Басты ақпарат

Елордада «Бейбітшілік қабырғасы» қаланды

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Бейбітшілік қабырғасы» атты жаңа монументтің ашылу салтанатына қатысты. Еліміздің төрінен – Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсынан, «Қазақ Елі» монументінің іргесінен бой көтерген нысанды елорданың 20 жылдығына Ақтөбе облысы тарту етті. Жаңа кешен 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні ашылды. Өйткені осы жобаның негізіне Қазақстан Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» атты антиядролық манифесінің идеясы енгізілген. Айта кетелік, осыдан тура 27 жыл бұрын ел Президентінің Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылған болатын. Бұл күн күллі әлемдегі ең ірі ядролық қаруы бар мемлекеттің бірінің одан бас тарту процесінің басталуы еді.

«Қазақстан тек полигонды ғана жапқан жоқ, сондай-ақ әлем бойынша төртінші ядролық қару-жарақтан бас тартты. Осылайша, біз бүкіл адамзаттың сеніміне ие болдық!» деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назар­баев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде. Президент өз сөзінде жер шарындағы адамзатты, халықтарды, үкіметтерді ядролық қаруға қарсы бірігіп күресуге үндеді.
Салтанатты рәсімге қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мұндай нысанды салу ақтөбеліктер үшін зор құрмет екенін айтты. «Біз осы монумент арқылы Қазақстанның және Президентіміздің 27 жылда бейбітшілікті сақтауға қандай үлес қосқанын көрсеттік» деді әкім журналистерге берген түсіндірмесінде.

Сәулетшілердің ойынша, біртұтас болып біріктірілген қабырға жер бетіндегі халықтарды қорғап тұратын жапырақ тәрізді шатырды бейнелейді. Әрі дәстүрлі түрік құрылтайының белгісімен ұлттарды ұйыстырып, бір шаңырақтың астына жинайды. Металл мен табиғи тастардан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі – үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, үшіншісі бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтауға апаратын жолды бейнелейді. Монументтің жалпы ұзындығы – 111 метр, ені – 18,4 метр, биіктігі – 17,5 метр.

Атап айтарлығы, «Бейбітшілік қабырғасының» тұрқы жоғары төзімді шойыннан жасалған. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылған. Көрген адамның бірден байқайтыны, монументте әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Авторлар жобаның көрнекі мазмұнына ғана емес, оның функционалдығына да ерекше назар аударған. Мысалы, аспалы шатырдың ашық панельдерінде 2,5 млн жарық нүктесі бар 616 текше метрді алып жатқан алып LED-жүйе орнатылған. Ол кез келген үлкен көлемдегі сандық кес­кіндерді таратуға мүмкіндік береді. Қандай да бір көріністі экранға шығару еуропалық өнім өндірушілердің ең соңғы үлгідегі бейне, аудио және коммутациялық жабдықтар орнатылған серверлік бөлмелерде жүзеге асырылады. Демек, бұл таңғажайып арт-нысан саяси, мәдени-бұқаралық, ақпараттық шараларды, лазерлік және басқа да шоуларды өткізетін тамаша орынға айналады. Құны 1,8 млрд теңге тұратын алып нысан ақтөбелік компаниялар мен кәсіпкерлердің қаражатына салынған.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button