Басты ақпарат

Елорда электромобиль дәуіріне дайын ба?

Болашақта адамзат баласы табиғатқа мүлде зияны тимейтін электр қуатымен және сумен жүретін темір тұлпарларды тақымдамақ. Әлбетте, сумен жүретін көліктің әзірге аулы алыс-ау, ал электромобиль дәуірі қазірдің өзінде есіктен ентелеп, табалдырықтан аттауға таяқ тастам жерде ғана тұр. Алайда Астана электромобиль дәуіріне қаншалықты дайын?

ҚАЗАҚСТАНДА ДА  ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ

«КазАвтоПром» Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындар одағының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, өткен жылғы қорытынды бойынша елімізде 36 электромобиль тіркеліпті. Оның 15-і Астананың еншісінде көрінеді. Tesla Motors, Nissan Leaf, LADA Vesta EV, Renault Twizy, KIA Soul EV және JAC iEV. Бұл – Қазақстандағы электрокарлардың маркалары. Осылардың ішінде Қытайдың брендіне айналған JAC iEV электромобилі қазіргі таңда біздің елде де құрастырылып жатыр екен. 2016-2017 жылдары «AllurGroup» АҚ-ның Қостанайдағы еншілес компаниясы «СарыарқаАвтоПром» зауытында іEV4, іEV5, іEV6S, іEV6E, іEV7 модельді 27 JAC электромобилінің сынамалық топтамасы шығарылды. Олар ұзақ мерзімді сынақтан өткізу үшін осы саладағы салмақты сарапшыларға қолдануға берілген. Соның ішінен JAC iEV6S мини-кросовері көптің көңілінен шығып, Қазақстан климатына өзінің ерекше бейімділігін көрсетіпті. Ал былтырғы қазаннан бастап iEV6S моделінің орнына жаңартылған iEV7S шыға бастапты. Заманға сай батареяны салқындату-жылыту жүйесі қолданылатын бұл моделдің жоспарланған құны 7,5 млн теңгеден басталады екен. Аталмыш зауыттан 2020 жылға дейін мыңнан аса электромобиль құрастырылып шығарылмақ.

БІР АЙДА 67 МЫҢ  ТЕҢГЕ ҮНЕМДЕДІ

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде сынақтан өткен JAC электромобилін ел жұртшылығы жаппай пайдалануы үшін ынталандыру жұмыстарының қарастырылып жатқанын айтады мамандар.
– Елімізде электрокарды белсенді пайдалануы үшін біздің компания арнайы маркетингтік стратегия әзірледі. Мысалы, алдағы уақытта тұтынушылар электромобильдерді 4 пайыздық жеңілдікпен 20 жылға дейін автонесие арқылы сатып алуға мүмкіндіктері болады. Бұл тұрғыда мемлекет бюджетінен биыл 1 млрд, келер жылы 3 млрд, ал 2020 жылы 5 млрд теңге қаржы бөлінеді деп күтілуде. Сондай-ақ қала билігі қоғамдық көлікке арналған «Bus lane» жолағымен электромобильдерге де жүруге және ақылы тұрақтарға тегін қоюға рұқсат береді деген сенімдеміз, – дейді «AllurGroup» АҚ мамандары.
Сынамалық негізде шығарылып, ғылыми-зерттеу институттары мен сала сарапшыларына таратылған 27 JAC электромобилінің екеуі Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің еншісіне бұйырыпты. Қызметтік көліктің біреуін ұлттық агенттік төрағасы Марат Омаров тізгіндесе, екіншісін мекеме қызметкерлері кезектесіп тебеді екен. «Қазір жұмысқа, жиналыстарға электромобильмен барып жүрмін. Қуаты жетіп тұр. Бәрі аязда қатып қалады деп ойлайды, бірақ қатқан жоқ. Керісінше, көлікті қыздыруға уақыт кетпейді. Батарея тез жылынады. Бензин тапшылығын сезінген жоқпыз. Элекромобильмен жүру екі есе пайдалы» деген болатын Марат Омаров сұхбаттарының бірінде.
Аталмыш агенттіктің қызметкерлерімен байланысқа шығып, электр қуатымен жүретін темір тұлпарға біз де мінгесіп, жүрісін бақылап көрдік. Қамшылап жіберсе, бұл темір тұлпардың жылдамды 130 км/сағатқа дейін жетеді екен. Жалпы, электромобильдің әдеттегі автоларға қарағанда әлдеқайда үнемді екенін айтады мамандар. Электр көлігін 100 пайызға қуаттау үшін орта есеппен 30 кВт/сағат электр энергиясы жұмсалса, бұл заңды тұлғалар үшін 480 теңгені құрайтын көрінеді. Мамандардың есептеуінше, электромашиналар жанармаймен жүретін көліктермен салыстырғанда ай сайын шамамен 67 мың теңгені үнемдейді. Мәселен, бір айдағы 22 жұмыс күнінде электромобиль 10 000 теңге электр энергиясын тұтынса, бензинмен жүретін көліктердің ай сайынғы шығыны орта есеппен 77000 теңгені құрайтынын айтады агенттік қызметкерлері.
– Бұл машинаны өткен жылдың қазанынан бастап теуіп жүрміз. Аязға да мейлінше төтеп берді. Қазаннан бастап қаңтарға дейінгі 4 ай ішінде екі электромобильдің шығынын есептегенде бензинмен жүретін көліктермен салыстырғанда 508000 теңгені үнемдеппіз. Мұндай көліктер шынымен де өте тиімді екен. Себебі май, бензин, антифриз құймайсың. Сұйықтықтан тек әйнекті жуатын су ғана қолданылады. Сол сияқты әдеттегі аккумулятор да қажет емес. Көлік тек батарея мен сымдардан тұрады, – дейді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ сарапшысы Данияр Ахмет. – Электромобиль 100 пайыз қуатталуы үшін 10 сағат уақыт қажет. Көлікті оталдырып, пешті қосқан кезде 4 минутта батареяның 1 пайыз қуаты жұмсалады.
Электрокар қыстың кезінде ашық алаңда да тұра береді. -25 градус суықта еш қиындықсыз оталады. Жылытқыш пеші тез іске қосылып, аз уақыт ішінде салон іші ысып кетеді. Жалпы, кеңсеге келген кезде біз көлікті паркингке кіргізіп, қуаттағышты токқа қосып қоямыз. Өйткені көлік үнемі қуатталып тұруы қажет. 100 пайыздық қуатпен электрокарлардың жүру қашықтығы қыстың күні 100 шақырымды, жазда 150 шақырымды құрайды.
Бірақ Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің мамандары электромобильдерді мақтап, жарнамалап, көпшілікке насихаттағанымен, неге екені белгісіз, өздеріне сатып алуға құлықсыз сияқты.

БИЫЛ 50 ЭҚС  САЛЫНАДЫ

Айта кету керек, JAC электромобилінің қуаттағыш құралы тұтынушыға көлікпен бірге беріледі екен. Ал «Astana motors» дилерлік компаниясы сатылымға шығарған 16 млн теңгелік «BMW» неміс электромобилінің қуаттағыш құралы көлік бағасынан бөлек 1000 еуро тұратынын айтады кеңесші мамандар. Жалпы, электромобильдердің 100 пайызға қуат алатын ең жылдам уақыты – 1.5 сағат. Оның өзінде де тұрақты ток кернеуі 380 В электрмен қуаттандырғыш станса болмаса, 220 В қуаттау қондырғысы бар тұрмыстық жағдайдағы розеткадан қуаттау үшін кем дегенде 10 сағат кететін көрінеді. Сондықтан қала ішінде электрокарлар жүйткіп жүруі үшін электр қуаттағыш стансалар ауадай қажет. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде биылғы жыл соңына дейін 109 электр қуаттайтын стансасы салынбақ. Оның 50-і Астанада, 50-і Алматыда, ал қалған 9-ы Астана – Бурабай тасжолының бойында, яғни Шортанды, Ақкөл, Макинка кенттері мен Щучинск қаласында орнатылмақ. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы мамандарының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта елордада 10 ЭҚС жұмыс істеп тұрған көрінеді.
– «Электромобиль өндірісін дамыту және қажетті инфрақұрылым құру мәселелері бойынша жол картасы» қабылданды. Үкімет электрмен қуаттандырғыш қондырғыларды орнатуға 303,7 млн теңге қаржы бөлді. Астанадағы 50 электр қуаттау стансасы ірі мемлекеттік мекемелердің, спорттық кешендердің, сауда-ойын-сауық орталықтары мен тұрғын үй кешендерінің тұрағында орналасатын болады. Қуаттау стансаларының көпшілігі ашық аймақтарға орнатылады деп күтілуде. Бұл жөнінде Энергетика басқармасы мен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп, белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Астанада орнатылған ЭҚС-лар әзірге сынамалық режимде істеп тұр. Мақсатымыз – электр көліктеріне қажетті инфрақұрылымды жасау. Қуаттау құны орта есеппен 700 теңгені құрайды, – дейді Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының мамандары.
Бірақ Мәңгілік ел көшесінің бойындағы жанармай бекетіне барғанымызда ондағы электр қуаттау стансасы жұмыс істемей тұрды. Кассирдің айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында орнатылған станса әлі күнге іске қосылмапты. Бірер күннен соң аталмыш жанармай бекетінің менеджері Айбар Ахметқалиевке телефон шалғанымызда «Қарағандыдан саймандарымыз кеш келіп, электр қуаттау стансасы кеше ғана іске қосылды. Әзірге сынамалық режимде жұмыс істеп тұрғандықтан, көліктерді қуаттау тегін» деп жауап қайырды. Әлбетте, елімізде жасыл экономиканың дамып, электромобильдер санының көбейіп, оған тиісті деңгейде инфрақұрылымның дамытылғаны жақсы-ақ. Тек осының бәрі науқандық жұмыс болып қалмаса игі.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button