Басты ақпаратЭкономика

Электромобиль дәуірі жақындап қалды

Жанармаймен жүретін көліктен бас тартып, электромобильге көшу – дүние жүзінде бар үрдіс. Бұл тұрғыда Қазақстан да токпен жүретін көлік түрін дамыту жөнінде алғашқы қадамдарын жасап жатыр.

Еуропа бензиннен бас тарта ма?

Бүгінде дамыған елдерде токпен жүретін көлікке сұраныс көп. Сарапшылардың мәліметінше, әлемдегі ең ірі электромобиль нарығы Қытай болып отыр. Алайда Норвегия биыл электромобильдерді сату бойынша АҚШ пен Жапония, тіпті Қытайды да басып озған екен. Бұл ел 2025 жылға қарай бензин мен дизельді қозғалтқышпен жүретін автокөліктен бас тартуға шешім қабылдапты. Норвегия Үкіметі де жұртшылықтың токпен жүретін көлікке көшуі үшін бірқатар тиімді шара қолдануда. Мәселен, импорттық, кедендік баждарды, акциздер мен экологиялық төлемдерді, есептік салықты алып тастаған. Нәтижесінде ондағы электрлі және гибридті көлік саны қазіргі уақытта елдегі автомобильдердің 30 пайызын құрап отыр.
Норвегиядан басқа Еуропадағы бірқатар ел 2025 жылдан бастап ішкі жану қозғалтқыштары бар көлік құралдарын сатып алуға тыйым салатын заң қабылдаған. Қазіргі уақытта дүние жүзі бойынша жылына 2 млн электрокар сатылса, 10 жылдан кейін оның өсімі 70 есеге артатынын айтады сарапшылар.

Қазақстан да қалыс қалмайды

Жаңа үрдістен Қазақстан да шет қалып жатқан жоқ. ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, былтыр еліміз бойынша 62 электромобиль тіркеуге қойылыпты. Ал бейресми дерекке сүйенсек, елдегі электр көлігінің саны биылғы жыл басында шамамен 700-дей болған. 2011-2017 жылдар аралығында қазақстандықтар экокөлік сатып алу үшін 1,9 млрд теңге қаржы жұмсапты.
Tesla Motors, Nissan Leaf, LADA Vesta EV, Renault Twizy, KIA Soul EV және JAC iEV. Бұл – Қазақстандағы электрокарлардың маркалары. Осылардың ішінде Қытайдың брендіне айналған JAC iEV электромобилі қазіргі таңда біздің елде де құрастырылып жатыр. 2016-2017 жылдары «AllurGroup» АҚ-тың Қостанайдағы еншілес компаниясы «СарыарқаАвтоПром» зауытында іEV4, іEV5, іEV6S, іEV6E, іEV7 модельді 27 JAC электромобилінің сынамалық топтамасы шығарылды. Олар ұзақ мерзімді сынақтан өткізу үшін осы саладағы сарапшыларға қолдануға берілген. Соның ішінен JAC iEV6S мини-кросовері көптің көңілінен шығып, Қазақстан климатына өзінің ерекше бейімділігін көрсетіпті. Ал 2017 жылдан бастап iEV6S моделінің орнына жаңартылған iEV7S шыға бастапты. Заманға сай батареяны салқындату-жылыту жүйесі қолданылатын бұл моделдің жоспарланған құны 7,5 млн теңгеден басталады деседі. Аталған зауытта 2020 жылға дейін мыңнан аса электромобиль құрастырылады деп жоспарлануда.
Сынамалық негізде шығарылып, ғылыми-зерттеу институттары мен сала сарапшыларына таратылған 27 JAC электромобилінің екеуі Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің еншісіне бұйырыпты. Екі көліктің бірі басшылыққа тиесілі болса, енді бірін қызметкерлер қажеттілікке қарай кезек-кезек тізгіндейтін көрінеді.
Сондай-ақ былтырдан бері елордадағы тазалық компаниялардың бірі де біртіндеп электромобильге көшіп жатқан тәрізді. Олар да Қостанайда өндірілетін 6-7 экокарды қолдануда. Соның бірі 1 тонна көтеретін жүк көлігі болса, қалғаны – жеңіл көліктер.

Электрокар қаншалықты тиімді?

Бұл темір тұлпарлардың жылдамдығы 130 км/сағатқа дейін жетеді. Жалпы, электромобильдер әдеттегі автоларға қарағанда әлдеқайда үнемді. Электр көлігін 100 пайызға қуаттау үшін орта есеппен 30 кВт/сағат электр энергиясы жұмсалады. Мамандардың есептеуінше, электромашиналар жанармаймен жүретін көліктермен салыстырғанда ай сайын шамамен 60-70 мың теңгені үнемдейді. Мәселен, бір айдағы 22 жұмыс күнінде электромобиль 10 мың теңге электр энергиясын тұтынса, бензинмен жүретін көліктердің ай сайынғы шығыны орта есеппен 75-80 мың теңгені құрайтынын айтады Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қызметкерлері.
Әлбетте, мұндай көліктер өте тиімді. Себебі май, бензин, антифриз құйып әуре болмайсыз. Сұйықтықтан тек әйнекті жуатын су ғана қолданылады. Сол сияқты әдеттегі аккумулятор да қажет емес. Көлік тек батарея мен сымдардан тұрады. Электромобиль 100 пайыз қуатталуы үшін 10 сағат уақыт қажет. Көлікті оталдырып, пешті қосқан кезде 4 минутта батареяның 1 пайыз қуаты жұмсалады.
Электрокар қыстың кезінде ашық алаңда да тұра береді. – 25 градус суықта еш қиындықсыз оталады. Жылытқыш пеші тез іске қосылып, аз уақыт ішінде салон іші ысып кетеді. Тіпті 30 секундтан соң пеш ыстық бу шаша бастайды. 100 пайыздық қуатпен электрокарлардың жүру қашықтығы қыста 100 км, жазда 150 км құрайды.
Электр көліктерінің артықшылықтары қоршаған ортаны ластамайды. Онымен қоса, бензинге қарағанда электр қуаты әлдеқайда арзан. Кептелістерде көп энергия жұмсамайды. Мұнай нарығына да тәуелді емес. Қазақстан үшін маңыздысы да осы. Өйткені мың құбылатын мұнай бағасы бензиннің қымбаттауына әсер етіп жатады.

Қандай жеңілдіктер қарастырылады?

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде сынаудан өткен JAC электромобилін ел жұртшылығы жаппай пайдалануы үшін бірқатар ынталандыру шарасы қарастырылып жатыр. Елімізде электрокарды белсенді пайдалануы үшін «AllurGroup» АҚ арнайы маркетингтік стратегия әзірлеген. Мысалы, алдағы уақытта тұтынушылардың электромобильдерді 4 пайыздық жеңілдікпен 20 жылға дейін автонесие арқылы сатып алуға мүмкіндіктері болады. Салық төлеуде де жеңілдік бар.
«Сондай-ақ елордада электрокарларға қоғамдық көлікке арналған «Bus lane» жолағымен жүруге және ақылы тұрақтарға тегін қоюға рұқсат береді деген сенімдеміз» дейді компания мамандары.
Алайда «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС мамандарының мәліметінше, ақылы автотұрақтарды пайдалану ережесіне сәйкес, әзірге тұраққа ақы төлеуде жанармаймен жүретін автокөлік пен электромобильді бөліп-жарып қарамайды екен. Сол сияқты «Bus lane» қоғамдық көлік автобус жолақтарымен де жүруге рұқсат берілмеген. Айта кетсек, автобус жолақтарымен қазір тек Astana taxi көліктері ғана жүре алады. Ал ақылы автотұрақтарда 6 санаттағы адамдар ғана көліктерін тегін қояды.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу директоры Ербол Сейпіловтің айтуынша, тұтынушыларға сатып алынған электромобильдер құнының белгілі бір мөлшерін мемлекет тарапынан субсидиялауға болады. Сондай-ақ келешекте Нұр-Сұлтан қаласынан бастап еліміздің өзге де өңірлерінде электр автобустары қолданысқа енгізілмек.

Қуаттау бекеттері салынып жатыр

Электромобильге деген сұранысты арттыру үшін алдымен тиісті инфрақұрылымды құру керек. АҚШ, Жапония, Қытай, Норвегиядан бөлек Украина да инфрақұрылымы дамыған, электромобильдерді пайдалануға ыңғайлы мемлекет болып саналады деседі. Ресей де эко көлікті пайдалануға ынта таныта бастаған сыңайлы. 40 миллионнан аса көлігі бар көрші елдегі электромобиль саны бүгінде 4 мыңды құрайды.
Норвегиядағы жол желісіне жаппай орнатылған ток стансаларының қызметі бірыңғай тегін көрінеді. Қытай 2020 жылға қарай 5 млн электромобильді қуаттауға жетерлік бекет орнатуға ниет танытып отыр.
Ал елімізде жоспарға сәйкес, 109 электр қуаттайтын стансасы салынуы керек. Оның 50-і елордада, 50-і Алматыда, ал қалған 9-ы Нұр-Сұлтан-Бурабай тасжолының бойында, яғни Шортанды, Ақкөл, Макинка кенттері мен Щучинск қаласында болмақ. Бүгінде елордада 47, ал Алматыда 20-ға жуық электр қуаттайтын станса қойылған. Мұндай стансалар қаладағы жұртшылық көп баратын орындарға, сауда, ойын-сауық орталықтарына орнатылуда. Сондай-ақ осындай бекеттерді алдағы уақытта барлық қалааралық жолдарда да орнату қарастырылуда.
JAC электромобилінің қуаттағыш құралы тұтынушыға көлікпен бірге берілсе, «Astana motors» дилерлік компаниясы сатылымға шығарған 16 млн теңгелік «BMW» неміс электромобилінің қуаттағыш құралы көлік бағасынан бөлек 1000 еуро тұрады екен.
Жалпы, электромобильдердің 100 пайызға қуат алатын ең жылдам уақыты – 1,5 сағат. Оның өзінде де тұрақты ток кернеуі 380 В электрмен қуаттандырғыш станса болмаса, 220 В қуаттау қондырғысы бар тұрмыстық жағдайдағы розеткадан қуаттау үшін кем дегенде 10 сағат кететін көрінеді. Сондықтан қала ішінде электрокарлар жүйткіп жүруі үшін электр қуаттағыш стансалар ауадай қажет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button