Таным

Фотожурналистикаға бет бұрғызған Чи-Ко-Вани

Советбек МАҒЗОМОВ, «Нұр Медиа» холдингінің Астанадағы фототілшісі:

Біздің буынның артықшылығы – журналистикаға мектептен бастап дайындалды. Газет-журналдарға шыққан фотоларды қиып алып жүрдік. Аудандық газетке жазып тұрдық. Алғашқы фотоаппаратым «Юнкор» деп аталады. Оны маған оқушы кезімде ауылшаруашылық жұмыстарына көмектескеніміз үшін обкомның бірінші хатшысы Окулинцев табыстаған. Жас тілшілерге арналған орташа форматты, маховигін қолмен бұрайтын арзанқол фотоаппарат.­ ГДР-де 1952 жылдан бастап шыққан «Pouva Start» фотоаппаратының көшірмесі. Көп те пайдаланған жоқпын. Тез бұзылып қалды. Есесіне бір жақын туысқандарымыз «Смены-8М»­ аппаратын сыйлады. Бұған дейінгі серияларынд­а пленканы кері қарай айналдыратын­ механизм­ болмайтын.­ Алғашқы қол үйреткен бұйымым осы болды.

 Қарағанды облысы Жезді ауданының (қазіргі Ұлытау ауданы) «Октябрь туы» газетін қазақ совет журналистикасының алғашқы қарлығаштарының қатарына жатқызуға болар еді. Қазақстандағы бірден-бір өнеркәсіп орталығы – Қарсақбай кен орнының жанынан шыққан, еңбеккерлер өмірін жазатын, тарихы 1932 жылдың 10 қарашасынан басталатын басылымның тұңғыш редакторы ақын-жазушы, комсомол мүшесі Әбділда Тәжібаев болды. Ол кезде комсомол бюросының мүшесі редактор боп тағайындалуы сирек кездесетін жағдай еді. Жауапты хатшысы – Жұмағали Саин. Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжановтар еңбек жолын осында бастаған. Кейінгілерден Камал Смайлов, Төрегелді Шармановтар штаттан тыс тілші боп, мақалалары жарияланып тұрған. Мен осы аудандық басылымға 1967 жылы мектеп бітіргеннен кейін, белгілі қаламгер Ишанбек Жауыртаев редакторлық етіп тұрған тұста келіп, артық-кемі жоқ үш жыл жұмыс істедім. Ол кезде аудандық газетте істейтіндер қарап отырмайтын, республикалық басылымдарға автор болады. Сосын «СҚ» («Социалистік Қазақстан») сияқты ата басылымдар жоғарыдан шола отырып, талапты, қабілетті дегендерін өздеріне алдыртатын. 

Жүрсін Ерманов екеуміз бір кабинетте отырдық. Жүрсекеңнің өлеңдері «Қазақ әде­биетіне» жарияланған күні – үлкен той.­ «Социалистік Қазақстан» газетіне өзім­нің де бірнеше очеркім, хабарларым шықты. Жүрсін екеуміз журфакка бірге дайын­дал­дық.­ Бірақ ол бір жыл алдында түсті. Ал мен 1970 жылы студент атандым. КазГУ-дің 3-курсында оқи жүріп, «Казправдаға» жарты ставкамен жұмысқа тұрғам. Энгельс Серафимович Чи-Ко-Вани деген ұлты корей фотограф болды. Шау тарта бастаған кезі. Чиковани деген – грузиндердің князь, дворяндар әулетінің тегі. Григол Чиковани деген князь болған, тап сондай атпен танымал совет жазушысы бар. Кеңес Одағының батыры Вахтанг Чикованиді білесіздер. Солардан ерекшеленейін деген ойы ма, фамилиясын әдейі екпін түсіріп бөліп жазады. Қайдан келгенін білмеймін, өзі жетімдер үйінде тәрбиеленген. Әлгі тегін сол жерден теліпті. Таңғалғаным – бір басында екі жоғары оқу орнының дипломы бар еді. Бірі – Ленинград мәдениет институты, екіншісі – Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтынікі. Онымен қоймай, МГУ-дің журфагінен шыққан кітаптарды кеміреді. Сол замандағы талаптың күштілігі ғой. Өзі 1970 жылы халықаралық фотоконкурстың гран-при бәйгесін жеңіп алған. «Правда» бірінші бетіне шағын хабар берді. Ол кезде әр фотосуретшінің көріністі беру әдісі, стилі бар еді. Чи-Ко-Вани философияға қатты мән берді. Бір суретіне қатты қызықтым: Қаралығы қазанның түбіндей негр жігіті орын­дыққа жайғасқан. Жанында – орыстың толған айдай толысқан аппақ қызы. Қыздың қолында Лениннің томы, ана жігітке бір­деңе түсіндіріп отыр. Қандай керемет сурет десеңші! Бір ғана көрініспен советтік ком­мунис­тік идеологияның африкалықтарға ықпалын көрсете алған.
Менің фотожурналистикаға түбегейлі бет бұруыма себепкер болған сол Чи-Ко-Вани еді. Сабақтан кейін құстай ұшып редакцияға жетемін. Ол төртінші беттегі мәдениет хабар­ларына сурет түсіруді маған дайындап шығарып қояды.
Ол кезде суреттің жанры бірнешеу әрі соған әдейі маманданатын. Өз басым хабар жанрына бейімделдім. Қазір ғой пытырлатып түсіріп әкеліп тастай салады. Ал ол заманда әр суретке түсіндірме мәтін жазасың. Ондай талапты 1975 жылы КазТАГ-тың (Қазақ ақпараттық агенттігі боп өзгерген) Көкшетау облысындағы тілшілігіне тұрып, бертінге дейін 24 жыл табан аудармай жұмыс істегенде көре қалдық. ТАСС-қа айына кемі 4-5 сурет беруіміз керек. Жоспарды орын­да­ма­сақ, кәдімгідей сөгіс еститінбіз.
«Журналистің жұлдызды сәті» дегенде, есіме мына бір оқиға түседі. Көкшетау меди­ци­налық училищесінде Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Флоренс Найтингейл атындағы медалімен марапатталған медбикелерге арналған әлемдегі жалғыз «Мейірімділік және қаһармандық» мұра­жайы бар. Сол марапаттың Қазақстандағы ең алғашқы иегері – көкшетаулық Мария Смирнова-Кухарская. Соғыстың алғашқы күнінен қатысып, атқыштар батальоны санвзводының командирі ретінде майдан даласынан 300-ден астам жаралы жауынгерді аман алып шыққан. Ол туралы «Патриот Родины» газеті жазған. 1949 жылы Көкшетау өңіріне көшіп келіп, тың және тыңайған жер­лер­ді игеруге атсалысыпты. Өңірі толған медаль. Әлі де көзі тірі. Бірде, ұмытпасам, 1982 жылы, Марина Петровна өзі сияқты медаль иегерлерімен кездесетін болды. Целиноград қаласының тұрғыны Вера Широкая екеуінің сағыныса көрісіп жатқан тұсын облисполкомнан бір түсіріп алдым. Сосын Тәжікстаннан келген Рихсихон Муминова екеуін Көкшетаудың лента тоқу фабрикасында түсірдім. Айтайын дегенім, сол суретім «Правда» газетіне басылды. Артынша, Болгариядан Мария Петровнаның атына май­дан­дасынан хат келді.
Ал екінші тебірене еске алатын сәттерімнің бірі – Маршал Жуковтың рөлін сомдаумен атағы шыққан Кеңес одағының халық әртісі Михаил Ульяновпен бірге жүріп, автограф алғаным. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жыл­ды­ғына «Победа» киносы енді шыққан кезде Ульянов Көкшетауға келді. Онымен бірге көлікте Көкшетау облыстық партия коми­тетінің хатшысы Әбдеш Қалмырзаев, мен, сосын жүргізуші ғана болды. Әңгімені жақсы айтады. Вахтангов атындағы театрда­ көсемді ойнап жүріп, антракт кезінде гримін сүртпестен буфеттің артқы есігінен келіп, «Валя, давай, наливай 50 грамм!» деп айғыр ста­қанмен ақаңды қағып салатынын айтып, қыран-топан күлдірген. Лениннің арт­қы есіктен кіріп, тамақ жібітер тілеп тұр­ғанын көрген кейбір көрермендер «Бұл не масқара!» деп шулайтын көрінеді. Көк­ше­тауда құс фабрикасына барғанымызда, жұмысшылар басқа әкім-қараны көзге де ілген жоқ, Ульяновты қаумалап суретке түсті. Ол керемет кадрлар менде әлі сақтаулы. Өнердің де, журналистиканың да қадірі кетпеген заман еді ғой.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button