Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНАНЫҢ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ АЛДАҒЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

8571cd04d77bc05cf105720404c

Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық коммуналдық кәсіпорындар басшыларының, аудан әкімдерінің, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт басқармаларының алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша есептерін тыңдады.

«Теплотранзит» АҚ мәліметінше, қалалық денсаулық сақтау, білім және мәдениет нысандары 100%, тұрғын үй қоры 97%-ға дайын.

«Алматы» ауданындағы 1070 үйдің 1050-і немесе жалпы санының 98% дайын. «Есіл» ауданындағы 258 үйдің 239-ында (93%) дайындық жұмыстары аяқталды, «Сарыарқа» ауданында 927 үйдің 914-і (99%) қысқа дайын.

Елорданың үш ауданындағы қалған үйлерде тұрғындардың ықылассыздығынан, сондай-ақ, мақсатты қаржыны жинау қарқынының төмендігінен жұмыстар кестеден кешіктіріліп жатыр. «Астана Теплотранзит» АҚ және «Астана қаласының тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ бірлесіп осы нысандар бойынша жиналыстар өткізіп, тұрғындарға жылу тораптарын жөндеуге мақсатты қаржы жинау қажеттілігі туралы түсіндіруде.

Елорданың тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының негізгі және қосалқы жабдықтарын жөндеу бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда «Астана – Энергия» АҚ – 95%, «Астана – Теплотранзит» АҚ – 92%, «Астана – РЭК» АҚ – 80,8%, аудандық қазандықтар – 100% дайын.

Айта кетейік, жылыту маусымына дейін энергия қуаты көздерінде отынның 20 тәуліктік нормативтік қоры жасалады.

Сонымен қатар, биылғы жылдың әр айға бөлінген көмір жеткізу кестесі бекітілді.

Кәсіпорындардың 2016-2017 жж. жылыту маусымына дайындық төлқұжаттары жөндеу кампаниясы аяқталған соң ү.ж. 1 қазанына дейін беріледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Әсет Исекешев жауапты тұлғаларға барлық қалалық нысандарды жылыту маусымына дайындауды уақытылы аяқтауды және 1 қазанда балабақшаларға, мектептерге, ауруханаларға жылу беруді тапсырды. Қалған нысандарды, соның ішінде тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау ауа райының өзгеруіне (ауа температурасының төмендеуі) байланысты болады.

astana.gov.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button