Басты ақпарат

Ел мен жердің келбеті келісті болуы керек

Өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министр­лігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанынан «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі ашылған болатын. Жаңа орталыққа еліміздің мемлекеттік рәміздері мен ұлттық тарихи таңбаларды зерттейтін маңызды міндет жүктеді. Құрылғанына бір жылдай ғана уақыт өтсе де жұмысын жаңаша жандандырған мекеменің директоры Асылбек Баяжұмамен сұхбаттастық.

[smartslider3 slider=3551]

– Геральдикалық орталық жұмысы көпшілікке аса таныс болмаса да соңғы қызметтеріңізге қарап жаңа қызметтің дер кезінде пайда болғанын  байқап жүрміз. Әлемдік тәжірибеде баламасы бар ма?

– Ең қызығы геральдикалық зерттеу орталығы деген мекеменің Орта Азия елдерінде баламасы жоқ. Ресейдің мемлекеттік музейінде геральдика орталығы, қорғаныс министрлігінде геральдика қызметі және Президент төрағалық ететін Геральдика Одағы бар.

Басқа мемлекеттерде музейлер болғанымен дәл осы саламен айналысатын, тәжірибе алмасатын орталықтар жоқ. Сондықтан да біз үшін де, әлем үшін де тың тақырып. Тастағы таңбаларды зерделеу, зерттеу арқылы өткен тарихымызды жаңғырту бүгінгі күннің басты талабы.

Осы мақсатта министр Дәурен Абаевтың тікелей қолдауымен келесі жылы Халықаралық геральдистер конференциясын өткізуді жоспарлаудамыз. Сонымен қатар геральдиканың экспозициялық залын құруға да қаражат беріп отыр. Демек, келесі жылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі геральдист ғалымдардың басын қосу арқылы біз Түркітілдес елдер арасындағы алғашқы ғылыми зерттеу орталығы болуға толық мүмкіндігіміз бар.

Мен сәуір айында тағайындалдым. Осы уақытан бері «Қазақ геральдикасы» кітабын шығарып, «Таңбалы тастар тарихы» атты көрме ұйымдастырып, бірнеше маңызды конференцияларды өткізіп үлгердік.

Ең маңыздысы орталық жанынан белгілі ғалымдар Қаржаубай Сартқожаұлы, Бүркіт Аяған, Сұлтанхан Аққұлұлы, Тұрсын Жұртбай, Халиолла  Саматұлы, Жандарбек Мәлібеков, Бекен Қайрат, Иманғазы Нұрахмет, Марат Әбсеметов сынды белгілі тарихшы ғалымдар мен этнографтардың басын қосып ғылыми кеңес құрдық. Алғашқы кеңесте 30 жыл бойы ел ішінде даулы мәселеге айналған «Алтын орда» мемлекетінің, «Алаш» автономиясының туы бекітілді.

Өкінішке қарай, темір түріндегі марапаттың көбейіп кеткені алаңдатады. Тек мемлекеттік наградалардың өзі 200-ден асады. Ал енді түрлі қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар олардың сан түрін шығарып, таратып жатыр. Тіпті 50 мың тенге төлесеңіз «Қазақстанның құрметті азаматы» деген орден де ала аласыз. Білім саласында түрлі онлайн байқаулардың жеңімпаздарын оңды-солды таратып жатқан медальдарда қисап жоқ

Себебі, түрлі фильмдер мен мультфильмдерде жаңсақ, тарихи негізі жоқ туларды көрсетіп жастардың санасын шатастырып жатқаны шындық. Енді алдағы уақытта «Қазақ хандығы» дәуірінің туын бекітуге қол жеткізсек дүйім елге жариялап ғалымдар бекіткен нұсқамен тарихымызды жаңғыртамыз деген ойдамыз. Сонымен қатар Еуразия Ұлттық Университетінде геральдика ғылымы пән ретінде оқытылады. Жалпы геральдика саласы – ауқымды ғылым. Осы ғылымды дамыту зерделеу үшін бізге әлі бірталай тер төгуге тура келеді.

Бұл жұмысымызда біз министрліктің, ғалымдарымыздың, журналистердің, қоғамның қолдауын сезіп келеміз. Бұл – үлкен жетістік. Енді сонымен бірге еліміздегі тарихи орындарды зерделеу мақсатында түрлі экскурсиялар ұйымдастырып жатырмыз.

Ақмола облысының Ерейментау, Қарағанды облысының Қарқаралы өңірлерінде болдық. Мақсатымыз – еліміздегі таңғажайып тылсым сырға толы табиғатын, тарихи орындарын БАҚ арқылы насихаттау. Бұл жұмысты атқаруға бюджеттен бір тиын қаржы бөлінбесе де таза өзіміздің патриоттығымызбен жұмысты жүзеге асырып келеміз.

Министрлік ұйымдастыр­ған «Патриоттар форумында» өзіміздің үлесімізді қостық. Бұл бар жоғы 2 айда атқара алған жұмысымыз. Алда тағы үлкен шараларға мұрындық боламыз деген ойдамын.

– Маған астанамыздың гербі онша ұнамайды, сізге ше? Күні кеше дербес облыс болған  қалалардың гербін көріп тағы да талғамсыздықты аңғардық. Оның жасалу тәртібіне қатыс­ты талап қоя аласыздар ма? Герб дегеннен шығады, қазір облыстан бастап  ауылға дейін өз таңбасы бар, бұл  қастерлі ұғымды тым төмендетіп жіберген жоқ па? Әлде олардың өз санаты бар ма?

– Бұл – маңызды мәселе. Қазіргі таңда біз өз бастамамызбен осы жұмысты бір қалыпқа келтіруді бастап та кеттік. Әр өңірдің өз гербі бар. Әуелі оларды герб деп атаудың өзі дұрыс емес. Герб бізде біреу-ақ. Оның Конституциямен қорғалған мәртебесі бар.

Сондықтан да оларды герб емес өңірлік нышан деп атауды ұсынып отырмыз. Біздің жүргізген мониторинг жұмысымыздың барысында еліміздегі облыс, қала, аудандардағы нышандардың бірізділігі жоқ, бірі төртбұрыш, бірі дөңгелек, бірінде аң құс, бірінде табиғат, яғни дизайнерлік, суретшілік фантазия жоқ. Біздің ережеміздің басты талабы кез келген әзірленген өңірлік нышанда ұлттық мүдде, мемлекеттік идеология мен халықтар достығы бірінші кезекте тұруы керек.

Сонымен қатар оларды қабылдаудың да нақты ережесі жоқ. Әкімге ұнаса болды, қабылдай салады. Келесі әкімге ұнамаса өзгертіп жібереді. Сондықтан да осы өңірлік рәміздерді біріздендіру мақсатында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков ағамызбен бірлесіп «Өңірлік рәміздерді қабылдаудың ережелесін» әзірлеудеміз.

 Онда әр облыс, аудан, қала әкіміне ұсыныс түскен соң әкім қоғамдық кеңес өкілдерімен талқылайды, одан кейін біздің орталықтың сараптамалық кеңесіне жолдайды. Тиісті қорытындыны алған соң мәслихат шешімімен бекітеді.

Біздің қазір осы мақсатта құрып жатқан сараптамалық кеңесімізде суретшілер, дизайнерлер және қоғамға белгілі азаматтар бар.

 Бұл жұмыста бізге геральдист ғалым Айдын Рысбекұлы да көмек беруде. Сондықтан да алдағы уақытта бұл  салада ауқымды өзгерістер орын алады дегенге сеніміміз кәміл.

– Айта кететін нәрсе түрлі мерейтойлық жылдардың Абай, әл-Фараби т.б. эмблемасы дейміз бе, конкурс арқылы өтсе де көңілден шықпай жатады. Оның жоғарғы эстетикалық өлшемі қалай болу керек деп ойлайсыз? Егер орталықтандырылса, неге халық хабарсыз әрі бұқараның талдауынсыз өтеді?

– Бұл сұраққа жоғарыда жауап беріп кеттім. Ереже әзірленіп Мемлекетік Кеңесші Ерлан Қариннің қарауына жіберіледі. Егер мақұлдаса біз ережені мемлекеттік геральдикалық және ведомстволық наградалар комиссиясының қарауына енгізіп бекіттіріп, барлық өңірлерге жолдаймыз.

Сонымен қатар жалпы мемлекеттік рәміздерді қолдану мен пайдаланудың, өңірлік нышандарды қабылдау мен әзірлеудің әдістемелік нұсқасын да дайындаудамыз. Бұл ретте бірқатар семинарлар да өткіземіз деп жоспарлаудамыз.

Ереже қабылданған соң міндетті түрде қоғам талқысынан өткен нышандар ғана пайдаланылатын болады. Сондықтан да Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының әкімдеріне жаңа талаптар бекітілгенше өңірлік нышандарды қабылдау жұмысын тоқтата тұрған дұрыс деп есептеймін.

– Біздің қоғамда төс-белгіден бастап түрлі темір түріндегі марапатқа құмарлығымыз асқынып кеткен жоқ па?! Оны бизнеске айналдырғандар да жоқ емес. Ақырында марапаттың мәні кетіп барады. Геральдикалық орталық бұл істі қалай реттейді?

– Өкінішке қарай, темір түріндегі марапаттың көбейіп кеткені алаңдатады. Тек мемлекеттік наградалардың өзі 200-ден асады. Ал енді түрлі қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар олардың сан түрін шығарып, таратып жатыр.

Тіпті 50 мың теңге төлесеңіз «Қазақстанның құрметті азаматы» деген орден де ала аласыз. Білім саласында түрлі онлайн байқаулардың жеңімпаздарын оңды-солды таратып жатқан медальдарда қисап жоқ. Ауылдағы 2-сынып оқушысы ғылыми жаңалық ашты деп оған сертификат, медаль береді.

Әріпті жаңа таныған бала қандай ғылыми жаңалық ашуы мүмкін? Ал мұғаліміне де бір медаль тағып жібереді. Мемлекеттік органдарда бір-біріне ұқсақ медальдар да баршылық.

Осы мақсатта біздің орталық үлкен талдау жұмысын жүргізіп, тиісті шешім қабылдау үшін министрлікке жолдады. Ендігі кезекте министрлік ведомстволық және басқа да наградаларды реттеудің ережесін әзірлеуде.

Жақын арада ол құжат мемлекеттік кеңесшінің қарауына жолданады. Сонымен қатар ғалымдармен бірлесіп әдістемелік құралдарын да әзірлеп, тиісті заңға өзгерістер енгізу жұмыстарын да қолға алатын боламыз.

– Елтаңба, Мемлекеттік туымызды тіктеген елімізді таныту да сіздердің қосымша бір міндеттеріңізге айналып бара жатқандай. Ішкі туризмнің тұралап жатқан шағында дем берген орталықтың пресс-сапарлары қоғамның назарын аударып, ел тану жер тану, шалғай жатқан аймақтарға өзіңіз бастап барып мемлекеттік таңбаларымыз арқылы рухын көтердіңіздер. Бұл сапарлардың маңызы мен мәні туралы айтып өтсеңіз. Бұл әдеттегі форматтан ерекше екенін айтуымыз керек.

Форумдар, жиналыстар, семинарлар – бұл өткен ғасырдың әдіс тәсілдері. Еліміздің бай тарихында әлі де болса адам аяғы баспаған тылсым дүниелер жеткілікті. Соның бірі – тарихы таңбалар мен қорымдар. Өзіңіз куә болғандай, өткендегі Қарқаралы сапарында 400-ден астам зерттелмеген қорымдар мен 15-тен астам балбал тастар табылды.

Біз шетелден тарихи деректерді іздеп қаңғымай-ақ, өз еліміздегі осындай жәдігерлерімізді зерттеп жарыққа шығарсақ, тарихтың ақтаңдақ беттерінің талай сырын ашамыз деген ойдамын.

Қазіргі таңда, үгіт-насихат жұмыстарының жаңа форматтарын қарастырудамыз. Бұл, әсіресе, әлеуметтік желідегі жұмыс. Осы мақсатта орталық жанынан «Тарих пен таңба» атты ютуб канал, фейсбук, инстаграм желісінде парақша, сайт  аштық.

Әр апта сайын ютуб каналымызда елімізге танымал тарихшылардан сұқбат алып отырамыз. Ал енді көбінесе жұмысымызды демеушілер арқасында өткізетіндіктен «Тұғырыл хан – оң хан» корпоративтік қорының төрағасы Асылхан және Нұржан Игібаев ағаларымызды атап өткім келеді.

Осы азаматтардың қазақ тарихына деген қызығушылының нәтижесінде Ереймен, Қарқаралы елдеріне баруға мүмкіндік алдық. Алдағы уақытта Баянауыл, Қорғалжын, Солтүстіктің Айыртау өңіріндегі тарихи орындарды аралауды жоспарлаудамыз.

Сонымен қатар, Рәміздердің 30-жылдығы қарсаңында Елтаңба авторы, академик, профессор, сәулетші Жандарбек ағамызбен кездесулер ұйымдастырып, мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау жұмыстарын да жүргізудеміз.

– Айналып келгенде елге, жерге сүйіспеншілік осындай маңызды әрекеттерден басталады. Мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін ел көрмек, жер танымақ  қызметін тек ішкі туризмнің үлесіне қалдырмай әкімшіліктен бастап түрлі  ресми органдардың да атсалысуы керек шығар? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Дұрыс айтасыз. Өкінішке қарай, біздің елімізді, жерімізді тануға арналған экскурсиямыз­ға ресми органдардың қызы­ғушылығы шамалы. Өзіміз хабарласып сұранып барып жүрміз. Қазіргі таңда ресми органдардың басшылары, әкімдер тарапынан өз өңірлеріне шақыратын ұсыныстар түскен жоқ.

Көптеген әріптестерім, өзімде әкім болған адаммын, идеология саласын екінші сортқа қояды. Оларға жол төсеп, су өткізсек болды. Халықтың қөңілі толады деп қысқа ойлайды.

Идеология бұл – әкімнің бірінші құралы. Рухани азық. Рухани саладан бай  ауданның халқының патриоттық сезімі оянады. Өз елінің өлкесінің тарихын зерттеп, зерделейтіндер тіптен аз. Әсіресе  жастар арасында бұған деген қызығушылық аз.

Бұл ретте, Ерейментау ауда­нының әкімі Абай Әлжанов, Қар­қаралының әкімі Ерлан Құсайын­дар нағыз үлгі алуға тұрарлық азаматтар екенін айтқым келеді.

Алдағы уақытта осы ведомстволық наградаларды реттейтін сараптамалық кеңес құрамыз. Ғылыми кеңесіміздің екінші отырысын ұйымдастырамыз. Әлеуметтік желі арқылы ауыл, аудан балаларына арналған онлайн байқау жариялап қойдық.

Оның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерімізді наисхаттау. Осы мақсатта еліміздің белгілі ақындары жазған өлеңдерді 1 минуттық видеоға сыйғызып жолдайды. Ең үздік бейнероликтердің иелерін, қатысушыларын марапаттайтын боламыз. Неге ауыл, аудан десеңіз. Қаланың балалары рухани даму үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Өкінішке қарай ауыл жағдайын білесіздер.

 Нағыз патриоттар сол ауылдан шығады. Сондықтан да «Балалар жылы» қарсаңында осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Сонымен қатар 28 шілде күні Ұлттық академиялық кітапханада Еркебұлан Қайназаров ақынмен бірлесіп, жастар арасында тұңғыш рет мемлекетік рәміздерді насихаттауға арналған айтыс өткізбекшіміз.

Сонымен қатар «Қазақ гералдьдикасы 2» кітабын және «Қазақ геральдикасы» атты ғылыми-
танымдық журналын да шығару ойымызда бар. Мұның барлығын жүзеге асыру үшін қоғам тарапынан қолдау керек.

– Жасыратыны жоқ, ел-елде өздерінің руынан шыққан би-батырлардың аз-мұз еңбегін ұлықтап, ұлтқа зор қызмет еткен,  бірақ географиясы келіспейтін тұлғаларымыз елеусіз қалып жатады. Осы бір келеңсіз үрдістен хабарыңыз бар ма?

– Оныңыз рас. Қазіргі таңда елімізде түрлі рулық қорлар көбейіп кетті. Шежірешілер, тарихшылар көбейді. Әрқайсысы өзінің ата-бабасын ұлықтап, жоқтан бар жасап, кітаптар шығарып, конференциялар ұйымдастырып кетті.

Онсызда жүзге, руға бөлінетін «бөлінгіш» қазақ үшін бұл үрдіс қауіпті. Біртұтастықтың, ауызбіршіліктің жоқтығынан осыдан 300 жыл бұрын орыстың боданы боп қалғанымызды естен шығармау керек.

Ұлы Абай бабамыз заманында қақсап отырып, сипаттаған қазақтың қазіргі ғасырда өзгергені шамалы.

Сол атаққұмарлық, мансап­қорлық пен жемқорлық, бө­лінушілік, трайбализм ауруы асқынбаса азайған жоқ. Бір ғана ұлт бармыз. Ол қазақ. Ертең мен шетелге барсам мені Орта жүз «Керей» демейді.

Тек қазақ дейді. Бізде ұлттар мен ұлыстарды топтастыратын бірыңғай ұлттық идеология жоқ. Нәтижесін көріп отырмыз. Бізге жастардың санасына тек қазақ деген ұлт бар, оның тарихы сан мыңдаған ғасырларға жеткен батыр, дана халық деген ұғымды қалыптастыру керек. Бұл бір күннің жұмысы емес. Көп уақыт пен еңбек керек.

Әр азаматтың өз үлесі керек. Өкінішке қарай, қазірдің өзіңде  ұлтшыл қазақ, орысшыл қазақ сынды түрлі теңеулер тауып әлеуметтік желіде бір атаның балалары бірін-бірі ғайбаттап жатқаны өтірік емес. Сондықтан да біздің орталықтың басты мақсаты – ұлттар мен ұлыстарды біріктіру, бірыңғай тарихты мо­йындату мақсатында жұмыс істеп жатқан ғалымдарымызға көмек болу. Зерттеулер жүргізу, қоғам назарына ұсыну болып отыр.

– Мұндай тұлғалардың еңбегін сұрыптап мемлекетіміздің дамуына үлесі мен еңбегінің дәрежесіне қарай бағалап, бір рудың емес, ұлттың мақтанышына  қалай айналдыра аламыз?

– Тарихта танылған ұлт батыр­ларын насихаттауымыз керек. Жұмабек Тәшеновтей аталарымыз нағыз отансүйгіштіктің үлгісі емес пе? Батырларымыз бен ақындарымыз, серілеріміз бен салдарымыз көп рухани бай елміз.

Ендеше оларды әркім өз отбасында насихаттап, балаларының ұлтжанды азамат болып өсуіне атсалысуы керек. Қазақтың тәрбие­сі қашан да қателеспеген. Ұяты бар, иманды, ибалы, ержүрек ұрпақ тәрбиелеген.

Бабалар дәстүріндегі тәрбиенің үлгісі мемлекетік идеологияның негізі бола алады. Осы мақсатта түгел қоғам болып жұмылып жұмыс істемесек, батыстың ықпалында, әлеуметтік желілердегі жеңіл желпі тик токпен тәрбиеленіп жатқан  жастарымыздың болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз.

 Себебі елдің ертеңгі егесі осы жастар емес пе? Міне жастардың санасына ұлы тұлғаларымызды насихаттауымыз керек. Қолдарынан жетектеп музейге, кітап­ханаға апаруымыз керек. Бізді интернат тәрбиелесе, қазіргі жастарды интернет тәрбиелеуде.

Әрине қара бұлтты төндіре бермейік. Жастар арасында да ғылымға, білімге құштарлары баршылық.

Сондықтан да ұлы тұлғаларымызды жастарға насихаттау күн тәртібінен түспейтін басты мәселе екені хақ.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button