Басты ақпаратДенсаулық

Емханаға тіркелмесең, көмек алу қиындайды

Жылдағыдай күзде емханаларға тіркелу науқаны басталды. 15 қыркүйектен бастап елорда тұрғындары да өз емханалары мен дәрігерлерін таңдауда. Мамандардың айтуынша емханаға тіркелмесеңіз, жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізуде қиындықтар туындайды. Азаматтар тарапынан осыған орай қойылатын сауалдардың ең бастыларына мамандар жауап берді.

Емханаға тіркелу не үшін қажет?

Шұғыл медициналық көмектен бөлек жоспарлы түрде дәрігерге дейінгі немесе дәрігерлік көмек алу үшін емханаға тіркелу керек. Әр адам өзінің учаскелік дәрігерін білуі тиіс. Егер пациент емханаға тіркелген болса, жалпы практика дәрігерінің/терапевттің қабылдауы, бейінді маманның консультациясы, диагностикалық және зертханалық тексеру, консервативті немесе хирургиялық емес емдеу, сондай-ақ күндізгі стационар қызметтері пациентке тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетіледі.
Қайда тіркелуге ­болады?
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін, сондай-ақ профилактикалық скринингтер мен тексерулер жүргізетін медициналық ұйымдарға ғана тіркелуге болады. Оларға: қалалық емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, отбасылық денсау­лық орталықтары жатады. Тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны аумағы бойынша бір ғана медициналық ұйымға тіркелу мүмкіндігі бар. Ал қала маңында тұратындар жақын орналасқан қалалық емханаға тіркеле алады.

Тіркелу кезінде неге назар аударамыз?

Медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен қызмет жеткізуші ретінде шартқа отырған ба және екі тегін пакет – ТМККК және МӘМС аясында, оның ішінде қосалқы мердігерлік шарт бойынша медициналық қызметтер көрсете ме, осыларға назар аудару қажет. Әйтпесе, сіз кепілдендірілген және медициналық сақтандыру пакеттерін пайдалана алмайсыз.
Қалай тіркелуге ­болады?
Бүгінгі таңда үш түрлі тәсіл арқылы емханаға тіркелуге болады. Бірінші тәсіл – емхананың тіркеу бөліміне барып, өтініш жазу. Бұл тәсіл жасы бойынша зейнетке шыққан зейнеткерлерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, балаларға, оның ішінде шет мемлекеттерде туған балаларға, сәбилер үйлерінде тұратын балаларға, жетімдерге, сотталғандарға, колонияларда жазасын өтеу­шілерге және медреседе оқитындарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге немесе сенімхат бойынша тіркелуді ресімдеушілерге ғана қолжетімді. Ол үшін сізге жеке куәлік, төлқұжат немесе тұруға рұқсат құжаты қажет. Екінші тәсіл – халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы емханаға тіркеуге өтінім беру. Үшінші тәсіл – үйден шықпай емханаға тіркелу. Бұл ретте http://egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы өтінім беру жеткілікті.

Қандай құжаттар ­қажет?

Жеке куәлік жеткілікті. Ал санаттарына қарай ұсынылатын құжаттар: зейнет­керлер үшін – зейнетақы куәлігі, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін – куәлігі немесе медициналық-әлеуметтік сараптаманы куәландыру актісінен үзінді көшірме. Колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар және әскери қызметшілер – медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына тұрғындарды тіркеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның хаттамасы.

Кез келген уақытта тіркелуге бола ма?

Медициналық ұйымға кез келген уақытта тіркелуге болады. Егер сіз тұрғылықты жеріңізді ауыстырған болсаңыз, қаладан тыс жерге бір айдан астам мерзімге кетсеңіз немесе алғаш рет еркін таңдау немесе тіркелу құқығын пайдаланам деп шешсеңіз, сондай-ақ тіркеу сіз жоқта жасалған болса, емханаңызды ауыстырыңыз. Сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт бұзылған жағдайда немесе үйіңізге жақын жерде жаңа емхана ашылса, тіркеліңіз. Сақтанушы мен сақтандыру ұйымы арасында жасалған ерікті медициналық сақтандыру шарты да науқан шеңберінен тыс тіркелуге негіз болмақ.

Тіркеуден бас тартуы мүмкін бе?

Егер сіздің тұрғылықты жеріңіз тіркелгіңіз келетін емхананың қызмет көрсету аумағына жатпаса, бірақ сіз «дәрігерді үйге шақыру» қызметінен бас тартпайтын болсаңыз, емханаға тіркемеуі мүмкін. Себебі мобильді бригаданы немесе учаскелік дәрігерді үйге шақырған кезде олар сізге келе алмайды және көмек көрсете алмайды, өйткені сіз олардың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұрасыз. Ал егер бұл жайларға келісіп, емханаға өзім келіп қараламын десеңіз және олар сізді қабылдауға дайын болса, емханаға тіркейді. Онда сіз осыған байланысты барлық тәуекелдерді өз жауапкершілігіңізге аласыз. Балаларды тіркеген жағдайда, заңды өкілдігін растайтын құжаттың болмауы немесе пациент мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың, олардағы деректердің дәйексіздігі емханаға тіркеуден бас тарту үшін негіз бола алады. Сондай-ақ емханаға тіркелген тұрғындар саны бір жалпы практика дәрігеріне бөлгенде аралас тұрғындардан 1700 адамнан, учаскелік терапевтте 2200 адамнан, учаскелік педиатрда 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кету себебінен емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button