Басты ақпарат

ЕЛОРДА КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ ҚОЛАЙЛЫ МҮМКІНДІКТЕР ЖАСАЛУДА

G35A8779

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен елордалық кәсіпкерлердің мәжілісінде қаламыздағы кәсіпкерлік істің қазіргі ахуалынан хабар беретін нақты мәліметтер келтіріліп, бизнес саласы өкілдерінің алдына қойылып отырған ауқымды міндеттер туралы сөз болды. Сонымен қатар басқосуға жиналған кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді ортаға салды.

– Елімізде шағын және орта бизнестің дамуына  ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіп­керлік істің алға басуына барлық жағ­дай жасалған. Астанада да мемле­кеттік әлеуметтік әріптестіктің негізінде кәсіпкерлік ортаны жетілдіру бағытын­дағы шаралар белсенді түрде жүзеге асырылып, кәсіпкерлерге қолайлы мүм­кіндіктер жасалуда. Ел­орданың бизнес ахуалын жақсарту жұмыс­тары үздіксіз жүргізілуде, – деді Әділбек Жақсыбеков өзінің кіріспе сөзінде.

Одан кейін қала басшысы аталмыш салаға қатысты статистикалық деректерді сөйлетті. Қазіргі таңда елордада шағын және орта бизнестің 60 мыңдай субъектісі белсенді түрде жұмыс істеуде. Адам санына шаққанда, 233 мыңнан аса астаналық осы салада еңбек етіп жүр. Бұл – бас қаланың еңбек етуге қабілетті  тұрғындарының жартысына жуығы. Өткен жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ғана жалпы көлемі 2,3 трлн теңгенің тауары өндірілді. Яғни, шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 65 пайыздан асқан.

Астана ауыр өнеркәсіп саласына емес, жоғары инновациялық қайтарымы бар шағын және орта кәсіпкерлікке арқа сүйеп отырғанын атап өткен қала басшысы елорданың индустриялық парк аймағында инвестиция көлемi 147 млрд теңге болатын 54 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Олардың 21-i бүгiнде iске қосылса, 17 нысанда құрылыс жұмыстары жүргiзiлуде, ал 16-сы жобалану үстiнде. Арнайы аймақта іске қосылған жобалар есебінен осы уақытқа дейiн 336,9 млрд теңгенiң өнiмi өндiрiліп, төленген салықтан бюджетке 29,7 млрд теңге түскен. Ағымдағы жылдың соңына дейiн жалпы құны 29,1 млрд теңге болатын тағы 6 жоба iске қосылмақ.

Қала әкімі, сонымен қатар, кәсіп­керлерді шаһар тіршілігіне белсенді қатысуға шақырды. «Бизнес өкіл­дері қоғамдық-саяси шараларды ұйымдастыру мен өткізу, қаланы абаттандыру істеріне, соның ішінде қала көркіне ажар қосуға, көшелерді жарықтандыруға, су тасқынына қарсы шараларға, сенбіліктерге, мерекелер қарсаңында шаһарды безендіруге атсалысса екен дейміз. Осы істе Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әкімдік пен бизнесмендер арасында дәнекерлік танытса деген тілегіміз бар» деді Әділбек Жақсыбеков.

Сондай-ақ, шаһар басшысы еңбекті қорғау секілді маңызы жоғары мәселені қозғады. Соның ішінде өндірісте жарақаттану деңгейін азайту мәселесі кәсіпкерлердің қызметіне тікелей байланысты екенін айтты. «Бұл бағытта әкімдік ірі құрылыс компанияларымен өзара әрекеттестік туралы меморандум дайындады. Аталмыш құжат соңғы кезде құрылыс нысандарында жиілеген өндірістік жарақаттану жағдайларына оң әсерін тигізер еді» деген Әділбек Жақсыбеков құрылыс салу саласындағы кейбір жағымсыз жайттарды сөз етті.

– Соңғы кезде алақол құрылыс компанияларының қатарын көріп отырмыз. Олар тұрғын үйлерді сатып, үлескерлік құрылыс саласына заңдарды белден басып қатысуда. Құрылыс нысандарын салғыш сондай алаяқ кәсіпкерлер бизнеске көлеңке түсіруде. Рұқсат алмастан құрылысты бастап, қатқан үй салып береміз деп халықтан ақша жинап алып, ең соңында тақырға отырғызуда. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы мәселеде де кәсіпкерлердің есіне мойынға алған жауапкершілік жүгі ауыр болатынын салып отырса екен, – деді Әділбек Жақсыбеков.

8._AVG2250

Қала тазалығы туралы сөз қозғаған қала әкімі осы бағытта да кәсіпкерлерге сын садағын бағыттады. «Шетелдерге барып жүрміз. Ол жақтағы бизнесмендер мен осы жақтағы кәсіпкерлердің өз иелігіндегі аумақ тазалығына деген көзқарасы жер мен көктей. Біздің кәсіпкерлер иелік етіп отырған нысандардың маңайы батпаққа батып, мұздақ болып жатады. Күрек алып шығып, оны тазалауға кәсіпкер ерінеді. Ал, өз иелігіндегі жердің тазалығын сақтау – әр кәсіпкердің міндеті. Бұл істе жауапкершілік қайда кеткен?» деген Әділбек Жақсыбеков көшелерді жарықтандыру мен жарнама ілудегі кейбір келеңсіз жайттарға тоқталды.

Жақында Астанадағы бір мейрамханада отыз шақты адам тамақтан уланып қалды. Осы оқиғаны еске алған қала басшысы кәсіпкерлерде жауапкершілік сезімі әлі де болса төмен екенін, мұны көтеру жөнінен әлі де еңбектену керектігін айтты.

Әділбек Жақсыбеков жер телімдерін бөлу жайына да тоқталды. «Кеше ғана елорда құрылысы жөніндегі комиссия отырысында бизнеске жер телімін беру механизмін, сонымен қатар, сыртқы дизайн өзгешелігі мәселелерін талқыладық. Жер телімін бөлу ісінде бұдан былай ашықтық танытамыз. Кәсіпкерлер енді бос жатқан жер телімдері туралы, құрылысқа арналған жер жөніндегі ақпаратты білетін болады. Аукцион арқылы жер телімдерін беруге қатысты жаңа заң бұған толыққанды мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек №1 индустриалды парк аумағында тексеру жүргіздік. Соның қорытындысында бос жер телімдері бары анықталды. «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында инновациялық жобаларды іске асырамын дейтін кәсіпкерлер мен инвесторларды осы іске тартудамыз. Мақсатымыз  – Астанадағы бизнестің дамуына ең қолайлы жағдайларды тудыру, қалаға инвестицияларды тарту. Осы бағыттағы кез келген жақсы ұсынысқа құлақ асуға дайынбыз. Себебі, бәріміз елорда тұрғындарының өмір сапасын жақсарту және қала халқына деген қызмет сапасын жетілдіру үшін жұмыс істеп отырмыз» деп түйіндеді сөзін Әділбек Жақсыбеков.

Тимур Құлыбаев өз тарапынан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ортақ іске жұмылуға дайын екендігін жеткізіп, Астана әкімдігіне кез келген мәселе бойынша қол ұшын созуға даяр екендігін айтты.

Шара соңында Астана кәсіпкерлері өз істерін жүргізу мен дамыту барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді сөз етті. Солардың қатарында сыртқы жарнаманы орналастыру, бөлшек сауда нысандарын ашу, тағы басқа да толғандырып жүрген мәселелер көтерілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

керек дерек

Аймақтық даму картасының аясында Астана қаласының әкімдігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мына жобаларды ұсынды:

  1. Өңдеутереңдігі 80-90 пайыздық қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа зауыт. Бұл жобаны іске асыруға әкімдік 5 га жертелімін бөліп отыр.
  2. Астана қаласындағы зообақтың құрылысы. Бұл нысан бойынша арнайы техникалық-экономикалық құжаттар сараптамадан өткізіліп, даярланған. Техникалық құжатқа сәйкес зообақтыңауданы 50 га болады. Жертелімі сол жағалаудағы атшабардың оңтүстік-батыс тұсында орналасқан. Құрылыстың жалпықұны 24 млрдтеңге. Әкімдік бұл нысанға қатысты мақұлданға нтехникалық құжатты беруге даяр.
  3. Қазақ және орыс театрларының құрылысы. Сарайшық пен А.Бай­тұрсынов көшелерінің қиылысында 8,33 га жертелімі бөлінген. Сонымен қатар, Ш.Қалдаяқовпен Ж.Нә­жі­меденов көшелерінің қиылы­сында 9,6 га жертелімі берілген. Бұған қоса Қабанбай батыр көше­сіндегі №31/1 және Орынбор көше­сіндегі №8 үйдің тұсында екі жер­асты паркингтерінің құрылысы жоспарланған. Сонымен бірге Абылай хан даңғылы мен Қобда көшесі және Н.Тілен­диев даңғылы мен Ш.Бейсекова көше­лерінің қиылысында орналасқан жер телімдерінде екі автовокзалдың құрылысы жүргізілмек.
Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button