Басты ақпаратЖаңалықтар

Астаналықтар суды қайдан ішеді?

Елорда тұрғындарының қолайлы тұрмысын қамтамасыз ету үшін қаншама мекеме күні-түні дамылдамай еңбек етуде. Сондай игі істердің бір парасын «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқарады. Кеше біз аталмыш ұйымға барып, күнделікті тұтынатын судың үйімізге жеткенге дейінгі барлық процестерін бақылап қайтқан едік. 

01

«Астана су арнасы» МКК бас директоры Уәлихан Досаевтың айтуынша, қазіргі таңда қаладағы ауызсу мен техникалық су шаһардан 51 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан Астаналық (Вячеслав) су қоймасынан алынады. Ал тұтынатын су көлемінің шамамен 1 пайызы жерасты су көздеріне тиесілі.
– Астаналық су қоймасынан алынған су сорғылы-сүзгілі бекетке жеткізіліп, №1 және №2 блоктарға бөлінеді. Одан соң суға күкірт қышқылды алюминий мен гипохлорит секілді реагенттер қосылып, араластырылады. Бұдан кейін оны тұндырғышқа айдайды. Тұндырғыштан сүзгілерге жіберіледі. Бұл резервуарларда кварц құмы мен керамзит атты материалдардың көмегімен су түгелдей тазаланып, арнайы ыдысқа құйылады. Артынша шаһарға жол тартады, – деді мекеме басшысы.
Осы тұста судың сапасы туралы сұрақ автоматты түрде аузымыздан шықты. Жасыратыны жоқ, Астананың суын дәмі кермек деп жұртшылық онша жақтыра қоймайды. Оның сыры хлордың шектен тыс мөлшерде болуынан деп ойласақ, қателеседі екенбіз. Өйткені, соңғы кездері суды залалсыздандыру үшін хлордың орнына натрий гипохлориді қосылатын көрінеді. Сонымен бірге, су құрамындағы жағымсыз дәм мен иісті кетіру мақсатында белсендірілген көмір пайдаланылады. Қысқасы, елордалық ауызсудың сапасы бактериологиялық, органолептикалық, радиологиялық, физикалық және химия­лық жағынан санитарлық ережелерге түгелдей сәйкес келеді. Тек әлгіндегі проблема құбырлардың ескіруінен туындаған тәрізді.

01-2

Бүгінде «Астана су арнасы» МКК 300 шақырымдық су құбырлары желілерін қолданады. Өкінішке қарай, олардың тозуы үлкен мәселеге айналып отыр. Алайда, жыл сайын бұл кемшілік те бірте-бірте түзелуде. Мәселен, 2013 жылы қаладағы су құбырларының 45 пайызы көне болса, 2014 жылы осы көрсеткіш – 43 пайызды, 2015 жылы 42 пайызды құраған. Инвестициялық бағдарлама аясында оларды жөндеуге арналған шаралар қабылданып, нәтижесінде 2010-2014 жылдар аралығында 11,4 шақырым су құбыры қайта қалпына келтірілген. Желілерді жөндеу кезінде, әсіресе, заманауи ілмекті-реттеуіш арматураларды қондыруға ерекше назар аударылады. Сол мақсатта кейінгі жылдары «Hawle» компаниясы шығарған 2158 ысырма құрал сатып алыныпты. Олар 50 жылдан аса мерзімге жарамды.

01-3

Желілердің жағдайы – «Астана су арнасы» МКК өкілдерінің үздіксіз қада­ғалауында. Автоматтандырылған жүйелер мен ақпараттық технологиялар бөлімінің жетекшісі Рашит Маитдиновтың түсіндіруінше, онлайн мониторингтің арқасында шаһардағы су құбырларының жай-күйі мен ондағы судың сапасын мамандар тұрақты түрде бақылап отырады.
– Бұл технология «smart су», яғни, «ақылды су» деп аталады. Мысалы, сол жағалаудың бір ауданындағы су қысымы төмендеп кетті делік. Сонда орнатылған есептегіш тетік жаңағы ақпаратты дереу сорғылы-сүзгілі бекетке жөнелтеді. Стансада шығыршықты қақпақшалар бар. Сигнал келе салысымен, сол қақпақшалар өздігінше ашылып-жабылып, су қысымын дұрыстайды. Мұндай механизм судың сапасын да түзей алады, – деді ол.
Алдағы уақытта елорда бойынша әлі де осындай 100 нүкте орнату жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Астана су арнасы» МКК 2016-2020 жылдары құны 6,5 миллиард теңге болатын инвестициялық бағдарлама шеңберінде қуат үнемдеуге мүмкіндік беретін құрал-жабдықтарды жаңалап, 27,5 шақырымдық су құбырын жөндеуді жоспарлап отыр.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button