Басты ақпаратЖаңалықтарСаясат

Басты құжат кемелдене түсті

9c8fdcac15869536d799c18a3cb38ffe-asli

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» ҚР Заңының Қазақстан Республикасы Конс­титуциясына сәйкестігін анықтау мақсатында Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысы жария етіліп, Мемлекет басшысына қол қою үшін ұсынылған еді. Кеше Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш заңға қол қойып, мемлекетіміз үшін мәні зор тарихи шешімнің жүзеге асатын сәтінде қазақстандықтарға арнап сөз сөйледі.

«Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам.
Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңге­рімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті.
Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсы­ныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді.
Біз көпшіліктің Ата заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті
жобаны Парламент қарауына енгіздім.
Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.
Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкі­мет­тің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық.
Мен қоғамдық талқылауға белсене атса­лысқан ел азаматтарының бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, заңгерлер, университеттер басшылары қатысты. Парламент депутаттары көп ұсыныс енгізіп, нақты жұмыс істеді. Барлық шаралар үшін рахмет айтамын. Заңмен жұмыс жүргізіп, маңызды міндет атқарған Парламент депутаттарына да көп рахмет. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.
Конституциядан кейін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Мен түзетулер енгізілген заңды Конс­ти­туцияның талабы бойынша Конс­ти­туциялық Кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заң­дарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым.
Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button