Басты ақпарат

АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ

1

Тәу етер тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған айбынды әскеріміздің даңқы арта бергей!
Отан қорғаушы оғландарымыз азаттық үшін айқасқан ата-баба мұраттарына адал болғай!

 

Жауынгер-интернационалист

Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің 1945 жылдың 9 мамырынан кейін «Ендігі ұрпағымыз соғыс көрмесін» деген тілеуі болатын еді. Алайда, уақыт безбені сол соғыстың бейнетін көтерген ардагерлерді тағы бір қасіретке түсірді. …1979 жылы Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кірді. Бұл жерде де соғыс оты тұтанған еді.

Афган

Бастапқыда Ауғанстандағы сәуір революциясын қолдау мақсатында барған совет жауынгерлері жергілікті халықтың арасынан жасақталған дұшмандардың қарсылығына тап болды. Осылайша, ел аузында «ауған соғысы» аталып кеткен қырғын басталып кетті.
Ауғанстан алапатына Қазақстаннан 22 мың әскери азамат қатысты. Олардың арасынан 924 адам қаза тапты. Бірнеше жерлестеріміз әлі күнге дейін із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Мыңдаған жауынгерлеріміз соғыс даласында жараланып, мүгедек болып қалды.
Осынша қасірет әкелген соғысты бастан кешкен жауынгердің бірі сержант Нұрлан Ахметов болды. Целиноград, бүгінгі Астана қаласында туып-өскен жап-жас жігіт 1986 жылы әскер қатарына шақырылғанда Ауғанстанға түсемін деп ойламаған да еді. Орджоникидзе қаласындағы мотоатқыштар полкында оқу-тәжірибеден өтеді. Арада алты ай өткенде сержант шенін алған Нұрлан Ахметовты әскери басшылық шұғыл түрде Ауғанстанға аттанатын батальон құрамына қосады да жібереді. Отан алдында адал қызмет атқаруға ант берген жас жауынгер бұл бұйрықты бұлжытпай құп алды да «ауған соғысынан» бір-ақ шығады.
…Кабул қаласы маңындағы аэродром. Ұшақтан түскен бетте көрген сұп-сұр таулар сұлбасы, шаңды бұрқыратқан суық желдің ысқырығы, жүздері қаталданған жауынгерлер бейнесі жас жауынгердің көңіл-күйін, әрине, көтере қойған жоқ. Алайда, бала кезінен оқуға зерек, спортқа бейім болып өскен Нұрланның бойында қиындыққа мойымайтын мінез бар еді. Сондай-ақ, көпшілік іске кірісіп кететін, қасындағы адаммен тіл табыса білетін қасиеттері де осындай сындарлы сәтте өзіне серік болғаны сөзсіз.
Ауғанстанға келген бетте Газни провинциясындағы мотоатқыштар полкының реактивті артиллерия дивизионында ауыр зеңбірек бөлімшесінің командирі болып қызметін бастаған Нұрлан Ахметов 1988 жылы «Последний магистраль» операция­сында қанды қырғынды басынан кешіреді. Дұшмандармен болған шайқаста қасындағы досы Қуаныш Байзулин мина жарылысына түсіп қалады. Ес-түсінен айрылып, ауыр жараланған майдандасты дереу госпитальға аттандырады. «Осы бір оқиға менің есімде жатталып қалды. Оралдық досым өмірден өтіп кете ме деп уайымдаған едім. Құдай қуат беріп сол жігіт бүгінде аман-есен жүріп жатыр» дейді ардагер. Сонымен қатар моджахедтердің жолдарды қиратып, көпірді талқандап кетуіне байланысты 45 тәулік бойы полкпен арадағы қарым-қатынас үзіліп, не тамақ, не қару-жарақ, не елден хат-хабар ала алмай қалған күндер де Нұрлан жауынгердің Ауғанстан даласындағы ұмытылмас сәттері болып қалған екен.
Иә, Ауғанстан соғысында талай рет өмір мен өлімнің арпалысын өткерген қазақ жауынгері әскери басшылық атынан бірқатар алғыс алды. Кеудесін бірнеше наградалар көмкерді.
Әскери міндетін өтеп қайтқан соң Целиноград инженерлік-құрылыс институтында оқыды. Өзінің қалаған мамандығы бойынша «Целинтранстрой» автобазасында еңбек жолын бас­тады. Бірақ Ауғанстан соғысының салдарынан пайда болған сырқатына қарап дәрігерлер ауыр жұмыс істеуге жарамайтынын жеткізді. Содан табиғатынан елгезек болған Нұрлан киім пішуші мамандығын игеруге бел буады. Осы кәсіпте де еселеп еңбек етті. Қазір «Тенгизшевройл» компаниясының қауіпсіздік жүйесінде жемісті қызмет атқарып жүр.
Жауынгер-интернационалист Нұрлан Тілектесұлы – қоғамдық жұмыста танылған азаматтың бірегейі. Астана қаласында, сонымен қатар республикалық деңгейде өткізіліп жататын әскери-патриоттық шаралардың бел ортасында қашанда осы азаматты көресіз. Ол бірнеше жылдар бойы «Астана қаласы Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары, кейіннен «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының атқарушы директоры болып жұмыс жүргізді. Бүгінде ҚР Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығы басқарма мүшесі.
Әрқашан Ауғанстан соғысы ұйымдары өткізетін әскери-спорттық шараларда «ауғандық ұйым командасының» капитаны міндетін атқаратын Нұрлан Ахметов өнегелі отбасының тірегі. Сүйген жары Құралай екеуі бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр. Балаларының қайсы болса да оқуда үздік, өнер мен спортқа бейім болып өсіп келеді.
– Мен үшін қазақ еліндегі бейбіт өмірден артық ештеңе жоқ. Біздің аталарымыз көрген Ұлы Отан соғысы, біздің замандастарымыз көрген Ауғанстан алапаты енді қайталанбаса екен деп тілеймін. Әрбір азамат туған еліміз бен жеріміздің патриоты болса екен деймін, – дейді жауынгер-интернационалист Нұрлан Ахметов жүзінен мейірімі төгіліп.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

07

Аты аңызға айналған батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп тегін айтпағаны айқын. Мен үшін де Отаннан ыстық ұғым жоқ деп ойлаймын. Туған елім – Қазақстанды қорғауды өзімнің басты парызым деп санаймын.

Мен қазір сәулеті мен дәулеті асқақтаған елордамыз Астанада тұрамын. Қазақ өнер университеті мектебінің 4-сынып оқушысымын. Домбыра және фортепиа-но класында білім аламын. Болашақта Құрманғазы бабамыз секілді күйші болсам деп армандаймын. Сондай-ақ, Қазақстанның әскери оркестрінде қызмет атқарсам деген мақсатым бар. Жалпы мен әскери адамдарды өте құрметтеймін. Ұлы Отан соғысының майдангерлерін көргенде өзімді батырлардың ұрпағындай сезінемін. Айта кетсем, менің әкем Дәуренбек жас кезінде Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген. Соғыста бірге болған майдандас дос­тарымен жиі кездесіп тұрады. Олар қалада және басқа да аймақтарда болатын әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырады. Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі және «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов атындағы қайырымдылық-патриоттық қоғамдық қоры» ұйымының бастамасымен өткізілетін акцияларға тұрақты қатысады.
Мен де әкеммен бірге еріп Сталинград шайқасы болған жерлерде болдым. Өткен жылы Жеңістің 70 жылдығына арналған акцияға да қатыстым. Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің жауынгер-интернационалистері Мәскеу түбіндегі шайқас өткен жерлерде болып, қиян-кескі ұрыс даласында қаза болған отандастарымызға тағзым рәсімін жасады. Сонымен қатар, Мәскеудегі Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте кездесу өтті. Мен сахнаға шығып күй орындадым. Ауғанстан соғысының ардагері, генерал М.Марденов бастап барған осы патриоттық автошеру барысында көптеген қалаларда митингтер ұйымдастырылды. Соғыс майдангерлерімен кездесулер болды. Мен үшін бұл сапарлар ешқашан ұмытылмайтын өмір белестері болмақ.
Қазір менің репертуарымда Отан, туған жер, ерлік тақырыбына арналған бірнеше шығармалар бар.
Менің ойымша, әрбір қазақстандық азамат өз елінің патриоты болуы керек. Әсіресе, Отан қорғау ісі әрбір ер жігіттің қасиетті парызы болса деп тілеймін. Өйткені, қай елдің болса да абыройлы болуы алдымен оның азаматтарына байланысты деп ойлаймын. Өз Отанын, туған жерін, ана тілін, салт-дәстүрін құрметтеген адам ғана өзін патриотпын деп айта алады.
Біздің елімізді бақытты ел деп санаймын. Қазақстан әлі де қарыштап дамып, бүкіл әлемге бейбіт өмірдің өнегесін көрсете беретініне сенемін. Сол үшін де мен Отан қорғауды өзімнің ең қасиетті парызым деп санаймын.

Ілияс ЗАЙБЕК,
Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің 4-сынып оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button