Саясат

«Іштен шыққан жау жаман»

8bfc6ce0b6362c2e8cef6b0a94c61f8a_XL

Еркіндікке құштар украин халқы өзінің бесінші президенті Петр Порошенконы ұлықтап, таққа отырғызды. Салтанатты рәсімге Беларусь президенті Александр Лукашенко мен АҚШ вице-президенті Джо Байден, тағы да басқа ресми адамдар қатысты. Ал, Ресей президентімен Петр Порошенко күні бұрын Францияда екінші дүниежүзілік соғыста одақтастар әскерінің Нормандияға кіруіне жетпіс жыл толу құрметіне арналған шараларға қатысуға барғанда кездесіп еді. Алайда, он бес минут қана тілдескен Порошенко мен Путиннің әңгімелері онша жараспаған сыңайлы. Ұлықтау рәсіміне Ресей президенті шақырылған жоқ.

Сөйлеген сөзінде Петр Порошенко елдегі шиеленісті бейбіт жолмен реттеу жос­парын жария­лады. Донбаcта кезектен тыс сайлау өткізуге дайын екендігін де тілге тиек етті. Тіпті, ол өз еркімен қаруын тастаған ресейшілдерге рақымшылық жасалатынын да баса айтты.

– Бізге келіссөздер жүргізу үшін заңды серіктестер қажет. Қолына қару ұстаған қарақшылармен біз сөйлеспейміз, – деп мәлімдеді ол. Оның сөзінен таяу уақытта елдің шығысына өзі баратындығы да аңғарылып қалды.

Әсіресе, оның: «Мен бұл лауазымға Украинаның бірлігі мен тұтастығын сақтап, нығайту үшін келдім. Маған жанжалды өршітіп, кек қайтару қажет емес. Украина унитарлы ел және солай болып қала береді» деген сөзі көкейге үміт сәулесін жаққандай болды.

Дегенмен, кейбір саясаттанушылар оның бұл сөзін «тығырықтан шығаратын жол емес» деп сын тезіне алуда. Мәселен, саясаттанушы Сергей Михеев: «Порошенконың мәлімдеуіне қарағанда, таяу күндері Украинада бейбіт өмір орнап, халық бақытты тұрмыс кешеді деп үміттену ертерек. Өйткені, Украина унитарлы мемлекет болып қалған жағдайда оған деген Ресейдің көзқарасы мен шешімі өзгере қоюы қиын» дегенді айтып отыр. Осы сөзі арқылы ол сепаратистердің қолтығына кімдердің су бүркіп отырғанын ашық білдіріп қалды.

Расында да, қазір өздерін «халық респубикасы» деп жариялап алған Донецк, Луганск облыстарында, атап айтқанда, Донбаста азамат соғысы жүріп жатыр. Оған кінәлі іштен ірітушілер мен сырттан айдап салушылар екені белгілі.

Барлық түйткіл тілде жатыр. «Украина біртұтас, мемлекеттік тілі – украин тілі» дегенге өре түрегелген шығыс аймақтағылар бөлінеміз деп әлек салды. Түптеп келгендегі негізгі ойлары – Ресейдің құрамына ену. Бұл, қалай бүркемелесе де, көзі ашық адамға анық көрініп тұрған ақиқат жай. Өйткені, Украинаның шығыс бөлігін орыс елі қолдап отыр. Сондықтан да мұнда ресми Киевтің «қаруыңды таста да бейбіт қатарға қосыл» деген талабын естір құлақ табылмай қалды.
Донбасс халқы елдің жаңа билігіне онша сенбейтіндігін білдірді. Неге десеңіз, Порошенконың билікті «орталықтандырмау», яғни, «федерализацияға» бір табан жақындатуы, олардың ойларынша, ұлттық мемлекеттілік қаупін туғызатын көрінеді.

Елдің тұтастығына қарсы қолына қару алып, қарсы шыққан теріс пиғылды сепаратистерге жаңа президент ешқандай ымырашылдық болмайтындығын сөзімен де, көзқарасымен де аңғартқандай. Қазір ол Ресейден бүлікшілердің үнін өшіріп, гуманитарлық көмек беру мен Ресей аумағына өту мүмкіндігін жоюды талап етіп отыр. Сол үшін де ол Донецк, Луганск облыстарымен түйісетін Ресей шекарасындағы сегіз бекетті жапты.

Ұлықтау салтанатында Порошенко таяу уақытта Донбасқа баратындығын айтқан болатын. Алайда, Донецк облысы әкімдігінің басшысы Сергей Тарута мұның жай айтыла салған сөз екендігін меңзеп, сенбей отыр. «Мен Порошенконың осы аптада да, келесі айда да Донбасқа келмейтіндігіне кепілдік беремін. Өйткені, оның келуі үшін әуелі қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Ал әзірге ол мүмкін болмай отыр» деді.

Осындай арамзалардың айдап салуына ерген аймақта қарапайым халық зардап шегіп келеді. Қазір Славянск, Донецк қалаларында жергілікті тұрғындар ішер тамақ пен ауызсудан тарығуда. Балаларының өміріне алаңдаған ата-аналар оларды көршілес Воронеж облысына аттандыруда. Шекарада бас сауғалаған босқындар толып кетті.

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың айтуынша, ресейлік кейбір ақпарат құралдарында оқиғаның бояуы біржақты қалыңдатылып көрсетілуі салдарынан лаңкестер мен сепаратистерге қарсы жүргізіліп жатқан күрес бұқараға жазалау шаралары ретінде әсер береді. Ал, шындығында, қолына қару ұстаған жасырын қарсыластар әскерге өздері оқ атып, шабуыл жасайтын кездері аз болмайтын көрінеді.

Қайткен күнде де елден тыныштық кетті. Жаңа президент оны қалпына келтіру үшін бар мүмкіндікті пайдаланып жатқанға ұқсайды. Оның бір дәлелі – Петр Порошенко АҚШ пен ЕО өкілдеріне Украинаның азаттығын қолдағаны үшін алғыс білдіріп, елдің Еуропалық мемлекет ретінде дамитынын жеткізуі. Енді Брюссель құжатына биылғы 27 маусымынан кешікпей қол қойылмақшы.

Украина – бізбен ынтымақтас ел. Барлық бағыттар бойынша, оның ішінде жанармай-энергетикалық және агроөнеркәсіптік кешен, тау­кен-металлургия өндірісі, ауыр машина жасау, авиақұрылыс, химия өнеркәсібінің салалары бойынша екі жақты келісіміміз бар. Соңғы бес жылда өзара сауда-саттық 2,6 миллиард доллардан 4,18 миллиард долларға дейін өскен. Украина үшін тауар айналымы көрсеткіштері бойынша Қазақстан – үшінші орын, ал бүкіл сауда серіктестері арасында сегізінші орын алады.

Экономикалық тұрғыдан осындай шынайы әріптеске айналған елге біз неге қырын қарауымыз керек. Керісінше, украин халқына бейбіт өмір тілеп, олардың ішкі шаруаларына араласпаған жөн. Кейінгі кезде «Славянск, Донецк, Донбасс қалаларына гуманитарлық көмек жинаймыз» деушілер шыға бастады. Бұл – қате түсінік. Ол жерде қазір елдің тәуелсіздігін мойындамай, қолына қару алғандарды сабасына түсіру үшін күрес жүргізілуде.
Бір нәрсе ақиқат: елдің бас­ты жетістігі – қоғамдық саяси тұрақтылық. Сырттан алауыздық туғызатын арандатушылар мен «іштен шыққан жау жаман» екендігін түсінген украин билігі ел ішінде тыныштық орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда.

Таңатар Төлеуғалиев

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button