Басты ақпаратЖаңалықтар

Астанада ата-ана қамқорлығынсыз қалған сәбилердің тұсауы кесілді (ФОТО)

Ұлыстың ұлы күнінің қарсаңында ҚР Ұлттық музейінде игі шара өтті. Республикалық «Жақсылық жаса» жобасының аясында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тұсауын кесу рәсімі ұйымдастырылып, жиналған жұртшылық қаз-қаз басқан сәбилердің қадамдарына сәттілік тіледі. Бас қаламыздағы Мамандандырылған балалар үйінің Аделина, Елхан, Ясмин, Архат, Дәния есімді тәрбиеленушілерінің тұсауын кесуге өнер, әдебиет, журналистика салаларында аттары танылып қалған адамдар шақырылды. 

Қазақ арасында ежелден жалғасып келе жатқан бұл дәстүрдің өз жоралғылары бар. Әртүрлі жақсы ырымдарды ұстанған халқымыз баланың аяғына малдың тоқ ішегін, көк шөпті немесе ала жіпті байлап, тұсауын пышақпен кескен. Бұл рәсімді атқаруды кім көрінгенге тапсырмай, «Жолын берсін» деген ниетпін елге сыйлы, қимылы ширақ, сөзі де, ісі де жұртты қарататын азаматтарға жүктеген.

«Тұсаукесер рәсімінің Ұлттық музей қабырғасында ұйымдастырылуы тектен-тек емес. Осы жерде ата-бабаларымыздан қалған асыл мұралар, құнды жәдігерлер жинақталған. «Ұзынын ұлына, қызылын қызына» дейтін халқымыз әр мейрамында дәстүр-салтын сақтап, ұрпағына арнаған. Соны ұстанып, тұсаукесер рәсімін өткізіп отырмыз» дейді музейдің бас қор сақтаушысы Ырыскүл Іскендірқызы.

Алғашқы болып Аделина атты сәбидің тұсауын қазақ әнін әлем сахналарында асқақтатып салып жүрген опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы кесті. Көпшілік алдында толқып сөйлеген ол музей және Мамандандырылған балалар үйінің ұжымдарына «Әлем бесік жырлары» дискісін сыйға тартты. «Бұл дискіге әлемнің інжу-маржандары өзімнің орындауымда қазақ тілінде жазылған. Кішкентайлар оны тыңдап өссе, болашақтары жарқын болады, әлем музыкасына деген құштарлығы оянады деп ойлаймын» деді опера әншісі.

Өзге сәбилердің тұсауын «Астана ақшамы» ЖШС директорының орынбасары, белгілі журналист Зейін Әліпбек, ақын Қалқаман Сарин, «Балапан» телеарнасының директоры, танымал тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы, саясаттанушы-журналист Жарқын Түсіпбекұлы кесті. Белгілі сатирик, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Көпен Әмірбек ақсақалдық батасын берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.  

ERM_2540

ERM_2576

ERM_2683

ERM_2716

ERM_2706

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button