20 ғажайып ғимаратАстана-20

Астана – тәуелсіздік тәжі

 Айта кету керек, 2006 жылдан бастап Астана күні 10 маусымнан 6 шілдеге ауыстырылды. Елімізде бұл күн мемлекеттік мейрам ретінде аталады. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде елдің әл-ауқаты өсіп, халықтың рухани-мәдени тұрғыда толысуымен қатар Астана да ұлт келбетіне, қазақтың мақ­­танышына айналған жас қала басқа қалаларымыз бой тү­зейтін жасампаздықтың үлгісіне айналды. Елбасының біз Астананың әр кірпішін бірге қаладық, әр талын бірге отырғыз­дық, отаншыл, мемлекетшіл әрбір азамат осы қаланың өркендеуіне, гүлденуіне қолынан келгенінше үлес қосты, ендеше елордамызды бүкіл Қазақстан болып тұрғыздық дегені бар.

Астананың 10 жылдығы елордамыздың дамуындағы елеулі оқиға және айтулы белес болғаны сөзсіз. Кезінде Отанымыздың жүрегі Еуразияның нақ ортасында, Сарыарқаның төрінде, Есілдің жағасында орналасқан дегендеріміз құр сөз емес, шындыққа айналды. Ол тарихымыз­да алғаш рет тек өзіміздің ұлттық мүддемізден шыға отырып қабылданған шешім және тәуелсіз Қазақстанның ең ірі инновациялық жобасы болды. Астана батыс пен шығысты жалғаған шаһарға, тәуелсіздікпен енші­лес, егіз ұғымға, әлемдік сая­сатта қадамы құтты қалаға айналды. Ол – еркіндік пен егемендіктің асқақ символы, тәуелсіздіктің тұғырлы тәжі дейді Елбасы.
Сонымен бірге Астана ірі өңір­лік орталыққа, отандық құрылыс индустриясы дамуының қуатты серіппесіне айналды. Автожолдар, тұтас алғанда көлік саласы дамытушы әлеует­ке ие болды, облыстар арасындағы байланыстар күшейді. Мәдениет пен өнерді, ғылым мен білімді дамытуға жағдай жасалды. Астанада заманауи қалалық сәулетшілік-тұрмыстық мәдениет қалыптастыруға негіз қаланды. Елорда елдің экономикасына да мультипликациялық әсер етіп, жаңғырту облыс орталықтарын ғана емес, қалалар мен аудандарды да қамтыды. Сөйтіп, Астананың мысалында Қазақстанның өзгеріске дайын екендігі және жаңа өмір талабына сай туындаған мәселелерді ой елегінен өткізіп, сараптап оларға жауап беруге қабылеттілігі дәлелденді.

Яғни Астана арқылы, іс жүзінде жаңа мемлекет құру басталды, Тәуелсіздіктің өзіндіқ, қазақстандық жолы табылды және қазақстандық мемлекеттілікті орнату үдерісі түйінделді. Ол мемлекеттік элитаны жаңарту­ға әсер етіп, кадрлардың жаңа толқын ұрпағын тәрбиелеуге негіз жасады. Ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар да Астанада іске асырыла бастады. Бизнеске мол мүмкіндік ашылды, адам ресурстарын дамытуға оңды жағдай туды, адамдарда белсенді өмірлік айқындама, білім мен еңбекқорлық, отаншылдық пен туған елдің қамын ойлау ние­тіне басымдылық берілді. Ел түлеп сала берді, ал Астананың өзі өмір сүруге, жұмыс істеуге барған сайын қолайлы, ыңғайлы мегаполиске айналып, оның халықаралық беделі өсті. Ол жаңа Қазақстанның күш-қуаты және қазақстандық жаңа патриотизм­нің бұлағына, оның көп ұлтты халқының жасампаз энергиясының көзіне айналды.
Астанаға деген Елбасының көзқарасы ерекше екендігі белгілі. Дегенмен де Президенттің оны салу мәселесіне тек қана таза шаруашылық, яғни құ­ры­лыс немесе абаттандыру жұмысы тұрғысынан қарамайтындығын қазақстандықтар жақсы біледі, әсіресе, сол сала­лардың мамандары. Елбасы – «үлкен саясатты» нақты ңәтижелер мен сапалық көрсеткіштер арқылы қол жеткізудің әлдеқайда тиімді болатындығын ерте түсінген және сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтын саясаткер. Оны 2000 жылғы 24 наурыздағы Астананы абаттандыру мәселесіне арналған кеңесте Н.Ә.Назарбаевтың «Елдің астанасын салу деген – біздің ұлттық парызымыз… Жаңа мем­лекетіміздің жаңғыруының белгісі ретінде, осы өлкені өркендету ретінде, халқымызды жаңа бетбұрысқа қарай бұру жөніндегі, істеп жатқан қыруар жұмысымыздың ең негізгісі, реформаның да, жаңалықтың да барлығының белгісі. Сондықтан біздің үкімет мүшелері болсын, басшы қызметте жүргендер болсын, бизнесте жүрген азаматтардың барлығы өздерін осы Астанаға үлес қосуды ұлттық міндет деп санау керек деген сөздерінен айқын аңғаруға болатын сияқты.
Астана архитектуралық қала құрылысының дамуына да елеу­лі ықпал жасады. Қала өзінің айрықша сәулетімен ерекшеленеді. Ол ерекшелік дәстүрімізбен сабақтасқан жаңашылдықта жатыр. Елордада бой көтерген әрбір ғимараттың, монументтер мен ескерткіштердің, мәдениет, дін, спорт, медицина және білім беру, сауда, ойын-сауық кешендерінің әрқайсысының өзіндік орны мен миссиясы бар. Олардың бәрі Астананың мәртебесіне сай жан-жақты ойластырылып, елдің стратегиялық дамуының және қала тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып салынған. Астананың айтулы ғимараттарын жобалап, оны салуға әлемдік деңгейдегі белгілі сәулетшілердің тартылғандығын да ұмытпаған абзал.
Мәселен, 2006 жылы ашылған Бейбітшілік және келісім сарайын алайық. Бұл сарай – Елбасының идеясы мен бастамасының жемісі, ал оны іске асырған британдық атақты сәулетші Номан Фостер. Ол – өркениеттер үн­дестігінің нақты түрде іске ас­қан елдік пен ынтымақшылдықтың сарайы. Бұл – әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездерін өткізіп тұруға, діндердің және біздің халқымыз­дың бірлігі мен келісімінің ордасы ретінде арнайы салынған сарай. Елбасы әлемде бәрі де уақыттан қорқады, бірақ уақыт пирамидалардан қорқады деген көне египеттік мақалды еске ала отырып, біздің Астана да мәңгіліктің осындай символы деген екен. Тәуелсіздік пен Астана Мәң­гілік елдің 7 құндылықтарының біріншісіне жатқызылғаны да сондықтан болар. Ал «Хазірет Сұлтан» мешіті көпсалалы рухани және мәдени-ағартушылық орталығы ретінде көпэтносты қазақстандықтардың жүрегіне иман ұялату арқылы Қазақстанды бейбітшілік пен келісімнің мекеніне айналдырып отыр.
2009 жылы бой көтерген «Қазақ елі» монументі халқымыздың биік рухы мен келешегінің белгісіне айналып, бабала­ры­мыз­дың мәңгілік ел орнату арманының жарқын көрінісі болды. 2011 жылы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тұрғызылған «Мәңгілік ел» салтанатты арқасы, Елбасы атап өткендей, елдіктің еңселі есігі болмақ.
Ал ұлы күйші Құрманғазының ескерткішіне байланысты Н.Ә.Назарбаев «Бір ғана Сары­арқа күйі – Астанаға арналған гимн емес пе?» дегенінің өзі көп жайтты аңғартса керек.
2010 жылы ашылған «Назарбаев Университеті» Елбасының тағы бір батыл және өршіл бас­тамасы болатын. Ол – білім берудің әлемдік деңгейдегі ор­талығы, бәсекеге қабілетті адам капиталының сапасын арттыруға бағытталған ұлттық қазына және болашаққа жол салатын ірі халықаралық жоба. Университеттің алдына Президенттің қойған негізгі талабы – оны ұлт­тық брендке айналдыру болатын. Сондықтан Елбасы ол Уни­верситеттің Декларациясын өз қолымен бекіткен. Оның негізіне жетекшілік, патриотизм, дербестік және академиялық еркіндік, адалдық, инновация­лық, толеранттылық сияқты ұстанымдары алынды.
Ел астанасын Алматыдан Ақ­молаға ауыстыру мәселесі көтеріле салысымен-ақ, басын­да атап өткеніміздей, жаңа ел­орданы мәдени-рухани, білім мен ғылымның орталығына айналдыру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарына қосылды. Әлі есімде, бұл мәселелер Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы деңгейінде Үкімет басшысының орынбасары, министрліктер мен ведомстволардың басшылары және Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлерінің қатысуымен өткен кеңестерде талай рет талқыланған.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Мемлекет тарихы
институтының бас
ғылыми қызметкері,
саяси ғылымдар докторы

(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button