты түйткілдерді сол бойда шешуге болады.

Үшінші бағыт – әрбір келіп түскен хат-хабарға мониторинг пен бақылау жүргізу. Біздің басты көздеген мақсатымыз – кез келген мәселенің шешілу тетігін қалыптастырып, коммуналдық қызметте тәртіп орнату. Біз қала тіршілігі қызметін басқарудың тәртібін әзірлеп, қызмет көрсету деңгейіне немесе Service Level Agreement (SLA)-ге талаптарды айқындадық. Қазір бізде барлық келіп түскен арыз-шағымдарды сараптайтын 1000-нан аса қызмет түрі бар. Қалалық iKomek орталығы командасы шаһардағы барлық орын алған кемшіліктерді ол толық жойылғанға дейін бақылауда ұстайды.

Мониторинг пен бақылау жасау үшін iKomek қалалық бейнебақылау жүйесін де пайдаланады. Қалаға қызмет көрсету үшін GPS-треккинг техникасы іске қосылған. Бұл комуналдық қызмет пен әкімдік басқармалары жұмысын тәртіпке келтіреді. Қаланың барлық коммуналдық қызметі тұрғындардың мүддесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға жайлылық туғызу үшін тәулік бойы жұмыс істейді.

Цифрланған процесстер маған әкім ретінде қаланы басқару панелі арқылы қаладағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт – қоғамдық пікірді талдау және есепке алу.

Қала тұрғындарына арналған сервистің жаңа деңгейі туралы айтатын болсақ, біз азаматтарымыздың кері байланыс алу мүмкіндігін қалыптастырған жоқпыз, сонымен қатар big data технологиясын пайдалана отырып, алынған ұсыныстар мен өтініштерді талдау бойынша жұмыс жүргіземіз. Тақырыптар мен аудандар бойынша проблемалық мәселелерді сұрыптау қала бойынша нақты көрініс береді, оны ескере отырып жоспарланған іс-шараларға өзгерістер енгіземіз. Бұл бізге, әкімдік жұмыстарына икемді қарауға және тиісінше бюджетті әлдеқайда тиімді және басымдықтарды дұрыс орналастыруға мүмкіндік береді.

Біз барынша ашық болуға және тұрғындарды алаңдататын, қала басшылығынан біздің азаматтардың қандай үміт күтетінін білуге тырысамыз. Біз үшін сіздің әрбір өтінішіңіз – бұл мәселе туралы өз ауызыңыздан естуге және ұсыныс алуға мүмкіндік. Бұл бірлескен күш-жігермен елордада өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.

– IKomek қызметі арқылы тұрғындар не үшін көбірек шағымданады?

– Әртүрлі. Маусымға байланысты. Бірақ жыл бойы өзекті мәселелер де бар. «iKomek» барлық қалалық қызметтермен жұмыс істейді, өмір сүрудің 28 саласына назар аударады. Бұл – сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, абаттандыру, лифт шаруашылығы, ҚТҚ, қоғамдық көлік. Кәсіби операторлар ауыспай, жауап беру үшін барлық коммуналдық қызметтермен жұмыс істеуге үйретілген.

– Сіз әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушысыз, астаналықтар өздерінің постыларында көтерген мәселелерге жауап бересіз. Әрбір, кейде болмашы мәселе бойынша астаналық тұрғындардың «Исекешевті тэгтеу» әдетіне қалай қарайсыз?

– Әлеуметтік желілердің әлеуетін мен Инвестициялар және даму министрлігінің басшысы ретінде түсіндім. Президент Астана әкімі қызметіне тағайындағаннан кейін өз орынбасарларыма, мемлекеттік органдардың басшылары мен көмекшілеріне танымал мессенджерлерде аккаунттар ашуды ұсындым. Әлеуметтік желідегі талдау жұмыстары қысқа мерзімді ұйымдастыру және қаржылық шығындарсыз әртүрлі мәселелер бойынша қоғамдық пікірді білуге немесе өзгеше әлеуметтік сауалнама жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондықтан тұрғындардың шағымдары мені шаршатпайды, керісінше, олар бізге қаладағы бар мәселелерді ашады. Коммуналдық және басқа да қалалық қызметтер қызметіндегі қандай да бір қателерді жоюға мүмкіндік береді.

Сұхбаттасқан

Қайсар ЖҰМАБАЙҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button