Басты ақпарат

Астана қаншалықты «ақылды» қала?

Тас жолмен жүйткіп бара жатқан автокөліктің жылдамдығын сырттан қалай анықтау­ға болады? Жолда жүру ережелерінің бұзылуын қолма-қол тіркей алатын техника бар ма? Иә, бар. Мұндай жүйе «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында еліміздің бас қаласында жүзеге асырылады.

– 2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды.

(Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Бұл жаңалықты өткен жылы «ЭКСПО-2017» көрмесінде «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев жұртқа жариялағаны мәлім. Енді осы жобаларға кеңірек тоқталайық.
Бірінші жоба – фото және бейнежазба жүйесі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сызбасы бойынша қаржыландырылатын жобаға жалпы құны 8,4 миллиард теңге қаражат қажет. Осы мақсатта Астанада арнайы орталық жабдықталған. Орталықтың негізгі артықшылықтары мыналар: нақты уақыт тәртібіндегі бейнебақылау жүйесі, онлайн тәртіптегі бейнесараптаманың болуы, бейнежазбаны 30 тәулікке дейін сақтау, белгілі бір бағытта қозғалып бара жатқан көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша бағдарын білу, жолда жүру ережелерінің бұзылуын қолма-қол тіркеу және тасжолда жүйткіген автокөліктің жылдамдығын автоматты түрде анықтау.
Екінші жоба – «ақылды» көше шамдары. Бұл жоба шеңберінде елорда көшелеріндегі 25 мыңнан астам ескі шамдарды қазіргі заманғы жарық диодты шамдарға ауыстыру көзделген. Бұл жоба жүзеге асырылғанда көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр қуатын 60 пайызға дейін, пайдалану шығындарын 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Оның кәдімгі шамнан айырмашылығы, 15 жыл­ға дейін тозбай қызмет етіп, атмосфераға таралатын көмірқышқыл газының қалдығын төмендетеді және тәуліктің қай мезгіліне қарамастан көшелерге үздіксіз жарық беруді реттеуге жол ашады. Айта кетелік, қала билігі 2018 жылдың соңына дейін елорда көшелеріндегі барлық ескі шамдарды жарық диодты шамдарға алмастыруды жоспарлауда. Бұл жоба инвесторлардың көмегімен іске асырылады. «Ақылды» жарықтандыруға 4 миллиард теңге қажет.
Тағы бір қызықты жоба – мәліметтер базасына қыруар ақпаратты жіберіп отыратын датчиктерді орнату. «Біз нақты ақпараттарды жедел алып отырамыз. Соның ішінде ауызсу, электр қуаты, жолаушылар ағыны, көлік туралы ақпарат болады» деп түсіндірді О.Сартаев. Осы датчиктер ауа ра­йына қатысты мәліметті де тез алуға мүмкіндік береді. Мысалы, тасжолдарда көктайғақ немесе қалың қар жауатын болса, одан бір сағат бұрын дайындалып, алдын алуға әрекет жасалады.


Олжас Сартаев пәтер ие­­лері кооперативтерінің (ПИК – Т.Т.) жұмысын автоматтандыруға жол ашып, олардың тұрғындармен арадағы қарым-қатынасын жеңілдететін «е-ПИК» жобасы жөнінде де мол мағлұмат берді. «Е-ПИК» жобасы бас қаладағы 150-ден астам ПИК-ті немесе барлық ПИК-тердің 30 пайызға жуығын қамтиды. Нақтырақ айтсақ, бұл – кем дегенде 1,7 мың пәтер немесе 300 мың азамат автоматтандырылған жүйеге жалғанады деген сөз» деп түсіндірді О.Сартаев. Оның пайымдауынша, электрондық ПИК мекеменің қызмет түрлерінің сапасын арттырып, жұмысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, қала аумағындағы алуан түрлі қызметтердің рейтингін жақсартуға мүмкіндік береді.
«Смарт Астана» жобасы бойынша білім беру және денсаулық сақтау салаларында да бірнеше бағдарламалар бар. Солардың бірі – электрондық төлқұжат. Алдағы жылдан бастап елордалықтар электрондық төлқұжатты пайдаланады. Бұл туралы жуырда Астана әкімдігіндегі баспасөз мәслихатында белгілі болды. Яғни 2019 жылдан бастап әрбір науқас емханаға өзімен бірге денсаулық картасын апарып әуреге түспейді. Емханаға, ауруханаға дәрігерге қаралуға ешқандай қағазсыз бара алады. Себебі ол адамның бұрын қандай ауруға шалдыққаны, диагнозы, емдеу мекемесі берген талдаулары, қандай ем-дом алғаны туралы барлық ақпарат электрондық төлқұжаттың көмегімен дәрігердің қолында болады. Сіздің туғаннан бастап дәрігерге әрбір қаралғаныңыз электрондық төлқұжатқа толық жазылып отырады. Сондай-ақ, науқас та өзінің логині мен паролі арқылы электрондық төлқұжатын ашып, сырқаты туралы барлық ақпаратты оқи алады. 2018 жылдан бастап еліміздің аумағында электрондық төлқұжатты кезең-кезеңмен енгізу жоспарланған. Болашақта мұндай жүйе Қазақстан аумағында толық қолданысқа енгізіледі.
«Пайдаланушылардың электрондық денсаулық төлқұжатындағы дербес деректеріне қолжетімділік электрондық үкіметтің сайтында науқастың жеке кабинеті арқылы ұйымдас­тырылады. Электрондық төлқұжат науқастар мен медициналық қызметшілерді заманауи және сенімді ақпаратпен қамтитын болады. Портал қазіргі таңда өзін толық түрде ақтады. Портал арқылы тіркелген науқас толықтай тегін ем-дом алуда» деді жиында Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы Астана қалалық филиалының медициналық ақпаратты өңдеу секторының меңгерушісі Шауза Сатыбал­дина.

ӘЛЕМДЕГІ БЕС «АҚЫЛДЫ» ҚАЛАНЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

1. Инчуань (Қытай)
Халқы – 1,6 миллион адам.
Әлемдегі қолма-қол ақшаны мүлдем қолданбайтын жалғыз қала. Инчуаньда «Күлімсіре де, төлей бер!» деген қыз­мет түрі іске қосылған. Адамның бет-әлпетін анықтайтын технология дүкеннен тауар сатып алуға немесе кез келген қызмет түрін тұтынуға жедел ақы төлеуге мүмкіндік береді. Автобусқа мінсеңіз, жол ақысын төлеп әуреленбейсіз. «Ақылды» жүйе түріңізді көшірген сәтте-ақ жол ақысы шотыңыздан алынады.

2. Фудзисава (Жапония)
Халқы – 3000 адам.
Бұл Токиоға жақын маңда арнайы салынған экоқала. Аумағында 600 коттедж бар. Ол үйлерге электр қуаты Күн сәулелерінен қуаттанатын батареялардан беріледі. Үйдегі тұрмыстық техника түгелдей электр қуатын үнемдейді. Мысалы, кір жуатын машина киімнің қаншалықты кірлегеніне қарай судың мөлшерін, ұнтақтың шығынын өзі белгілейді. Ал көшедегі шамдар адамдар жанынан жүріп өткенде ғана жанады.

3. Милтон-Кинс (Ұлыбритания)
Халқы – 192 000 адам.
Қалада екі кісі мінетін электромобильдер ғана жүреді. Машиналарға сенсорлық датчиктер мен камералар орнатылған. Қозғалыстың рұқсат етілген жылдамдығы – 24 км/сағат. Электромобильдің батареясы 64 шақырымға дейін жетеді.

4. Сингапур.
Халқы – 5,5 миллион адам.
Сингапурда үлкен кісілер жедел жәрдем шақырмайды. Өйткені бәрінің үйлеріне «ақылды» құрылғылар орнатылған. Егер бір адам құлап, жарақаттанып қалса, «ақылды» құрылғы ауруханаға белгі береді. Көп ұзамай-ақ әлгі адам ем-домын ала бастайды. Бұл – әлемдегі телемедицинаның үздік үлгісі. Яғни науқас өз үйінен шықпай-ақ ем-дом жасайтын дәрігердің кеңесіне, көмегіне жүгінеді. Аталған тәжірибе Сингапурда 2014 жылы енгізілді. Сол уақыттан бері қаладағы медициналық көмектің деңгейі бұрынғыдан да жақсаруда. Мәселен, науқастар өз үйінде жатып-ақ толық емделеді. Олар планшеттің көмегімен қандай жаттығулар жасау керектігін анықтайды, ал дәрігерлер сенсорлар мен камералардың көмегімен өздерінің айтқанын науқас қалай орындағанын көріп отырады. Олар аптасына бір рет науқас үшін бейнесеанс жүргізеді. Сол сеанс кезінде ем-дом нәтижелері талқыланып, алдағы іс-әрекеттер пысықталады.

5. Сонгдо (Оңтүстік Корея)
Халқы – 90 000 адам.
Қаланың кез келген нүктесіне велосипедпен 15 минутта жете аласыз. Кез келген қызмет түріне ақы төлеймін десеңіз, қалтаңызға карточка салып жүріңіз. Сол карта пәтеріңіздің де кілті болып табылады. Егер ол жоғалып қалатын болса, есіктегі код автоматты түрде өзгеріп кетеді. Сонгдоның әр ауданында жаңбыр суын жинайтын үлкен құтылар орнатылған. Сол құтыларға жиылған сумен көшелерді жуады, көгалдарды суғарады.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button