Басты ақпарат

Емханаға келуші көп, дәрігер аз

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаттары қаладағы бірқатар денсаулық сақтау ұйымдарын аралап, емханаларда мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі заң талаптарының сақталуын тексерді. Соның барысында халыққа бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсетіп отырған емханалардың ең өзекті деген мәселелері анықталды.

[smartslider3 slider=3179]

Сейсенбі күні таңертең мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бастаған депутаттар алдымен сол жағалаудағы №9 қалалық емханаға бас сұқты. Медициналық ұйым директоры Сәуле Смағұлова депутаттар мен БАҚ өкілдеріне емхананың ішін аралатып, қазіргі жағдайымен таныстырды. Бұл емханадағы ең өзекті мәселе – емдеу мекемесіне тіркелуші тұрғындар санының нормадан тым асып кеткендігі. Емдеу мекемесі 60 мыңдай адамды қарауға шақталған болса, қазіргі таңда мұнда 99 мың адам тіркеліп, қаралады. 13 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетін емханада дәрігерлер күніне 2 мыңға жуық тұрғынды қабылдайды. 8 сағаттық жұмыс  кестесімен бір дәрігер әрқайсысына 15 минут уақыт бөле отырып, 32 адамды қабылдай алады, алайда келетін пациенттер саны бұдан да асып кетеді.

– Емхананың өзінің тіркеу ауқымы бойынша көрсеткіштен қазіргі таңда жүктеме екі есе асып кетіп отыр. Мәселен, бір ауысымда, яғни түске дейін 500 адам келуі керек болса, іс жүзінде бізге 700-800 адам келеді. Бізде тіпті стационарларда жоқ мықты мамандар бар, олар емхананың өз көлеміне сай жеткілікті, бірақ тіркелуші халықтың шектен асып кеткендігіне байланысты аздық етеді, – дейді аталған емхананың ана мен баланы қорғау қызметінің басшысы Дана Әбелғазина.

Емханаға жақында ішкі жөндеу жүргізіліп, есіктері сырланып, қабырғалары жаңартылған. Дегенмен мекемедегі өндірістік базаға ғимарат бөлу және кіреберіс жол салу керектігі айтылды. Оған қоса дәрігерлер емханаға қарасты кейбір тұрғын үйлердің алыстығына байланысты бірқатар тұрғын үй кешендері астынан «Үй жанындағы дәрігер» жобасы бойынша отбасы денсаулығы орталықтарын ашу қажеттігін жеткізді.

Бұдан соң депутаттар «Шипагер» отбасы денсаулығы орталығының Тұран көшесінің бойындағы орталық филиалына барды. Мұнда аталған орталық әкімшілігі мен акушерлік блогы орналасқан. Келушілерді қарсы алған орталық директорының емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнұр Ахметжанова мұнда да қаралатын азаматтар санының нормадан тыс көптігін алға тартты. Орталықта барлығы жалпы 81 мың елордалық тіркелген. Соның ішінде 1224 жүкті әйел акушерлік блокта қаралады. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жүргізетін орталықтың қала бойынша 6 амбулатория­сы бар.

– Алда үлкен есеп беру кезеңі келе жатыр, соның алдында тексеру жүргізе отырып, динамиканы бақылаймыз. Соңғы 5 жылдағы статистиканы алып, шағымдар мен жағдайды жақсарту жұмыстары қаралуда. Жалпы халықты емханаларға тіркеу форматын өзгерту керек, бірінде 30 мың, ал келесілерінде 80-90 мыңға дейін адам тіркелгені дұрыс емес. Тіркелушілер саны мұнымен де тоқтамай көбейіп жатыр. Емханалар оларды тіркеу­ден бас тарта алмайды, бірақ нормадан тыс адамға сапалы қызмет көрсетуге шамасы да жетпей қалады, бұл мәселені алдағы уақытта жиі көтеріп, шешу керек, – деді Е.Каналимов.

Емханаларға жүргізілген кезекті тексеру бұл күні «Салауатты Астана» ЖШС-де жалғасты. Серіктестік директоры Айгүл Жүсіпова басқа емдеу мекемелері сияқты мұнда тіркелушілер саны жағынан жүктеме жоқ екенін айтты. Депутаттар серіктестік ғимаратының ауласын абаттандыру бойынша ғана ескерту берді.

Келесі күні 8 маусымда емханаларға жүргізілген тексеру аясында депутаттар қаладағы №2 және №10 емханалар мен «Стоматология» оқу-клиникалық орталығына барды. №2 емханада кезінде 85 мыңға жуық адам тіркелген еді, кейін оны басқа емханаларға бөліп, қазір бұл жағынан мәселе жоқ. Емхана директоры Ләззат Руспекованың айтуынша, негізі әр ауысымда бір дәрігер 400 адам қабылдау керек болса, қазір олар 470 адам қабылдайды. Сондықтан бұл емдеу мекемесіне түсетін жүктеме азайған. Бірнеше айдан соң аталған емханаға КТ, яғни компьютерлік томограф әкелінетіні жағымды жаңалық болды. Себебі томограф қажеттілігін дәрігерлер көптен айтып келе жатыр.

№10 емхана директоры Айгүл Қасымованың айтуынша, бұл емдеу мекемесінде кадр тұрақсыздығы қызметкерлердің баспана мәселесіне байланысты туындайды. Осыған орай депутаттар алдағы уақытта медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салынатынын жеткізді. Бұл емхана да 60 мың адамға шақталып салынғанымен, қазіргі таңда 82 мың адам тіркеуде тұр.

2005 жылдан бері мемлекеттік емхана ретінде ТМККК, яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге және халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына стоматологиялық қызмет көрсететін «Стоматология» оқу-клиникалық орталығы да тексерілді. Бүгінгі таңда қалада 4 филиалы бар мекеменің жабдықталуы жағынан еш қиындығы жоқ.

– Бұл тексерудің себебі – жақын арада мәслихатта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің заңдылығы тақырыбында қоғамдық тыңдаулар өтетіндігімен байланысты. Әріптестерімізбен бірге емханаларды аралап, ондағы қызметкерлермен, дәрігерлермен, науқастармен сөйлестік. Мұндай сұхбаттар саланың мәселелерін тереңірек түсінуге және алдағы жұмыстарды жоспарлауға мүмкіндік береді. Мысалы, емханаларға баратын жол мәселесін шешу, кейбір жерлерде жүріп-тұруы шектеулі адамдар үшін пандустар орнату, келушілер бір жерден тегін қызметтердің толық спектрін алуы үшін бөлмелерді қосымша жабдықтармен жабдықтау қажет. Жалпы, Нұр-Сұлтандағы тегін дәрі-дәрмектің сапасы мен қолжетімділігі қазір басқа өңірлермен ғана емес, дамыған елдермен салыстырғанда жоғары деңгейде деп ойлаймын. Мұны да жақсартуға мүмкіндік бар, міндетті түрде бұл бағытта жұмыс істейтін боламыз, – дейді мәслихат депутаты Талғат Қожахметов.

Бүгін тексеру жұмыс­тарының үшінші күнінде депутаттар қалалық ­Психологиялық денсаулық орталығына барады.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button