Қоғам

Ерекше адамның ерекше еңбектері

Қазір Илон Масктің есімі әлем баспасөзі беттерінен күн сайын дерлік көрініп тұр. The New York Times оны «жаһандағы ең табысты және маңызды кәсіпкер» деп атады, ал The Rolling Stones мұндай адамның жүз жылда бір-ақ рет туатынын айтып, қайран қалды. Жұрт оны қазір «Темір адам» фильміндегі Тони Старкке де теңейді.

Шынында 46 жастағы америкалық кәсіпкер, инженер, өнертапқыш, инвестор және миллиардер Илон Маск күллі әлем таңғалатындай, бірінен бірі өткен талай ғаламат жаңалықтарды жасап үлгерді. Қысқа жылдар ішінде Tesla электроавтомобилінен адамдар әлемнің кез келген еліне 30 минутта ұшып бара алатындай ракетаға дейін жасап шығарған бұл адамның күндіз-түні қолы босамайды деп қоя салу ол туралы ештеңе айтпау болып шығар еді. Шын мәнінде адамзаттың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін күрт өзгертіп, оның басқа планетаға барып өмір сүре алуларына қол жеткізуді армандап жүрген алапат жігердің, ғаламат ойлардың адамы.

Илон Маск бүгінде жұртқа керемет «фантастикалық» идеяларымен танылған. Және, бір қарағанда, қиял-ғажайып ертегілерінің әлемінен келгендей болып көрінетін идеяларының біразын өмірге ендіріп те қойған. Бұл жолдағы алғашқы қарышты қадамын ол 2002 жылы SpaceX жобасын жасаған кезінен бастады. Ол қазіргі заманғы ракеталар мен ғарыш аппаратын жасап, ұшыруға бағытталды. Мұнысымен өнертапқыш космос технологиясында революция жасап қана қоя салған жоқ, сонымен бірге адамдарды басқа планеталарға көшіруге қолайлы етуге күш салды.

2012 жылы Маск бұл бағытта SpaceX Dragon атты бірінші әуе кемесін жасап шықты. Ол Жерден халықаралық ғарыш стансасына жүк жеткізіп, кері қайта алатындай қауқарлы болды. Ал Dragon капсуласы 2018 жылдың өзінде-ақ ғарышқа адам ұшыруға қызмет ете алатын көрінеді.

Кәсіпкер 2004 жылы электроавтомобиль дайындайтын Tesla Motors компаниясына қаржы бөлді. Жақында Tesla жаңа электр жүк көлігін шығарып, сағатына 30 мың үйді энергиямен қамтамасыз ететін әлемдегі ең үлкен литий-ионды батереяны ойлап тапты.

2013 жылы туннель арқылы сағатына 804 шақырым жылдамдықпен жүре алатын темір жол жүйесінің Hyperloop жобасын жасау идеясын жариялады. Бастапқыда бұл АҚШ-тың Сан-Франциско және Лос-Анджелес қалалары арасында қауіпсіз және тиімді жол қатынасы арқылы жалғау идеясынан туған екен. Бұл жоба 2016 жылы қолға алынып, жұмыс басталып кетті. Енді осындай 10 маршрут әлемнің әртүрлі елдерінде жасалатын болады. Осы мақсатта Маск 2016 жылы The Boring Company деген компанияның негізін қалады. «Көңілсіз компания» деген ұғымды білдіретін ол қалалардың арасында сағаты 200 шақырым жер жүретін пойыздар қозғалысы үшін тоннель салумен айналысады.

Өткен жылғы көктемде SpaceX компаниясы өте жоғары жылдамдықты «баламалы» интернет орнату үшін спутниктер ұшыруды көздеп отырғанын жариялады. Маск енді 2019 жылы ғарышқа осы мақсатта 4425 спутник ұшыратынын мәлімдеді. Жердің барлық түкпірін қамтитын бұл байланыс 2024 жылы толық жүзеге асып бітеді. Сол ол жұрттың бәріне қолжетімді бағалы интернет ұсынады.

Жалпы, Илон Масктің идеялары өте көп. Соның ішінде әлемді дүр сілкіндіретін 12 жоба бар. Әзірге оның бұл қадамына қатты таңырқап, сүйсініп жатқандар өте көп, сонымен бірге күдікпен қарайтында да жетеді.

Бәріне де уақыт төреші.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button