Басты ақпарат

Электронды темекіге тоқтам бар ма?

Шылымның көк түтінін будақтатып отырғандардың арасынан үлкендерді ғана емес, жастарды да көруге болады. Әсіресе олар электронды темекіге немесе вейпке әуес. Жарнамасы жер жаратын темекінің жаңа түрін көпшілік кәдімгі темекіге қарағанда зиян­сыз деп санайды. Осылайша залалы ұшан-теңіз темекі түріне тәуелділер қатары тыйылмай тұр.

[smartslider3 slider=3796]

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 1 миллиард адам темекі шегеді. Оның ішінде жылына 8 миллион адамның өліміне будан шыққан у себеп болады. Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы 2019 жылғы зерттеуінің мәліметіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе өскен. Көш басында 3,9 пайыз көрсеткішпен алматылық жасөспірімдер тұр.

Вейп деп аталатын темекінің ішіне сұйық никотин мен екі мыңға жуық химиялық зат құйылып, оны қыздыратын кішкентай батарея орнатылады. Темекі шегуге арналған сұйықтықтың температурасы жоғарылаған кезде, бу шығаруға арналған қыздыратын құрылғы ерін мен ауыз қуысының қабығын күйдіреді. Батарея істен шыққанда, бу шықпай, құрылғы жарылып кетуі де мүмкін. Мұндай жағдай шетелде тіркеліп, жастар арасында жиі кездесетін көрінеді. Осылайша электронды құрылғының тілін таппаған жасөспірімдер артынша опық жеп жатады.

Ағзасы толық жетілмеген балалардың никотинмен уланып жатқанына дәрігерлер алаңдап отыр. Ең сорақысы, ол жүрек-қан тамырлары мен өкпе, бүйректі зақымдап, жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Вейп құрамында болатын түрлі жеміс-жидектің хош иісі, яғни улы заттың тәтті болуы тәуелділікке әкеледі. Никотин өз кезегінде жас баланың болашақта темекі шегушілердің қатарынан табылуын 2-4 есе арттырады.

Никотиннен басқа, вейптерде глицерин, пропиленгликоль (E1520), хош иісті қоспалар, сондай-ақ көптеген химиялық қосылыс бар, олардың кейбіреуі әлі де белгісіз. Мысалы, Джонс Хопкинс университетінің ғалымдары электронды темекіні өндірушілер ашпаған мыңдаған белгісіз химиялық заттар бар екенін мәлімдеді. Зерттеу нәтижесінде вейп құрамында бұрын-соңды болмаған үш химикат анықталды.

Сондай-ақ 2019 жылы АҚШ дәрігерлері EVALI атты өкпе зақымдануы ауруын анықтады. Мамандардың айтуынша, шектен тыс темекі шеккендіктен, адам өкпесі қабынуының негізгі себебін электронды темекінің құрамдас бөліктері тетрагидроканнабинол (марихуананың құрамындағы белсенді зат) мен Е дәрумені ацетатымен байланыстырады. Ресми мәлімет бойынша аталған аурумен 2807 адам ауруханаға жатып, 68 адам қайтыс болды.

Темекінің залалын білсе де, көпшілік тұтына береді. Әлеуметтік желі арқылы таралған темекінің саудасы қызып тұр. Вейп дүкендерінің саны да көп. Түтінсіз темекінің бағасы 3 мың теңгеден басталып, 30 мыңға дейін жетеді. Бағасы қымбат болғанмен, көпшіліктің сұранысы жоғары. Тіпті дүкендердің өзінде тәттілердің жанына қойылып, емін-еркін сатылуда. Заң бойынша 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі өнімдерін сатуға ты­йым салынған. Алайда сатып алушының құжатын тексеріп жүргендер аз.

«Темекі түтінінен азат Қазақ­стан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы, дәрігер Жәмила Садықова дүкенде вейптердің емін-еркін сатылып жүргеніне наразы.

«Электронды темекіні сатушылар чупа-чупстың, түрлі тәттінің жанына, баланың көзі түсетін жерге орналас­тырады. Флэш-дискілер, ерін далабы, фломастерлер түріндегі құрылғылардың жарқын дизайнының арқасында балалар мен жасөспірімдерге бақылау­сыз сату жүзеге асырылып келеді. Өндірушілердің сөзіне сенген балалар мен ересектер ақиқатын білмей, вейпті көрсе «зиянсыз өнім» бейнесін елес­тетеді. Ата-ана қарапайым темекіге қарағанда вейптің иісін сезбейді. Сондықтан олар баласының темекі шегетінінен де бейхабар. Бұдан басқа, трендтегі темекі балалар мен жасөспірімдер үшін қаржылық тұрғыда қолжетімді, бағасы 2000 теңгеден басталады. Мұның бәрі жастар арасында «вейп эпидемиясы» деп аталатын жағдайға әкелді» деді қоғам белсендісі.

Мұндай індеттің алдын алудың бірден-бір амалы ретінде Қазақстанда снюс деп аталатын темекі түріне тыйым салу секілді вейп айналымына да толық тыйым салу қажет. Әлемнің 35-тен астам елі бұл індеттің алдын алып, сатылымнан шығарған. Елімізде де сырттан әкелінетін никотинді тұтынудың электронды жүйелерін сатуға және пайдалануға заңнамалық түрде тыйым салу қажет.

Электронды темекіге қатыс­ты мәселені бірқатар депутат 2021 жылдан бері көтеріп келеді. Соңғы өзгерістер 8-маусымда Мәжіліс отырысында талқыланды. Денсаулық кодексіне құрамында сұйық, газ, хош иістендіргіштер сияқты темекі қоспалары бар электронды құрылғыларға, яғни электронды темекіге қатысты өзгертулер енгізіп, Қазақстанда оларды сатуға және пайдалануға толық тыйым салатыны жайлы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов айтқан-ды.

– Осы уақытқа дейін Қазақ­станда қыздырылатын темекіге ешқандай салық салынбай келгенін білесіздер. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, оның зияны қарапайым темекіден еш кем емес. Бүгін депутаттар сондай стиктерге акциз салу туралы шешім қабылдады, – деді ­А.Жамалов.

Жәмила Садықованың айтуынша, қазіргі уақытта Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтардың айналымына тыйым салу бөлігінде түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Аталған өзгерістерде электронды темекіге де, кәдімгі темекіге де қойылар талап бірдей. Себебі екеуінің де залалы көп.

Электронды темекі мәселесі ертеңді күттірмейді. Ұрпақ болашағын ойласақ, трендтегі темекіні ермек көрген бала болашақта тәуелділер қатарын толықтырмасын десек, қауіптің алдын алу қажет.

Индира БЕРЖАНОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button