Басты ақпарат

Бейбіт елдің берекесі

-единства1,-1.05

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған түрлі деңгейдегі 200-ден астам шара ұйымдастырылды. «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өткен «Нұрлы жол – жеңіс жолы» атты мерекелік шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, елімізде мамыражай тірлік кешіп жатқан жүздеген ұлт пен ұлыстың алдында ағынан ақтарылды.

Өткен ғасырда Қазақстанға жер аударылған этностар қолтығы кең, құшағы ашық қазақтың шаңырағынан пана тапты. Осы жерде дүниеге келген олардың ұрпақтары елімізді қазір туған Отаны деп санайды. «Қазақ елі» алаңына жиналған халық еліміздегі бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Алаңда өтіп жатқан ойын-сауыққа көз тастаған адам «Ырысы тасып, жеделдеп алға басқан» елдің бақуатты өмірінің куәгері болды.
Мерекелік шараға жиналған елордалық және Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыс­тарынан келіп, Астанаға ат шалдырған этномәдени бірлестіктер өкілдері алаң аумағында этноауыл құрып, тойшыл қауымға мерекелі де, берекелі дастарқаннан дәм татқызды.
Бұл күнді – ақ тілектер ақтарылған күн деп атасақ та болады. Әртүрлі ұлттар мен нәсілдер бір кісідей мерекеге атсалысып, Қазақстандағы бірлік мейрамын ұлықтады. Мәселен, славян этномәдени орталығы «Соседушки» ансамблінің өкілі Оксана Ткачева «Аспанымыз әрдайым ашық болсын» десе, Злата» болгар этномәдени бірлестігінің өкілі Елена Яцук «Қазақстан халқы бірлігі күні – баршамыз үшін үлкен мереке» деді.
Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер өкілдері өз өнерлерін ортаға салды. Алаңға келген қарасы мол халық сахнадан шырқалған әсем әндерге құлақ құрышын қандырып, мың бұралған биге көз суарды.
Елордада өтетін мерекелік шаралардан қалмайтын, қоржынында жүректі тербейтін лирикалық әндерден бөлек елдікті асқақтататын шығармалары жеткілікті «МузАрт» пен әндері ұлттық бояуға қанық «Алашұлы» топтары, Маржан Арапбаева, Алмас Кішкенбаев, Әсел Сәдуақасова, Ардақ Балажанова, Евгений Гартунг, Диана Шарапова секілді танымал эстрада әншілері, опера жұлдызы Сүндет Байғожин әндерін әуелетті. Олардан Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері де қалыспады. Астаналық цирк пен «Наз» мемлекеттік би, қуыршақтар, «Жастар» және көңілді тапқырлар сынды бас қаладағы театрлар халықтың көңіл-күйін көтере түсті.
Бірлік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған спорттық шараларға қатысушылар да көп болды.
Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне арналған халықтық серуендер мен концерттер қаланың басқа орындарында да, атап айтсақ, «Бәйтерек» монументі алаңында, елордалық әкімдік алдындағы алаңда, ғашықтар және студенттер саябақтарында, «Жастар» театры алдында және Есіл өзені жағалауында түннің бір уағына дейін тоқтамады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button