Рухани жаңғыру

Домбыра – әрқашан қазақтың жүрегінде, төрінде

1 шілде күні «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда киіз үй тігіліп, бір уақытта 3 мың домбырашы күй төгеді. Астана осылайша Елбасының Жарлығымен бекітілген Ұлттық домбыра күнін ұлықтайды. Мереке қарсаңында «Астана ақшамы» газетінің тілшісі осы шараға қатысушылардың бірі Кәкім ЕРДІБАЙТЕГІМЕН кездесіп, әңгімеге тартқан еді.

– Сізді өнерсүйер қауым жақсы тани қоймайды. Әрі ұстаз, әрі сазгерсіз. «Тарбағатай-Өр Алтай-Қазақ сазы» ұлт­тық әуез ансамбліне же­текшілік етесіз. Танымал өнер адамдары әнде­рі­­ңізді орындап жүр. Шы­ғар­машылығыңызды оқыр­­манға таныстырсаңыз.
– Бүгінде Мағжанның өлеңіне жазылған «Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін» әнін «Аламан» тобы орындап жүр. Ал «Шолпы», «Күміс нұрлы ай» деген өлеңдеріне жазылған әнімді Нұрбол Балапанов шырқайды. «Мен жастарға сенемінді» Нұрғали Нүсіпжанов айтады. Мұқағалидың шығармашылығына келгенде «Санаулы күн», «Ауылға» өлеңдеріне ән шығардым. Ақын Ұлықбек Есдәулет­тің өлеңіне жазылған «Нұрғисаның аққулары» Нұрғали Нүсіпжановтың ән қоржынында. Ол «Қазақ», «Шалқар» радиоларының алтын қорында сақталған. «Қазақ сазы» оркестрі «Желтоқсан құрбандарының хаты» атты туындымды орындайды. Одан бөлек, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Перизат Тұрар сынды әншілер шығармаларымды айтып жүр. Абай атамыздың «Әсемпаз болма әрнеге», Шәкәрім атамыздың «Насихат» өлеңіне ән шығарып, өзім де орындап жүрмін.
– Өз отбасыңыз да өнерден кенде емес. Ұлыңыз бен қызыңыз ансамбль құрамында екенін бі­леміз.
– Иә, жұбайым да музыкант, қобызшы. Екеуміз Көкшетау­дағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінде оқып жүргенде таныстық. Үш балам бар. Үлкен қызым Фариза менің жолымды қуып, Қазақ ұлттық өнер университетінің қобыз класын бітірді. Қазір «Қарақат» мектеп-студиясында жетігеннен сабақ береді. Ұлым Нұрғиса біздің ансамбльде ойнайды, тоғызқұмалаққа қызығушылығы бар. 2003 жылы елордаға келгелі өнер адамдарымен қоян-­қолтық араласып, шы­ғар­­­машылығымызды да­­­мыттық. Қазір №54 мектепте домбыра үйірмесінде са­бақ беріп, «Отырар» халық оркестріне жетекшілік етемін.
– Түрлі музыкалық аспапта ойнайтын ансамбльді құру ойыңызға қалай келді?
– Бұл шығармашылық ұжым – көптен бері ойымда жүрген жобам. Астанада небір талантты жастар бар. Жас өнерпаздарға дайын сахна ұсынайын, демеп жіберейін деген оймен құрдым. Концертке шыққанда жолын өзім көтеремін. Мәселен, Астана маңындағы Ақмол ауылына барғанда 100 мың теңгедей жұмсадым. Эстрадаға келгенде, халық қалың жиналады, ал дәстүрлі әншілердің өнерін бағалау­ға тыңдарман аз келеді. Көрер­мен жинау – үлкен мәселе. Жаһандану дәуірінде ұлттық өнеріміз кенжелеп қалмаса екен деймін. Сол себепті демеушілік жасап, қолдаймын дейтін азаматтар болса, мархабат!
– Ансамбльмен шы­ғысқа гас­трольдік сапармен шыққалы отырсыз­дар. 20 күннің ішінде 25 концерт беруді жоспарлап қойыпсыздар. Мұндағы мақсатыңыз не?
– Биыл Тарбағатай ауданының құрылғанына – 90 жыл, Астананың 20 жылдығына орай «Астанадан – атажұртқа сазды сәлем» атты концерттік бағдарламамен атамекенге гастрольдік сапармен бара жатырмыз. Туған жерім Тарбағатайға арнап домбырамен орындалатын 11 әуен жаздым. Осы жолы концертте орындамақпыз. Осы сапарға Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы қолдау көрсетті. Зайсан, Марқакөл, Күршім, Қатонқарағай, Үлкен Нарын және Абай ауылын аралап, концерттік бағдарлама ұсынамыз.
– Ұлттық домбыра күніне ора­лайық. Бұл мейрам­ның қа­заққа маңызы қан­дай? Дайын­дық жұмыстары қалай өтіп жатыр?
– 1 шілде күні еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық дом­бырашы келіп, ұлттық аспапты ұлықтамақ. Мерекеге орай ұйым­дастырушылар «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көңілашар», «Ерке сылқым» деген 5 күй да­йындап отыр. Ұлттық домбыра күні – өте қажет шара. Домбыра – қазақтың жан серігі, шежіресі. Ақын Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп қазақтың киелі аспабы қаншалықты қадірлі екенін жеткізе білген. Батыр Бауыржан атамыздың жақсы сөзі бар: «Домбыраны қас­терлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да бола алмайды, жеміс те бермейді». Осы сөзбен-ақ халқымыздың домбыраға көзқарасын бағамдауға болады. Домбыра қай заманда да қазақпен бірге жасап келе жатыр. Тарихтың ауыр кезеңдерінде де қазақ домбырасын тастаған жоқ. Бұл аспап әрқашан қазақтың жүрегінде, жанында, төрінде.
Домбыраға арнап мереке жариялау Елбасының өте дұрыс саясаты деп білемін. Домбыраға деген құрмет – ұлтқа құрмет деп ұғыну қажет. Жастардың домбыраны үйренуге, қазақ өнерінің дамуына әрі қарай жақсы серпіліс беретініне сенемін.
– Домбырадан басқа қандай ұлттық құнды­лықтарды ұлықтауымыз керек деп ойлайсыз?
– Музыкаға келетін болсақ, дәріптейтін аспаптар көп. Қобызды да домбыра сияқты көтеру керек. Қобыз – киелі аспап, әрқашан домбырамен қатар тұрады. Оған да мәртебе беріп, биікке көтеріп жатса, өте қуанарлық жағдай болушы еді. Қыл қобызбен бұрындары бақсы-балгерлер ауруды емдеген. Ал қолыңа домбыра алып, тартсаң, жүйкең демалып, күш-қуат аласың. Ес білгеннен бастап домбыраның үнімен өсіп келе жатқан елміз ғой. Қазақтың қанына сіңген домбыраның үнін естігенде елең етпейтін қазақ жоқ. Қоңыр үні әдемі, тартымды. Қазақтың күй өнері – ЮНЕСКО тізіміне енген қазаққа ғана тән мұра.

Сұхбаттасқан
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button