Руханият

Ғалымның ғұмыр-дастаны

Ұлттық академиялық кітапханада қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Наурызбайдың «Ғұмыр-дастан» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітап авторы былтыр дүниеден озған еді. Оның артында қалған мұрасын, естеліктерді жары мен балалары жинақтап, бір жинаққа топ­тастырды.

[smartslider3 slider=1705]

Жұмағали Жөкейұлы еңбек жолын техникум оқытушысы болып бастап, Жезқазған облысында жа­уапты қызметтерді атқарды. Облыс әкімінің орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Қазақстан КП Орталық комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болды. Президент аппараты мен Министрлер кабинетінде еңбектенді. Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры болды. Соңғы жұмыс орны – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы.

Кітаптың таныстырылымында автормен қызметтес болған, онымен араласқан елге белгілі азаматтар, отбасы мүшелері естеліктерді айтты. Алғашқы сөзді алған мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпей Жұмағали Наурызбаймен сыныптас болғанын айта келе, оның болмысына, адами келбетіне тоқталды. Қабілеті ерте байқалып, облыстан республикаға алдырылғанын айтты.

Осы кітапқа естелігі енген белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Орталық комитетте бірге қызмет істеген күндерді еске алды.

– Жезқазғандағы бір жиында Жұмекеңнің сөйлеген сөзі жоғары басшылыққа ұнап, ол бірден облыстық комитеттен Алматыға, Орталық комитетке шақырылды. Жұмағалимен тарихтың бір талмау тұсында табысып, ең шешуші шақтарда қатар жүрдік. Оның одан кейінгі еңбегі – ұлттық педагогика, ұлттық психология. Ұлттық мектептің қадір-қасиетін, орнын, миссиясын әбден қазып жазды. Біз «Егеменде» отырғанда «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» деген мақала жазды. Кейін біз бұл тақырыпты газеттің айдарына шығардық, – деді С.Абдрахманов.

«Ғұмыр-дастан» кітабының алғысөзін академик Ғарифолла Есім жазды. Таныстырылымда «Жұмағали арқылы Жезқазғанды, Жезқазған арқылы Жұмағалиді таныдым» деген ол Ұлытау сапарлары туралы толғанды. Мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасов Жұмағали Наурызбайдың іскерлігі туралы әңгімеледі. Ғалымның жары Жанат Әбдіғұлқызы елу жылдан астам «шәй» деспей ғұмыр кешкенін айтып, кітаптың шығуына атсалысқан адамдарға алғысын жеткізді.

Жұмағали Наурызбай тамаша ақын да еді. Ақындығы мойындалып, Жазушылар одағына қабылданды. «Кәусар» баспасынан шыққан кітапқа оның өлеңдерімен қатар көрнекті ақындар Кәкімбек Салықов, Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, Сайлаухан Нәкенов, әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов жазған рецензиялар енгізілді. Сонымен қатар Жұмағали Наурызбайдың мақалалары, сұхбаттары, ол туралы материалдар кірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button